• Бизнес & Қоғам
  • 25 Сәуір, 2013

Қазақстан ЕXPO–2017 АРҚЫЛЫ ӘЛЕМГЕ ӨЗІН ТАҒЫ БІР МӘРТЕ ТАНЫТАДЫ

Әбдіжапар  САПАРБАЕВ, 
Қазақстан Республикасы Ұлттық  жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,  экономика ғылымдарының докторы, профессор

Экономиканың үнемі қарқынды дамуын қамтамасыз етуде  өндірістің техникалық және технологиялық базасының ұдайы жаңаруын, жаңа бәсекеге қабілетті өнімдерді игеріп, оларды шығаруды, әлемдік тауарлар мен қызметтер рыноктарына тиімді кіруді қамтамасыз етуге қабілетті инновацияларды дамытудың маңызының артып отырғаны мәлім.  Бұл үшін қоғам өмірінің барлық салаларын және ең алдымен экономика саласын реформалау қажет. 

Әрбір әлеуметтік-экономикалық революцияның негізі айрықша технологиялардан, өндірістік-технологиялық жүйелер мен өндірістік қатынастардан қаланады. 

Постиндустриялық қоғамда осы рөлді ең алдымен жаңа физикалық–техникалық және химия–биологиялық қағидалардың нәтижелері болып табылатын ақпараттық технологиялар мен компьютерлендірілген жүйелер мен оларға  негізделген адам қызметінің  әр түрлі салаларының  инновациялық технологиялары, инновациялық жүйелері мен инновациялық   ұйымдар атқарады.  Осының нәтижесінде экономиканы ұйымдастырудың жаңа нысаны – инновациялық экономика құрылады. 

Бүгінгі таңда республикамызда инновациялық экономиканы құрудың қажетті базасы жасақталғындығын айтып өткен жөн. Ол толыққанды инновациялық жүйені, яғни бірнеше оның құрамдасы болып келетін –   инновациялық және ғылыми инфрақұрылымдарды, оның ішінде технопарктер, конструкторлық орталықтарын құруды қажет етеді. Бұл қаржылық инфрақұрылымдардың, алдынғы ретте инновациялық гранттар, венчурлік қорлар, жобалық қаржыландыру және, сонымен бірге бизнестің белсенді қатынасуы болып келеді.   
Халықаралық көрмелер бюросының 152-ші Бас Ассамблеясында жабық дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы көп дауыс иеленіп, Бельгияның Льеж қаласын басып озды және ЕХРО–2017 халықаралық көрмесі өтетін қала болып жарияланғандығын қуанышпен айта кеткен жөн.
ТМД елдері арасында оқ бойы озық Қазақстан EXPO–2017 көрмесін өткізу арқылы тағы бір мәрте әлемдік аренада өзін танытатын болады. Жас Астананың сәулеттік келбеті артып, жаңа тұрғыдағы ғажайып ғимараттармен толығып, қала ішінен жаңа қалашық бой көтереді. Әрине, бұл жерде Елбасының еңбегінің зор екенін, Қазақстанды айдай әлемге паш етуде ішкі және сыртқы саясатты салмақты жүргізе білгендігін айтқан абзал.
Бұл халықаралық шараны өткізуге үміткер мемлекет экономикалық және әлеуметтік мүмкіндігі бар, әлемдік саяси аренада мойындалған ел болуы шарт. Осынау халықаралық шараны өткізу мүмкіндігіне дейін Қазақстан Халықаралық көрмелер бюросына 1997 жылы мүшелікке қабылданып, 2005 жылдан бастап EXPO көрмелеріне белсенді катысып келді. Халықаралық көрмелер өткен 160 жылдан астам уақытта олар негізінен экономикалық алыптар саналатын АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Испания, Қытай және басқа елдерде өтті. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Бұл – Қазақстанның зор табысы.
Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес   атап өткендей, Қазақстанның ЕХРО–2017 көрмесін өткізуге жоғары дәрежесі бар.  
Астананың 2017 жылға ұсынған тақырыбы маңыздылығымен қызығушылық тудыратыны және  энергетика саласының жетекші идеяларын айшықтай түсуге жол көрсететін алаң болмақ. Қазақстанның таңдап алған «Болашақ энергиясы» тақырыбы ұзақмерзімді ұлы мақсатты бағыт. «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүкіл адамзат үшін ортақ болып, энергияның тапшылығы мен экологиялық қауіп-қатер сынды мәселелерді шешуге мүмкіндік беретініне сенім мол. Қазақстан тек сауда ғана емес, Еуразиялық континенттің энергетикалық жолдарының тоғысында да орналасқан. Бүгінде біздің технологияларымыз әлемдегі энергетика саласындаға озықтардың қатарында емес, алайда  егер біз уақытқа ілескіміз келетін болса, өз көзқарастарымызды өзгертуіміз керек, альтернативті энергия көздерін пайдаланып, экологиялық тиімділікпен өмір сүруіміз қажет.  Астанада 2017 жылы EXPO көрмесін «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізуге дайындық ғылыми инженерлік ойдың дамуына және қазақстандық энергетиканың келешегін талдауға ықпал ететініне сенімдіміз. Дүниежүзі ірі ғалымдарының баламалы қуат көздері туралы толғамды ойлары Қазақ жерінде тұсау кеспек. 
     «Болашақ энергиясы» тақырыбы Қазақстанның экономика-энергетикалық даму стратегиясына сәйкес келіп отыр. Мұнай мен газдың бай қорына және әлемде уран рудасын игеру бойынша бірінші орынға ие болуына қарамастан, Қазақстан 2017 жылы Астана қаласында өтетін ЕХРО Халықаралық көрмеде осы саладағы түрлі елдердің жетістіктерін көрсету үшін болашақ энергиясы деректерінің халықаралық базасын құруды ұсынып отыр.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ауқымда жария еткен «Жасыл көпір» атты бастамасының маңызы зор. Осы бастамасы арқылы Елбасы «жа­сыл экономикаға» көшу үшін бүкіл әлемнің күш-жігерін бірік­тіруге шақырады. Бастаманың негізгі түйініне келетін болсақ, әлем­нің алдыңғы қатарлы елдері өздерінің озық «жасыл» технологияларын қайтарымсыз негізде дамушы елдердің игілігіне ұсынуы керек. Өз кезегінде дамушы елдер бұл технологиялар мен инвестициялар үшін барынша қолайлы ахуал қалыптастыруы керек. Осы бір маңызды жаһандық бастаманы іс жүзіне асыру тек жасыл технологияны дамытуға ғана жағдай жасап қоймайды, сонымен бірге, дамыған елдерді созылмалы дағдарыстан шығаруға жағдай жасайды. «Жасыл көпір» бастамасы дүние жүзі бойынша экологиялық таза экономиканы іс жүзінде дамыту және тарату проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. 
Дүниежүзінде энергетикалық қуат көздерінің балама түрлерін пайдалануға деген бетбұрыстың басталғанына біраз болды. Ғалымдардың болжамынша, ХХІ ғасырдың ортасына қарай жаһандық энергетикалық баланстағы баламалы қуат көздерінің үлесі 30 пайызға дейін жетпек. Электр энергиясын тұтыну көлемі барған сайын артып барады. Халықаралық энергетикалық агенттік 2015 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі қазіргіден 1,55 есе артады деп болжап отыр. Ақиқатын айтсақ, жұмыр жер дәл қазір жаһандық энергетикалық апат алдында тұр. Ал, Еуроодақ балама энергетика үлесін 2020 жылдары – 20 пайызға, 2040 жылдары 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазақстанның да энергетикалық қуат шикізаттарына балама табу мәселесін күн тәртібіне батыл қойып отырғаны содан.
Қазақ даласы геотермальдық энергия көздеріне бай. Сарқылмайтын энергия көздерін жан басына шаққанда әлем мемлекеттерінің алдыңғы сапында екенбіз. Қазақстанның климаттық жағдайы күн, жел, су ағынының энергиясын пайдалануға өте қолайлы болып табылады. Қалпына келтірілетін дәстүрлі емес энергия көздерінің ерекшелігі сол, қор көздері ешуақытта сарқылмайды, экологиялық жағынан да таза. Мәселен, соңғы отыз жыл ішінде жанғыш заттардың атмосфераны ластауы салдарынан Жер шарында 15 мыңға жуық табиғат апаты тіркеліпті. Ал, баламалы энергия көздерін пайдалану табиғат байланыстарын бұзбайды.
Қазіргі таңда Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңартылатын энергия көздерін дамытудың индикаторлары белгіленген, оларға сәйкес 2014 жылға 1 миллиард кВт сағаттан астам электр энергиясы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілуге тиіс. Қазақстан үшін бұл сектордағы өсудің бастапқы жоспарлары осындай.
Ол саяси, іскерлік, қаржылық, академиялық және өнеркәсіп орталарының өкілдерін тартумен өткізіледі және инновациялық қызметті кеңейту және тұрақты энергиядағы өсіп келе жатқан қажеттілікке сәйкес бизнес пен инвестицияларды дамытуға арналған мүмкіндіктерді арттыру мақсатын көздейді. 
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, энергия үнемдеу саласына салған әрбір доллар 2 доллар пайда әкеледі. Сондықтан елімізде балама энергия көздерінің мол әлеуетін пайдалана отырып, бүл саланы жан-жақты дамыту қажет. Бұл ретте, біз әсіресе, көгілдір отынға көп үміт артамыз. Бүгінгі деректер бойынша, Қазақстандағы газ қоры 3,5 триллион текше метрді құрайды. Бұл – біздің еліміз әлемдегі газ қоры мол бірінші ондықтағы елдер құрамына кіреді деген сөз. Мамандардың пікірінше, еліміздегі басқа да балама қуат көздерінің әлеуеті орасан мол. 2030 жылдары еліміз өндірілетін барлық электр энергиясының 20 пайызын газдан, 15 пайызын балама энергия көздерінен алатын болады. Бұл көрсеткішті 2050 жылдары тиісінше 40 және 30 пайызға жеткізуге болады деген болжам бар. Ұзақ мерзімге арналған жоспар бойынша «жасыл экономика» Қазақстанның әлеуетін барынша арттырып, тұрақтылығын нығайтатын болады. 2014 жылы елімізде ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін 2009 жылмен салыстырғанда, 5,9 пайызға тө­мендету көзделіп отыр. Сонымен бірге, 2014 жылы елімізде тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстың 21,9 пайызы қайта өңделетін болады.
ЕХРО–2017 Бүкіләлемдік көрмесі энергия үнемдеу саласындағы әлемдік озық үлгілерді, күн, су және жел арқылы энергия өндірудің жаңа технологияларын Астана қаласына жинап, жаһандық жетістіктерден жан-жақты тәжірибе алмасуға мүм­кіндік береді. Оның үстіне, көрме өткізілетін қалашықтың өзі отандық өндіріс негізінде балама қуат көздері арқылы алынатын электр энергиясын тұтынатын болады.  ЕХРО–2017  көрмесінің елімізге әкелер тиімділігіне тоқталатын болсақ:
Тұрғындарға қызмет көрсету жүйесі, қонақүй бизнесі және ішкі туризм өркендеп, қала маңындағы шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін беріледі;
Еліміздегі өндірістік қуаттар мен ғылыми базаны жаңғыртуға, елімізге жаңа технологиялар мен көптеп инвестицияларды тартуға ықпал етеді;
Үш айға созылатын көрмеге күніне 100 елден 50 мың адам, жалпы саны 5 млн адам қатысады деген мәлімет бар. Демек, жаңа қонақүйлер, өзге де қоғамдық нысандар салынады. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді;
Шетелдіктерді қазақстандықтардың көп ұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрімен және қонақжай мінезімен таныстыруға жол ашып, еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы танымалдылығы мен тартымдылығын арттырады;
ЕХРО–2017-ден кейін Қазақстанда баламалы энергия көздерінің дүниежүзілік орталығы ашылады;
Дамыған елдердегі өндіріс иелері өздерінің  озық технологиясын алып келеді, осы ЕХРО арқылы жаңа инновациялық технологияларды игеру мүмкіндігі туады.
Президенттің жаңа Жолдауының өзегі: 2013 жылдан бастап біз жұртымызды жаңғыртудың екінші кезеңіне қадам басамыз. Расында да, модернизацияның бұған дейін бір кезеңін еңсердік. Кешегі кеңестен қалған «қоқыстан» бас тартып, әлемдік стандарттарға ұмтылуды жөн санадық. Әлемдік, жаһандық технологияны келтіруді қолға алдық. Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа модерниза­циялау жұмыстары жанданды. Әлемдік технологияға ілесіп қана жүре бермей, жаңашылдықты өз жерімізде жөнге салатын жолды таңдадық. 
Елбасы ЕХРО–2017 көрмесіне дайындық пен өткізу,  бұл  – инновациялық экономика дамуының басты катализаторы болып табылады деп атап өтті.  
  Қазақстанның балама энергия көздері бойынша әлеуеті орасан зор. Экспорттық зерттеулер негізінен алғанда, еліміздің құрамына гидроэнергия, жел және күн энергиясы кіретін ресурстық әлеуеті 1 триллион кВт/сағат мөлшеріне тең деп жобалануда. Қазір елімізде өндірілетін электр қуатының көлемінде «жасыл энергияның» үлесі жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Қазақстанды индустрияландыру стратегиясында «жасыл энергияға» сара жол ашып отыр. Бізге белгілі соңғы деректер бойынша, еліміздегі «жасыл энергия» қуатын 2000 МВт–ға жеткізу жөніндегі бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмысы қолға алынды. Күні кеше Елбасы ашқан Астанадағы күн батареяларын шығаратын жаңа зауыт соның алғашқы қарлығашы.
Астанада ЕХРО–2017-ні өт­кі­зу елорданың, жалпы, бүкіл Қазақ­станның экономикалық және инфра­құрылымдық дамуына жаңа серпін беретіндігі сөзсіз. Басқасын былай қойғанда, ЕХРО–2017 көрмесін өткізу нәтижесінде еліміз энергетика саласында озық технологияларды өндіріске енгізу идеяларын қабылдап, бұл саланы дамытуға жаңа тиімді инвестициялар тарту үшін қолайлы мүмкіндіктерге ие болады.
«Менің байқауымша, әлі көп­теген қазақстандықтар бұл жеңіс­тің шын бағасы мен салмағын то­лық дәрежесінде түсіне қоймаған сияқты», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. – Бұл халықаралық тұрғыда тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан­ның қол жеткізген ең жоғары жетістігі болып табылады. Жиын­ға әлемнің барлық түк­пі­рі­нен өкілдер қатысты. Ұйымға 161 мемлекет мүше болып табылады. Олардың барлығы басқосуда Қа­зақстанның жайын талқыға салды. Астананың мүмкіндігін жан-жақ­ты қарастырды. Ақырында басым бөлігі халықаралық көрмені өткізу үшін Астананы саналы түрде таңдады. Біріншіден, олардың осы мойындау фактісінің өзі өте  маңызды. Екіншіден, 100-ден астам ел өздерінің павильондары құрылысын салу үшін елордаға арнайы келеді. Ал, үшіншіден, бұл жаңа технология, іс жүзінде үшін­ші индустриялық революция «жа­сыл экономиканы» дамытудан бас­­талады. «Жасыл экон­о­мика» мен экологиялық қағи­дат­тар орын алған жерде жаңа технологиялар қолданылады. Бұл біздің еліміз үшін экономикалық даму­дың белесіне бастайтын бет­бұрыс бекеті болмақ. Көрме еліміз үшін аса маңызды іс-шара ретінде қа­былданады. Біздің елордамызда ғылым мен техниканың ең үздік әлемдік жетістіктері көрсетіледі. Көптеген қазақстандықтар біз ұм­тылып отырған «болашақтың эко­но­микасын» өз көздерімен көреді. Ал көрме үшін салынған ғи­ма­рат­тардың барлығы да бізде қалады.
Мемлекет басшысы EXPO–ға арнап салынған бұл нысандардың кейін зертхана, ғылыми парк ре­тін­де халыққа қызмет ететінін жеткізді. Ол осы көрмеге бай­ла­нысты алдағы 5 жылда барша әлемнің Қазақстан жайында ұдайы сөз қозғап тұратынына назар ау­дарды. Осының өзі біздің еліміз үшін маңызды шара болмақ. Атал­мыш көрмеге жер бетіндегі өр­кен­деген елдер өздерінің ең озық тех­нологияларын әкеледі. Соның бәрі мыңдаған қазақстандықтың көз­айы­мына айналады. Оны көрген отандастарымыз үлкен өнеге ала­ды, болашақтың экономикасын өз көздерімен көреді. Мұның бәрі, айналып келгенде, біздің еліміздің дами түсуіне, азаматтарымыздың ғылыми әлеуеті артуына әсер етеді. Ең бастысы, жұртымыздың білімге, ғылымға ұмтылысын өсіре түседі. Біздің бәріміз үшін бұл көрме Қазақстанның әрбір өңіріне пайда келтіретін мегажоба болуға тиіс. Ол, сонымен бірге, мем­ле­кет–­тің инновациялық дамуына қар­қынды серпін береді.
Сонымен, ЕХРО–2017 жаңа инновациялар толқынын әкелмек. Бұл Қазақстанда үдемелі индус­трияландыруды табысты жүргізуге, қарқынды технологиялық серпін берудің алғы шарттарына, жаңадан өндірістер ашуға және жаңа жұмыс орындарына мүмкіндік береді. Яғни, ЕХРО–2017 – инновациялық экономика дамуының басты катализаторы болып, Отанымызды жаңа ұлы биіктерге алып баратын жол болмақ.

1112 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы