• Ақпарат
  • 13 Қазан, 2011

Экономика: нарық жетегіндегі халық Даму Тәуелсіздік тартуы

Орал өңірінде орналасқан «Әлім» ЖШС құрылғанына 10 жыл толған, аймаққа танымал кәсіпорындардың бірі. Биылғы жылдан бастап полиэтилен құбырларын шығаруды қолға алған зауыттың жобасы 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

Өндірістік қуаты жылына 5000 тоннаға жететін, диаметрі 20-1200 мм болатын әр түрлі қалыңдықтағы полиэтилен тұрбалары 4-25 атмосфералық қысымға дейін шыдайды. «Әлім» ЖШС құрылтайшысы Ержан Бақтияровтың айтуынша, ұжым ұйымшылдығы және іскерлігінің арқасында мол табыстарға қол жеткізіп келеді. Кәсіпорын отандық тапсырыс берушілерден басқа «ИГС-СИЧИМ» БМ ЖШС-ның да сенімді серіктесіне айналды. Мәселен, аталмыш шетелдік компанияның тапсырысымен Шығыс-Қашаған кен орнында ірі құрылыс жобасы жүзеге асты. Қазіргі уақытта «Әлім» серіктестігі ИСО 9001:2009 сапа менеджменті жүйесі негізінде жұмыс істейді.

«Әлім» ЖШС жаңа өнімдері жақында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқау-көрмесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жүлдегер атанды.

Өндіріс

Жаңарған фосфор зауыты

Жаңа жамбылдық фосфор зауытында жастардың индустриялық форумы өтті. Олардың қатарында инженерлер, химиктер, технологтар, лаборанттар бар. Бұл кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енетін негізгі нысандардың бірі.

Қазіргі күні Елбасының даму бағдарламасының арқасында Қазфосфатта 5 бірдей инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде күкірт-қышқылы цех құрылысын, байыту фабрикасын, жаңа фосфор өндірісін ерекше атап өтуге болады. Осылайша өнім түрлерінің көбейіп, өтімділігінің артуы жастардың жұмыспен қамтылуына кең жол ашып отыр.

Сондықтан Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша қабылданған индустриалдық бағдарлама қазіргі уақытта жастардың ерекше назарында. Өйткені осы бағдарлама аясында жастарымыз жаңа мамандықтарды игеріп қана қоймай, сонымен бірге инновациялық кәсіпорындарда жаңа технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. «Президентіміздің жаңа бағдарламасы біздің кәсіпорын үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Атап айтар болсақ, біз өндірісті жаңғырту үшін инвестиция алдық. Енді өнім сапасын бұрынғыдан да жақсарту мақсатын көздеп отырмыз. Біздің зауытымыз өңірдегі ең ірі кәсіпорынның бірі болғандықтан, оның пайдасын барлық Жамбыл облысы тұрғындары сезініп отыр деуге болады», – дейді «Қазфосфат» ЖШС Жаңа жамбылдық фосфор зауытының директоры Мұқыш Ескендіров.

Астық

Егіннің 90 пайызы жиналды

Облыс әкімдіктерінен түскен мәліметтерге сәйкес, қазіргі таңда жиналған астық көлемі 24 млн тоннадан асып кеткен. Оның ішінде бидай –20,2 млн тонна. Осыған орай 22-23 млн тоннаның үстінде таза салмақтағы астық алынады деп күтілуде.

Парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биыл алдыңғы жылдармен салыстырғанда рекордтық көлемде астық жиналады деп мәлімдеді. Бұған биылғы ауа райының қолайлы болуы үлкен септігін тигізген. «Бұдан бөлек Елбасының мақсатты аграрлық саясатына сәйкес тәуелсіздік жылдарында саланы жүйелі түрде мемлекеттік қолдау осындай рекордтық көрсеткішке жеткізіп отыр. Өйткені дәл биылғыдай ауа райының қолайлы жағдайы бұрын да, мәселен 1999-2001 жылдары болған. Алайда ол кездері ауыл шаруашылығында жақсы тұқым, оңтайлы мерзімде егін сеуіп, жинауға мүмкіндік беретін өнімділігі жоғары техника, сондай-ақ тыңайытқыштар мен дәрі-дәрмектер қолданудың бүгінгідей деңгейі болған жоқ», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 90 пайыз егін алқабының астығы жиналып болған. Астықтың орташа түсімділігі гектарына 16,5 центнерден айналуда. Енді 1,6 млн гектар дәнді-дақылдар алқабы, оның ішінде 1,3 млн га бидай жиналады.

Баспана

Биыл 600 үлескер үйдің кілтін алады

Қазкоммерцбанк «Қуат» корпорациясы нысандарының аяқталмаған құрылысын қаржыландыру үшін үкіметтен 19,3 млрд теңге мөлшерінде үшінші транш алды. Құрылыс жұмыстарын аяқтауды «Global Building Contract» компаниясы жүргізетін болады.

Банкке берілген қаржы Алматыдағы «Сайран» мегаауданының «2», «20» және «42» кварталдарының құрылысын аяқтауға жұмсалады. Бұл тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру екі кезеңде жүзеге асырылмақшы. Алғашқы кезегі 2011 жылдың желтоқсанында іске қосылса, екінші кезегінің құрылысын 2012 жылдың тамызында аяқтау жоспарланған. «Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Сондықтан үстіміздегі жылы 600-ден астам үлескер қоныс тойын жасайды деп айта аламыз», – дейді Қазкоммерцбанктің басқарушы директоры Мағжан Әуезов.

Айта кетейік, «Қуат» корпорациясы құрылысын жүргізген бірқатар кешендер қазірде пайдалауға берілді. Мәселен, Астана қаласындағы «Гранд Алатау», Алматыдағы «Үштөбе», «46 квартал» және «29 квартал». Нәтижесінде 919 үлескер баспанаға қол жеткізді.

Қаржы

Тікелей инвестиция – несиеге балама

Банктер шағын және орта бизнеске несие беруге құлық танытпай отырған бүгінгі таңда кәсіпорындар қаржыландырудың қазақстандық нарықтағы жаңа тетігі – тікелей инвестицияларды игере бастады.

Мәселен, Aureos Central Asia тікелей инвестициялар қоры (ТИҚ) қазақстандық лак-бояу өнімдерін шығаратын қазақстандық «Держава» корпорациясы» ЖШС-нің 49 пайыз акциясын сатып алғанын хабарлады. Aureos Central Asia қоры Қазақстанда және Орталық Азия мен Кавказ елдерінде шағын және орта бизнеске тікелей инвестиция салумен айналысады. Қордың инвесторлары қатарында «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Ұлттар қауымдастығы елдері даму корпорациясы (CDC), Нидерланд даму қаржы компаниясы (FMO), Жапонияның даму банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі бар. Қордың жалпы капиталы $70 млн. Қазіргі күні қордың На сегодня инвестициялық қоржынын «Лизинг групп» АҚ (Қазақстан), «Ала ТВ» (Қырғызстан) және «Держава» корпорациясы» ЖШС-сі (Қазақстан) құрайды.

Агрокешен

Жаңа қойма пайдалануға берілді

Павлодар облысында жобалық қуаттылығы 12 200 тонна болатын жаңа көкөніс қоймасы пайдалануға берілді.

«Маяк» шаруа қожалығына қарасты құны 917,1 млн теңгенің бұл құрылысын ауылдағы инвестициялық жобаларды іске асыру аясында «Қазагроқаржы» АҚ қаржыландырған. «Маяк» ШҚ жемшөп өндірісі мен мал шаруашылығына маманданған шаруашылық. Биыл шаруасын әртараптандырмақшы болып шешкен шаруашылық картоп өсіруді және көкөніс қоймасын салуды қолға алған. Бүгінгі күні жаңа егіннің өнімін жинап алған шаруалар 10 500 тонна картопты сақтауға қойды. Облыс орталығы шегінде тұрғызылған жаңа көкөніс қоймасы – шаруа қожалығы көкөніс сақтауға арнап тұрғызған үшінші қойма. Бұған дейін тұрғызылған жалпы сыйымдылығы 5 300 тонна екі көкөніс қоймасы Кеңес ауылында орналасқан. «Маяк» ШҚ мамандарының айтуынша, жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтау мүмкіншілігінің арқасында шаруашылық келесі жылы 25 мың тонна картоп өсіріп, сақтауды жоспарлап отыр.

Қаржы

Алғашқы ауқымды жоба

Еліміздің бас банкінің еншілес компаниясы «ҚР Ұлттық банкінің банктік сервис бюросы» РМК Түркіменстанның  орталық банкімен  Ұлттық төлем жүйесін жеткізу және енгізу туралы келісімшартқа қол қойды.

– Бұл – біз үшін маңызды оқиға. Біз Теңге сарайы мен банкнот фабрикасының өнімдері туралы көп айтып жүрміз. Енді төлем жүйесінің кешендік құрамына қатысты тендерде біздің еншілес компаниямыз жеңімпаз болып отыр. Оған ағылшын, швед компаниялары да қатысқан болатын, – деді Григорий Марченко Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында.

Түркіменстан орталық банкі ұлттық төлем жүйесін  жаңарту бағдарламасы бойынша ашық байқау ұйымдастырылған. Оның қорытындысы бойынша «ҚР Ұлттық банкінің банктік сервис бюросы» бағдарламалық кешенді жеткізумен және енгізумен қамтамасыз етпек. Оған нақты уақыт жүйесінде жалпы есептеу жүйесі (RTGS) мен клирингтік есептеу жүйесі және тағы басқа инфрақұрылымдық бөліктер еніп отыр. Бұл Ұлтық банктің ел аумағынан тыс жерде өзіндік ақпараттық технология өнімдерін (100 пайыз қазақстандық мазмұнда) жеткізуге бағытталған алғашқы ауқымды жобасы болып табылады.

Мұнай

Қарым-қатынастың жаңа үлгісі қалыптасуда

Алматыда өткен  19-«Мұнай және газ» халықаралық конференциясында  Қазақстан шетелдік инвестицияларды әртараптандыруда деп айтылды.

«Каспий теңізінің қазақстандық қайраңындағы болжамдалған отын  қоры шартты түрде 8 млрд  тонна. Оған 14,5 млрд тонна мұнайды қосуға болады. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі Қашаған, Құрманғазы, Жемчужина, Жамбай, Жамбыл және Сәтбаев сияқты бірнеше мұнай-газ жобасы бар.  Олардың бәріне шетелдік инвесторлар белсенді түрде қатысуда», – дейді «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Алиакпар Матишев.

Соңғы жылдары Қазақстан мұнай-газ саласына Үндістан, Оман, Корея компанияларын тартты.  Бұл еліміздің шетелдік инвестицияны әртаптаптандырудағы саясатының көрінісі. Қазақстан қазір мұнай-газ саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыруда өзінің  қаржы құралдары мен технологиялық мүмкіндіктерге ие болды. Осы тұрғыда Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісі қалыптасуда.

Атом

Он жылдың көлемінде салынуы мүмкін

Атом электр стансасын салу туралы нақты шешім алынған күнде, бұл міндет алдағы 10 жылдың көлемінде жүзеге асады. Астанада өткен VI еуразиялық энергетикалық форумда «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының вице-президенті Сергей Яшин осылай мәлім етті.

Биыл қазақ үкіметі атом энергетикасын дамыту туралы бағдарлама бекітті. «Аталмыш құжатта еліміздегі атом энергетикасын дамыту негіздері көрсетілген. Алдағы уақытта бізге осы атом энергетикасының рөлі мен орнына қатысты мәселені нақтылау қажет болады. Сонымен қатар станса салынатын орынды белгілеу керек. Жапонияда орын алған оқиғаларға қарамастан, бүгінгі күнде дәстүрлі энергия көздеріне балама бола алатын, ұзақ мерзімге негізделген энергия қуаты тек атом энергетикасы болып табылады», – дейді ол.

Өңірлік даму

Суармалы алап құрылысы басталды

Павлодар облысының Железинск ауданындағы халыққа әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерінің қысқа дайындығын аралап көрген аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлермен кездесіп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Дихан» ЖШС қолға алған ірі инвестициялық жоба – суармалы алап құрылысының барысымен танысты.

Жобаны қаржыландыруға кәсіпорын жеті млрд теңгеге жуық несие қаржысымен қатар, өз қаражатын да құймақшы. Құрылыс жұмыстарын алдағы жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Кәсіпкерлік жақсы өрістеп отырған аудан халқы үшін қолайсыздық туғызып отырған мәселенің үлкені – жолдың нашарлығы. «Осы мәселеге орай өтініштер көптеп түсуде, деді әкім. Бұл түйткілді шешетін боламыз. Жолдан қиындық көріп отырған елді мекендер мен шаруашылық жолдарын жөндеуге қажетті қаржы бюджетке салынады».

Құрылыс

Күршімде көпір пайдалануға берілді

Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында қатарынан бірнеше нысанның салтанатты ашылуы болды.

Төсқайың ауылында Қара Қаба өзеніндегі көпір құрылысы пайдалануға берілді. 80 тонна жүк көтеретін жаңа көпірдің ұзындығы 84,5 метр. Көпір құрылысын жүргізу үшін былтыр тамыз айында «Зайсан құрылыс» ЖШС мердігер компаниясына бюджеттен 216 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Сонымен қатар Теректі ауылында қайта жаңартылған су жүйесінің БВУ-20 су  тазалау құрылғысы іске қосылып, Теректі №1 орта мектебі және мектеп жанындағы кіші орталық пен мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы