• Бизнес & Қоғам
  • 16 Мамыр, 2013

Абыройы асқақ академик

«Жақсы адамға бір кісілік орын бар» деп тегін айтылмаса керек. Осы орайда Қазақстандағы зиялы қауым өкілдері тралы әңгіме бола қалған жағдайда, алдымен ауызға алынатын ардақтылардың бірі – Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев. Олай болатын жөні де бар. Халықтың перзенті атанып кеткен оның жан сүйсінтер жақсы істері қалай айтса да жарасады. Сондықтан да елі сүйген ердің еңсесі қашан да қаз-қалпындағы биігінде тұрады.
Атап айтқанда, елімізде тұғырлы тұлға болып жүрген ол кісі экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының және Пәкістан Ғылым академиясының ака­демигі, АҚШ-тың Нью-Йорк академиясының мүшесі әрі халықара­лық жоғары мектеп академиясының толық мүшесі. 

Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. Қазақстанның бірнеше жетекші оқу орындарының ректоры және ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті болып қызмет атқарды. 

Қазақстан Республикасы үшінші және төртінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланды, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. Әрине, мұндай биік лауазымдарға ол тектен-тек қол жеткізе қойған жоқ. Ол өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық, табиғат сыйлаған таланты мен ілгерілете білетін іскерлігінің арқасында көксеген көптеген армандарына алқыныс білдірмей қол жеткізіп үлгерді. 
Қашан болсын абыройы биік, арды ойлаған азаматтың еңбек жолы мен шығармашылық қызметі жарты ғасырдан астам уақыттан бері бұқаралық ақпарат құралдарында, энциклопедиялық анықтамаларда және биографиялық очерктері жарияланды. Ғалым-ұстаздың ерен еңбектері дер кезінде ескеріліп, кеңестік кезеңнің өзінде жоғары марапат «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерін иеленуінің өзі білім мен ғылымдағы алғашқы қадамдарының айғағындай болып көрінеді.
Оның егемендік пен тәуелсіздік алғаннан кейінгі елімізге сіңірген еңбегі де елеулі болып келе жатқанын халық орынды мақтаныш өлшемімен өнеге тұтып келеді. Экономист-реформатр ғалымның Тәуелсіз Қазақстан экономикасының дамуына қосқан теориялық және тәжірибелік қомақты үлесін Елбасы жоғары бағалап, оны «Парасат», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапаттады. Бұл оның кешегі үрдісінің жақсы жалғасын тауып келе жатқандығын ешқандай талассыз дәлелдеп бере алады.
Қазір еліне еңбегі сіңген, 75 жасқа толып отырған академикке деген көрсетіліп жатқан құрмет те ұшан-теңіз. Бұл өте орынды да. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей таяуда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оның осынау мерейтойына байланысты үлкен кездесу кеші болып өтті. Бұған университеттің оқытушылары мен студенттері және магистранттары, докторанттары қатынасты. Үлкен ұжым мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-ұстаз Кенжеғали Сағадиевті ілтипатты ізеттерімен, жан жадыратарлық, қолдауға тұрарлық қошеметтерімен қарсы алды.
Кездесудегі алғашқы сәт Кенжекеңнің құрметіне ар­нап ұйымдастырылған көрмені тамашалаудан басталды. Ол кісі кезінде, осы университетте ректор болып тұрған уа­қыттағы жағдаймен қазіргі жағдайды салыстырмалы түрде таразы талқысына салып, қатты ризашылығын білдірді. Көп өзгерістердің, жағымды жаңалықтардың жеткілікті екендігін, заманауи ілгерілеу жолында келе жатқанын көп­шілік алдында толқып тұрып тіліне тиек етті. Әсіресе, елі­міздегі жоғары оқу орындарының ішінде құндылығы құптауға тұрарлық «Қазақ-Жапон» ғылыми инновациялық орталығына ерекше тоқталды. 
Оның бес жылға жуық уақыттан бері ғылыми жолмен бар қажеттілікті өтеп келе жатқанын, мәні мен маңызының айырықша екенін жан-жақты әңгімелеп, жиналған жұрт­шылықты ұйытып тастады. Одан кейін ол кісі «атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей «өз қолыммен еккен ескерткішім болсын» деп, университеттің академиктер алеясына бір түп жасыл шырша отырғызды. Онысын жұртшылық жақсылыққа жорып жатты.
Салтанатты жиын да сәтімен басталды. Оны кіріспе сөз сөйлеп ашқан университеттің ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполов шын жүректен үлкен ұжым атынан мерейтой иесін құттықтап, ет-жүректі елжіретер ыстық ықы­ласқа толы лебіздерін ағынан жарыла ақтарды. 
– Менің ойыма данагөй бабамыз ұлы Абайдың «Анасы туған баласын қалай сүйсе, ғылымды да солай сүйуі керек. Сонда ғана ғылым саған деген ынтызарлық сүйіспеншілігін туғызады» деген қанатты қағидасы жиі орала береді. Осы сөз төрімізде отырған ағамыз, білім мен ғылымға ересен еңбегін сіңірген Кенжеғали Әбенұлына арнайы атап айтылғандай әсер қалдырады. Енді сол жағына аздап тоқ­тала кетейін.
83 жыл тарихы бар қасиетті қара шаңырағымызды Кенжекеңнің өмір жолымен сабақтастық үрдісімен айтпай кетуге әсте болмайды. Елбасымыз осы оқу орнында екі мәрте болды. 1999 жылы Кенжекең басқарып тұрған кезде, ал 2010 жылы біздің шақыруымызбен болып қайтқан еді. Сол уақыттарда Елбасымыз университеттің статусын екі рет қайта қарап, алдымен мемлекеттік, одан соң ұлттық дәрежеге көтерді. Мұның өзі бізге үлкен қуатты құлшыныс берді. 
Ол кісі Қазақ ауыл шаруашылығы институты мен Алматы малдәрігерлік институты негізінде құрылған Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне басшылыққа келген сәтте екі институтты біріктіріп,үйлесімді ұжымды құ­руға, университетіміздің аяғынан тік тұрып, бедерлі блестерден өтуіне сіңірген еңбегі ересен болғандығын халық әлі есінен шығара қойған жоқ деп айта аламын. Сол бір жылдардағы қиындықтардың қандай болғанын менің ұстаздарым мен замандас әріптестерім шеттерінен жақсы біледі. Бәрі де білім мен ғылымға табандылығынан таймай бүйрегі бұрып тұратын Кенжекеңнің керемет қасиеттерін көпшілік жиналған қоғамдық орталарда көлденең тартып тұрады.
Тілектес Есполов ол кісінің ойдағыдай еңбектері жайлы толымды да толғақты ойларын бүкпесіз айтуды өзінің азаматтық парызы мен парасаттылық пайымы арқылы жеткізді. – 2011 жылы Парламент Мәжілісіндегі депутаттық өкілеттілігі аяқталған соң, Кенжеғали Әбенұлы 1992 жылы негізін өзі қалаған Халықаралық бизнес университеті Президенті міндетін атқаруға қайтадан бетбұрыс жасады. Бұл оқу орнының қыры мен сыры оған бес саусағындай жақсы мәлім болатын. Ол мұнда өзінің сүйікті ісі – бизнеске мамандар даярлау мен эко­номикалық реформалардағы зерттеу жұмыстарына бел шеше араласып кетті. Белгісіз болып келе жатқан мүм­кіндіктердің көзін табуға талапшылдық тұрғысынан алаң­сыз қайта кірісуі, жинақтаған тәжірибесін бар қайрат-жігерімен жұмсауына итермеледі.
Халықаралық бизнес университеті – еліміздегі енді-енді қа­рышты қадам жасап келе жатқан бизнеске ма­ман­дар да­ярлау үшін құрылған жекелік жоғары оқу ор­ны. Оның классикалық университеттерден ерекшелігі – экономикалық тәжірибенің сан-саласымен тығыз байланыс, нарық сұранысына жедел көңіл бөлу, экономика реформаларының құбылысына сай оқу жоспарларының заманауи икемділігін қалыптастыруды жедел қолға алды. Сөйтіп, осы мақсат бағытында барын салды.
Кенжекең бұл жағынан онша қинала да қойған жоқ. Университет қабырғасынан шетел тәжірибесімен тереңінен жан-жақты жақсы таныс, өзісінің шебері атанған, мұны төрт аяғынан тік тұрғызып алып кететін қабілет қарымы жетерлік. Ғалым-ұстаздың жетекшілігімен компания, фирма және осы ауқымдағы басқа жобаларды басқара алатын менеджер-мамандар шыға бастады. Университет түлектерін көптеген фирмалар мен компаниялар кідіріс пен бөгеліссіз жұмысқа алып жатуының өзі мұндағы білім көкжиегінің көтеріле түскенін айғақтап бере алады. Білім ордасында мамандық иелерін шетелдік университеттермен қарым-қатынас жасай отырып оқытады. Негізінен алғанда бакалавриат, магистратура және философия докторларының бағдарламаларын табысты жүзеге асырып жатқанын Тілектес Есполов егжей-тегжейлі байыппен баяндап берді.
Салтанатты бұл жиында сөйлеушілер қатары да көп болды. Олардың арасынан Кенжекеңмен қоян-қолтық қызметтес болған замандастары мен әріптестері әрлі де нәрлі тілек-ниеттерін асқан ризашылық сезімдерімен жеткізіп жатты. Бұл орайда академик Сәбит Байзақов Кенжекеңнің өткен жылы ҚР Ұлттық технологиялық даму агенттігінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылғаны жағын көпшілікке хабардар етті. 
Аталған агенттіктің негізгі қызметі – ел экономикасы­ның жаңа салаларын инновациялық жолдармен күшейте отырып, оның шикізатқа байланысын азайта түсу және индустриялды мемлекет құру жолындағы осыған байланысты мәселелерді шешу болып табылады. Оның осы отандық ғылыми-техникалық дамуға үлес қосуды мінсіз міндетім деп сезінуі кейінгі жастарға үлгі боларлық екенін сарапқа сала отырып әңгімеледі.
Одан кейін сөз алған профессор, доктор, үздік оқыту­шылардың екі мәрте иегері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Гүлнар Шабдарбаева абыройы биік, арды ойлаған тұлғаның басқаша қырларына тоқталды. Әсіресе, оның өткен кеңестік кезең мен бүгінгі уақыттағы аталған оқу ордаларына басшылық жасап жүрген кездерінде ми ашытатын қауырт жұмыстарда мінез көрсетпей, сыпайылық сымбаттылығымен сыр бермей атқарғаны, оның адамгершілік асыл қасиеттерінің анық та айқын көрінісі болыпты. Адамның көңілін табудағы ілтипаттық ізеттілігі үлкен мен кішінің қолайына жағып, кеңірдектен алатын, шаш етектен келетін шаруалар ың-дыңсыз ретімен өзінің жүйесін тауып жатыпты. Осыдан-ақ, қазақтың «ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деген қанатты қағидасы еріксізден еске оралады. 
Есте қаларлық осынау салтанатта студент-жастар да шет қалған жоқ. Онда университет жастарының жетекшісі Олжас Серікұлы, магистранттар Назым Жақсылыққызы, Әйгерім Айгелдина, тағы басқалары көш басында жүрген академик жайлы аз білмейтіндерін көрсетті. Кенжекең оларға ағынан жарыла ақ батасын берді. Ректор жиын соңына таман Кенжеғали Сағадиевті университеттің Құрметті профессорларының қатарына қабылдап, оның алдағы өміріне сәттіліктер тіледі. Мерейтой иесінің риза­шылығы да шексіз болды.

Қанат ТӘКЕБАЕВ, журналист, Алматы қаласы.

512 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы