• Бизнес & Қоғам
  • 22 Мамыр, 2013

Қазақ ауылдың халі осындай...

Әуелгіде 5-6 қазақ отбасы үй тұрғызып, қоныстанып, содан Қазақ ауыл (Казпоселок) атанып кеткен Тараз қаласының түбіндегі елді мекенде қазір 600-дей түтін бар. Тұрғындарының саны 4 мың шамасында. Осынша халыққа қоныс болған бұл мекенде бірде-бір мектеп, балабақша, медициналық қызмет көрсететін мекеме жоқ дегенге кім сенеді? 


Бұл ауылға көлікпен бара қалсаңыз, тек орталық Тілеміс ақын көшесімен ғана қиналмай жүре аласыз. Ал, өзге көшелерде көлігіңіз түшкіріп-пысқырып, әзер жүреді. Жолы нашар. Осы Қазақ ауылында бас-аяғы он көше бар екен. 
Мұндағы балалар қант зауыты аймағында орналасқан №6 орыс орта мектебі мен №14 қазақ орта мектебінде оқиды. Ал Байзақ ауданына жақындау орналасқандар сол ауданның мектебіне барып оқиды екен. Оқуға втобуспен қатынау қиын. Күн жылыда ештеңе етпес, алдағы қыстың аязында қайтеді? Бұл мәселеге қатысты Қазақ ауылдың кварталдық комитетінің төрайымы Маржан Ертаеваны сөзге тарттық. «Жеке көлігі барлар өздері апарады, енді біреулер бірігіп такси жалдайды. Біздің ауылда, тіпті медициналық мекеме де жоқ. Егер әлдебіреуіміз сырқаттана қалсақ, Қант зауыты аймағында орналасқан емханаға жол азабын тартып отырып барамыз. Біз үйрендік. Бірақ балаларға обал». 
Ауыл бар да, сол ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін қоғамдық мекемелер жоқ. Қант зауыты аймағына дейін 4 шақырым, ал Байзақ ауданындағы мектепке дейін 3 шақырымдай болады дейді тұрғындар. Жол азабын тек жүріп көргендер ғана түсінеді. 
Тараз қаласының №14 орта мектебінде Қазақ ауылынан қатынайтын 87 оқушы бар. Қазақ ауылының мұң-зары бұған дейін де талай айтылыпты. Бірақ тыңдар құлақ табылмады. 
 – Қазақ ауылдағы мектептің жоқтығы қала әкімінің де, білім бөлімінің де назарында. Бұл мәселе 2011-2015 жылдарға арналған құрылыс жоспарына енгізілді. Алдымен жер мәселесін шешу керек. Келер жылы Тараз қаласының әкімінен 2-3 автобус сұрағалы отырмын. Соның біреуін оқушыларға береміз, – дейді Тараз қалалық білім беру  бөлімінің бастығы Маржан Қожаева. 
Осындайда ауыл-елімен бірге қуанып, бірге мұңая білетін, жомарт, кәсіпкер азаматтарымыз ойға оралады. Мәселен, жақында ғана Т.Рысқұлов ауданының «Шәу­шен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев Жарлысу ауылындағы мектептің жанынан малшылардың балаларына арнап интернат салып берді. Осындай кәсіпкерлер балалардың қуанышы үшін игі іс істесе нұр үстіне нұр. 
Ендігі әңгімені облыстық денсаулық сақтау басқарма бастығының орынбасары Марат Жұманқұловпен жалғастырдық. «Отыз мың халқы бар жерге ғана емхана салуға болады. Тараз қаласының Қант зауыты аймағында орналасқан №7 емхана сол маңайдың 22 мың адамына арналған. Қазақ ауылында төрт мың тұрғын болса, ол жерге дәрігерлік амбулатория ашуға болады. Бірақ ол Қант зауытының аймағында болғандықтан, Қазақ ауылынан өз алдына бөлек амбулатория ашу артықтау. Алдымен шалғайда ауылдарды медициналық қызметпен қамтып алуымыз керек. №7 емханада 1 аймақтық және 1 балалар дәрігері, 2 медбике Қазақ ауылына бекітілген. Олар науқастардың үйлеріне де барып, дәрігерлік көмек көрсетіп жүр. Мүмкін, Қазақ ауылына медициналық мекеме ашу алдағы уақытта қарастырылар. Бірақ  бұл мәселе жуық арада шешіле қоймас», деді басқарма бастығының орынбасары. 
Содан соң Қазақ ауылы округінен сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаты Гулам Умаровпен сөйлестік. Депутат өзі де сол Қазақ ауылдың тұрғыны болып шықты. «Ондағы барлық жағдай маған таныс, – деді ол – Медициналық мекеме ашуға ыңғайлы жер іздеп бақтық. Санитарлық талапқа сай келетін бос жер жоқ. Медпункт ашуға кейбір тұрғын үйлерді сұрап та көрдік. Иелері тым жоғары баға айтады. Кәсіпкерлерден қаржы жинап, ұйымдастырмақ болдық, ешкім көмектескісі келмейді. Ауылда тағы бір күрделі мәселе – ауыз су. Қазір құдықтың суын ішіп отырмыз. Қуанарлық жағдай – суымыз таза, ішуге жарамды. Айналып келгенде бәрі де қаржыға келіп, тіреледі», деді Гулам Мұхтарұлы.
Айдың-күннің аманында қала түбіндегі ауылдар осындай күй кешіп отырғанда, орталықтан алыс ауылдар­дың жағдайы тіпті қорқынышты. Әзірше қазақ ауылындағылар бас ауырып, балтыр сыздай қалса, дәрігерге жол азабын тартып жетуге тура келеді. Тек аяқасты келетін ажалдың бетін ары қылсын!

Қамар Қарасаева, 
Жамбыл облысы

Тақырыпқа орай пікірлер:

Аманша Дәндіқұлов, 

Алматы қаласы, 
№ 58 орта мектептің 
ардагерлер кеңесінің төрағасы:

...Қой бағып, құйрық жеген...
– Ауыл, ауыл деп жатамыз. Сол ауылды гүлдендіретін өзіміздің жастар болуы керек емес пе? Дұрыс бағыт алмаған, кәсібі жоқ, жұмысқа икемсіз, бірақ дипломы бар жас маман тозығы жеткен ауылға бара ма? Жалған намыс барғыза қоймас. Бірақ оларға қалада жалаң аяқ жүру намыс емес. Сөйтіп жеңіл жүріске де салынады. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып жатқан заманда, бұлар түрлі оқиғаларға тап болады. Бұлардың көптігі сонша, темір тордың арғы жағына тоғыта берудің өзі қауіпті. 
Қылмысты да басқаны да тыю үшін шалғайдағы ауылдардан зауыт, фабрика, немесе кішігірім өндіріс орындарын салу керек те, жастарды ауылға тарту керек. Бірақ бірен-сараң завод салғаннан жұмыссыздық жойылады деуден аулақпын. 
Жастарға бағдар беріп, қолау көрсетіп жіберсе, ары қарай алып кетуге ерік-жігер болары хақ. Қазақ елін алға оздыратын ауыл екенін түсінетін уақыт жетті. Себебі қазақтың ата кәсібі ауылда. 
Кейбір Еуропа мемлекеттері дағдарысқа аз ұшырайды. Оның себебі мыңдаған кіші кәсіп орын өздерінің өнімдерін тез өзгерте алады екен.
Грузияның көп бөлігі бау-бақшамен күн көрсе де жоқшылықтың ауылынан алыс.
Біздің ата кәсібіміз еш уақытта дағдарысқа ұшырамайды. Мал бағып, қымыз ішіп, ет жеген ұрпақтың денсаулығы да мықты болады. Жастарға осыны түсіндіріп, кәсіп жасап үйренбегендерге мемлекет тарапынан қамқолық жасалса, сүрінгенде сүйеп отырса жақсы емес пе? Уақыттың өтуімен әрқайсысы мал санын көбейтіп, аяқтанып кетсе болды ғой. Сонда азын-аулақ байлығы да, бәсекеге қабілеттілігі де, денсаулығы да жақсара түседі. 
Кейбір студенттер үлгерімі төмен болса да төрт жылын толық оқып, әйтеуір бір диплом алып жатыр. Бірақ қай қайсысы да сол дипломының жемісін көре алмайды. Ондай керексіз оқу орындарын жауып тастап, орнына тері өңдейтін зауыт ашқан артық...
Бала күнімізде айтылатын «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, одан да қой бағып, құйрығын жеген озар» деген сөз ойға оралып отыр. 

Қайрат Байтоллаұлы, 
Республикалық «Отандас-ел»
қоғамдық бірлестігінің 
бас хатшысы:    

«Бос жер жау шақырады»
– Ұлан – байтақ жеріміз әлем картасында 9-орында, ал халқымыз 16 миллионнан сәл ғана асады. Осы киелі жерімізді қорғайтын, елінің дамуына қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша өз үлестерін аямауға ант етіп отырған, жат жұрттағы қандастарымыз көп. Көрші қытайда 1,5 млн-нан астам қандасымыз тұрады. Олардың Қазақстанға келгісі келетіндерінің саны аз емес. Оларда арман бар да, дәрмен жоқ. Әлемнің 40-қа тарта елінде, 5 млн-нан астам қандасымыз тұрады, олардың 1 млн-ы ата жұртына оралды деп бөркімізді аспанға атып мақтанғанымызбен, 20 жылда тек олардың өсімі ғана оралды, демек 5 млн. қандасымыз орнынан қозғалған жоқ деген сөз. 
Осы ретте шетелдегі қандастарымыз шекарадан бері өтуі үшін де біраз әбігерге түсетіні белгілі. Кеденнен өтерде олар алып өтетін әртүрлі ауылшаруашылық құрал-жабдықтары үшін, моторлы көліктері үшін, техникалары үшін еселеп ақша төлейді. Мұның өзі елге оралу сезіміне су сепкендей-ақ. Мысалы Израиль, Германия, Ресей мемлекеттері шетелдегі өз қандастарын көптеп шақыруда. Біздін қазақ үкіметі неге қандастарын шақыру, азаматтық беру, көмектесу, бейімдеу жағынан осы елдерден үлгі алмайды. 
Қандастарымыздың көпшілігі егінші-малшы болғандықтан, олардың үй салуына әрі егістік пен жайылым, жер телімдерін алуына тиімділіктер жасалып, тегін жер телімдері кезексіз берілсе. Қазіргі кезде ауыл аудан әкімдеріне барсаңыз, жер 49 жылға жалға беріліп кеткен деп маңайына жолатқысы келмейді. Немесе ұзақ мерзімді тіркеуге алып 5-10 жыл күттіреді. Елге оралған қандастарымыздың ішінде жоғары білімді түрлі кәсіп иелері бар. Осыларды тиімді пайдаланса құба құп болмай ма? Құлазыған даламызды толтыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға болады. Бұл ұсыныстар жоғарғы жақтан қолдауын тапса болғаны. «Бос жер жау шақырады» деген атадан қалған асыл сөзді ұмытпаған жөн. 

Әбен Разуев, 
Сүйеубай Байқадиұлы, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы:  

Атқамінерлер айта салады...
– Шындығында бұрынғы аудан халықының саны қазір 47 000-нан 30 000 адамға дейін қысқарып, әсіресе жастар ауылдарда тұрақтамайтын  болды. Шекара маңында орналасқан Ақшоқы, Саз, Бұғыбай, Қарабұта, Бақты, Қаратал, Арасан, Жарбұлақ, Қарабұлақ, Қызылбұлақ, Көктерек ауылдарында  халық саны әлде қайда азайып кетті.  Мектептердегі оқитын балалар саны азайды. Аудан таратылғаннан бері өңірде салынған және салынып жатқан 3-4 мектептен басқа айтарлықтай әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмеді. 13 мыңнан астам халық тұратын Мақаншы ауылында 2000-ға тарта бүлдіршін болса, олардың балабақшаға баратыны 1500. Ал оларға арналған әлі күнге дейін бірде-бір балалар бақшасы жоқ. Бір ғана анықтама алу үшін 150-200 шақырым жол жүріп аудан орталығы Үржарға келген адам, сол күні мақсатты жұмысын бітіре алмай, қаншама қаржы шығарып ауылына қайтады. Ауылдар мен аудан арасындағы жол қатынасы да тым ауырлап кетті. Жыл сайын жол жөндеуге бөлінген қаржылар желге ұшқанмен бірдей. Біріктірілген 3 ауданның (Таскескен, Мақаншы, Үржар) жер аумағының өте алшақтығынан, ауданды  басқаруға өте ауыр. Бүгінде аудан әкімшілігі басқару жүйесіндегі кадрлардың саны сол бұрынғы 3 аудан басшылығын қоса есептегеннен әлде қайда көп болса да, атқаратын жұмыстарынан нәтиже көре алмай отырмыз. Соның салдарынан ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай ілгерілеу бар деп айта алмаймыз. Мал шаруашылығының дамуы бақылауға алынбағандықтан соңғы 2 жылдан мал аурулары өте көп таралып, аумақ «карантиннен» көз ашпай келеді. Бұл да басқару жүйесіндегі тәртіптің жоқтығы.  Бүгінгі басшылар  «Біз Мақаншыны тірек ауылдарының қатарына қостық, қомақты қаржы бөлініп әлеуметтік дамудың шаралары жасалып жатыр», деп жаттанды сөздерін қайталаудан жалықпайды.

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы