• Бизнес & Қоғам
  • 01 Қыркүйек, 2011

Жаңа зауыт – жаңа жұмыс орны Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Ел экономикасын дамытуды қолға алған бағдары анық жобалардың бірі – 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы. Аталған бағдарлама республикамыздың түпкір-түпкірінде жүзеге асырылып, ауқымды жобаларды жолға қойып жатқаны мәлім. Осындай жобалардың кезекті бірі – Оңтүстік Қазақстан облысында бой көтерген – бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорын.

Сарыағаш ауданында жаңадан іске қосылған бетон өнімдерін өндіретін бұл зауытта құрылыс жұмыстарына қажетті қарапайым материалдардан бастап арық атыздарына, су және жылу трассаларына қажетті бетон қалқалар сияқты бетон өнімдерінің сан алуан түрі шығарылады. Бір күнде өндіріс орнында 300 текше метр өнім өндіріліп отыр. Зауыттан шығарылған әр материал бүгінде облыс нарығындағы отандық өнімдер қатарының толыға түсуіне бірден бір себепші болып отырғаны да анық жайт. «Біздің жұмысымыз сапалы, табыс көзі де біраз көбейді. Өйткені бәрі өзімізден шығып жатыр. Транспортқа кеткен қаржыны үнемдегеннің өзінде әжептеуір пайда келіп жатыр», – деген зауыт директоры Әлжан Есенқұлұлы зауыттың өңір тұтынушылар үшін айтарлықтай пайдалы болып отырғанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ жаңадан ашылған зауыттың маңызын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Берік Бекжанов: «Зауыт шығарып жатқан өніммен құрылыс компаниялары қамтамасыз етіліп жатыр. Алыстан тасымай-ақ, өзімізде шығарылып жатыр. Екінші жағы, жергілікті азаматтар жұмыспен қамтылуда», – деп атап өтті.

Іске жаңа қосылған бұл бетон зауыты бүгіннің өзінде өңірдегі құрылыс компанияларының бірсыпырасын өз өнімдерімен қамти бастаған. Осылай құрылыспен айналысып жүрген біраз компанияның бетон өнімдері үшін шетке кетіп жатқан бірталай қаржысы да, өз кезегінде жүк тасымалдауға шығындалатын алыс жол – алтын уақыттары да әлдеқайда үнемделе түскен. Демек, өңірде ашылған жаңа зауыттың тұтынушылар үшін де маңызы мол болып тұр. Осы орайда айта кетерлігі, құрылыстың сан алуан материалын шығарып, тұтынушысын қуантып отырған жаңа жоба екі қолға бір күрек таппай жүрген ауыл адамдарын да жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр. Қазірде бұл өндіріс орнында 40-қа жуық адам еңбек етіп, нәпақасын табуда. Алдағы уақытта зауыт жанынан металл конструкциясын жинайтын цех ашылмақ. Жоба ойдағыдай жүзеге асып жатса, ауылда тағы бір жаңа мамандық иелерінің пайда болатыны, тиісінше жұмыс орындары да молая түсетіні сөзсіз.

557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы