• Бизнес & Қоғам
  • 02 Мамыр, 2013

Адам жақсылыққа ұмтылуы тиіс

Адамның жағымсыз қасиеттері – мінез-құлықтың бір сипаты. «Ақ» қызғаныш, «қара» қызғаныш деп жатады, бірақ тереңіне үңілсек, бұл екеуінде де бір қызғаныш. Қызғаныштары мен іштарлықтары бойларын кернеген адамдар тек қана аяныш сезімдерді тудырады. Өйткені, ондай адамдар – өте әлсіз, ерік-жігерлері төмен, сәтсіздікті көтере алмайтын аянышты жандар. Өне бойын қызғаныш пен көреалмаушылық жаулаған адам баласы толыққанды өмір сүре алмайды және басқаға да өмір сүруге кедергі тудырады. 

«Қызғаныш қайда болса, ұрыс сол жерде», – деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, іштарлықтың кесірінен әртүрлі бағыттағы дау-жанжалдар туындайды, өсек айтылады, ондай адамдар салмақты, байыпты ойлана алмайды, келісті ақыл-кеңес те бере алмайды. 
Жалпы, адам бойындағы жағымсыз қасиеттер аз сыналмаған. Мысалы׃ Мұхтар Әуезов былай деген екен׃ «Қызғаныш – құрт ауру. Ол мыс қазандай қайнайтын азап оты». Қызғаныш пен көре алмау­шылық деген қасиеттер жанды жаулап алатын құрттар, надан және жауыз, қатыгез адамдардың жүректеріне ұя салады.
 «Күншілдік – өзгенің мықтылығымен өзіңнің әлсіздігіңді түсінуден тұратын құбылыс», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Адам бойында адамгершілік қасиетке қарама-қайшы жағымсыз қасиеттер көптеп табылады. Мысалы: қызғаншақтық, көре алмаушылық, іштарлық, күншілдік, мақтаншақтық пен тәкаппарлық, екіжүзділік, пайдакүнемдік, өзімшілдік, жалақорлық, жағымпаздық, надандық, еріншектік, қатігездік, өсекшілдік, өтірік айту, т.б.
Соның ішіндегі ең қауіпті күш – бұл қызғаншақ­тық, көре алмаушылық пен іштарлық. Қызғаныш дегеніміз не? Өз-өзіңе ме, әлде барлық дүниеге ренжу ме? Жеткіліксіз дамудың жиынтығы ма? Өз күшіңе деген сенімсіздік пе? Өз өмірін ұйымдастыра алмау ма? Әлде өміріңді дұрыс құра алмау ма?
Қызғаныш – бұл ауру. Медицинада айтылатындай, қызғаныш отына өртенгендердің ішкі секрециясы қалыпсызданып, жүрек-қан тамыр жүйесі бұзылып, жүйке жүйесі зақымданады.
Ақылды және ең бастысы мейірімді адам мынадай аумалы-төкпелі, қайырымсыз заманда әрбір адамның сәтті қадамына шын ниетпен қуана біледі, шын жүрекпен тілегін білдіреді. Ондай адамгершілік­тің жағымды қасиеттерін меңгерген адам – ең жігерлі, ең қайратты, ең мәдениетті адам.
Қызғаншақтық – сыртқа шықпай қоймайтын ішкі былық.
Қызғаншақтық пен іштарлықтың 3 белгісі бар:׃
1. Егер адам қасында болмаса, ол туралы ызалы сөздер айтып, жағымсыз ойларын білдіреді.
2. Ол сол адамды көргенде жағымпазданып, екі­жүзділеніп, көлгірсиді.
3. Ол адамның бақытсыздығына қуанады.
Мұндай қасиеттер – саяз ақылдың белгілері. Өзін әрқашан басқамен салыстыра беретін, басқа біреудің сәттілігін өзінің құлдырауы деп есептейтін адам – жағымсыз қасиет иесі.
Біреудің жетістіктері мен жолы болғыштығы оның бойында қорқыныш тудырады, адам санасы­ның ең төменгі пернелеріне әсер етіп, соған орай реф­лексті қорғаныш күштері пайда болады, соны жеңу үшін әртүрлі әдістер мен тәсілдер қолданады. Басқаларға жоғары талап қоюдың артында адамгершілік пен психологиялық зиян шегушілігі, кәсіби және жеке бас шамасының төмендігі, ішкі жан дүниесінің бостығы жатады. Адамның жанын жегідей жеген қызғаныш адамға азап шектіреді, әртүрлі аурулардың тууына ықпал етеді. «Күншіл күнде күңіренеді», – деген екен Сайф Сараи.
«Біреуге не берсең, оны сен де аласың», демек­ші, мейірімділік пен жанашырлық, жомарттық, бас­қаларға адал қызмет көрсету, адамдарды шын жүрекпен жақсы көру бізге өмір жолымызды абыроймен жүріп өтуімізге зор мүмкіндік пен күш береді. Адам өмірінің мақсаты мен мәні осында!
Қызғаныш – адам жанының бір түкпірінде жатқан 7 күнәнің бірі. Қызғаныш, көре алмаушылық пен іштарлық – лапылдаған от. Отқа түссең күйесің, күйген кезде есіңді жиясың, кінәңді сезініп, артынан ұялып қаласың. 
Қызғаныш сезімін эмоцияның бір түрі ретінде де қарастыруға болады. Мысалы׃ нақты сол сәтте, ситуацияға қарап, яғни жеңіліс кезінде жеңгенге қызғанышпен қарау. Ондай кезде адам «оның жәй ғана жолы болды…», «бұл бір кездейсоқтық…», т.б. деген мысалдармен өзін алдайды. Бірақ, бұл эмоция бір қысқа уақытта өтеді, тез басылады. Сөйтіп, адам баласы өз құштарлықтарының қазанында тез қайнап, тез өшеді. Қызғаншақтық, іштарлық пен көре алмаушылық – бұл шын мәнінде өте жағымсыз қасиеттер. Осы жағымсыз қасиеттер неден пайда болады? – деген сұрақ туады. Бұл қасиеттер арнайы тәрбиеленбейді, бұл балалық шақтан ата-анасының немесе басқа ересектердің баланы бағалауы мен салыстыру нәтижесінде шығады. Мысалы׃ «Сен Марат, Айгүл, Жанарлар сияқты болсаң…» , «Әне, қарашы елдің баласына…», т.б. Салыстырулар мен сын-ескертпелерді естіп өскен балада қызғаныш сезімі пайда болады, яғни қай жерде бағалау, салыстыру, талаптар болса, сол жерде қызғаныш туады.
Қызғаншақ адамдар – жағымсыз энергияның иелері. Жан-жақтарына агрессияның ұшқындарын атып, жамандық ойлап, қызғаныш тудырған объектілердің жағымды жақтарынан гөрі жағымсыз жақтарын тезірек байқап, оларды «тізе бүктіру» мақсатында әртүрлі агрессияның түрлерін қол­данады.
Осындай адамның жеке басына, қоршаған ортасына кері әсерін тигізетін жағымсыз қасиеттерден құтылудың жолдары׃:
1. Сарыуайымға салынбай, өзіңнің сүйікті ісің­мен айналысу. (Шахмат ойнау, суда жүзу, табиғатқа шығу, спортпен шұғылдану, т.б.). 
2. Қоршаған ортаға, табиғатқа сүйіспеншілікпен қарау.
3. Жан-жүйеңді, ойыңды рухани байытатын көркем шығармалар оқу.
4. Адамдардың позитивті тұстарын байқауға тырысу.
5. Әрбір күнге шүкіршілік етіп, бәріне көңілі толып, алғыс айта білгені жөн. 
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенттік кампусында «Біздің болашағымыз жастардың қолында» деген ұранмен көптеген жұмыстар атқарылуда. Адамгершілік, иман­дылық, сонымен қатар келеңсіз қасиеттер туралы жатақханаларда әртүрлі кештер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар өткізіледі. «Ақыл – адам көрігі, ақыл – сабыр серігі», – деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, болашаққа адамгершілікке жандары толы, ақылды, сабырлы жастарды тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.
Жастардың рухани дүниелерінің баюына көмек ретінде, өзін-өзі жетілдіру, қайта тәрбиелеу мақ­са­тын­да көптеген жұмыстар атқарылуда. Адам жаны­ның таусылмас рухани байлығы кітап болғандық­тан, кітап оқу арқылы жастарды ізгілікке, даналыққа тәрбиелеу мақсатында университетіміздің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызының бастауымен студенттік кампустың әр жатақханасында кітапхана бұрышы ашылып, қазақ ақын-жазушыларының еңбектерімен қатар, шетел классиктерінің де шығармалары қойылған. Дүниенің материалдық байлығына қызығып, жағымсыз қасиеттерді бойларына сіңірмес үшін, адамзат баласы рухани баюды міндет тұту керек деп ойлаймын. Адам болу өте қиын, надан болу әп-сәтте.

Гүлбану Құрманалиева,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің
студенттік кампус қызметкері

4314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы