• Бизнес & Қоғам
  • 22 Мамыр, 2013

Варта тасып барады жардан асып…

Бастауын тарихи Малупольск қыратынан алып, Поль­шаның ежелгі астанасы Краков орналасқан Краков-Ченстонхов биігін бойлай Велькопольск ойпаңына сылдырай құлайтын Варта өзені жағасына барған сайын есіме сонау Ұлытаудан «су аяғы құрдымға» дейін сан салаға бөлініп ағатын қарт Торғай жадыма оралады. Торғаймен бірге қайран Ғафаң, жыр дүлдүлі Ғафу Қайырбеков еске түсетінін қайтерсің! Торғайда сең жүре бастасымен-ақ елдегі ағайындарға қоңырау шалып, «Торғай тасыды ма?» деп әрдәйім сұрап жатушы еді-ау, жарықтық! «Халық кеңесі» газетіне «Торғай тасыды деп естідім. Қайдағы бір кәкір-шүкір өзендер арна бермей, төңірегін бүлдіріп жатқанда, «Торғайдың мұнысы несі-әй» деп жүретін едім, биыл жарады Торғай!» деп, 1994 жылдың мамырында қуана жазған еді. Содан бері қаншама су ақты. Алайда, әңгіме момақан да биязы Варта өзені орналасқан Польша жазығы туралы.

Жаратқанның нұры тиген, жанға жайлы, шаруашы­лыққа қолайлы Орталық Еуропа Орталық Азиядағыдай құрғақшылық дегенді естігені болмаса, біле бермейді. Көктемде жолшыбай қадаған шыбығың күзде оралғаныңда жайқалған сәмбіталға айналатын орманды өңірлерде ауыл шаруашылығы экономиканың белді саласы болып тұр. Жалпы Еуропалық одақ бойынша алғанда еңбеккер халықтың 5 пайызға жетпейтін ғана бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. ЕО мүшелері  ішінде аграрлық экономика секторы мығым ел – Польша.  Бір деректерде Польшада халықтың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрып, 27 пайыздайы егін егіп, мал бағады деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш бойынша Польша  Қазақстанға таяулау.  Түрлі санақ жүйелеріне сүйенетін өзге мәліметтерде бұл цифр 6-16 пайыз аралығында. Алайда, елдің жер көлемі мен экспорт тармақтарына қарағанда  алғашқы берілген дерек ақиқат ауылынан жырақ қонбаған сияқты. Бұл сыртында аграрлық сектор технологиясының жетілдірілуі нәтижесінде онымен айналысатын халық санының жыл сайын жедел кеміп отырғанын да жадымыздан шығармауымыз керек. 
Құрылық экономикасын өгіздей өрге сүйреген Еуро­палық одаққа мүшелікке өткеннен кейін Польша шаруаларының жағдайы ортақ ауыл шаруашылық сая­сатының нәтижесінде жақсарып сала берді. Ең алдымен шаруашылық жүргізу тәсілдері өзгертілді. Ұзын саны  500 мыңнан асып жығылатын келешегі бар  шаруашылықтар қайта құрылымдаудан өтіп, жаңғыртылды. Польшада шаруа қожалықтарының саны 2,9 миллион екенін назарға алсақ, біз үшін қомақты көрінгенімен, салыстырмалы түрде алғанда бұл бәлендей үлкен цифр емес. Осы шаруашылықтардың 70 пайыздайының жер көлемі 5 гектардан аспайды, бұл жалпы шаруашылық жерінің 20 пайызынан төмен. 
Біз бұрындары Польша экономикасы микрошаруашы­лықтардан тұратынын атап өткенбіз. Тіпті қылышынан қан тамған 1945-1989 жылдарғы социалистік кезеңде де бұл ел экономикада жеке меншікті сақтап қала алды. Сөйтіп, өзге өлкелерде тамырына балта шабылған кәсіпкерлік психологиясы ел нарықтық шаруашылыққа аяқ басқан кезде үлкен медет болды. Бірақ кеңестік кезеңде жеке шаруашылықтар жопарлы экономиканың өгей баласы болғанын ашық айтуымыз керек. Бүгінде өзін ғана емеес, сонымен қатар бүкіл Еуропаны асырап отырған поляк шаруа қожалықтары иелік ететін жер көлемі 14 млн. гектардан асады, бұл жалпы шаруашылық жерінің 90 пайызын құрайды. 
Міне, осы шаруашылықтарда өндіріс көлемі жедел қарқынмен артып келеді.Әсіресе, ірі қара, соның ішінде сүтті мал, шошқа және басқа мал басы жедел қарқынмен өсуде. Мұның нәтижесінде шаруашылық өнімділігі мен тиімділігі артуда: дақылдардан, соның ішінде дәнді да­қылдардан алынатын өнім, сиырлардан сауылатын сүт көлемі ұлғайып келеді. Мәселен,  Еуроодаққа өткеніне жылдан аспай, Польша 2004 жылы өткен болатын, яғни 2005 жылы бұл ел одаққа кіру шартында сүт өндіру жөнінде белгіленген 8,5 млрд. литр квотаны «толтырып» тастады. Өзге өнім түрлері бойынша да осындай ахуал байқалды. Мал шаруашылығымен қатар құс шаруашылығы да жақсы дамыған, Польша Еуроодаққа жұмыртқа жеткізетін басты өлкелердің бірі. Сондай-ақ теңізден балық аулау да артып келеді. Бал өндіру бойынша бұл ел саланың көш бастаушыларының бірі. Қант қызылшасы (жылына 14 млн. тоннадай өндіріледі), картоп, қырыққабат бойынша жетекші экспортер Польшаның алмасы мен бүлдіргенін, құлпынайын, пиязын Қазақстан дүкендерінің сөресінен де жиі жолықтыратын болдық.  Мұның нәтижесінде тағам өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы өнімдері, азық-түлік экспорты шапшаң қарқынмен дамып келеді. Сөйтіп, Польша қазіргі заманғы индустриялы-аграрлық елге айналды,  әлемдік және еуропалық көлемде ауыл шаруашылық өнімдерінің ірі өндірушісі болып отыр. 
Осы орайда поляк ауыл шаруашылығында химикаттар аз қолданылатынын атап өту керек. Мәселен, дәнді дақылдар өсіру үшін 1 гектар жыртылатын жерге сіңірілетін тыңайтқыш мөлшері орта есеппен 1 центнер шамасында. Бұл – осы елде өндірілетін ауыл шаруашылық өнімдері экологиялық жағынан таза әрі денсаулыққа пайдалы екендігін білдіретін көрсеткіш.
Жылдан-жылға өрлеп, өркендеп келе жатқан Польша ауыл шаруашылығы экономикасы тек еңбекқорлықтың, қолда барды ұқсата білудің арқасында ғана осындай ірі жетістіктерге қол жеткізген жоқ. Поляк шаруасының алдына мал салып, еңсесін көтерген Еуроодақ десек, ақи­қаттан алыс кетпейміз. ЕО ең алдымен аграрлық эко­но­миканы қаржылық қолдау тетіктерін іске қосты. Одақ­қа кіргеннен кейін шаруашылық шығындарын тіке­лей өтеу түрінде бюджеттік қолдау көрсетілді, секторға тех­никалық-экономикалық және әлеуметтік қайта құры­лымдау жүргізілді. Еуроодаққа кіргеннен кейін поляк фермерлері ЕО бюджетінен қаржылық көмек алды. Бұл жәрдем Еуроодақтың өзге мемлекеттерінің шаруаларына көрсетілетін көмектің 25 пайызын құрағанымен, ЕО және Польша бюджетінен берілетін төлемдермен толықтырылды. Польша өз фермерлеріне көрсеткен  көмек арқасында отандық тауар өндірушілерді қолдау мөлшері ЕО мемлекеттері деңгейінің 55 пайызына жуықтады.
Жер иеленген шаруалардың барлығына ауыл шаруа­шылығы өндірушілерін тікелей қолдау бағдарламасы ая­сын­да әрбір гектар жерге қосымша ақы төленді. Бұл жәр­дем көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, Поль­ша Еуроодаққа енген 2004 жылы бұл көмек 11 млрд. злотыхты құрады, соның ішінде жергілікті бюджеттен  5,74 млрд злотых бөлінді. 1 злотых-4 еуро  шамасында. Ал келесі, 2005 жылы ЕО 16,5 млрд. злотых, жергілікті бюджет 8 млрд злотых бөлді,  2007 жылы поляк шаруаларына берілетін сыртқы көмек 17,5 мрд злотыхқа жетті.  Орта есеппен алғанда жыл сайын поляк агроөндірістік секторы SAPARD бағдарламасы бойынша жыл сайын 177 млн. евро және Ауылдық жерлерді дамыту жоспары (PROW-2004) және «Ауыл шаруашылық» секторлық бағдарламасы  бойынша (SPOR) 1353 млн евро қаржылай көмек алып келеді. PROW-2013 бағдарламасы бойынша орташа жыл сайынғы қаржылық көмек мөлшері 2007-2013 жылдар аралығында 1680 млн. евроны құрамақ.
Еуроодақтың пәрменді қолдауы арқасында поляк шар­уа­ларының қағанағы қарық, сағанағы сарқ болды десек, шындыққа қиянат жасар едік. Ауа райы жағдайының өзгермелілігі, дәнді дақылдар мен өзге де өсімдік түрлері шығымдылығының әрқилы болуы, өндірілген өнімді кепілді түрде сатып алу жүйесінің жоқтығы Польша аграрлық секторының тұрақсыздығына себепкер. Бүкіл коммерциялық тәуекел өндірушінің мойына жүктеледі. Техникалық дақылдардың кейбір түрлері, атап айтқанда қант қызылшасы, рапстың, көкөніс пен гүлдердің егіс тұқымдары алдын ала шарттармен қамтамасыз етіледі. Арнайы мамандандырылған шауашылықтар жоқтың қасы, поляк қожалықтарының басым бөлігі әрі дәнді дақыл өндіріп, әрі мал бағатын аралас шаруашылықтар. Осыдан болар, сатуға қойылатын өнім көлемі жалпы аграрлық өндіріс көлемінің 60 пайызын ғана құрап, қалған тауарлар шаруалардың жеке мұқтаждарына жұмсалады. Бұл поляк ауыл шаруашылығының ерекше белгілерінің бірі болып табылады. 
Әлемде аулы шаруашылық өнімдерін өндіру қарқы­ны халық өсімінен әлдеқайда кенже қалып келеді. Сон­дықтан қай ел болмасын азық-түлік қорын молайтуға ұмтылады. Осы орайда біздің еліміздегі «сен салар да мен салар» жайбарақаттық екі иығын жұлып жеген поляк фермерлерінің жанкештілігі жанында таңқалыс сезімін туғызбай қоймайды. Бұдан небәрі жиырма жыл бұрын елдің  ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 25 пайыздан асса, қазіргі таңда 5-6 пайыз айналасында. Қазақстан 1990 жылмен салыстырғанда азық-түлікті 2,5 есе кем өндіреді, мал басы тең жарымға кеміп кетті, егістік жердің 40 пайызы, яғни 12 млн гектар алқап айналымнан шығып қалды, жайылымдардың 50 пайыздан астамы түрлі себептермен кәдеге жаратылмай отыр.  
Аулдың өндіргіш күштері де жағымсыз өзгерістерге ұшырады. Өндіріс көлемі кеміген соң, жұмыс күшіне де сұраныс азайды. Ауылдың еңбекке жарамды халқы қалаға ағылып, ескі жұртта жас балалар мен қарт кісілер ғана қалды. 
...Варта жардан асып тасып барады. Елден жеткен хабарға құлақ түріп, «Торғай, қашан тасиды» деп тосудамын...

Жетпісбай Бекболатұлы,
«Экономика» газетінің Польшадағы тілшіс

687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы