• Бизнес & Қоғам
  • 18 Сәуір, 2013

ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ӨРГЕ БАСУЫ

Мұның негізін қалаған Пак Чон Хи-ді  біреу диктатор,  біреу реформатор атайды.

Жуырда Оңтүстік Кореяның жаңа президентін салтанатты түрде ұлықтау рәсімі өтіп, алпыс бір жастағы Пак Хын Кен  өз қызметіне кірісті. Есеп бойынша  бұл елдің он сегізінші және тұңғыш әйел басшысы-тын.  Бір ерекшелгі, ол өзіне дейінгі президенттер секілді жарты сағат емес, небәрі 15 минут қана сөйледі. Мұнысымен өзінің басқару тәсілінде  сөзден гөрі іске көбірек мән беретінін аңғартқандай  болды. Ол өзінің сайлау алды бағдарламасында елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайды жақсарту, әсіресе көптен бері көтерілмеген жалақыны көбейту жөнінде уәде берді. Өйткені соңғы бес-алты жыл көлемінде азық-түлік бірнеше есе қымбаттағанымен, жалақы өспеген көрінеді.

Жұрттың  бір үміт етіп, сенім артып отырғаны Кын Хе – Оңтүстік Кореяны 1962-79 жылдар аралығында басқарып, тығырықтан шығарып, тұрақты даму жолына салып кеткен реформатор Пак Чон Хи-дің қызы.
Жасыратыны жоқ, отандастарының бір бөлігі Пак Чон Хиді демократия мен еркіндікті басып, жаншыған диктатор десе, екінші бөлігі елді қиындықтан құтқарған қайраткер,  жаңа сипаттағы Корея  экономикасының «архитекторы» деседі.  Кейбір саясаттанушылар оны Ресейді соқамен қабылдап, атом қаруымен қалдырған Иосиф Сталинге теңейді.

Қысқаша өмірдерек: Пак Чон Хи 30 қыркүйек 1917 ж. Кёнсан-Пукто провинциясының Куми елді мекенінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол кезде Корея Жапонияның қол астында болатын. Жасөспірім Чон 1932-37 жж. аралығында Тайкю (Тэгу)  мұғалімдер гимназиясында білім алып, бірнеше жыл Бункэе (Мунгёне) ұстаздық етті. 1940-42 жж. әуелі Квантун армиясының қолдауымен құрылған Маньчжоу-Го академиясында, сонан соң Жапонияның Жоғарғы әскери академиясында оқып, бітіргеннен кейін лейтенант дәрежесінде Такаки Масао деген жапон есімімен 8-ші дивизия құрамында Екініші дүниежүзілік соғысқа қатынасты. Соғыстан кейін коммунистік ұйым қатарына кіріп, тұтқындалып, өлім жазасына кесілді. Алайда корей әскерилері мен американдық әскери кеңесші Джеймс Хаусманның өтініштері бойынша президент Ли Сын Манның тікелей нұсқауымен оған кешірім жасалды. Бұған қайтарым ретінде ол коммунистік ұйымның барлық белсенділерінің  тізімін (оның ішінде туған ағасы Пак Тон Хиді де бар) беріп, әскери барлауға офицер болып қызмет етті. Коммунистердің көзін құртумен айналысты. Көп ұзамай әскерден босатылды. 1950-53 жж. Корей соғысы тұсында әскер қатарына қайта аланып, ұрыс қимылдарында ерекше көзге түсіп, АҚШ-қа жіберілді, онда арнайы дайындықтан өтіп келді. Соғыста көрсеткен айырықша ерлік қызметі үшін әскери  генерал атағын алды.
    Оңтүстік Кореядағы төңкерісті, аумалы-төкпелі оқиғалардың нәтижесінде 1962 ж. наурызда генерал-лейтенант дәрежесінде уақытша президенттің міндетін атқарушы болып тағайындалды. 1962 ж. желтоқсанында АҚШ президенті Д. Кеннеди әкімшілігінің қысымымен елде азаматтық президенттік басқаруға өту жөнінде референдум өткізілді. 1963 ж. 15 қазанда Демократиялық республикалық партияның атынан сайлауға түсіп, сәл ғана басымдықпен жеңіске жетті. Мұнан кейін ол қатарынан төрт рет президент болып сайланды.
  Пак Чон Хи президент болған (1962-1979 жж.) аралығында оған үш рет: 21 қаңтар 1968 ж., 15 тамыз 1974 ж. және 26 қазан 1979 ж. қастандықтар жасалынды. Соңғы қастандық оның өмірін қиды. Бұл жолы оны Орталық барлау басқармасының директоры Ким Джэ Гю атқан болатын. Ол өзінің мұндай әрекетін «демократия мен бостандық үшін патриоттық  парыз бен міндет ретінде жасадым» деп түсіндірді. Ким Джэ Гю мен оның сыбайластары соттың үкімімен өлім жазасына кесілді. Бірақ әлі күнге мұның шынайы себебі:  расында да елдік мақсат па, әлде жеке өштік пе, әлде арнайы тапсырма ма, анықталған жоқ. Сталинді өле өлгенше көнетоз кителмен өтті  деседі. Сол айтқандай, Пак Чон Хиге қастандықпен оқ атылғанда оның бұтында тозыңқырап қалған кальсон шалбары  болыпты. Жеке меншігінде баспанасы да болмаған.
Ақырында Пак Чон Хи-ге бар байлықтан екі метр жер ғана бұйырып, ол Сеульдегі ұлттық зиратқа жерленді. Оны жақтайтындар: «Пак Чон Хи шын мәнінде өз халқының кедейшілік қамытынан құтылып, бақытты өмір кешкенін қалады» дейді.
Расында да Пак Чон Хи билік басына келген 60-шы жылдары Оңтүстік Корея соның алдындағы үш жылдық (1950-53)  соғыстан әбден титықтап шыққан, ЖІӨ мөлшері жан басына шаққанда небәрі 72 доллардан ғана келетін артта қалған, мешеу ел болатын. Бұлардың басты бақталасы және қарсыласы саналатын Солтүстік Кореяға КСРО бастаған социалистік елдер жан-жақты қолдау мен көмек көрсетті. Бұрынан қалыпты жұмыс істеп келген өнеркәсіп орындарының негізгі бөлігі сонда қалып, бұларға қыр-адырлы жері, яғни аграрлық бөлігі тиді. Қара жұмыс істеп үйренген халқының да сауаты төмен болатын.Сондықтан да Пак Чон Хидің алдында үлкен сын мен сынақ, қиын да қыруар міндеттер тұрды.
Осы бір қиын-қыстау кезең туралы кейіннен Пак Чон Хи өзінің «Оянған Корея: дамудың үлгісі» (1979) деген кітабында: «Саяси бағытта басқа елдерге жөнсіз еліктеу елді берекесіздік пен тәртіпсіздікке апарып соқтырып, халықты қатты қайыршыландырды. Әйтсе де осындай бастан кешкен ауыртпалық пен бақытсыздықтың артынан үміт пен сенім сәулесі пайда болды... Осындай қиын күндердің өзінде біз бар күш-жігерімізді жинап, жұмылған жұдырықтай топтаса білдік... Сол 60-шы жылдардағы халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуы  елді қайта  құрудың негізін қалады. Ұзақ уақыт ұйқыда болған жұрттың санасын ояту, тұтас бір мемлекетті қолмен құрып, жасап шығу оңай болған жоқ. Сондай жанкешті еңбек пен іс-әрекеттің  арқасында өзіміз кең көлемде жүргізген («Yushin Reforms»)- «Жаңғырту реформасының» іргетасын қаладық. Ол өз кезегінде елді 70-ші жылдарға қарай ғаламат рухани және институционалдық өзгерістерге жеткізді», деп жазды.
Өзіне дейінгілерден бір ерекшелігі Пактың әкімшілігі экономикалық дамуда орталықтанған басқару әдісі жетекші рөл атқаруы тиіс деп есептеді. Соның нәтижесінде экономиканың құрылымында мемлекеттік капитализм  де еркін сауда да көрініс тапты. Бүкіл банк жүйесі мемлекеттің бақылауына көшті. Үкімет сондай-ақ, әр түрлі қызметтермен айналысатын жергілікті қаржылық өнеркәсіптік топтар, ірі конглемераттар  - чеболдарға қолдау көрсетті.  Мемлекеттің меншігінде темір жол желісі, электр энергиясын беретін және сумен қамтамасыз ететін салалар, автокөлік жолдар мен порттар ғана қалды.
 Халықтың басым бөлігін ауылдық тұрғындар құрайтын. Сол себепті Пак оларды  қалалық жерлерге көбірек тартып, зауыт-фабрикаларда  жұмыс істетуге тырысты. Алдымен мүмкіндікке қарай арзан балалар ойыншықтары мен түрлі мата өнімдерін өндіртіп, оларды шет елдерге экспортқа шығарды. Одан түскен қаражатқа керекті ресурстарды сатып алып отырды. Осылай сегіз жыл уақыт өтіп, экономика аз да болса алға жылжыды. ЖІӨ жан басына шаққанда 600 долларға жетті.  Алайда, Пак Чон Хи ауыр өнеркәсіпті дамытпай елдің оңалмайтынын білді.
 Осындай мақсатта отарлық езгіден қалған кек пен ызаға орай көптеген отандастарының қарсылығына қарамастан  мемлекет мүддесі үшін Жапонияны экономикалық жағынан ең басты  әріптес санап, онымен байланыс орнатуға күш салды. Оның сондай табанды да жанкешті қадам-қаракеттерінің арқасында 1965 жылы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас туралы келісімге қол қойылды. Сөйтіп, корей  экономикасына күншығыс елінің капиталы мен технологиясы тартылды.
Сондай-ақ ол әлемнің алпауыт мемлекеті Американы да өз мүддесіне пайдалана білді. Есесіне АҚШ-тың Вьетнамдағы соғысына қолдау көрсетті. Онда Оңтүстік Кореяның екі дивизиясы мен бір бригадасы  соғысып, бас-аяғы 300 мыңдай әскері ұрыс қимылдарына қатынасты. Олар жергілікті халықты аяусыз жазалауымен ерекше көзге түсіп, американдықтардың көңілінен шықты. Бұған қайтарым ретінде Вашингтон миллиардтаған доллар көлемінде грант, несие және субсидия түрінде қаржылай және технологиялық көмектер берді.
Президент Пак Чон Хи-дің тікелей өзінің басшылығымен елдің алдағы жылдарға арналған стратегиялық  даму жоспары жасалынды. Өнеркәсіптің ішінен:
- болат қорыту;
- автокөліктер шығару;
- станоктар жасау;
- кеме жасау;
- химия;
- мұнай өңдеу;
- электроника салаларына басымдық беріліп, соларды өркендетуге көбірек көңіл бөлінді.  Өндірістік бағыттарды таңдауда олар шынында да қателеспеген еді.  Бірақ та бағыт таңдап, жоспар жасау бар да, оны жүзеге асыру тағы бар. Мәселенің ең түйіні осында!  Ақиқатын айту керек. Мұны іске асыруда, яғни қаражат пен мамандар жөнінен АҚШ кеңінен қолдап, көп көмек көрсетті.  Жасаған жоспарлары дұрыс болып шығып,, аталған салалар Оңтүстік Кореяның өндірісін алға шығарды.  Президенттің бастама-ұсынысымен ұлттық экономиканың дамуына жауапты Экономикалық жоспарлау кеңесі,  Сауда және өнеркәсіп министрлігі, Қаржы министрлігі сияқты мемлекттік институттар құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Іс барысында жоспарлы экономиканы элементтері де пайдаланылды. Сөйтіп, Пактың негізінен шеттен инвестиция тартуға, экспортты ұлғайтуға және өндірісті индустрияландыруға бағытталған осындай жаңа экономикалық саясатының арқасында елдің даму қарқыны 60-шы жылдары жылына 25 пайызға, ал, 70-шы жылдары 45 пайызға өсіп отырды. 1962-1971 жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіптің өзіне шет елдерден 2,6 млрд. доллар инвестиция тартылды.
Кейбіреулер диктатор атап жүргендей, Пак өзі басқарған жылдары елде қатаң тәртіп орнатты. Конституцияда  кепілдік берілгенімен іс жүзінде сөз бен баспасөз бостандығы шектелді. Елдің Орталық барлау қызметі тәртіпке, режимге қарсы шыққандары қатаң  жазалап, түрмелерге тоғытты. Оңтүстік Корея Конституциясы бойынша  Пак Чон Хидің екі мерзім ғана президент болып сайлануға құқықты  болып 1971 жылы биліктен кетуге тиіс болатын.. Бірақ та ол парламенттегі басымдыққа ие жақтастарының қолдауымен 1969 жылы елде референдум өткізіп, тағы да сайлану мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, үшінші рет сайлауға түсіп, бәскелесі Ким Дэ Чжунды жеңіп шықты. Ол президент болып қайта сайланысымен «халықаралық ахуалдың шиеленісуіне байланысты» деген сылтаумен елді төтенше жағдай жариялап, 1972 жылдың қазанында парламентті таратты, қолданыстағы Конституцияны күшін жойды. Араға бір ай салып, референдум өткізіп, Юсин деп аталатын жаңа Конституция  қабылдатты. Бұл Конституцияға сәйкес оның билік пен құзыреті кеңейді. Ендігі жерде президенттік мерзім алты жылға ұзартылып, оны бүкіл ел емес, сайлаушылар алқасы сайлайтын болып шешілді. Сайлауға түсу мүмкіндігі де бұрыңғыдай шектелмейтін болды. Осылайша Пак Чон Хи 1972 және 1978 жылдары бірден бір үміткер ретінде Оңтүстік Кореяның  мызғымас президенті болып сайланды.   Бәлкім, ол осындай қатаңдық пен қаталдық танытпағанда Оңтүстік Корея бүгінгідей даму деңгейіне жетпес пе еді? Пак салып берген қатаң тәртіптің  желісі әлі де үзілмеген сыңайлы.  Олай дейтініміз, биылғы жылдың басында  Оңтүстік Корея соты бұған дейін ел президенті қызметін атқарып келген Ли Мен Бактың туған ағасы Ли Сан Дыкты ірі көлемде пара алды деген айыппен  екі жылға бас бостандығына айырып,  654 мың доллар айыппұл салу жазасына кесті. Тергеу амалдары анықтағандай ол 2007-11 жылдары парламент мүшесі болып тұрғанда қаржылық қиын  жағдайға тап болған Solomon Savings Bank и Mirae Savings Bank банктерінен жоспарлы аудит және үкімет тарапынан қолданылатын жазалау шараларынан құтқарғаны үшін көп мөлшерде пара алған екен. Жұрттың айтуынша бұл, яғни билік басындағы ең жоғарғы лауазымды адамның, президенттің туысының  қылмыскер атанып, сотталуы ел тарихында алғаш кездесіп отырған оқиға көрінеді.  Тегінде өркениетті елдің заңы осылай ханға да, қараға да бірдей болуы керек. Сонда ғана тәртіп рнап, заңсыздық тыйылады.
Дегенмен Оңтүстік Кореяның  даму барысы ешбір іркіліс,  дағдарыссыз жүріп отырды десек, артық айтқандық болар еді. Айтқандай-ақ 70-ші жылдардың аяғында елдің өндірісі дәлірек айтқанда, өнеркәсіп секторы бірқатар қиындықтарға тап болды. Өйткені бұған дейін бұларда жұмыс күші арзан болғандықтан  өнімнің өзіндік құны төмен болып, әлемдік рынокқа бәсекеге төтеп бере алатындай тауарлар шығарып елеулі пайда тауып келген еді. Бұл өз кезегінде осылай жинақталған қаржы-қаражатты басқа салаларға әсіресе, ауыр және химия өнеркәсібіне, басқа да жоғары технологиялық өндіріске жұмсауға мүмкіндік бере бастаған болатын. Күтпеген жерден энергетикалық дағдарыс бой көрсетіп, мұнай бағасы қымбаттап, ол оңтүстік кореялық тауарларға деген сұранысты  шектеп, төмендетіп жіберді. Осылайша Оңтүстік Кореяның экономикасы  Пак билік басына келген 60-шы жылдардан бері қарай алғаш рет дағдарысқа кезігіп, өсу тежелді, құнсыздану белең алды.
Бұл ретте ел үкіметі шұғыл түрде  кең көлемді экономикалық реформаларды жүзеге асыруды қолға алды. Құнсыздануды ауыздықтау мақсатында консервативтік монетарлық саясат таңдалынып, қатаң фискалдық шаралар қолданылды. Айналыстағы  ақшаның көлемі дереу 30 пайыздан 15 пайызға төмендетілді.
Сексенінші жылдардың аяғына қарай халықтың әл-ауқатының, қаржылық әлеуетінің артуына орай олардың өз өнімдеріне әсіресе, автокөліктер мен өзге де қымбат тауарларға деген сұраныс артып, ішкі рынок  та экономикалық өсудің негізгі бір факторына айналды. Жан-жақты әлденіп, қуаттана түскен Оңтүстік Корея әлемдік экономикаға етене кірігіп, көптеген халықаралық экономикалық ұйымдардың қатарына қабылданды.
Алайда 1997 жылғы жаһандық дағдарыс бұл елді айналып өткен жоқ. Сол жылдың қазан айының өзінде ұлттық ақша вон күрт құнсыздынып, мемлекеттің алтын қорының түбі көрініп қалды. Елдің экономикасын күйретіп алмау үшін үкімет Халықаралық валюта қорынан ірі көлемде қарыз алуға мәжбүр болды. Әйтсе де шұғыл жүргізілген шаралар мен экономикалық реформалардың арқасында қиындықтан тез арада шығып, 1999 жылға қарай 10 пайыздық өсімге қол жеткізді.
Бүгінде Оңтүстік Кореяда өндіріс салаларының ішінен халық тұтынатын тауарлар: электроника бұйымдары, автокөліктер, текстил өнімдерін шығару ісіне, ал ауыр өнеркәсіпте кеме жасау, болат өндіруге көбірек көңіл бөлінген. Осы салалардың өнімдері экспортта басым бөлікті құрайды. Бұл ел ауыл шаруашылығында негізінен күріш өсірумен айналысқанымен ішкі рынокта оның бағасы сыртпен салыстырғанда бес есе қымбат. Сондықтан да ДСҰ (Дүние жүзілік сауда ұйымымен)  импорттың мөлшерін біртіндеп көбейту жөнінде келісілді. 2014 жылға қарай шеттен сатып алынатын күріш өнімдерінің үлес салмағы жалпы тұтынылатын көлемнің 8 пайызын құрайтын болады. Оның үстіне импортталған күріштің отыз пайызы тікелей тұтынушыларға жеткізіліп отырады. Мұндағы мақсат халықты арзан күрішпен қамтамасыз етіп, азық-түліккке деген сұранысты қанағаттандыру болып отыр.
Өткен 2008-2010 жылдардағы  әлемдік экономикалық дағдарыс бұл елге елеулі түрде зиян-залалын тигізді. Бір ғана 2008 жылдың өзінде өнеркәсіп өндірісі 26 пайызға құлдырап, жұмыссыздық белең алды. Ұлттық ақша вон біршама құнсызданып кетті. Дегенмен келесі жылы экономика біртіндеп қалпына келе бастады. 2010 жылға қарай ЖІӨ өсу тенденциясы көрініс берді.
Дей тұрғанмен дұрыс стратегиялық даму бағыт-бағдарын таңдаудың нәтижесінде Оңтүстік Корея Республикасы  40-50 жылдың ішінде әлемдегі  жоғары қарқынмен дамыған бай мемлекеттердің қатарына қосылып, ЖІӨ-нің  әр адамға шаққандағы шамасы 38,5 мың долларға жетті. Бұл Еуропадағы дамыған мемлекеттер саналатын Швейцария мен Финляндияның деңгейіндегі көрсеткіш.
Бүгінде Оңтүстік Корея ЖІӨ деңгейі (710 млрд.$)  бойынша әлемде 11-ші орынды иеленеді. Елдің экономикасы кешегі 80-90 жылдары шапшаң қарқынмен дамып, жылына 8-12 пайызды құрады. Экономикалық дамудың бірден-бір көзі оған нәр беретін электр энергиясында дейтін болсақ, мұнда жалпы қуаты 17,7 гигаваттық 20 АЭС (Атом электр станциялары) жұмыс істейді. Ел территориясында су ресурстарының да мол көзі мен мүмкіндігі болғанына қарамастан ол аз пайдаланылады.
Оңтүстік Кореяда өнеркәсіп саласынан машина жасау, оның ішінде автокөліктер шығару өндірісі жақсы жолға қойылған. Мұнда жылына 2,5 млн-нан астам автокөлік жасап шығарылады.  Оның «Даewoo», «Hyndai»  фирмалары  шығарған жеңіл автокөліктер мен басқа да техникалық құралдары тракторлар мен экскаваторлары біздің Қазақстанда да үлкен сұраныспен пайдаланылады. 2011 жылы пайдаланылуға берілген Алматы метросындағы локоматив пен вагондарда да арнайы тапсырыспен жоғарыда аталған әйгілі «Hyndai» корпорациясында жасалынып әкелінді. Өйткені, Оңтүстік Кореяда шығарылған автотехникалар сапалы және салыстырмалы түрде арзан болғандықтан әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие болып отырады.
Жалпы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда-экономикалық, басқа да екі жақты тиімді қарым-қатынастар жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, биылғы жылдың басында «Қазтранссервис» АҚ мен корейлік  Taewoong Logistics Co., Ltd компаниясының арасындағы келісім-шарттың нәтижесінде Оңтүстік Кореядан біздің темір жолымыз арқылы Өзбекстандағы автокөлік зауыты үшін қосалқы бөлшектер тиеген сынақ ретінде алғашқы контейнерлік пойыз жіберілді. Сәтін салса алдағы уақытта мұндай тасымалдың көлемі Орталық Азия және Еуропа бағытында ұлғая түспек. Демек, бұл   еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады деген сөз.
Осы сияқты  екі мемлекет арасында 2018 жылға қарай алдын ала жасалған есеп бойынша құны 600 млрд. теңге болатын бірлесіп Балқаш  ЖЭС (Жылу электр станциясын) салу жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл қаржының жетпіс пайызын кореялық консорциум ал, қалған отыз пайызын Қазақстан көтермек. Станцияның бірінші бөлігі 2018 жылға қарай жұмыс істей бастайды. ЖЭС толықтай іске қосылғанда  1320 мегаватт электр қуатын беретін болады.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
саяси шолушы.

1785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы