• Бизнес & Қоғам
  • 16 Мамыр, 2013

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ: ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДА

Маңғыстау облысы – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы серпінді дамуына өзіндік үлес қосып отырған қазыналы өлкенің бірі. Табиғаты қатал, ауа-райы қолайсыз өңірдің қойнау толы байлығын ел игілігіне айналдыру жолында мұнайшы қауымының еңбегі ерен.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы аймақтағы мұнай өндіру көлемінің 31 пайыздан астамын, ал еліміз бойынша 8 пайызын қамтамасыз етіп отырған  ірі мұнай өндіруші компания болып табылады. 2012 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 5 млн 921 мың тонна мұнай өндірді. Компания биылғы жылы 6 млн тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қарамағында жалпы қалдықты шығарылатын қоры 157 млн тоннадан асатын 15 мұнай-газ кен орындары бар. Соның ішінде Қаламқас және Жетібай кеніштері компанияның негізгі мұнай өндіруші өнеркәсіптік нысаны болып саналады.

Маңғыстау түбегіндегі Жетібай кен орнында алғашқы мұнай бұрқағы 1961 жылдың 5 шілдесінде №6 ұңғымадан атқылады. Жетібай кен орнын өнеркәсіптік игеру оның Асар, Шығыс Жетібай, Оңтүстік Жетібай, Бектұрлы, Оймашы, Бұрмашы, Солтүстік Қарақия, Алатөбе, Атамбай – Сарытөбе, Ащы­ағар, Солтүстік Аққар, Айрантақыр, Придорожное сияқты қосалқы кен орындарымен бірге жүргізілуде. Жетібай тобындағы кен орындарының жалпы жинақталған мұнай қоры 484 млн тоннаны құрайды.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: 
– Қазақстанның мұнай-газ кешені күллі экономиканың локомотиві болып табылады және басқа салалардың дамуына ықпалын тигізеді.
Біз экономиканың заманауи, тиімді мұнай-газ және тау-кен өндіру саласын құруға тиіс едік. Біз бұл міндеттің үдесінен шықтық. Біз бүгін  шикізат секторының табысын болашақ экономиканы  құру үшін пайдаланудамыз.

(«Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан).

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кен орындарын игеруде ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріне негізделген жаңа технологияларды, алдыңғы қатарлы озық әдіс-тәсілдерді белсенді қолданып келеді. Мұнай-газ саласында өндіріске инновациялық технологияларды енгізу және пайдалану – мұнай өндіру көлемін, салық түсімін арттыруға, жұмыс күшінің әлеуетін және экономиканың сабақтас салаларын дамытуға байланысты елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізеді. 
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ: ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАМұнай өндіру көлемін арттыру мақсатында бүгінгі таңда қолданылып отырған ең тиімді инновациялық әдістердің бірі – көлденең ұңғымаларды бұрғылау. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндірістік бағдарламасы бойынша был­тырғы жылы 17 көлденең ұңғыма бұр­ғы­­ланды. Аталған ұңғымалардың жетеуі «Қаламқас­мұнай­газ» өндірістік басқармасына, ал он ұң­ғы­ма «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқар­масына қарасты. Осының нәтижесінде ке­ніш­­­терден мұнай өндіру көлемі біршама арт­ты. Қаламқаста қосымша 12,9 мың тонна, Жеті­­байда 40,7 мың тонна мұнай өндірілді. 
Сонымен қатар мұнай өндіру көлемін ұл­ғайтуға мүмкіндік беретін басты тәсіл ұңғы­маларды тік бұрғылау болып табылады. Бұл орайда былтыр жоспардағы 52 ұңғыманың орнына нақты 66 ұңғыма бұрғыланып, нәти­жесінде қосымша 167,8 мың тонна өнім алынды. Мұнай өндірісінде қолданылып келе жатқан тиімді тәсілдердің тағы бірі – қабатты сумен жару әдісі арқылы қосымша өндірілген мұнайдың көлемі 90,4 мың тоннаны құрады. 
Жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріске озық әдістерді енгізу шаралары компания тарапынан өз жалғасын табуда. Соның ішінде геологиялық зерттеу, тауар, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алуды жоспарлау, жүзеге асыру мен бақылау, қойма қорының қозғалысын қадағалау мен сараптау үдерістерін автоматтандыру, электронды құжат айналымы жүйесін жаңғырту сияқты уақыт талабына сай басқа да көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда.
Компания облыс көлеміндегі ірі салық төлеушілердің бірі ретінде Маңғыстау өңірінің ғана емес, жалпы еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Соңғы үш жылдың ішінде ғана «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жергілікті бюджетке салық және басқа да төлем түрлері бойынша 711 167 531 624 теңге төледі. 
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндіріс көлемін арттыруда табысқа жетумен қатар, әлеуметтік жобаларды да белсенді түрде жүзеге асырып келеді. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының әлеуметтік саясаты кәсіпорынның стратегиялық даму жоспарының ажырамас бөлігі болып табылады. Компания соңғы үш жылда әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік инфрақұры­лымын дамыту мақсатындағы шараларға 6 млрд 105 млн теңге бөлді. Өмірдің бар саласын қамтыған әлеуметтік бағдарламалар мыңдаған адамның, соның ішінде компания жұмысшы-қызметкерлерінің, жалпы Маң­ғыс­тау халқының мүддесіне қызмет етуде.
Өндірістің өркендеп, компания қызметінің табысты болуы ең алдымен мамандарға, олардың кәсіби біліктілігі мен біліміне, сонымен қатар қажетті талаптарға сай еңбек жағдайының жасалуына байланысты. Сон­дық­тан компания басшылығы бұл мәселе­лер­ге бірінші кезекте көңіл бөледі. Аймақтағы жұмыссыздық проблемасын шешуге де компания өз үлесін қосып келеді. Атап айтар болсақ, 2010 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 352 адамды жұмыспен қамтыды. Ал 2011 жылы – 302, 2012 жылы – 324 адам жұмысқа орналастырылды. Осылайша соңғы үш жылдың ішінде ғана компанияға 978 адам жұмысқа тұрды. 2012 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мердігері «АқтауНефтеСервис» ЖШС 649 адам­ды жұмысқа қабылдады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: 
– Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек.
                                              
(«Қазақстан-2050» стратегиясы – 
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан).


Өндірісте еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына, қызметкерлердің кәсіби өсуіне, жеке дамуына, демалысы мен бос уақытын мағыналы өткізудің ұтымды ұйымдастыры­луы­на және зейнетке шыққан­нан кейін де барынша қолайлы жағдай жасау қашанда компанияның басты назарында.
Компанияда ұжым мүшелерін әлеуметтік тұрғыда қолдау, ардагерлерді ұлықтау дәстүр­ге айналған. Мәселен, 2012 жылы «Маң­ғыс­тау­мұнайгаз» АҚ 50, 55, 60 жасқа шыққан 184 мерейтой иелерінің әрқайсысына 50 000 теңгеден ақшалай материалдық көмек көрсетті. Қаржылай көмек сонымен қатар отбасында сәби дүниеге келген ұжым мүшелеріне, шаңырақ көтерген жас отау иелеріне де берілді. Қоғам қызметкерлерін осындай әлеуметтік қолдау мақсатындағы шаралардың қатарында жалпы білім беретін мектептерде оқитын балалардың жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке қажеттіліктерін алу үшін 10 000 теңгеден ақшалай көмек берілетіндігін атап өткен жөн.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әлеуметтік сая­са­ты­ның негізгі артықшылығының бірі – балалар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шек­теулі жандарға қолдау көрсету болып табылады.
Қоғам өз қызметкерлері балаларының демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөледі. 2012 жылы компания өз есебінен 1350 баланы Қазақстан, Түркия және Қырымдағы балаларға арналған сауықтыру орталықтарына демалысқа жіберді. 
Зейнетке шыққан қызметкерлерге қам­қор­лық көрсету компанияның ішкіұжым­дық бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады. Бүгінгі таңда бұл тізімде 1300 жұ­мыс жасамайтын зейнеткер бар. Компания оларға ай сайын зейнетақыларына қосымша ҚР заңына сәйкес екі айлық көрсеткіш мөл­шерінде жәрдемақы төлеп отыр.
Облыс көлемінде орталықтан жылу беріл­мейтін жеке тұрғын үйлерде тұрып жатқан зей­неткерлердің әрқайсысына 20 000 теңге­ден көмек көрсетілді. Жеңіс күніне орай 86 ҰОС ардагерлеріне 150 000 теңгеден, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай 674 зейнеткерге 30 000 теңгеден мате­риалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ 2012 жылы компания есебіндегі 52 зейнеткерге Қазақстанның емдеу-сауықтыру шипажайларында ем алуларына мүмкіндік жасалды. 
Аға буын мұнайшыларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Н.А.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының шотына 12 млн теңге аударылды. Сондай-ақ аз қамтылған жанұялар мен үйлері өрттен зардап шеккен компания қызметкерлеріне қайырымдылық көмек көрсетілді.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тұрақты негізде әлеуметтік қамту, ғылым-білім, денсаулық сақтау, өнер, спорт мекемелеріне, зағип жандар қоғамына, облыстық мүгедектер қоғамына, Ақтау қаласындағы сәбилер үйіне, жанұялық үлгідегі облыстық балалар ауылына жалпы 5 млн теңгеден астам сомаға демеушілік көмек көрсетті.
Компания сондай-ақ халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғаған спортшыларға да қолдау көрсетуді назардан тыс қалдырған емес. Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 15 млн теңгенің сертификатын сыйға тартса, шахматтан төрт мәрте әлем чемпионы Жансая Абдумәлікке 9 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. 
  Компанияның әлеуметтік саясатының тағы да бір маңызды бағыты – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу. Осы тұрғыда соңғы жылдарда атқарылған шаралардың қатарында Жетібай кентінде музыкалық өнер мектебінің ашылуын атап өткен абзал. 2011 жылы Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орай ашылған бұл өнер ордасында бүгінгі таңда 250-ден астам бала оқып-білім алуда, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнап-үйренуде. Былтыр Наурыз мерекесіне орай Жетібай кентінде компанияның демеушілік көмегімен дене тәр­биесі-сауықтыру кешені ашылды. Бүгінде мұнда екі жүзден астам бала шағын футбол, үстел теннисі, каратэ және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуда. Осыдан екі ай бұрын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кешенді заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жабдықтады. Былтырғы жылы тағы бір спорт-сауықтыру орталығы Кұрбан айт мерекесі қарсаңында Қаламқас кен орнында пайдалануға берілді. 
Соңғы 3 жылдың көлемінде Ақтау – Қа­лам­қас автожолында 1 352 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сейсем Ата қоры­мы ретке келтіріліп, Қаламқас әулиеге ес­керткіш салынды. 2010 жылы Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығына орай Қаратөбе жеріндегі Досан батыр ескерткішін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді, Жетібай және Мұнайшы елді мекендерін ауыз сумен, газбен қамтамасыз етуде үлкен жұмыстар атқарылды. Ақтау қаласын көркейту (104 млн – жарықтандыру, 140 млн – ғимараттардың қасбетін бояу жұмыстарына жұмсалды) және өңірде өткізілетін шараларды қаржыландыру бағдарламасына 377 млн теңге бөлінді. 
Былтыр компания қызметкерлерінің тұр­мыс жағдайын жақсарту мақсатында Қалам­қас кентінде әрқайсысы 25 орындық 2 жа­тақ­хана салынды, 5 жатақханаға күрделі жөн­деу жұмыстары жасалды, 7 жатахананың ша­тыры жөнделді. Жетібай кен орнындағы №24 асханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі таңда Қаламқас кен орнындағы ескі вахталық кентте 50 орындық жатақхана мен 250 орындық асхананың, Жетібай кен орнындағы МГӨБ-2 аймағында 50 орындық жатақхана мен 250 орындық асхананың, Жетібай кен орнындағы МАӨЦ аумағында 75 орындық асхананың, САж/еМТҚД (Ақтау қаласы) базасында 75 орындық асхананың құрылысы жүруде. Сонымен қатар Қаламқас кен орнынан бес жатақхананың және «Жетібаймұнайгаз» ӨБ Асар кен орнынан 25 орындық жатақхана құырылысын салу жобасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.
Компания өзінің әлеуметтік бағдарлама­сын жүзеге асыруды биыл одан әрі жалғасты­рады. Жалпы алғанда өңірдің әлеу­меттік ин­фрақұрылымын дамытуға, әлеу­мет­тік-ин­вес­ти­ция­лық жобаларды жүзеге асыруға, демеушілік және қайырымдылық көмек көр­се­туге, спорттық және мәдени-бұқаралық ша­ра­ларды ұйымдастыруға бір миллиард тенге бөлу жоспарлануда. «Алау» балаларды са­уық­тыру орталығы мен Ақтау – Қаламқас авто­жолын жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Облыстың ауылды аймақтарын қолдауға да қаражат қаралды. Атап айтқанда Маңғыстау ауданында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына 188 млн теңге бөлінді. Осы қаражатқа Шетпе, Ұштаған, Шайыр ауыл­дарының жолдары жөндеуден өткізілді, жасанды көгалды жаңа спорт алаңдары салынды. Тұщықұдықтағы мәдениет үйінің тө­бесі жөндеуден өтті, жергілікті ауыл мек­тептері автобустармен, компьютерлік техника­мен, музыкалық аспаптармен, спорт жаб­дық­тарымен қамтамасыз етілді. Сайөтес ауылындағы тұрғын үйлерде су құбырлары мен кәріз жүйелері ауыстырылды, Жыңғылды, Ақшымырау ауылдарындағы әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларға қайырымдылық кө­мек көрсетілді.
Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұ­ры­лымын дамытуға 146 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жетібай кентінде жасанды көгалды спорт алаңдары салынды, автобус аялдамалары қалпына келтіріліп, көше жа­рықшамдары жөндеуден өткізілді, дене шынықтыру-сауықтыру кешені спорттық тренажерлармен қамтамасыз етілді, Сүйінқара Үргенішбайұлы атындағы мешіт ғимараты қайта жөндеуден өтті. Мұнайшы кентінде де жасанды көгалды спорт алаңдары салынды, аялдамалар жөнделіп, қолданыстағы коллектордан «Ақбөбек-2» шағын ауданындағы №140 үйге дейінгі су құбыры қалпына келтірілді, саябақ металл шарбақтарымен қоршалды, «Салтанат» шағын ауданындағы кәріз құбырлары ауыстырылып, көше жарық­шамдары жөнделді, жанұялық дәрігерлік амбулатория ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруде бұдан басқа да көптеген игі шаралар атқарылуда. Ел игі­лігі жо­лындағы осындай өрелі істердің ұйымдастыры­луына тікелей басшылық етіп отырған «Маңғыстау­мұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Сунь Синъюньге, бас директордың орынбасары Махамбет Жолдасқалиұлы Дос­мұхан­бетовке, бас директордың әкімшілік-әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ибадулла Мұратұлы Қолдасбаевқа, әкімшілік-әлеуметтік даму де­пар­таментінің директоры Нұрлан Лазырұлы Ілмұханбетов пен бөлім бастығы Аманжол Жөнекешұлы Қартбаев секілді азаматтарға Маң­ғыстау халқы үлкен ризашылық біл­діруде.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның 
Маңғыстау облысындағы өкілі 

1225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы