• Білім & Ғылым
  • 06 Қазан, 2011

Ақша-кредит саясаты сараланды

Әлемдік экономикалық дағдарыс көптеген елдердің орталық банктерінің ақша-кредит саясатына айтарлықтай әсер етті. Бүгінде әлемдік экономика ғаламдық қаржы дағдарысынан кейінгі қайта қалпына келу барысының алғашқы сатыларының бірінде тұр. ХВҚ экономикалық өсу биылғы жылы 4,5% мөлшерінде болады деп бағалап отыр. Соған қарамастан қалыпқа келу ауқымы әр елде әр басқа. Дамыған елдердің көпшілігінде экономикалық белсенділік қалыпты күйінде болса, ірі дамушы елдерде ЖІӨ аздап қана өсім берген. Экономикасы дамыған елдерде ЖІӨ-нің өсуі 2,5%, дамушы елдерде шамамен 6,5% болады деп күтілуде.

Қалыпты экономикалық белсенділік пен шектеулі инфляциялық қысым жағдайында дамыған елдердің орталық банктері өктем ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыруда. Атап айтқанда, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемесі рекордтық төмен деңгейде болып отыр. Еуропа Орталық Банкінің пайыздық мөлшерлемелері де соңғы 1,5  жыл бойына өзгеріссіз қалуда. Екінші жағынан, экономиканың қалыпқа келуі инфляция көтерілуімен қатар жүретін негізгі дамушы елдердің орталық банктері ақша-кредит саясатын қатайта бастады. Мәселен, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Үндістан секілді елдердің орталық банктері пайыздық мөлшерлемелерін көтеру жөнінде шешім қабылдады.

Әлемдік экономикадағы осындай аумалы-төкпелі ахуалды ескере келіп, еліміздің мемлекеттік органдарының қызметі орта мерзімді кезеңде қаржы қызметін реттеу жүйелерін қайта ұйымдастыруға және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталуда. Жүйелі және теңдестірілген саясатты әзірлеу мақсатында ҚР Ұлттық Банкі алдағы үш жылға арналған орта мерзімді болжамдарды есепке ала отырып, ақша-кредит саясатының бір жылға арналған негізгі бағыттарын әзірледі. Ақша-кредит саясатын әзірлеу кезінде сцеранийлік нұсқаларға бөлудің негізгі критериі мен мұнайдың әлемдік бағаларының орташа жылдық деңгейі айқындалды. Макроэкономикалық ахуал дамуының үш сценариі қарастырылып, мұнай бағасы деңгейінің бір баррелі 35, 65 және 80 АҚШ доллары мөлшерінде белгіленді. Негізгі көрсеткіштер консервативті болып табылатын төлем балансының болжамдарына негізделген.  Барлық үш сценарий бойынша да бюджеттен төленетін зейнетақылардың, жәрдемақылардың, жалақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің биылғы, 2011 жылғы жоспарлы көтерілуі назарға алынды. Бұл көтерілім экономикадағы жиынтық сұранысқа сәйкес келетін деңгейде жиынтық ұсынысты ұстап тұру бөлігінде ел Үкіметі мен Ұлттық Банкінің тарапынан тиісті шаралар қолдануды талап етеді.

Биылғы жылы инфляциялық аяның ағымдағы деңгейі сақталмақ.

2011-2013 жылдары ел экономикасы дамуының барлық сценарийлері іске асырылған кезде Ұлттық Банкінің негізгі мақсаты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді, яғни инфляцияны 6,0-8,0% дәлізінде ұстап тұруды көздейді. Бірінші сценарийді іске асырған кезде 2013 жылы экономиканың 2%-ға дейін нақты өсуі қалпына келтірілмек. Осы сценарий аясында іскерлік белсенділіктің төмендеуі, жиынтық сұраныстың қысқаруы, төлем балансы көрсеткіштерінің нашарлауы және ақша сұранысының төмендеуі  күтіледі. Экономиканың ақшаға сұранысының төмендеуі 2011 жылы ақша  ұсынысының қысқаруымен қатар жүреді. 2012-2013 жылдары ақша  ұсынысы біршама ұлғаяды, алайда  оның өсу қарқыны шектеулі  болады. Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша бұл сценарийді іске асыру мүмкіндігі барынша төмен. Екінші сценарийді іске асырған жағдайда мұнайдың бағасы бірінші сценариймен салыстырғанда жоғары,  бірақ  2010 жылғы қалыптасқан нақты деңгейден төмен. Нәтижесінде, 2011-2013 жылдары Қазақстан экономикасының өсу қарқыны  2010 жылмен салыстырғанда баяулайды. Осының аясында 2011-2013 жылдары ағымдағы шот пен жалпы төлем балансы оң болады деп күтілуде. Үшінші сценарийге сәйкес 2011-2013 жылдары экономикалық өсудің қарқыны алдыңғы сценарийлерге қарағанда анағұрлым жоғары деңгейде болады деп күтіледі. Ұлттық Банк экономика дамуының үшінші сценарийін іске асыруды анағұрлым мүмкін деп санайды, осыларды ескере отырып, 2011 жылға арналған ақша-кредит саясаты әзірленді. Келесі жылдарға арналған шаралар 2011 жылдың  қорытындысы  бойынша нақтыланатын болады.

Мұрагер Сералы

756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы