• Бизнес & Қоғам
  • 13 Қазан, 2011

Түгін тартсаң, майы шыққан Майкөбе

Қоңыр көмір - Екібастұздың қойнауынан қазылатын тас көмірден басқа отын түрі. Оны лигнит деп те атайды. Қоңыр көмірдің айырмашылығы - тез жанады, күлі де аз. Бірақ, құрамында суы көп болғандықтан, тас көмірге қарағанда қызуы төмен. Әрбір килограмы 5 мың калорийге дейін жылу береді. Осы күні қазылатын көмір түрлерінің ішіндегі ең жасы - қоңыр көмір. Көмір заты батпақта жиналып, қысымның астында қалған өсімдік шірінділерінен құралатыны белгілі. Ең көне көмір осыдан 400-500 миллион жыл бұрын қалыптасқан деген дерек бар. Бұған дейін қоңыр көмір негізінен тұрғын үйлерді жылыту үшін пешке жағылатын отын ретінде танылды. Мамандар лигнитті жылу-электр станциялары кеңінен пайдалануға көшеді дегенді айтады. Қоңыр көмірдің ең бір сапалы түрін өндіретін кеніш – Баянауыл ауданы Шөптікөл ауылдық округіне жататын Майкөбе кен орны. Майкөбе отынының қасиетінен ауылда өскен біз бала кезден құлағдар едік. Еліміздегі қоңыр көмірдің негізгі қоры болып есептелетін осы Майкөбе кенішіне таяуда жолымыз түсті.

Ағылшындардың қызығушылығын тудырған

Сөз етіп отырған кеніштің игерілу тарихы да - сан қатпарлы. Майкөбе кен орны 1825 жылы қоңыр көмірдің ортасы ретінде белгілі болған. Бұл кезде жергілікті халық Шөптікөлдің көмірін өздері-ақ қазып пайдаланғанға ұқсайды. Бірақ, қазір шөптікөлдік көмір туралы естілмейді, себебі оның игерілуі белгілі бір себеппен тоқтатылған.

Майкөбедегі Б-3 маркалы (аталмыш технологиялық топқа жататын көмірдің құрамында су үлесі аз, көп жылу береді) қоңыр көмірді ерте кезде ағылшын капиталистері де құныға қазғаны мәлім. Шетелдіктердің кенішке иелік еткені бір рет қана емес. Нарыққа көшкен бетте «Екібастұзкөмір» бірлестігіне кірген кен орны бертін келе американдық компанияның еншісінде де болған. Одан соң біраз жыл бойы «Қазақмыс» корпорациясы қарамағында жұмыс істеді. Қазіргі кезде «Майкөбен-Вест» жеке меншіктің қолына көшті.

Кеніштің байлығын игеріп жатқан компания бүгінде өндіріс көлемін ұлғайтуға бел шеше кіріскені байқалады. «Майкөбен-Вест» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Қайрат Макадиловтың әңгімелеуінше, өткен жылы кеніш тарихында рекордтық көрсеткішке қол жеткен. Бір жыл ішінде 5 миллион 300 мың тонна көмір қазылып, тұтынушыларға жөнелтілген. Бұған дейін жылына 4 млн. тонна көмірден артық өндірісті өсіре алмаған компания үшін бұл шынында да үлкен оқиға еді.

- Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Биылғы жылы 6 миллион тонна қоңыр көмір өндіруді жоспарладық. Оған қол жеткіземіз деген үміттеміз. 2010 жылдың сегіз айына қарағанда биылғы жыл басынан бері өндіріс көлемін 25 пайызға, тұтынушыларға көмір жөнелту көрсеткішін 27 пайызға өсірдік, жер бетін аршу көлемі де 6 пайызға көбейді, - деді Қайрат Орынбасарұлы.

Кеніште - алып техникалар

Майкөбе кеніші ұзынынан 6,5 шақырымға созылып жатыр. Қазылған кен орнының тереңдігі 70 метрге жуықтайды. Әрине, бүкіл одақ болып құрған, 260 метрге дейін төмен түсіп кеткен «Богатырь» кенішімен еш салыстыруға келмейді. Дегенмен, ерекшелігін егжей-тегжейлі айтып кеткен Майкөбе көмірінің өндірісін өсіру де аз күшті талап етпейді. Бұл мақсатта компания биылдың өзінде 3 миллиард теңгенің инвестициясын құйып үлгерген.

Қ.Макадиловтың айтуынша, ең алдымен қазба жұмысындағы тасымалдың жағдайын жақсартуға мән берілді. Кеніштің түбінен немістің роторлы экскаваторы арқылы қазылған көмірді «БелАЗ» маркалы жүк көліктері арнайы орынға жеткізеді. Бұл жерде қазылған көмір сапасы бойынша араластырылып, орташа үлеске ие болады.

- Биыл өнімділікті арттыру мақсатында 9 «БелАЗ» автокөлігін сатып алдық, дейді басшы, - Бұған дейін 1988 жылы әкелінген 40 тонналық жүк көліктері қолданылып келген еді. Бірақ олардың сыйымдылығы төмен, технологиясы да ескірді. Сол себепті, көмір өндірісін белгіленген межеге жеткізу үшін ең алдымен тасымалдау техникасын лайықты жабдықтауға бел будық.

Өткен жылы сынақтан өткізу мақсатында екі «БелАЗ»-дың сатып алынғанын ескерсек, бүгінде кеніште 11 жаңа жүк көлігі жұмыс істеуде. Бір алып көліктің өзіне 130 тоннаға дейін көмір сыяды.

Айтпақшы, беларустық техникалардың екеуі көмір тасуға арналған, қалғандары жер бетінің аршылған қыртысын тасымалдауға пайдаланылады. Көмір тиеуге арналған көліктің ерекшелігі бар. Көмірдің салмағы жердің беткі қабатына қарағанда жеңілдеу. Көлікке көмірді неғұрлым көбірек салу мақсатында (130 тоннаға дейін) жүк салатын бөлігін кеңейтіп, ұзартып, сыйымдылығын ұлғайтқан. Біз кеніште болғанымызда шетелдік «Катерпиллар» маркалы автокөліктердің де жұмыс істеп жүргенін көрдік. Алайда, олардың жүк тасуға қабілеті «БелАЗ»-дан әлдеқайда төмен екен. Шын мәнінде, егер шағын көліктерді қолдануды жалғастыра берсек, кен өндіруші компания алға қойған өндіріс көлемін көбейту міндетін орындауы екіталай еді. Орындаса да, оған жұмсалатын шығын да аз болмас еді. Жаңа технологияның тиімділігі бірден көзге түседі. Бір «БелАЗ»-дың бағасы 380 млн. теңге екенін ескерсек, алып техникаларды сатып алуға да аз қаржы жұмсалмағанын есептеуге болады.

Серіктестік «БелАЗ» автокөліктеріне жөндеу қызметін көрсететін «Пит-стоп» орнын да жабдықтауға кіріскен. Бұл жобаның құны – 350 млн. теңге. Мұндай көлік жөндеу орнын екібастұздық «Богатырь» кенішінің де алдыңғы жылы салғаны бар. Алайда, Қ.Макадилов биыл қазан айында іске қосылатын бұл орынның ерекшелігін айтты. Онда бір мезгілде 6 автокөлікті қатар қойып, жөндеуге болады. Оған қоса, 20 тоннаған дейін ауыр зат көтеретін аспалы кран орнатылған. Қосымша қызметтерді атқаратын шеберханалар да жабдықталады. Бір ғана сервистік қызмет орталығын ашу нәтижесінде жаңадан 38 адам жұмысқа қабылданады.

Айтпақшы, кеніште өткен жылы жүк көліктерінен басқа жаңа бұрғылау станогы, отын құятын құрал-жабдық сатып алыныпты. «Қазірде жүк тиеуші техникаға тапсырыс берілді. Оның тиімділігі соншалық, осы күнгі шөмішті экскаваторлардан артық жұмыс істейді», деді өз сөзінде бас директордың міндетін атқарушы.

Шетелден де сұраныс бар

Айта кетерлігі, Майқайың кенішінен қазылатын көмірдің бағасы жыл басынан бері еш өзгеріссіз. Бір тоннасы 2513 теңге тұрады. Басшының айтуына қарағанда, сатып алышулар көмірді кеніштен тікелей жүк көліктеріне тиеп әкетіп те жатады. Кеніштен шығарылған көмір Павлодар облысының халқын ғана қажетті отынмен қамтымайды. Қажетті көмірді шет аймақтардан да тапсырыс беріп, әкетеді. Олар - негізінен, қоңыр көмірді тұрғын үйлерді жылыту мақсатында пайдаланатындар. Ал өндірістерге жіберілетін өнім алдымен електен өткізіліп барып, кейін экскаватор арқылы вагондарға тиеледі.

- Біз қазір Өскемен, Екібастұз ГРЭС-1 станцияларына көмір жіберудеміз. Ресейдің Оңтүстік Урал станцияларына да тиеп жатырмыз. Челябі электр станциясына көмірді сынақтан өткізу үшін жөнелттік. Басқа да өндіріс орындарына ұсынып жатқан жайымыз бар, - дейді Қ.Макадилов. Бүгінде өндірілетін жылдық көмір үлесінің 1,5 млн. тоннасы экспортқа жөнелтілуде.

Тоқсаныншы жылдары Майкөбе көмірін Венгрия, Румыния секілді Еуропа мемлекеттері де пайдаланған. Бірақ, кейін келе, сауда байланысы үзілген. Оған себеп болған көмірдің сапасыздығы емес. Керісінше, Ресейлік сайттарды ақтарғанда көргеніміз майкөбелік көмірді жоғары стандартты өнім ретінде жарнамалайтындығын көрдік. Ендеше, өндіруші компанияға экспорттық әлеуетті арттыруға не кедергі болып тұр? Рас, өткен жылдары қырық бес келілік қаптарға салынған көмір Украина станцияларына жіберілді. Бірақ, сынақ түрінде ғана. Біздің қоңыр көмір ол жақтағы тұтынушылардың қолайына жаққанға ұқсайды. Бірақ Майкөбе кенішін игеруші компания теміржол вагондарының жеткіліксіздігі себепті шетелге өнім жіберу ісін алға бастыра алмауда. Оны айтасыз, өнімді өз еліміздің аймақтарына да уақытылы жөнелтудің өзі оңай емес.

- Қыркүйек айының аяғынан бастап тұтынушыларға көмірді жөнелту ісі ұлғаюға тиіс. Алайда, «Қазақстан темір жолы» компаниясының бізге ұсынатын вагондары барлық маршрутты қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Қыстың жақындап қалғанын ескерсек, жағдайдың жедел шешілгені тиімді болар еді, - дейді басшы.

Көмір қазушы компания қазірде бір мыңдай вагонды тасымалға пайдаланса, оның жартысынан көбі жалға алынған. Ресей жеріне де көмір жалдамалы вагондармен жөнелтіледі

- Екібастұзда вагон құрастыру зауытының құрылғанынан хабардармыз. Енді тасымалға байланысты мәселемізді осы зауыт шешіп берер деп сенеміз. Дегенмен, Екібастұз жерінде көмір игеруші ірі кәсіпорындардың да мұқтаждығын ескерсек, көмектің тез жетуі екіталай, - дейді әңгімесінде кейіпкеріміз.

Халыққа да қарасатын компания

«Майкөбен-Вест» кәсіпорнының өз жұмысшыларына әлеуметтік жағдай жасауға мән беретінін айта кетелік. Қазірде компанияда бір мыңнан астам адам жұмыс істейді. Инвестициялық жобалардың іске қосылуына байланысты 54 маман жаңадан қабылданған. Оларға барынша әлеуметтік жағдай жасау көзделген. Мәселен, кәсіпорын жұмысшыларға жыл сайын 10 тонна көмір тегін үлестіреді.

Кез келген кәсіпорын демеушілік көмегімен мақтана алмайды. Атағы жер жаратын алпауыт компаниялардың өздері ілуде бір жанашырлық істерімен көзге түсіп қалады. Әлеуметтік істерден басын ала қашатындар қаншама?! Алайда, Елбасының ылғи айтатыны - халықтың қамын жасауға бизнестің де араласып көмек көрсетуі қажет.

«Майкөбен-Вест» кәсіпорны ол жағынан келгенде ірі деген компаниялардан еш кем емес. Жоғарыда біз өндіріс көлемінің басқа кеніштермен салыстырғанда ешқандай да алып еместігін айтқан едік. Бірақ солай екен деп, «Майкөбен-Вест» сылтау іздеп, жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Керісінше, ірілердің өздері кірісе қоймас өнегелі істерді жүзеге асырған. Биыл Баянауыл және Майқайың кенттерінде жасанды көгалы бар, әрқайсысы бес миллион теңге тұратын шағын футбол алаңдары жасалып берілді. Бұл - компанияның жергілікті халыққа тартқан сыйы.

Айтуға тұрарлық басқа да шаруалары бар, әрине. Мәселен, кәсіпорын биыл Шөптікөл, Сұлужон секілді жақын маңдағы ауыл мектептерінде оқитын аз қамтамасыз етілген отбасылар оқушыларына оқу құрал-жабдықтарын алып беруге жәрдемдескен. Барлығы 350 мың теңгенің көмегін берген. Көктемде Бірлік ауылының жолын тасқын су шайып кеткенде экскаватор, тағы басқа ауыр жүк көліктерін беріп, жолды қайтадан қалпына келтіруге қол ұшын берген де - осы компания. Бірақ, кейбіреулер секілді кәсіпорын басшысы әңгімесінің әлқиссасын қайырымдылық істері туралы айтып бастаған жоқ. Қайта ол жағын аса сөз ете қоймауға тырысқаны байқалды.

Тағы айта кетерлігі, аталмыш кәсіпорында істейтін жұмысшылардың біршама бөлігі - таяу маңдағы ауылдардың тұрғындары. Ал Екібастұз қаласынан келетін мамандарды «Вольво» автобусымен арнайы әкеліп, жеткізіп салады.

Өндірісті ширатумен қатар әлеуметтік көмектерге де баса көңіл бөлетін, жергілікті халыққа қарасатын кәсіпорындардың жұмысын жазып көрсетудің өзі бір мерей екенін айта кеткен абзал.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

1886 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы