• Бизнес & Қоғам
  • 18 Шілде, 2013

Сынапты шам сынбай тұрмайды ал сынап у-дан бетер қауіпті

Электр жарығынсыз өмірімізді елестету қиын. Соңғы кезде осы қуат үшін коммуналдық төлем мөлшері көбейген сайын электр жарығын үнемдеу мәселесі де алдыңғы орынға шықты. Соған орай, электр қуатын үнемдейтін құрамында сынап бар лампалар да көбейді. Мұндай лампаларды әсіресе, кәсіпкерлер көбірек қолдануға көшті. Әрине, жеке тұрғындар да қалысып жатқан жоқ. Өйткені, шама келсе, қалтамыздағы қаржыны бәріміз үнемдегіміз келеді. Алайда, электр қуатын үнемдейтін лампаларды қолданудың да қауіпті жақтары аз болмай шықты.

Лампаның құрамында сынап болған соң ол міндетті түрде залалсыздандырылуы керек. 

Жанып кеткен лампаларды қоқысқа лақтыра салуға болмайды. Мамандардың айтуынша, бір грамм сынаптың өзі бірнеше адамның ағзасын улауға жеткілікті көрінеді. Егер, тұрғындары бар, кәсіпкерлері бар электр қуатын үнемдейтін лампаларды лақтыра берсе, айналаға қаншама улы, зиянды заттар таралатынын көзге елестетудің өзі қиын. Сондықтан Астанада кәсіпкерлерге осы тұрғыда қатаң талап қойыла бастады. Жарамдылығы біткен лампаларды залалсыздандыру орындарына өткізбеген кәсіпкерлерге айыппұл салынатын болды. Бұл айыппұл түрінен аман қалуыңыз үшін қолыңызда құрамында сынап бар лампалар қалдығын залалсыздандыру пунктіне өткізгеніңіз жөнінде акті болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Астана қаласы бойынша экология департаменті берген мәліметтерге қарағанда, елімізде құрамында сынап бар лампаларды залалсыздандырумен айналысатын кәсіпорындар санаулы ғана екен. Тіпті, соңғы кезде мұндай қызметті Қарағанды қаласындағы «Сандерс» ЖШС атқаруға көшкен. Ал Астана қаласында бір-екі қабылдау пункті ғана қалыпты. Олар жиналған қалдықты Қарағандыға жөнелтіп отырады.

–Біздер қажеттілікке байланысты мұндай лампаларды өздеріміз де жинауға барып тұрамыз. Әзірге, кең көлемде жұмыс істеу мақсатында жеке ЖШС-лармен әріптестік қатынас орната қойғанымыз жоқ. Құрамында сынап бар шамдарды бюжеттік ұйымдардан да жинаймыз. Жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты атқаруға жергілікті бюджеттен арнайы қаржы қарастырған. Біз сол қаржыны игеріп отырмыз, – дейді «Сандерс» ЖШС директоры Александр Камышный.

Ал, жеке тұрғындар мұндай лампаларды арнайы орынға өткізу қажеттігінен мүлдем хабарсыз болса, кәсіпкерлер жағы өткізу орындары қай жерде орналасқанын білмейді.

–Бұл мәселені қарапайым жолмен жолға қоюға болады. Бар болғаны лампаларды сату мен жарамсыздары, істен шыққандарын қабылдау орындары арасында өзара байланыс орнатылмаған. Бұған мемлекеттік және жеке кәсіпорын арасындағы әріптестік орнату арқылы қол жеткізуге болады. Лампаларды сатқан кәсіпорын сатып алушыларға оның қай жерде кері қабылданып, қай жерде залалсыздандырылатыны жөнінде ақпарат беріп отыруға міндеттеу керек. Ең тиімдісі лампаларды сатқан кәсіпорын оны кері қабылдау міндетін де қоса атқарғаны жөн. Сосын қалдық өнімдерді өндеп, залалсыздандыратын кәсіпорындарға өздері жөнелтіп отырса, – деген ой айтады ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский. – Мәселен, Еуропадағы мұндай дүкендер сыапты лампа болсын, батарейкалар, электронды құрылғылар болсын, кері қабылдап алады. Істен шыққан тауарды кері өткізген сатып алушыға тауар алу кезінде арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Сондықтан бұл елдерде батарейкалардың да қалдығын лақтырмай, дүкенге кері өткізіп отырады. Біздің еліміз де осындай тәжірибелерді қолданысқа енгізсе, экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан тек ұтар едік. Ол үшін әрине, салық заңнамасын да қайта қарау керек. Меніңше, мұның басты себебі – біздің еліміздің байлығында жатыр. Біз әртүрлі қалдықтарға тауар ретінде қарауға әлі үйрене алмай жатырмыз, – дейді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, Астана қалалық санитарлық-эпимедиологиялық басқармасы өз кезегінде құрамында сынап бар лампаларды жинайтын арнайы контейнер жобасын жасаған екен.  Бұл контейнер 2000 лампаны сындырмай қажетті жерге тасымалдай алады. Әйтседе, бұл жоба әзір қолданысқа енгізіле қойған жоқ. Себебі кәсіпкерлерге контейнерге өнімін өткізгені туралы чек берілмейтіндіктен, бұл амал да оларды айыппұлдан құтқара алмайды. Ал тұрғындардың санасы, түсінігі оған әлі жете қоймағаны белгілі. Арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізбейінше, ешкім лампасын лақтыратын арнайы орынды іздеп жүрмесі белгілі.

Жақында ғана бұл мәселеге орай ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Қаныш Төлеушин өз ойын білдіріп, елімізде құрамында сынап бар лампаларды өндіруге, қолдануға  мүлдем тиым салу керек деді. Оның айтуынша, мұндай лампаларды залалсыздыандыруға қандай мөлшерде ақша бөліп, қандай механизмдер ойлап шығарсақ та нәтижесі нөлге саяды.

            –Елімізде қазір энерго үнемдейтін 13 зауыт жұмыс істейді. Соның 11 светодиодті база негізінде экологиялық таза өнім шығарады. Қалған екі зауыттың базасын қайтадан жасақтауға болады. Мұның бәрі, әрине олардың келісімімен жүргізіледі, – деді вице-министр өз сөзінде.

            Орайы келгенде айта кетейік, елімізде қуаттылығы 100 ватт және одан да жоғары болатын балқытылған лампаларды қолдану өткен жылдың басынан заң жүзінде тиым салынған еді, биылғы жылдың басынан қуаттылығы 75 ватт «Ильич шамдарын» өндіруге, сатуға тосқауыл қойылды. Ал алдағы жылдары біздің еліміз толықтай светодиодты энерго үнемдейтін лампаларды қолдануға көшеді. Бірақ, дүкендерге барсаңыз, балқытылған лампалар бұрынғыша емін-еркін сатылып жатыр. Сонда оларға қой дейтін қожа болмағаны ма?

Меңдолла Шамұратов,

Астана

 

550 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы