• Бизнес & Қоғам
  • 13 Қазан, 2011

Егін әкелген әбігер Мол астық мұң болған елді көргеніңіз бар ма? Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Биыл астық мол шықты. Сөйтіп үкіметті әуре-сарсаңға салып қойды. Қазіргі басты қиындық – орып, бастырылған егінді сақтау. 6 млн тонна астықты дәстүрлі сатып алушыларға арттырып, қалған 8 млн тоннаны қамбаға құйып алып тыныш отыратын бұрнағы жылдардай емес, ресми ақпаратқа сәйкес, биыл диқандарымыз 25 млн тоннаға жуық астық өсірген.

Бітік егін өсірген диқанның бүгін еңбегіміз еш болмай ма деген қаупі үлкен. Және ол негізсіз емес. Өйткені елімізде мұншалық көлемде астық сақтайтын қоймалар жоқ. Мемлекеттің шаруалардан сатып алатын астық көлемі – 5 млн тонна. Сондықтан қазіргі кезде төгілген тер текке кетпесін деген диқанның бар арманы – Азық-түлік келісімшарт корпорациясының тізіміне ілігіп, астығын әр тоннасына 25 мың теңгеден өткізу. Және бұл ірі шаруашылықтар үшін. Ал шағын және орта шаруашылықтар үшін сатып алу бағасы тоннасына 23 мың теңге. Бұл, әрине, аспандағы айдай арман болған тізімге енген күнде. Ал оған ене алмаған басқа шаруа биыл қандай шығынға батуы мүмкін? Осы жерде айта кететін бір жәйт, астықты сатып алу бағасы 10 жыл бойы – осы бір баға. Инфляция болса, жыл сайын кем дегенде 8-9 пайызды құрап отыр. Ауылшаруашылық техникасына қажетті жағармайдың бағасы да бір орнында тұрған жоқ, үздіксіз өсу үстінде. Биылғы жылы жеңілдікті бағасының өзі – 76 теңге болды. Мамандардың есептеуінше, жанар-жағармай мен тұқымның бағасын, көктемгі егіске жұмсалған қаржыны, минералдық тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы шашылған дәрі-дәрмекті, шаруа еңбегін қосқанда, 1 тонна бидайдың құны 140-150 долларға шығады екен. Демек көктемгі егін салу мен күзгі орақ жұмыстары үшін несие алып, қарызға батқан диқан қауымын банкротқа ұшыраудан аман алып қалу үшін астықты осы бағада сатып алу керек. Жоғарыда айтқанымыздай, үкіметтің сатып алатыны бар болғаны 5 млн тонна. Қалған астықты қайтпек керек. Делдалдардың ісі белгілі, барынша арзан алып, асыра сатып – айырмадан пайда табу. Олардың сұрайтын бағасы 100 доллардан аспайды. Сонда не істеу керек? Кереғарлықты қараңыз, астық мол шықса, қарызға батамын деп шаруа қиналады. Міне, маңдай термен астық өсірген диқанның бір биыл емес, жылда басын қатыратын мәселе осы.

Ал бұл мәселенің түп-төркіні неде дегенге келсек, сол баяғы астық сақтайтын орынның жетіспеушілігінде. Астық шықпаған, иә орташа болған жылдарда тынышпыз. Егін бітік шыққан жылы осылай – мемлекет алғаннан қалған астықты қайда өткіземіз, қайтіп сақтаймызбен басымыз қатады. Осыған орай жуырда парламент депутаттарымен, астық өндірушілер өкілдерімен өткен басқосуда «бәрі жоспардағыдай» деп, жұртты сабырға шақырған үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың пайымдауынша, бұл қиындықтан шығудың бір жолы – астық өткізу нарығын барынша кеңейтуде.«Қазан айында Түркіменстан аумағымен өтетін жаңа бағыт ашылады. Жылдың соңына дейін Хоргос арқылы Қытай еліне шығатын қосымша теміржол құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сондықтан өнім өткізу нарығын кеңейту, яғни астықты Түркіменстан арқылы Парсы шығанағы елдері мен Ауғанстанға және Қытай арқылы Оңтүстік-шығыс Азия елдері мен қытайдың өзіне шығаруды жолға қоятын болсақ, биылғыдай мол астықты орналастыруға байланысты туындаған жағдайды реттеудің бір үлкен мүмкіндігі болмақ»,– деген үкімет басшысының айтуынша, астықты бірден тездетіп экспортқа жіберу керек.

Бәрі айтқанымыздай болса, шіркін! Қазақстан әлдеқашан астық нарығының инфрақұрылымы қалыптасқан, алдыңғы қатарлы астықты держава болып отырмас па еді. Алайда диқан мол астық өсіріп бергенмен, оны сақтап, пұлдап өткізу жүйелерін әлі күнге қалыптастыра алмаған үкімет дәрменсіздігінен есіл еңбек еш кетуде. Жылма-жыл осы мәселе егін орып, енді оны қайда сақтаймыз дегенде көтеріледі. Былтыр үкімет басшысы Қытайда, Иранда, Иракте, Грузияның портында астық сақтайтын қосымша сыйымдылықтар тұрғызылады дегенді айтқан болатын. Бірақ олай болмады. Бұл мәселелер әлі шешілген жоқ. Яғни әлемдегі астық сатушы жетекші елдер қатарынан көрінеміз дегенімізбен, бүгінге дейін экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыра алмадық. Ал бұған дейін қалыптасқан дәстүрлі бағыттардың өзі бойынша тақауда астық экспорты екі аптаға қаңтарылып қалған. Мұны «вагонның бәрі астықты аймақтағы қоймаларды босатуға жұмсалған» деп түсіндіреді. Қоймалардың дәл жаңа егіннің астығын тасымалдайтын қарбалас кезеңде босатылуын қалай түсінуге болады. Әйтеуір көңілді күпті етер сұрақ көп.

Жалпы осынау астық аласпыранының астарында астықтан бизнес жасап отырған әлеуетті топтардың мүддесі жатыр дегенді айтады кейбір сарапшылар. Мемлекет меншігіндегі кеңестік кезеңнен қалған элеваторлардың бәрі жекешелендіру кезінде сатылып кетті. Қазіргі күні астық қоймаларының 80 пайызы ірі-ірі компаниялардың меншігінде. Олардың артында жаңағы әлеуетті топ тұр. Қойма біткен қолында болған соң, астық нарығындағы жағдай осылардың мүддесіне сай құбылып тұрады. Әлемдік нарықта қазір астықтың бағасы 270 доллардың ар жақ-бер жағында. Ал егін орағы басталғаннан беріде астық бағасы төмендеу үстінде. Бағаның түсуі астықтың молдығынан деуге болмас. Өйткені жылда байқалатын жағдай осындай. Өйткені артық астығын құятын мүмкіндігі жоқ диқандар астықты сапалы сақтауға қолайлы қойма қожайындарына кіріптар. Сөйтіп, шарасыз шаруа қар астында қалғанша деп, астығын арзанға өткізуге мәжбүр. Қоймасы сайлы саудагер-алпауыт сатуға асықпайды, әлемдік нарықтағы өзіне тиімді жағдайды күтеді. Бұл шаруаға мемлекет араласпаса, арзан алып, барынша қымбат сатсамға негізделген жеке саудагерлік психология елімізді астықты державаға айналдыра алмасы анық. Мәселен, астықты державалардың бірі Канаданы алайық. Онда мемлекет шаруаның өсірген астығын сатып алып, мемлекеттің және ірі компаниялардың қоймаларында сақтайды. Айталық, экспортқа жылына 15 млн астық сататын болса, бүгінгі біздегідей 20-25 млн өскен астықтың 5-10 млн тонннасын сақтап қалады. Қуаңшылық болып, төмен егін алған жылы әлгі сақталған астықты қосып, экспорттық көрсеткішті сол 15 млн деңгейден түсірмейді. Осылайша, мемлекеттің стратегиялық мақсаты елдің экспорттық әлеуетін ұстап тұруға негізделген кез-келген елде астықты сақтауға кететін шығынды көтеру, өсірген егінін қымбатқа сатып алу секілді фермерлерді қолдаудың түрлі шаралары қолданылады. Ал ауылшаруашылық өнімдерінің 75 пайызын мемлекеттік ірі шаруашылықтар өндіретін АҚШ-та мемлекет саланың ауа райына тәуелділігін ескере отырып, аграрлық құрылымдарға жүз пайыздық дотация бөледі. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде мемлекеттік құрылымдарға басымдық беретін мұндай мысалдарды дамыған елдер ғана емес, даму үстіндегі елдердің де тәжірибесінен келтіруге болады. Ендеше, нарықтық экономиканы әкімшілік жүйемен сауатты үйлестіре білген елдердің оң тәжірибесін неге басшылыққа алмасқа. Тыңнан түрен салудың қажеті жоқ. Сол елдердің іс-тәжірибесін зерттеп, өзімізге тиімді жолға түсетіндей уақыт та, мемлекет қаржысы кеткен талай іс-сапарлар да жасалды емес пе?

Астық сақтайтын қойманың жетіспеушілігі, барының жеке қолда болуы шаруаның маңдай термен тапқан ақысын жеп, қанауға жол беріп отырған, экспорттық әлеуетті ұлғайтуға кедергі себептің бірі болса, енді бірі – астық тасымалдайтын вагондардың тапшылығы. Бізде 5200 вагон бар, онымен бір айда 400-500 мың тонна астық тасымалдай аламыз. Сонда сыртқа шығармақшы 10 млн тонна астықты қашан тасып болмақпыз. Үкіметтің «біз ай сайын 1 млн астық экспорттап отырамыз» деуіне қарағанда, Ресейден осынша вагон келетін болғаны. Солай болған күнде ғана, біздің айына сыртқа астық шығару мүмкіндігіміз 1 млн тоннаға жетеді. «Казах-зерно» сайтындағы деректерге сәйкес, орыстың астықтасығыш вагондарының қызмет көрсету құны тәулігіне 50 доллар екен. Мұны бір айға есептей беріңіз. Оның үстіне, биыл 90 млн тоннаның үстінде астық жинап, оның 20-22 млн тоннасын экспорттауды межелеп отырған Ресей алдымен өз мүддесін ойламай ма? Және мұны астық нарығын бақылап отырған ресейлік сарапшылар айтып та жатыр. Орақ науқаны басталғанда үкімет астық экспортының ауқымын кеңейту мақсатында Ресей аумағы арқылы өтетін астық тасымалын субсидиялауға 5 млрд теңге бөлінетіндігін айтқан болатын. «Кісідегінің – кілті аспанда» деген, Ресей түрлі сылтаумен вагон бере алмайтын болып жатса ше?

Еліміздегі астықты өңірлердің жетекшісі – Солтүстік Қазақстан облысы. Осы аймақ астығын дәстүрлі сатып алушы Ресейдің өзінде биыл егін орасан шықты. Астық трейдерлерінің айтуынша, ресейліктер бұл өңір астығын тұрақты сатып алушылардың бірі ғана. Солтүстікқазақстандықтар алыс шетелдермен, атап айтқанда Иран, Қытай және өзге де бірқатар елдерге бидай шығару жөнінде тиімді келісімдер жасаған. Өкінішке орай, теріскей өлкеміздің астығын алтынға бағалайтын аталған елдермен арадағы келісімдер орындалмайтын түрі бар. Себеп – жоғарыда айтып өткеніміздей, астық жеткізетін вагондардың жоқтығы.

Биыл көктен түскендей жағдай болса, бір сәрі. Жыл сайын айтылып, жылма-жыл қайталанып келе жатқан осынау түйткілді жәйттердің, оның ішінде жәй қатардағы мәселе емес, стратегиялық маңызға ие – астыққа байланысты күрмеулі жағдайдың шешімін таппауы неліктен? Бас агроном «артық – астық зиян» деп тектен-тек айтпаса керек. Шынымен де біздің билікке диқанның төгілген тер, ақадал еңбегімен өсірілген мол астықтың қажеті шамалы болар, бәлкім? Сонда астықты державаға айналамыз деген әңгіменің бәрі бос сөз болғаны ма. Иә, 4-5 млн тоннамен кімнің алдына шықпақпыз?

Қанат БЕРЕНТАЕВ, Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығы директорының орынбасары:

– Иә, Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті туралы жиі айтылады. Мол астық өсіргенмен, оны сыртқа шығару жайына келгенде мәселе тұйыққа тіреледі. Яғни астықты сыртқы нарыққа қайтіп тасымалдаймыз – бүгінгі үлкен мәселенің бірі осы. Мәселен, біздің астығымызды сатып алушылардың бірі Қытай оның талапқа сай қапталып, контейнерлермен өзінің ережесіне сай тасымалдануын талап етеді. Бұл өнімді қымбаттатады. Әлемдік мұхиттардан алыс, құрылықтың қақ ортасында орналасқандықтан теңіз порттары арқылы өткізудің де машақаты жетерлік. Ал теміржол тасымалына келсек, Ресей арқылы өтетін бірқатар бағыттарда бұл ел бірінші кезекте өз мүддесін алға қояры даусыз. Дегенмен алдағы бірыңғай экономикалық кеңістік жағдайында бұл мәселе реттелуі мүмкін.

Осы орайда мына бір мәселеге тоқтала кеткім келеді. Біз астық өндіруде, оның ішінде бидай өсіру бойынша Ресеймен бәсекелесе аламыз дейміз. Алайда біздің бидайымыз әр түрлі. Бір өнім түрімен бәсекеге түседі. Өнімің әр түрлі болған жерде, қандай бәсекелестік. Біз негізінен экспортқа қатты бидай шығарамыз. Ал Ресейде бұл сұрыпты бидай соншалық көп емес. Сондықтан біз бұл тұрғыда бәсекелестер емеспіз, керісінше астық нарығын өзара толықтырамыз.

716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы