• Бизнес & Қоғам
  • 27 Маусым, 2013

Білікті маман болашақ кепілі

Еліміздің ертеңі – білімді жастар. Қазақстанның гүлденуіне, болашағының жарқын көрініс табуына да үлес қосатын осы жас ұрпақ. Сондықтан да олардың тәрбиелі, білімді, саналы, жігерлі болуы біз үшін мақтаныш. Осы тұрғыда әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Мәнсия САДЫРОВАНЫ әңгімеге тартып, жастардың әлеуметтік мәселелеріне тоқталуды жөн көрдік. 

– Мәнсия Сапарғалиқызы, студенттердің әлеуметтану ғылымына деген құлшынысы қан­дай және бұл сала оларды несімен қызық­тырады? 
– Бүгінгі таңда елімізде  әлеуметтік саясатқа   үл­кен маңыз беріліп отыр. Әлеуметтік саясатты жаңғыр­­ту мәселесі Елбасының халыққа арнаған «Қа­­зақс­тан – 2050» стратегиясында да ай­тыл­ған. Себе­бі қазіргі уақытта біз экономикалық  процестерді дамытумен қатар, әлеуметтік және жеке тұлғалық процестерді бірге дамытуымыз керек. Меніңше экономикалық  процестердің жүзеге асуына, оның сапасына әсер ететін әр жағынан қамтылған тұлға болып есептелінеді. Сондықтан да әлеуметтік саясатты тиімді жүргізсек және оның жаңа бағыттарын кешенді түрде алып жүретін болсақ, біз болашақта Қазақстанды гүлдендіретін, жаңа инновациялық бағытқа алып келетін жастарды дайындаймыз деп ойлаймын. Әлеуметтану ғылымында экономикалық тұлға, әлеуметтік тұлға деген түсінік бар. Экономикалық тұлға түсінігі елімізде нарықтық қатынасқа көшкеннен бері жүзеге асты. Яғни, бұл тұрғыда табыс табу, қызметке тұру, белгілі бір жұмыс істеу механизмдерін, технологияларын білу және соған лайықты жалақыны талап ету сияқты бағыттарын айтуға болады. Ал әлеуметтік тұлға қызметі, ең алдымен оның артында не бар, адам не үшін табысқа құлшынады, неге еңбектің түр-түрімен айналысады, қалайша адамгершілік тұрғыдан белгілі бір қатынастарды жүзеге асырады деген сұрақтарға жауап алады. Сондықтан да біз атап өткен әлеуметтану ғылымы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлеуметтану пәнін ғана алып жүрмейді, сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлерді де дайындайды. Осы тұрғыда біздің кафедраның негізгі мақсаты – тек қана маман дайындау ғана емес, сонымен қатар қоғамның даму кезеңдерін терең түсіне отырып, оған талдау жасай алатын, басқара алатын, өздігінше шешім қабылдай алатын білікті маманды қалыптастыру. Бұрынғы кезде бізде мамандық дайындауға маңыз берген болса, бүгінгі күні мамандық дайындаудың көптеген қырларына да мән беріледі. Сосын әлеуметтану ғылымының бір ерекшелігі жеке тұлғаны қалыптастыруда әр түрлі бағытты қарастырамыз. Соның ішіндегі алғашқы бағыт кәсіби біліктілікке негізделген. Яғни, оқу жоспарларының барлығы қазіргі заманғы оқу бағдарламасын талдай білетін қызметкерлерді дайындауға бағытталған. Екінші талап, бұл психо­логиялық тұрғыдан тұрақты болу. Қазіргі таң­да біз күн сайын күтпеген мәселелерге тап болуымыз мүмкін. Әлеуметтану факультетінде болашақ басшылар, білікті мамандар дайындалатындықтан, олар оқу жүйесінде әр түрлі психологиялық қарым-қатынастың қыр-сырын меңгеруге, өзін ұстай бі­луге, психологиялық тұрғыдан пайда болған проблемалардан оңай жол табуға өздерін бейімдейді. Үшіншіден, бізді студенттердің денсаулық мәселесі қатты алаңдатады. Бүгінгі маман, бүгінгі басшы дені сау болған кезде ғана қоғамға белгілі бір үлес қосатындығы айтпаса да түсінікті. Жастардың өздерін дұ­рыс ұстауы, түрлі сырқаттардан аман болуы біз үшін басты жауапкершілік есебінде саналады. Сондықтан да «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» бағдарламасы аясында да біздің университетімізде көптеген спорттық шаралар ұйымдастырылады. Тіпті, салауатты өмір салтын ұштастыру жатақхана жұмыстарында да қолға алынып жатады. Жыл сайын студенттеріміз профилактикалық тексерістен өтіп отырады. Біз оларға осы бастан денсаулықтарына немқұрайлы қарамауына кеңес береміз. Тұлғаны қалыптастырудағы тағы бір бағыт студенттің рухани қалыптасуына негізделген. Олардың рухани түрде дамуы және адамгершілік мүмкіндіктері, потенциалы тұлға ретінде қалыптасуына оң ықпалын тигізбек. Мәселен, кез келген азамат білікті маман болғанымен, оның бойында адамгершілік қыры бәсеңдеу болса, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметтің жоқтығы көрініп тұрса, басшылық қызметке отыруы екіталай. Тіпті, мұндай жат мінез-құлыққа ие азаматтар көбінесе қызметтес әріптестерімен де келісімге келмей жататындығы анық. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін кафедрамызда мәдени шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, факультетімізде «Жүз кітап оқы» деп аталатын бағдарлама тұрақты жұмыс істеп келеді. Жақында Құрманғазы атындағы консерваторияның оркестр құрамы бізде арнайы қонақта болып, тамаша концерт ұйымдастырды. Жастар арасында дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттау барысында бұл концерттің берері көп болды. Студенттеріміз кездесу барысында қазақ музыкасына деген сүйіспеншілігін, өзіндік ой-пікірлерін білдіріп жатты. Сондықтан да болар, әлеуметтану ғылымына деген қазақстандық жастардың қызығушылығы жақсы. Үйренсем, білсем екен деп тұрады.  
– Ал өзіңіз осы салаға қалай келдіңіз? 
– Қазақстанда әлеуметтану ғылымының дамуы 1988 жылдан бастау алады. Яғни бұл кезеңде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алғаш рет әлеуметтану кафедрасы ашылған бола­тын. Осыған дейін кәсіби социологтар болды, дайын­далды деп айта алмаймыз. Кейінгі бес жылдан бастап қане кәсіби әлеуметтік қызметкерлер дайындала бастады. Сондықтан да алғашқы кезеңде социологтарды дайындауға үлес қосқан тарихшылар, философтар, тілшілер, филологтар болып есептелінеді. Өзім 1981 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетін бітірдім. Бірақ бітіргеннен кейін мен тарих емес, философия саласына кеттім. Одан кейін, 90-шы жылдары политология мен социология пән ретінде қалыптасты. Осы уақыттан бастап социологияны таңдадым. Өзімді 1988-89 жылдары социологияның қалыптасу кезеңінен бастап үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі ретінде санаймын. Бұл саланы таңдау саналы түрде болды. Себебі маған қазіргі қоғам, онда болып жатқан процестер, түрлі жаңалықтардан хабардар болу ұнайтын. Ал тарихтан алған білімім көп көмегін тигізді.  
– Жалпы студенттермен қандай бағытта жұмыс істейсіздер? Сабақтан тыс уақытта олармен жеке сөйлесесіздер ме? 
– Факультет ұстаздары студенттердің тәрбие жұмысына өте көп мән береді. Тек қана оқу процесінде ғана емес, студенттермен лекцияда, семинарларда кездесеміз. Одан кейін студенттердің өзіндік жұмысы деген бар. Ол жерде де біз студенттердің білімі мен жеке басына қатысты мәселелерді кездесу барысында талқылаймыз. Тәрбие жұмысын да сөз етеміз. Сту­дентке өзіндік жұмысының тақырыбын таң­дауға көмектесеміз, тапсырманы қалай әзірлеу керектігін үйретеміз, қажетті әдебиеттерді қалай таңдауға болатындығына кеңес береміз. Ғылыми жұмыстарын көпшілік алдында қалай ұсыну керектігіне бағыттаймыз. Осы жерде студент өзінің мәселесі болса айтуына болады. Біздің кафедра әлеуметтік жұмыспен айналысатындықтан, студенттеріміздің көңіл-күйін іштей сезіп, артынша олармен жеке сөйлесеміз. Кейбір студенттер болады, өздері бірінші болып қадам жасап, көкейінде жүрген жағдайларын айтып, кеңес алып тұратын. Дегенмен де, әр студентпен жеке сөйлесе білу, жан-дүниесіне үңіле білу де ұстаздың біліктілігіне, тәжірибесіне байланысты. Себебі жастардың басым көпшілігі сырларымен бөлісе бермейді. Ата-анасына, тіпті жанында жүрген достарына да басында болып жатқан проблемаларын айтпайды. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында аптасына бір рет эдвайзерлік сағат, жиналыстар өткізіліп тұрады. Студенттер мұндай жиналыстарға белсенді түрде қатысады. Эдвайзердің қолында әрбір студенттің қайда тұратыны, бос уақытын қайда өткізетіні, ата-аналары туралы қажетті мәліметтердің барлығы болады. Бұл университетіміздің компьютерлік базасында да сақталған. Студенттің басына бір іс түскенде болмаса қиындыққа тап болған жағдайда олардың ата-анасына міндетті  түрде хабарлаймыз. Осы орайда студенттерге арналған әлеуметтік көмек көрсету орталықтары ашылса тіптен жақсы болар еді. Әсіресе, 1-курсқа қабылданған студенттерге университеттің талаптарына бірден үйренісіп кету қиын. Сол кезде әр түрлі жағдайлар орын алады. Кредиттік жүйеде білім алатын студенттеріміз алғашында сабақ үлгерімі жағынан төмен баға алып жатады. Одан қалса, жан-жақтан келген жас­тармен тіл табысу жағы қиынға соқтыруы мүмкін. Сондықтан да, алдағы уақытта осы мәселелерді ескере отырып, кафедрада осындай орталық ашуды жоспарлап отырмыз. 
– Университет қабырғасында оқып жүріп, шаңырақ көтеретін жастарымызға келсек. Олардың мұндай қадамы сіздіңше дұрыс па? Себебі осы кезеңде шаңырақ көтерген жас­тарымыздың көбісінің ажырасып кететін­дігі жасырын емес... 
– Жастардың бойында қызығушылық көп. Бірі терең білім алуды көздесе, екіншісі бос уақытын көңілді өткізуге, әр нәрсені танып-білуге арнағанды жөн көреді. Үшінші бір бағытындағы жастар отбасын құру мәселесін жоғары санайды. Ал енді университет қабырғасында жүріп отбасын құратын студенттердің жағдайына келетін болсақ, бұрын 70-80 жылдары студент отбасылар бар болатын, бірақ көп емес-тін. Ал қазір де өте көп деп те айта алмаймын. Бірақ, заманның талабына байланыс­ты отбасын ерте жастан құрып жатқан жастар жетерлік. Бұл біріншіден. Екіншіден, жастардың  шаңырақ көтеруі экономикалық жағдайына байланысты болуы мүмкін. Үшінші фактор жастардың өзіндік ұстанымының әр түрлі болуына негізделген. Тіптен отбасын құрғысы келмейтін жастарды да кездестіруге болады. Олар еркін өмір сүруді қалайды, қолдан келсе азаматтық некеде тұрудан да бас тартпайды. Міне, бұл мәселелерді біз «Отбасы социялогиясы» деген пәнде ізденуші жастарымызға кеңінен оқытамыз. Сол пәнді оқыту кезінде, кураторлық сағаттарда да теріс жолға апаратын жәйттердің қандай екендігін мысал ретінде айтып отырамыз. 
Жалпы өз басым, осы саланың маманы ретінде айтарым, отбасын дер кезінде құру керек. Әсіресе, медицинада қыз балалардың бала сүю жасы 18-ден 45-ке дейін делінген. Сондықтан қыздарымыздың 23-24 жастан қалмай, тұрмысқа шыққандары дұрыс деп есептеймін. 
Елімізде жастардың ажырасу мәселесі кеңінен етек алуда. Меніңше, Қазақстанда жастарды отбасына дайындайтын институттар ашу керек. Себебі, шаңырақтың шайқалмауы, отбасының ұйытқысы еліміз үшін маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан қоғамда белең алып жатқан әлеуметтік жағдайларға бәріміз бей-жай қарамай, нақты қадамдарға баруымыз керек. Шаңырақ көтеруге бел буған жастарымызға отбасындағы ері мен әйел рөлінің қандай болатындығын, алдағы болашағын ой елегінен өткізе отырып дұрыс шешім қабылдауына үлес қосуымыз керек. «Бала бауыр етің» дейді, қай ата-ана өз баласының бақытсыз күйін көруді құптайды дейсіз? Сондықтан жастарымыз тек өздерін ғана ойламай, екі әулеттің абыройын, тыныштығын сақтауға талпынса екен деп тілеймін. 
– Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан 
Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

1472 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы