• Бизнес & Қоғам
  • 27 Маусым, 2013

Қоғам дертіне «ем» іздегендер...

Қоғам мен халық арасындағы байланысты жалғастыратын журналистердің кәсіби мерекесі де келіп жетті. Жаңалықтың жаршысы атанған бұл кәсіп иелері мақсатты қызметін орындау барысында небір кедергілерге тап болып жатса да, діттеген міндетінен ешуақытта бас тартқан емес. Қарапайым халықтың қайғысына қара жамылып, барына шүкіршілік етіп, қуанышына балаша мәз болатын да осы қазақ журналистері. Олардың кәсіби араласуымен еліміздегі сан мыңдаған тұрғындардың тағдырлары жоғарыға жетіп, азды-көп болса да қажетті көмек көрсетілді. Сондықтан да төртінші билік иесі атанған әріптестеріміздің қызметі бір жағынан қауіпті әрі үлкен жауапкершілікті қажет етеді.  

Кәсіби мерекеміз қарсаңында еліміздің барша БАҚ өкілдері, оның ішінде ерекше қызметімен көзге түскен әріптестеріміз мемлекет тарапынан, сондай-ақ өзі еңбек ететін мекеме басшылығының қолдауымен жоғары сый-сияпаттарға ие болып жатады. Мұндай дәстүр «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де кең көлемде аталынып өтеді. Аталмыш серіктестіктің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин журналистерді мерейлі күнімен құттықтап, басылым тілшілеріне арналған жүлделі марапаттарын салтанатты түрде табыстады.

Сонымен, биылғы «Алтын қалам» жүлдесіне «Ана тілі» газеті ақпарат бөлімінің редакторы Нұрлан Құмар ие болды. Айта кету керек, биылғы жыл әріптесіміз Нұрлан Құмар үшін жемісті болды. Ол БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен көптеген жарыстарды оза шауып, бас жүлденің иегері атанды. Ал «Күміс қалам» жүлдесі республикалық «Ұйғур авази» газетінің тілшісі Юлдаш Молотовқа бұйырса, «Қола қаламға» қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналының тілшісі Сейілбек Мұсатаев лайық деп танылды. Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастырумен өт­кен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы жарияланып, «Үздік мақала» аталымы бойынша ІІІ орынды «Ана тілі» газетінің тілшісі Дәуіржан Төлебаев жеңіп алды. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Баспасөз күніне орай «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты қалалық байқауының қорытындысы бойынша «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ана тілі» газеті мәдениет бөлімінің редакторы Бағдагүл Балаубаева «Баспасөздегі үздік журналист» аталымы бойынша топ жарып, жүлделі 1 орынды иеленді. Ал «Ана тілі» газеті  тіл мәселелері бөлімінің редакторы Дәуіржан Төлебаев Алматы қаласы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталған болатын. Осы орайда, еңбектері еленіп, жемісті марапатқа ие болған барша әріптестерімізді біз де төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, елімізге тыныштық тілейміз!
«Қазақ газеттерінде» бастау алған мерекенің жалғасы үлкен ұжымның көкке шыққан тамаша демалысына ұласты. Серіктестікке қарасты басылымдардың редакторлары, кішкентай бүлдіршін­де­рін ертіп әкеген қызметкерлердің сол күні қуанышында шек болған жоқ. Қазақ үйдің ішінде әннен шашу шашылып, домбыраның құлағынан күмбірлете күй төгілді. Ұлттық тағамдарымыздан дәм тата отырып, аталмыш ұжым ата дәстүріміздің жастар арасында кеңінен насихатталуына осылайша өз үлесін қосты. Көк майса төсінде кішкентай бүлдіршіндеріміз асыр сала жүгірсе, ағаларымыз шахмат, дойбы, волейболдан бас тартпай, мерекенің қызығын келтірді. 
Қашан да халықтың жоғын жоқтап, барын насихаттап жү­ретін, қызметі қауіп пен қатерге толы – журналистика саласының қазанында қайнап жүрген әріптес­теріміздің еңбегін ел елеп жатса, бізге одан артық бақыт та, марапат та қажет емес. «Қайтсем де қазағымның қара қамы» деп күн-түн демей жан ұшыра қызмет етіп жүрген қаламгерлердің әлеу­­меттік жағдайы уақыт өте бұдан да жақсара түсетініне сенім мол. Сондықтан да болар, журна­лис­тің қарапайымдылығы барына – қана­ғат, жоғына – еш қамықпай­ты­­нында жатса керек...

Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

614 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы