• Бизнес & Қоғам
  • 22 Мамыр, 2013

Құрылыс индустриясында қарқын қандай?

Батыс Қазақстан облысындағы құрылыс индустриясы саласындағы кәсіпорындар силикатты және керамикалық кірпіш, темір-бетон бұйымдары, пенобетон, ағаш өнімдері, құмды-қиыршықтас қоспалары, металл құрылымдар, сэндвич-панель, профлист, металл жапқыштар, терезе, есік бұйымдарын және т.б. өнімдер шығарады. Құрылыс индустриясының даму деңгейі өңірдегі үй бағасының арзандауына әсер ететін факторлардың бірі екені сөзсіз.

 2012 жылдың қаңтар-наурыз айлары қорытындысы бойынша БҚО-ның  кәсіпорындарымен 2,2 млрд теңгенің құрылыс материалдары өндірілген.  Алайда, өндіріс көлемі 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайзға төмендеді. Бетоннан жасалған құрылыстық мақсаттағы бұйымдардың көлемі 51,1 пайзға, құрылыс ерітінділері 43,6 пайзға азайды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары мұны  мемлекеттік бағдарламалар аясындағы құрылыс жұмыстарына тендерлер өткізу мерзімінің кеш өткізілуімен, соған орай  құрылыс жұмыстарының қаңтарылуымен байланыстырады.  Солай бола тұрғанмен құрылыс материалдарының кейбір түрлерін өндіру көлемі өскендігі байқалады. Мысалға, құрама құрылыс металл құрылымдарын өндіру көлемі 3 есеге, болаттан жасалған түрлі диаметрлі құбырлар, іші қуыс жіксіз профильдер 2,8 есеге, тауарлық бетон өндірісінің көлемі 3 есеге артты. 

 

Құрылыс материалдарын өндірушілердің айтуынша, кеден одағы шеңберінде бәсекенің өсуі жергілікті тауар өндірушілерге өнім сапасына мән беруге ықпал етуде. Сауда айналымдағы тосқауылдар қысқартылып, тіркеу рәсімдері де жеңілдетілді. Импорттаушылар үшін де жеңілдіктер жасалған, соның ішінде құрылыс индустрия кәсіпорындары үшін де кеден одағы елдері аумағынан еліміздің аумағына кейінгі қайта өңдеу үшін бағытталған шикізат немесе материалдар әкелген жағдайда қосылған құнға салық төлеу мерзімі шегерілді. Осының барлығы кәсіпкерлер үшін сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ынталандырады. 

Сырттан тасымалдаймыз...
Өңірдің құрылыс индустриясы құрылыс кешендерінің қажеттіліктерін толығымен өтейді деуге ерте. Құрылысқа қажетті материалдардың барлық түрін  сырттан тасымалдамасақ та, нарықтың ауқымды  бөлігі сырттан ағылған құрылыс тауарларына лық толы. 2012 жылдың қорытындысы бойынша шетелден 2,5 млрд.теңгеге, 2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында 28 млн.теңгеге құрылыс материалдары тасымалданды.  Өңірге есік-терезе, қаптама кірпіш, цемент, еден жабындары (линолеум, паркет, ламинат), бояу, жылу өткізбейтін материалдар, полимерлік бұйымдар және т.б. өнімдер сырттан әкелінеді. Сырттан тасымалданатын тауардың негізгі жеткізушілері Ресей, Украина, Германия, Қытай елдерінің өндірушілері болып табылады. Үркердей шағын кәсіпорындардың, яғни отандық өндірушілердің өнімдері ішкі нарықта кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар материалдардың кейбір түрі, соның ішінде шыны, гипс, әк және құрылыс қоспалары сыртқы нарыққа шығарылуда. Өткен жылы Ресейге жалпы құны 8,3 млн.теңгенің 500 тонна құрылыс қоспасы,  675 мың. теңгенің пластмасса құбырлары мен түтіктері, шлангілер  мен олардың фитингілері, 13,8 млн.теңгенің құрама құрылыс  металл құрылымдары, Белоруссияға 1,4 млн. теңгенің құрылыс  ағаш құрылымдары тасымалданды. Мысалы, тәуелсіздік жылдары ішінде іргетасы қаланған «Стеклосервис» ЖШС компаниясы термотөзімді әйнек, «Батыс Қазақстан құрылыс материалдар корпорациясы» АҚ гипс, әк және силикат кірпіш өнімдерін солтүстіктегі көршіге өткізуде.   

Жаңғырту жат емес
БҚО-да өндірілген құрылыс материалдарының  сапасы нарықта оң бағаланып жүр. Саладағы ірі және орта кәсіпорындарда халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес сапа менеджмент жүйесі сертификаттарының болуы -соның дәлелі. «Гидромаш-Орион-КБТҚ» ЖШС, «БҚҚМК» АҚ, «Стройкомбинат» ЖШС сияқты кәсіпорындарда тек аттестациядан өткен ғана емес, акредитацияланған зертханалардың қызмет атқарып отыр. Олар өздерінің өнімдерін сынаумен шектелмей, құрылыста қолданылатын  құрылыс материалдарының барлық түрінің сапасы жөнінде қорытынды береді. Жалпы облыста тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру, құрылыс материалдарының сапасын арттыру мақсатында сала кәсіпорындарының негізінде өндірісті кеңейту, жабдықтарды модернизациялау және жаңа технологияларды игеру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Стеклосервис» ЖШС негізінде термоберіктілігі нығайтылған  әйнек, көп қабатты әйнек қаптағыштар өндірісі игерілді. Өндіріс австриялық «Lisec» компаниясының жабдықтарында жүргізілуде. Сонымен қатар, компания термоберіктігі нығайтылған әйнекті финдық «TamGlass» компаниясының құрылғылары арқылы шығарады. «Стройкомбинат» ЖШС-де керамзитті қиыршықтас өндіруден айналысатын екінші желісі қайта жаңғыртылды. «Каризма» ЖШС негізінде ПВХ профильдерін шығаратын жаңа цех іске қосылды. «Ақжайық ауданында күйдірілген кірпіш өндіру» бағдарламасы шеңберінде «Васильев» жеке кәсіпкерлігі өңделмеген кірпіш шығара бастады. «Орал-лес» ШҚ цементті-жоңқалы плиталар шығару жобасын жүзеге асыруда. Биыл жылдың аяғында  бұл жоба толығымен іске қосылады деп күтілуде. 

Жолы болмаған жобалар
Бұдан 5-6 жыл бұрын «Цемент зауытының құрылысы» жобасы «Орал цемент зауыты» ЖШС-мен қолға алынды. Алайда жобаның бағы жанбады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары жобаға қатысты инфрақұрылымды құруға қомақты қаражат тарту мәселесінің шешілмеуімен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылатын орны деп таңдаудың Тасқала ауданына түсуінің сыры кен орнының сол маңда орналасуында және мұнда халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы құрылатын болған еді. Жобаның тұсаукесерін телекөпір арқылы кесіп, республикалық маңызды жоба ретінде аталған орталыққа республикалық бюджет есебінен инфрақұрылым құру жоспарланды. Алайда кейін кедеңдік одақтың құрылуына орай халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын құрудың қажеті шамалы болып қалды.  Жобаны міндетті түрде іске асырып, тұрғындарды жұмыспен қарық қыламыз деген «Орал цемент зауыты» ЖШС  компаниясы істі бастамай жатып, тастады. Компания­мен арадағы келісімшарт бұзылып, енді, жаңа инвесторлар іздестірілуде. Құрылысшылар мен құрылыс индустриясы саласындағылардың жергілікті цементке қарық боламыз деген үміті үзілді.
 «Building Materials Company» ЖШС құны 4 млн. АҚШ доллары тұратын керамикалық кірпіш өндірістік зауыт құрылысы жобасын 6-7 жыл бұрын сырнайлатып іске қосты. Республикалық телекөпір арқылы көрсетіп, жаһанға жар салдық..Өкінішке орай, зауыт артынша тапсырыс жоқ, өнімнің сапасы дұрыс емес, сатып алған жабдықтарымыз үйлеспеді деп зауыттың есігіне қара құлып салды. Бүгінде облыстағылар сәндік кірпішті Ресейден тасымалдауда.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандарының айтуынша, керамикалық кірпішпен қамту бағытында қолға алынған жұмыстар бар. Мысалға, «Васильев» ЖК-нің керамикалық қыш кірпіш өндірісі бойынша жобасы іске қосылды. «134» ЖШС қуаты 15 млн кірпішті құрайтын Қытай желісін орнату бойынша жобаны жүзеге асырмақшы. «Моноқалалар» бағдарламасы аясында Бөрлі ауданында «Ақсай кірпіш» ЖШС-мен қуаты 15 млн. керамикалық қыш кірпіші өндірісі жоспарлануда. Бүгінде Ресей, Германия, Түркия, Қытай, Чехия елдерінің компанияларымен жабдықтарды тасымалдау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Ресейдің «Стройтехника» компаниясының жаб­дықтарын орнатуға қатысты шешім де қабылданған.  

Көңілге күдік тудырған комбинаттар   
«СВ-плюс» және «Болашақ-Т» ЖШС компаниялары үй құрылысы комбинаты жобаларына қатысуда және жобаларына биыл «жан» бітірмек. «СВ-плюс» ЖШС-ы түрік «Elcom» компаниясы мамандарының қатысуымен бетон түйіндерін өндіретін желіні құрастыруда. Финдық «Elimatic» компаниясының ені 1,5 метрлік қысымды қуысты плиталар, бағаналар мен ригельдер шығаратын құрылғы орнатылады. «Өнімділік - 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстан даму банкі «Лизинг» АҚ арқылы жобаның 2-кезеңін қаржыландыру жолдары қарастырылмақ. Ал, «Болашақ-Т» ЖШС компаниясы германиялық «Weiler» және «Vollert» компанияларының құрылғаларын орнатады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. 
Алайда облыста бақандай екі үй құрылысы комбинаты салынды дегенді естіген кейбір өндірісшілер өз өнімдеріне тапсырыс болмай, жұмысшыларды таратуға мәжбүр болуымыз ықтимал деп  қорқып отыр. Оның үстіне жайлылығы 4-кластық панель үйлерге қажетті панель материалын өндіруге цемент пен арматура Ресейден, қиыршық тас Ақтөбеден тасымалданбақ. Панельдік үйдің шаршы метрінің бағасы кірпіш үйлерден сәл-пәл ғана төмен деседі.
 -«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы арқылы жоспарланған құрылыстың тек 30 пайзы ғана ірі панельді және жинақтаушы қанқалы үйлер болады. Қалған 70пайзы кірпіш және басқа да материалдардан салынады.  Сонымен қатар,  әлеуметтік нысандарды тек силикатты кірпіштен құрастыру жұмысы жалғасады, – деді аталмыш басқарманың бастығы Асылан Жақыпов.   

Түйткілдер түйіні
Өңірдегі құрылыс материалдарды өндіретін көптеген кәсіпорын орта және шағын болғандықтан, өндіріс орнын жаңғыртуды, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуді және жаңа өнімдер өндірісін игеруді қалтасы көтермейді.  Бұдан басқа, өнімді тұрақты өткізу нарығының болмауы, өндірістік қуаттарды толық пайдаланбау, білікті кәсіптік-техникалық мамандардың жетіспеушілігі, маркетингтік жұмыстың төмен деңгейде жүргізілуі  сияқты түйіндердің түткілі әзірге шешілер емес. Сонымен қатар, темірбетон бұйымдарын өндірушілердің қаржылық-экономикалық жағдайына ел аумағында облысқа жақын цемент өндірушілердің жоқтығы да қол байлайды. Мұның өзі маусымдық құрылыс қызған кезде өнім құнының жоғарылауына әкеп соқтырады.  Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылығы аталған мәселелерді шешу мақсатында «Өнімділік-2020», «Инвестор-2020», «Экспорт-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша жұмыстар қолға алынғанын айтып, жұбатады. 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

1532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы