• Бизнес & Қоғам
  • 25 Шілде, 2013

С.Сәдуақасұлының азаматтық және қайраткерлік тұлғасы

Әуелғазина Толқын.Қ. 
саяси ғылымдарының докторы, доцент
 
«Біз әдебиетті, мәдениетті мысалға алғанда
 аз ғана ғұмыр кешіп, көп мұра берген ақын-
жазушыларды жарқ ете ағып түскен жұлдызға
 балаймыз.
Әрине, олардың дана талантына дау жоқ.
 Ал, С.Сәдуақас­ұлына келсек, осынау ұлы тұлғаны
 саясат­та ағып өткен жарық жұлдыз дегім ке­леді»
М.Қойгелдиев

 

 
Қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы қысқа ғана ғұмы­рында ел мұраты жолында көп іс тындырып, аз жасында артына мол мұра қалдырып кеткен ерекше тұлға. Ол 1917 жылғы төңкеріске дейін-ақ саясатқа араласа бастаған. 16-17 жасынан Омбы қаласында қазақ жас­тарының «Бірлік» атты алғашқы жастар ұйымын құруға қатысады. «Бірліктің» мақсаты оның бағдарламасында көрсетілгендей «қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау» болатын. Қазан төңкерісінен кейін «Бірлік» мүшелері екі бағытқа бөлініп кетеді. 1918 жылы ұйымның ұлттық мүддені қолдаушы тобы жалпы қазақ жастарының басын біріктіріп, «Жас азамат» атты ұйым құрады. Оған мыналар кірген: төрағасы Мырзаұлы, мүшелері Смағұл Сәдуақасұлы, Мұратбек Сейітұлы, Гуля Досымбекқызы, Әбдірахмен Байділдәұлы. 1918-1919 жылдары С.Сәдуақасұлы Батыс Сібір кооператорлар одағында жұмыс істейді. Ал, 1920 жылы Омбы қаласында шыға бастаған «Кедей сөзі» газетін ұйымдастырып, соның жауапты шығарушысы болады.
С.Сәдуақасұлы 1920 жылдың 4-12 қазаны аралығында өткен Қазақ автономиясын жариялаған Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезінде Ақмола губерниясынан делегат болып сайланады. Осы съезде ол Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төралқасы құрамына сайланады және Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болады. Міне, осы тұстан бастап іскерлік қабілеті күшті өжет қайраткердің партия қатарындағы қоғамдық-саяси қызметі басталады. Ол Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңес Күншығыс ұлттары жастарының Орталық Бюросында, Қазақ Автономиялық Республикасының өкілдігінде, Қазақ Автономиялық Республикасы Жоспарлау комиссиясында, Халық Ағарту Комиссариатында жауапты әрі жетекші жұмыстар атқарады.
Республика басшылығына Ф.И.Голощекин келген мезгілде С.Сәдуақасұлы оқу-ағарту жұмысын жандандыру, жергілікті кадрларды тәрбиелеу, мекемелерді қазақыландыру және т.б. Қазақстан өміріндегі өзекті мәселелерді шешумен айналысып жүрген тәжірибелі, саяси күресте ысылған қайраткер болатын. Ф.И.Голощекин: «Қазақстанда 1917 жылдың қазанынан 1925 жылдың қыркүйегіне дейін Совет өкіметі болмаған, қазақ ауылы Октябрь лебін сезген емес», - деген солақай тұжырым жасап, Қазақстанға ауылда «Кіші қазан төңкерісі қажет деген идеясын» ала келді. Ұлт мүддесін көздеген С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, Ы.Мұстамбаев, А.Кенжин және басқа қазақ қайраткерлері Ф.И.Голощекиннің бұл идеясына ашық түрде қарсы шықты. Жауапты хатшы С.Сәдуақасұлы жайында: «Мен ауылда «Кіші Октябрь» жасау керек десем, ол кез-келген Октябрьге қарсы. Мен ауыл төңкеріс тәсілін тілейді деп тұжырым жасасам, жолдас Сәдуақасұлы мұны жоққа шығарады. Біз ауылдағы азамат соғысына қарсы емеспіз... Жолдас Сәдуақасұлы мұндай азамат соғысына түбегейлі қарсы. Біздің өзара келісе алмауымыздың мәні осы», - деп жазды.
Бұл кезеңде республикадағы әлеуметтік-экономикалық қайта құрылыстардың қарқыны мен әдістері туралы өзіндік көзқарастары бар Ж.Мыңбаев (Қазақстанның Орталық Атқару Комитететінің төрағасы), Н.Нұрмақов (Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы), С.Сәдуақасұлы (Халық Ағарту Комиссары және «Еңбекші қазақтың» жауапты редакторы) Ф.И.Голощекинмен бірқатар мәселелерде келісімге келмеді. Олар: қазақ ауылын кеңестендіру, мекемелерді қазақыландыру, өнеркәсіпті дамыту, оқығандарға көзқарас.
ХХ ғ. 20-жылдары ауылды кеңестендіру туралы мәселе ерекше талас тудырды. Алғашқы сын С.Сәдуақасұлына қарсы бағыт алды. Оған және онымен пікірлестерге «ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Кеңес өкіметіне жасамақ ықпалын білдіреді» деген айып тағылды. С.Сәдуақасұлының 1923 жылы наурызда болған Қазақ партия ұйымы ІІІ конференциясында байлар меншігін тәркілеуге байланысты сөйлеген сөзі қаралауға негіз болды. Онда С.Сәдуақасұлы: «қазіргі кезеңде ел сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж. Елді жаңа экспроприациялар емес, ең бек пен ғылым құтқармақ. Экспроприация идеясы билікке қарсы көтеріліс немесе соған жақын нәрсе. Бізге патша өкіметі тұсында мұндай қоздыру қызық болғанымен, біздің жағдайымызда қазақ даласында ондай жасанды қоздырулар туғызудың қызығы шамалы. Мемлекеттік адамдар мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлау керек», - деген болатын. Бұдан С.Сәдуақасұлы байлар тобының қамқоршысы болған екен деген ұғым тумау керек. Ол байлар қаржысын пайдалана отырып, кедейлерге көмек қорын  жасауды ұсынды.
1926 жылғы 25-30 қараша аралығында өткен Қазақ өлкелік партия комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының бірлескен ІІІ пленумында сөйлеген сөзінде С.Сәдуақасұлы: ...бай хақындағы мәселені жеңіл мәселе екен деуге болмайды, бұл мәселені дұрыс шешу үшін әркім ойланып, дұрыс шара қолданушылықты айтып өткені керек. Сәдуақасұлының байшыл еместігін бұл да көрсетіп отыр... Өзімше байды жақтаған, байшыл болған жерім жоқ, Байшыл дегенді мен жала деймін... Менің ойымша бұл жұмыс та  жалғыз менің міндетім емес, жалпы Қазақстан коммунистерінің міндеті», - деп атап көрсетті. Ол қазақ ауылында байлармен күресті тек бейбіт экономикалық әдістерді қолдану арқылы жүргізуді ұсынды. Осылайша, С.Сәдуақасұлы дәстүрлі шаруашылықты күрт бұзуға әкелетін асыра сілтеушілікке қарсы болып, қазақ ауылын революциялық негізде қайта құру үшін біркелкі даму жолын жақтады.
Бұл кезеңде жүргізілген маңызды жұмыстардың бірі – мекемелерді қазақыландыру мәселесі болды. Мекемелерді қазақыландыру, бұл – іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу және келген адамдармен қызметкерлердің жергілікті ұлттық тілінде сөйлесе білу қажеттілігі еді.
1926 жылы қараша пленумының қарарында С.Сәдуақасұлы мен Ж.Мыңбаевқа: «олар өздерінің талаптарында бір жағынан, партия аппараты мен Совет аппараттын халықтың ұлттық құрамының пропорциясына қарай қазақтандыруға дейін барды, екінші жағынан нақты кандидатураларды және партиялық басшылықты қамтамасыз етуді есепке алудың орнына басты назарды партияның жоғарғы буынының басшыларын қазақтандыруға аударды», - деген баға берілді.
Аталған пленумда С.Сәдуақасұлы қазақыландыру жайында: «қазақыландыру ретіндегі хатты Голощекин екеуіміз жазғанбыз, менің құрған жоспарымды комиссия нашар деп тапқаннан кейін Голощекин түрліше өзгерістер кіргізген. Өзгерістердің ішінде қазақ жігіттерінің кейбіреуі қазақыландыру мәселесін теріс ұғынып, есепсіз 100 процентке дейін қазақыландыру жұмысы жүзеге ассын деп айтады, қылып, айтып өткен. Менің қарамағымша, өлкелік партия комитеті бюросында айтарлықтай қыңыр жақтылық болған жоқ еді», - деп атап көрсетті.
Алайда С.Сәдуақасұлына «мекемелерді қазақыландыру жұмысында процент қуып жүр» деген айып негізсіз түрде таңылады. Бұған С.Сәдуақасұлы: «айналып келгенде процент әңгімесі қазақыландыру жұмысында негізгі мәселе емес қой», дей келіп, одан әрі ойын өрбіте түседі: «Қазақстанның кейбір уездерінде 90 процент қазақ бар. Мекемесіне келсек, көбі қазақ емес. Қазақпен мекеме орысшалап сөйлеседі. Міне, осындай уездерді мысалға алып, қазақыландыру жұмысының шабандығын айтсаң, сен процентпен қолданайын деген екенсің дейді. Процент бізге негіз емес, бірақ процентті ұмытып кетуге де болмайды. 90 процент қазақ уездерінде мекемені орысшалап қою қай негізге жөн болар қояр ма екен?». Яғни, сол кезеңде-ақ ұлт зиялылары Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік салаларда батыл қолданысқа енгізу мәселесін шешуді батыл түрде күн тәртібіне қойған болатын. Ал, бүгінде Қазақ елі өз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болғалы жиырма жылдан асса да, мемлекеттік тілдің әлі де болса көсегесінің көгермеуі, сондай-ақ, ұлт зиялыларының сонау ХХ ғ. 20-шы жылдарында-ақ қазақ тілін ел тұрғындарының өмірлік әрі қоғамдық қажеттілігіне айналдыру мақсатының әлі күнге дейін өз шешімін таппауы көңілге қынжылыс тудыратыны анық.
Осылайша, С.Сәдуақасұлы жергіліктендіру жұмысының да мән-мағынасын терең ұғынған қайраткерлердің бірі болатын. Ф.И.Голощекин үшін жергіліктендіру – қазақтарға қазақ тілінде қызмет көрсету болса, ал С.Сәдуақасұлы үшін мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіру - сан ғасырлар бойына отарлаушы саясат езгісінде болып келген қазақ елінің ұлттық мақсат-мүддесін қорғайтын саяси, экономикалық және рухани тәуелсіз ұлттық мемлекет құру болатын.
ХХ ғ. 20-жылдарының ортасында республикада нақты билікті орталық органдардың қолына шоғырландыру ісі қызу жүзеге асырылып жатты. Ф.И. Голощекин қысқа мерзім ішінде Өлкелік комитетті, оның облыстық, губерниялық, уездік буындарын қайта топтастырып, Өлкелік Комитет Бюросын республикадағы ең өзекті мәселелерді шешетін орынға айналдырды. Өлкелік Комитет Бюросының рөлінің бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілуіне ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткерлер қарсылық көрсетті.
Осы кезеңде Қазақстанда республиканың болашағы, әсіресе, онда өнеркәсіп орындарын ашу, ұлттық  жұмысшы кадрларды жасақтаудың жолдары жөніндегі мәселелердің төңірегінде қызу пікір-таластар  өріс алды. Ф.И.Голощекиннің көзқарасы бойынша, Қазақстан елдің өнеркәсібі дамыған өңірлері үшін шикізат базасы болуға тиіс еді. Қайраткер С.Сәдуақасұлы бұған түбегейлі қарсы шықты, ол индустрияландыруды республика үшін барынша пайдалы тұрғыдан жүргізудің қажеттігін қолдап, «…қазақ кедейінің, Қазақстан кедейлерінің тағдыры ауылға ғана емес, қалаға да байланысты. Патша өкіметінің заманынан бері  қалмай келе жатқан қате көзқарастың бірі - ұлт республикаларына шикізаттар дайындап шығаратын аудан деп қате қараушылық. Мұны қою керек... Өнерлі кәсіп лайығына қарап болу керек деседі.
Дұрыс-ақ, тері шығаратын ауданда – былғары заводтары, жүн-жұрқа бар аудандарда  - жүн жуатын орындар, шұға фабриктері салыну керек», - деген құнды ойды пікірді өрбітті.
Ал, Ф.И.Голощекин болса: «өнеркәсіп саласында (Қазақстанда - Т.Ә.) ірі заводтар  салудан гөрі жергілікті бар майда және орта (астық өңдейтін, жүн жуатын, май жасайтын, техника жөңдейтін және т.б.) өнеркәсіп орындары маңыздырақ, ауыл шаруашылығымен байланысты және оны пайдалы ететін кәсіпорындарын салу керек», - деген көзқарасты ұстанды.
Ұлт аймақтарына өндіретін аудандар тұрғысынан қараушылықты жою қажет дей келіп, С.Сәдуақасұлы: «...Голощекин жолдас өнеркәсіпті ауыл шаруашылығының құйрығына құйысқандай қыстырып қойғысы келеді, сөйтіп Қазақстанның мәңгі-бақи ауыл шаруашылығымен ғана айналысатын республика болып қалуын қалайды. Өнеркәсіп орындары туралы әңгіме қозғағанда тек қана жөндеу шеберханалары жөнінде айтуға бола ма?... Голощекин жолдас жүн жуатын шеберханадан әрі қарай неге асқысы келмейді, ал шын мәнінде жер-жерде шұға фабрикаларын салу керек қой. Қазақстаннан шұға маталарды бірден алып шығу темір жол үшін әлдеқайда жеңіл емес пе, ал ол болса, әуелі жуылған жүнді Москваға, одан кейін сол жүннен жасалған шұғаны кері қарай алып келуі керек», - деп өз ойын одан әрі дамытты.
Бұл мәселе жайындағы ұстанымын С.Сәдуақасұлы былайша тұжырымдады: «Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуды «жоқтаушы» Голощекин өнеркәсіптің жоқтығы немесе баяу дамуы ауыл шаруашылығының өсуіне кедергі келтіретінін ұмытып кетсе керек, өйткені ауыл шаруашылығының  дамуы өнеркәсіптің дамуына тікелей байланысты ғой. Онсыз ауыл шаруашылығы өспейді де, өркендемейді де және онсыз колективтендіру де жүзеге аспайды». Алайда ұлт қайраткерінің Қазақстан жерінде өнеркәсіп орындарын ашуды дамыту, сондай-ақ, республикада индустрияландыруды жүргізуде жергілікті жердің ұлттық ерекшеліктерін ескеру қажеттігі туралы сындарлы пікірлері сол кезеңдегі басшылық тарапынан ескерілмеді. Міне, соның зардабын  Қазақстан ұзақ жылдар тартты. Коммунистік идеология үстемдік еткен кезеңде Қазақстан Орталықтың тек шикізат базасы болып келгені баршамызға аян.
С.Сәдуақасұлының ұлт республикасында  өнеркәсіп орындарын дамыту жайында көтерген өзекті ұсыныстары еліміздің бүгінгі күнгі талаптарымен де үндесіп жатыр. Қайраткердің жоғарыда атап көрсетілген тұжырымдарынан оның қазақ қоғамында дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыру арқылы өнеркәсіпті өркендетудің неғұрлым тиімді жолдарын ұсынғанын көреміз. Яғни, С.Сәдуақасұлы өз халқының гүлденіп-көркеюіне өзінің үлесін қосуға мейлінше тырысқан ұлт жанашыры болып табылады.  
Қазақстанға Ф.И.Голощекин жауапты хатшы болып келгенде С.Сәдуақасұлы Халық Ағарту Комиссары мен «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы міндеттерін бір мезгілде атқарып жүр еді. Халық Ағарту Комиссары қызметіне тағайындалысымен С.Сәдуақасұлы республиканың оқу ісін алға бастыру, мәдени-ағарту жұмыстарын жолға қою шараларын жүзеге асыруды қолға алды. Ол Халық Ағарту Комиссариаты алдында тұрған өзекті міндеттер мен оларды шешудің түрлі жолдарын қарастырып, бірінші кезекте жаңа талапқа сай мұғалімдерді қалыптастыру мен қазақ мектептеріне оқу құралдарын даярлау қажет екенін ұсынды. Оның бұл ойлары 1926 жылы «Еңбекші қазақта»  жарияланған «Оқу ісінің кемшіліктері: оларға қарсы шаралар» атты мақаласында тұжырымдалған.
Бұл мақалада С.Сәдуақасұлы қазақ мұғалімдері арасында орын алып отырған кемшіліктер мен оларды болдыртпаудын шаралары жайында айта келіп, «...мектепті түзейтін мұғалім. Мұғалім мектептің ұстасы. Мектепті бұзатын да мұғалім. Балық басынан шіриді. Мұғалім жолдан таймай, мектеп бұзылмайды. Мұғалім деген қадірлі ат. Мұғалім қадірлі болғанда ғана мектеп көркейеді. Жұрт мұғалімді танымаса, оны сыйламаса, мектеп те жөнделмейді», - деп айрықша ескерту жасайды. Қайраткердің мұғалім мамандығына берген мінездемесі әр заманда да еш мәнін жоғалтпайтын түсініктеме болып табылады. Оның себебі, өмірге келіп жататын ұрпақтар толқынын ұстаздар қауымы тәрбиелейді. Болашақ өмірдегі басшыларды да, ғалымдарды да, өнер қайраткерлері мен егінші-малшыларды да ұстаз өсіреді. Сол себептен ұрпақты тәрбиелеп жатқан ұстаздарды қадірлеу қай қоғамда болмасын аса ардақты міндет екендігі белгілі жайт.
С.Сәдуақасұлы 1927 жылы өткен Қазақстан мұғалімдерінің І съезінде «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасап, онда халық ағарту ісінің алдында тұрған төмендегідей басты үш мәселені  анықтап береді.
«Бірінші мәселе – жалпы еңбекшілерге хат танытып, мәдениетке жетіскен шаруа қылып шығару.
Екінші мәселе – өндіріс кәсібі, ауыл шаруашылығы, үкімет мекемелеріне керекті ысылған жұмыскер қызметкерлерді дайындау.
Үшінші мәеле – қазақтың ұлт мәдениетінің көтерілуіне керекті мәдениет-білім күштерін әзірлеу».
Еңбектің «Оқу құралдары және тіл туралы» бөлімінде: «...оқу құралдарын жазатын адамдардың саны бізде шағын, - дейді С.Сәдуақасұлы, - ылғи оқу кітаптарын жазуға ғана жалғыз Байтұрсынұлы. Басқа адамдар жоқ... Оқу кітаптарын жазу үшін құр хат танитын болу жетпейді, жазушы оқыту ғылымына жетік болуы керек. Балалардың психологиясын білу керек, жалпы алғанда оқымысты адам болу керек! Әйтпегенде пайда орнына зиян шығаруы мүмкін». Айта кетерлік маңызды жайт, қазіргі кезде оқулықтар мен оқу құралдарын жазу барысында С.Сәдуақасұлының ұсынған жолдарын ескерудің өзектілігі ерекше. Өйткені бүгінгі таңда жарияланып жатқан оқулықтар мен оқу құралдарының бір парасының мазмұны мен сапасы жас ұрпақ өкілдерінің түсінігіне сәйкес келмей жататыны баршамызға белгілі мәселе.
        Сөйтіп, республикадағы саяси ақуал күрт өзгере бастады. Бұған басты себеп болған И.В.Сталиннің 1925 жылдың 29 мамырында Қазақстанның партия басшылығына «Ақ жол» газетінің бағытына орай жолдаған хаты себеп болды. Онда И.В.Сталин «Ақ жол» материалдарымен танысуға мүмкіндігі  болғандығын айта келіп: «Мен партияда жоқ интеллигенттерді кеңес құрамына тартуды барынша жақтаймын. Егінхалқомы, ХШК, кооперация және басқа да шаруашылықтық органдар бұл адамдарды біртіндеп кеңестендіре отырып, мейлінше пайдалануға тиіс. Мен, сондай-ақ, партияда жоқ интеллигенттерді қырғыз мәдениетін орнықтыру ісіне тартуды да жақтаймын. Қырғыз тілінде оқулықтар құрастыру – мәдениет саласында бұл адамдардың пайдаланылуы тиіс басты майдан. Бірақ та мен партияда жоқ интеллигенттердің саяси және идеологиялық майдандағы күрес ісіне жіберілуіне мүлде қарсымын. Мен партияда жоқ интеллигенттердің қырғыз жастарына саяси және идеологиялық тәрбие берумен айналысуларына қарсымын. Біз өкіметті жастар тәрбиесін партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге тапсыру үшін алғанымыз жоқ. Бұл майдан толығымен және түгелдей коммунистерге қалдырылуы керек...», - деп қатаң ескерту жасады.
Осылайша, Орталық Қазақстанның ішкі ісіне орынсыз араласып, Алаш қайраткерлерін қоғамдық-саяси үдерістерден шеттетуге белсене атсалысты. Бұл жағдай Ф.И.Голощекиннің Қазақстанға жауапты хатшы болуымен онан әрі жалғастырылды. Жауапты хатшы Алаш зиялыларын жұмыссыз  калдырып, олардың Кеңес өкіметімен бірлесе отырып, өз ұлтының болашағы үшін қызмет ету мүмкіндігіне  шек қойды. Сондай-ақ, Ф.И.Голощекин қазақ зиялыларының алғашқы буын өкілдерін «буржуазиялық-ұлтшыл», «алаштық интеллигенция» деп жариялап, саяси қудалау жолына түсті. Ал, Халық Ағарту Комиссары С.Сәдуақасұлы керісінше, «біздің ойымызша, оқығандардың білімін пайдалану керек. Олар кітап та жазсын, мұғалім де болсын, бірақ ол кітапты сынап, түзетіп отыратын өзіміз. Айқайды қойып, іске кіріселік. Шетінен боқтамай, жаманын тастап, жақсысын еңбекші халықтың керегіне жаратайық», - деп партияда жоқ зиялыларды оқу-ағарту  ісіне, ғылым, өнер, баспа орындарында, ұлттық баспасөзде жұмысқа тартуға ашық және белсенді түрде қолдау жасады.
Қазақ Өлкелік Комитетін Ф.И. Голощекин басқарған 1925-1933 жылдар аралығында «Қазақстандағы жасырын контрреволюциялық ұйым совет үкіметін құлату мақсатын көздеді» деген желеумен ұлт қайраткерлерін, әсіресе, алаш қозғалысына қатысқан саяси тұлғаларды мемлекеттік басқару ісінен шеттету ісі қызу жүргізілді. Патшалық Ресей кезінде қазақ халқын өзара шен-шекпенге таластырған болса, енді кеңестік кезеңде елдегі саяси басқару институттары таптық жіктелісті өрбіту саясатын басшылыққа алды. Республикада топшылдықты, жікшілдікті жасанды түрде қоздыру арқылы елде басшы және жетекші қызметтерде болған С.Қожанов, С.Сәдуақасұлы, Ж.Мыңбаевтарды Ф.И. Голощекин бір-бірімен байланыстырып, «Қожанов, Сәдуақасұлы тобына негізінен С.Қожанов, С.Сәдуақасов және М.Мыңбаев бірікті», - деген ұйғарым жасады.
1925-1927жж. аралығы Қазақстанның партия ұйымында, саясатта, қоғамдық өмірде, экономикада біржақты шешімдер, келеңсіз құбылыстар басым болған кезең. Бұл жылдары Қазақстанның партия ұйымында «оңшыл» және «солшыл» ауытқушылықтармен күрес орын алды. Сондай-ақ, партия ішінен «сәдуақасовшыларды», «қожановшыларды» және осы сияқты толып жатқан шылдықтарды іздеу басталды.
1926 жылғы қараша пленумы Ф.И.Голощекиннің топшылдықты жасанды түрде қоздыру арқылы қысқа мерзім аралығында Қазақстанда Орталықтың бұйрығын мүлтіксіз жүзеге асыратын мемлекеттік өкімет аппаратын құру жолына түскенін көрсетті. Бұл пленум С.Сәдуақасұлының өмірінде  өзіндік орын алады. Осыдан кейін көп ұзамай БКП(б) Қазақ Өлкелік Бюросының 1937 жылғы 2 наурызда болған жиналысында С.Сәдуақасұлы «өз өтініші бойынша» Халық Ағарту Комиссары қызметінен босатылады. Осы жылы қайраткер Өлкелік Комитет Бюросының 22 маусымдағы шешімі бойынша Ташкенттегі ҚазПедвузға ректор болып тағайындалады.
1928 жылы С.Сәдуақасұлының «Большевик» журналының №1 санында «Ұлттар және ұлт өкілдері туралы» атты мақаласы жарық көрді. Онда С. Сәдуақасұлы партияның ХІІ сьезінің ұлт мәселесі жөніндегі қаулысының орындалу барысындағы кемшіліктер мен қателіктерге тоқталады. Қайраткер мақаласында «орталық органдар өзінің жұмысында ұлт мәселесіне мән беріп отырған жоқ», - дей келіп, өкіметтің ұлт аймақтарындағы өндірісті дамытуға, жер мәселесін жолға қоюға, басқару аппаратын жергіліктендіруге мүдделі болмай отырғандығын ашып көрсетеді. Мұнан әрі столыпиндік қоныстандыру саясатының себептері мен салдарын егжей-тегжейлі баяндай келе, С.Сәдуақасұлы ұлт аймақтарына «қоныстандыруды тоқтату, жергілікті тұрғындарды жерге орналастыруды аяқтау, игеруге жарамды жерлерді табу және оны зерттеу» сияқты елде жүргізілуге тиісті мәселелерге тоқталады. Осылайша, өлкенің экономикалық дамуындағы екі негізгі фактордың, атап айтқанда, индустрияландыру мен ауыл шаруашылығын рационализациялаудың рөліне ерекше көңіл аударып, С.Сәдуақасұлы социалистік құрылыстағы маңызды мәселені қозғады. Ол Одақты индустрияландыру жоспары жасалып жатқан шақта басшылықтың біздің республикамызды тек шикізат базасы етіп қалдыруды көздеу пиғылын әшкерелеп, ондай көзқарастың залалды екенін айтады.  Ұлт қайраткерінің осы мақалада ұсынған республиканың экономикалық тәуелсіздігін орнықтыру, оның өзін-өзі басқаруы мен елімізде өңдеуші өнеркәсіпті өркендету мәселелері тәрізді жайттары бүгінгі күн талаптарымен үндесіп жатыр. Оның осындай идеялары ресми органдар тарапынан қолдау таппай, қайраткердің қудалануына негіз болды. С.Сәдуақасұлы көп ұзамай Ташкент қаласындағы Қазпедвуздағы ректорлық қызметінен де босатылады. Москвадағы транспорт инжинерлері институтына түседі. Оны аяқтағаннан кейін Москва-Донбасс темір жолы құрылысында инженер-құрылысшы болып қызмет істейді. Осы жұмыста жүріп өндірістік апат салдарынан уланған С.Сәдуақасұлы 1933 жылы желтоқсанда Кремль емханасында қайтыс болады.
С.Сәдуақасұлының өмірі мен қайраткерлік қызметі – ұлтты сүюдің, елдік мүдде жолында жан аямай күресудің тамаша үлгісі. Ол Қазақ Автономиясының мемлекеттік мәселелерін шешуде ерекше білгірлік танытып, еліміздің болашағына шын мәнінде адал қызмет етті. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың ел тұтастығы, ұлт дербестігі үшін күрескен С.Сәдуақасұлы және т.с.с. ұлт қайраткерлерінің ізгілікті ісінен үлгі алып, оны ел мүддесіне жаратуы басты парыз болып табылады.
 

 

2061 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы