• Бизнес & Қоғам
  • 13 Қазан, 2011

Агрокешен: ет өндіру Бізде қалған игілік төрт түлік еді... Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Кедендік одаққа біріккен Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасындағы интеграцияның ендігі кезеңі – бірыңғай экономикалық кеңістік. Алайда дайын өнім шығаратын өндірісіміз жоқ, кедендік одаққа нендей тауармен барамыз деген сауал бүгін де өзекті. Осы сұрақ алдымыздан шыққан кешегі күні үкімет Қазақстан ортақ нарықтан ет экспортымен ойып орын алады деген болатын.

Бір қызығы, биыл алғашқы жартыжылдықта сырттан 80,1 мың тонна ет әкелінген. Ет импортының 83,7 пайызы алыс шет елдердің үлесіне тиеді. Қалған 16,3 пайызы ТМД кеңістігіндегі елдердің үлесінде. Дей тұрғанмен, үкіметтің ет экспортының ауқымын ұлғайту жоспарына сәйкес, Ресейге жылына 60 мың тонна ет жөнелтуіміз керек. Мал басын тоқсаныншы жылдардағы деңгейге жеткізе алмай отырғанда, мұншама қыруар етті қайтіп өндірмекпіз. Мұның төте жолы – саладағы өнімділікті арттыру. Осыған орай таяу жылдарда 15 мал бордақылау алаңын салуды жоспарлаған «Қазагро» қазірде оның бірталайын пайдалауға беріп те қойды. Бірақ осыншама кешенге қойып, семіртетін мал бар ма елде. Толық қуатында пайдаланылмай отырған бұл кешендер қазіргі күні шығынды болып отыр. Сондықтан енді сырттан ет тасымалдауды былай қойып, мал сатып алуға кірістік. Мұны ет экспортын ұлғайту үшін етті мал тұқымын асылдандырудың қажеттілігімен түсіндірген үкімет мұхит асып, АҚШ-тан тұқымдық мал сатып алуда.

Алайда «Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында «Қазагро» холдингі сатып әкелген асыл тұқымның осы мақсатқа қызмет етеріне күмән көп. Өйткені кезінде мұхиттың ар жағынан әкелінген малдың жай-күйін, тегінің қаншалық асылдығын зерттеп-байқап, бағалауға аталмыш холдинг қазақстандық ғалымдарды жолатпады. Неге? Қазақстан фермерлер одағының өкілдері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы Мамай мал тұқымын асылдандыру кешеніндегі жағдаймен танысқаннан кейін-ақ бұл сұрақтың жауабы айқындала бастады. Мұнда әрқайсысы 4 700 доллардан 1200 бас ангус және герефорд тұқымы әкелінген. Алдағы уақытта тағы 72 мың бас етті ірі қара тұқымы сатып алынбақшы. «АҚШ-та мүйізді ірі қараның екі түрі бар. Оның бірі – өндіру бағытындағы тауарлы, екіншісі – мал тұқымын асылдандыру бағыты. Тұқымдық мал әлдеқайда қымбат тұрады. Сондықтан асыл тұқым деп әкелінген малдың қаншалық асылдығын анықтау аса маңызды. Мұны білмей, бағаламай тұрып, мал тұқымын асылдандыру жұмысын одан әрі қалай жүргізуге, қайтіп жалғастырып-дамытуға болады. Бұл мүмкін емес», – дейді одақтың вице-президенті Ақжол Әбдіқалымов.

Асыл тұқымды малдың басы жоғарыда келтірілген 4 700 доллардан әлдеқайда қымбат тұратындығын айтқан ғалымдардың күмәнін тудырып отырған тағы бір мәселе – әкелінген мал тұрқының оңып тұрмағаны. Малмен көзі шыққан жандардың кесіп айтқаны, мұндай түлік малды асылдандыруға жарамсыз. Жалпы жылдар бойғы ғалымдарымыздың тәжірибесі сырттан әкелінген малдың жерсіне қоймайтындығын көрсетеді. Туған жердің түтіні де бөлек демекші, өзге жер-судан нәр алған түліктің басқаша жағдайға бейімделіп кете қоюы қиын. Еліміздің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен жемшөп қорына сәйкеспейтін ортадан келген малдың қанша асылтұқымды болса да, өнімділігін кемітері, тіпті жоғалтары әбден мүмкін. Бұл үкімет ойлағандай етті тұқымды сатып әкелумен орындала қалатын оңай шаруа емес. Жылдар бойғы зерттеуді қажет ететін, мақсатты түрде жолға қойылған ғылыми-тәжірибелік жұмыс. Яғни елдің болашағына, тұрақты дамуына қызмет ететін стратегиялық аграрлық саясаттың нәтижесінде рет-ретімен іске асырылып жататын келелі шаруа.

Ал аграрлық саладағы бүгінгі тірлік – басқа-басқа, ежелден малдың жайылымы мен суатын жыл мезгілдеріне қарай үйлестіре бабын тауып, ұлан-ғайыр дала төсін төрт түлікке толтырып келген қазақтың атына ұят іс.

647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы