• Бизнес & Қоғам
  • 22 Мамыр, 2013

Іргесі берік қаланған ынтымақтастық

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және PhD докторантура институтында «Білім әлеуметтануы» атты екінші халықаралық симпозиумы өтті. Аталмыш университеттің ректоры С.Пірәлиев, Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Р.Әбсаттаров пен осы кафедраның профессоры Т.Ж.Қалдыбаеваның ұйымдастыруымен өткен үлкен жиынға еліміз бен шалғай мемлекеттерден осы саланың оқытушы-ғалымдары қатысты. 

Бірқатар шет мемлекеттердің университеттерімен халық­ара­лық байланыс орнатқан Абай атындағы ҚазҰПУ-де әлемнің үздік мамандарымен тәжірибе алмасу, пікір бөлісу тұрғысында мұндай басқосулар жиі ұйымдастырылып отыратыны анық. Мамырдың 16 жұлдызында өткен пленарлық отырыс та осы халықаралық байланыстың мызғымастығынан туындаған ауқымды шара. Жиын барысында симпозиумға қатысушы отандық және шет­елдік оқытушылар халықаралық әлеуметтану саласындағы маң­ыз­ды­лығы басым, бүгінгі қоғамда өзектілігі артып отырған мәселе­лер жайында баяндамалар оқыды. Мәселен, осы басқосуға Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті атынан келген Ре­сей әлеуметтанушылары қоғамының академигі Л.А.Кочемасова баяндамасына кіріспей тұрып, ең алдымен қонақжай қазақ халқына деген шексіз ризашылығын білдіріп, бағалы сыйлығын табыс етті. Қонақтар алдында ол «Білімді реформалау барысындағы мұғалімнің әлеуметтік мәртебесінің трансформациялануы» атты баяндамасын оқыды. «Түркиядағы білім беру әлеуметтануы саласындағы жұмыстар» тақырыбында баяндама жасаған осы елдің профессоры Доган Исмаил бауырлас қазақ-түрік мемлекеттерінің арасындағы білім көкжиегіндегі ұқсастықтар жайын ортаға салды. Жиында шетелдік ғалымдармен қатар, отандық профессорларымыз да өз еңбектерімен бөлісті. 
Төрт секциядан тұрған «Білім әлеуметтануы» екінші халық­аралық симпозиумында талқыланбаған мәселе, айтылмай қалған тақырып болмады. Әлеуметтану саласындағы түрлі бағыттар, оның ішінде мектеп оқушыларымен жұмыс, діни бірлестік ахуалы, бүгінгі қоғам өзгерісіне бейімделіп жатқан отбасы жайы сияқты көптеген өзекті мәселелер жан-жақты баяндалды. Ең алдымен, озық тәжірибе алмасу тұрғысынан алғанда, бұл ауқымды басқосу осы саланы жетік меңгерем деген студенттердің қиялын қанаттандырғаны анық.

Мақпал САҒЫНДЫҚ

455 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы