• Бизнес & Қоғам
  • 08 Тамыз, 2013

Жергілікті алма биыл піседі

Алмадан жоқтық көріп отырған жеріміз жоқ, Орал шаһарындағы қаптаған қара базарларда, өзге сауда нүктелерінде сықап тұр. Бірақ соның барлығы жергілікті емес, польшалық, қытайлық, ресейлік, өзбектің алмасы болып кете береді... Бірақ олардың дәмі таңдайыңа татымайды, сапасы күдікті (гендік модификацияланған болуы ғажап емес) көрінеді.  Биыл күзге салым тұтынушылар жергілікті бағбандар өсірген алманың дәмін татады, ал алдағы жылдары бұйырса, жергілікті өнім молая түседі.  

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, батысқазақстандықтар жылына 8 мың 240 тонна шамасында алма тұтынатын болса, соның жартысы сырттан тасымалданады. Өткен жылы облысымыздағы алма бақтарынан 992 тонна алма жиналған, бұл дегеніңіз облыс тұрғындары тұтынатын жылдық көлем межесінен 8,3 есе кем деген сөз. Ауа райы күрт құбылмалы біздің өңір жағдайында да алма өсіруге болады. Оған кеңестік заманда Орал қаласының маңындағы Теректі ауданындағы «Полодоягодный» (қазіргі Барбастауда) және  Приурал ауданының Мичурин ауылындағы «Плодоовощной» кеңшарында жайқалған алма бақтары болғаны дәлел. Облыстың барлық аудандарында (Жаңақала мен Қазталов аудандарын қоспағанда), барлық кеңшар мен колхоздар жанында шағын алма бақтары өсірілді. 1990 жылдың басында облыс аумағында шамамен 1950 гектар алма бақ болса, оның  тең жартысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігінде болатын. Бүгінде тұрғындардың жеке меншігіндегі бақтар 3,6 есеге, шаруашылық құрылымдарының иелігіндегі 4,6 есеге азайды. Енді, міне, соңғы жылдары алма бақтарын қалпына келтіру, жаңа бақтарды өсіру бағытындағы игі шаруалар қолға алынуда. 
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, елімізде 2007 жылдан бастап жеміс-жидек өсімдіктерін өсіруге жұмсалған шығынды субсидиялайтын бюджеттік бағдарлама іске қосылды. Осы бағдарлама шеңберінде 163 гектарға алма бағы салынды. Бақ өркендетуді қолға алғандардың бірі «Жером» ЖШС компаниясы169 гектарға, екінші «Алтын болашақ» ЖШС 10 гектарға алма ағаштарын отырғызды. Алайда мамандар бұл бағдарламаның талаптары қазіргі уақытта қатайғанын айтады. Алма ағашын өсіргісі келетіндер алдымен алма бағының жобасын жасақтап, алма ағаштары егілетін жердің топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізіп, тамшылата суару құрылғыларын орнатулары тиіс. Бұған екінің бірі тәуекел етіп бармасы анық. Өйткені мамандар алма бағын салу үшін қомақты қаражат қажеттігін және өнім алу үшін кем дегенде бес жыл күтуге тура келетінін алға тартады. Оған қоса күллі елімізде әлі күнге алма ағашының көшеттерін өсірумен айналысатын шаруашылықтар атымен жоқ. Рас, бүгінде Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында питомник шаруашылығын дамытуға бағыт ұстануда.
   
Барбастаудағы бақ 

Кәсіпкер ағайынды Роман мен Евгений Алиевтер Теректі ауданындағы Барбастау ауылындағы қараусыз қалған алма бақты  бес жыл бұрын жалға алды. Арам шөп қаптай өскен, ағаштарын тұрғындар отынға кесіп бұтарлап алған бақтың көрінісі тым аянышты еді. Ағайынды Алиевтер қурап қалған ағаштардың түбіртектерін бір жыл бойы қазып тазалады. Коммуникациялық желілер тартты. Содан кейін ғана Ресейдің табиғат жағдайы біздің өңірге ұқсастау келетін Ульянов және Орынбор облыстарындағы питомник шаруашылықтарынан аудандастарылған алма ағашы көшеттерін әкеліп, отырғызды. Алайда мемлекет «Жером» ЖШС компаниясына көшеттерді сатып алу шығынын субсидиялады және бақты салуға жұмсалған шығынның барлығын толықтай өтеді. Бұл істі жаңадан қолға алған кәсіпкерлерге үлкен көмек болды. 
Өткен жылы одан шамамен 20-30 тоннадай алғашқы өнім алынды. Бұрындары   алмасының   дәмі таңдайыңнан кетпейтін бақты қалпына келтіріп, Барбастауда алма шаруашылығын өркендетуді мақсат еткен Евгений болдым, болдырдым дейтін емес. Жеміс ағашының көшеттерін сіңіруді қолға алды. Қазір оның питомнигінде бір мыңға тарта ағаш көшеті отырғызылды. Алма ағаштарын күтіп-баптауға 20 жұмысшы тартылған. Бүгінде бақта алманың күзгі және қыстық сұрыптары өсірілуде. Қазіргі уақытта 146 гектар аумақтағы бақта алма ағашының 50 мың көшеті отырғызылды. Кәсіпкер биыл алма бақтан 200-300 тонна алма жинауды жоспарлап отыр. Бұйырса, алдымен жергілікті базарларды барбастаулық алмамен қамтуды ойлайды. Ал, алдағы жылы алма ағаштарынан жаппай өнім жинау басталады.
 - Күзге салым Барбастаудың алмасының сапасы мен дәмі сырттан тасымалданатын алма түрлеріне қарағанда әлдеқайда жақсы екенін дәлелдейміз, - дейді ол.

Ағайындылардың еңбегі

БҚО-дағы алма бағын өсірушілердің қатарында «Алтын болашақ» ЖШС-ның жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Зеленов ауданының Махамбет ауылдық округіндегі ағайынды Насыровтар дәмі тіл үйірерлік қарбыз өсіріп елге танылды. Еркін мен Насыр бақша дақылдарын, одан кейін көкөніс өсіруді қолға алды. 2009 жылы бақ өсіруге кірісті. Әуелі Ресейдің Саратов облысындағы питомниктен аудандастырылған тоғыз сұрыпты алма көшеттерін әкеліп, 10 гектарға отырғызды. Мемлекет ағайындылардың бақты дамытуға жұмсаған шығындарын толықтай өтеді. Жаңа алма бағын күтіп-өсіруге тиісті демеуқаржыны әлі күнге алып жүр. Олар алма ағаштарын отырғызғанда, өз өнімдерін кем дегенде 6-7 жылдан кейін алатынын білді. Қазір алма бақта «спартак», «кутузовец», “жигулевское”, «антоновка» және өзге сұрыптары өсірілуде.
– Биыл бұйырса, 2300 түп алма ағашының 10 пайызы өнім бере бастайды. Оны сауда нүктелеріне шығарамыз. Келесі жылы 40 пайызы алма береді, сөйтіп ұзақ күткен, баптаған алма бағымыздың жемісін көреміз, -деді Еркін. 
Насыровтар жылыжай шаруашылығымен де айналысады. Кезінде қомақты несиені 16 жылға алып, екі мың шаршы метрлік жылыжайды іске қосты. 2010 жылдың көктемінде  қиярдан мол өнім алып, сауда орындарын, Орал қаласының мемлекеттік мекемелеріне қамтыды. Өнім өткізуде қиындық жоғын біліп, өткен жылы тағы екі мың шаршы метрлік көктемгі жылыжай салып, іске қосты. 
- Өнім түрлерін көбейтуді мақсат етудеміз. Былтыр баққа өрік отырғыздық. Қазір ол ағаштарды да күтіп, баптаудамыз. Бір істі жете меңгеру үшін бір жыл аздық етеді, сондықтан өмір бойы үйренуге тура келетін шығар,-дейді ағайындылар. 
Шаруашылықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Өнім жинауға және егіс кезінде  мұнда 40 шақты адам жұмыс істейді. «Алтын болашақтағылар» өткен жылы жылыжайдан 76 тонна өнім алған. Биыл да сол шамада көкөніс өнімдерін жинауды межеледі. Биыл алма ағаштары жаппай гүлдеді. Енді күзде сауда орындарынан махамбеттік ағайындылардың бағында піскен алма да өз орнын табады.

Әлі қарық боламыз

Агроном-практик Николай Зинченконың айтуынша, соңғы жылдары саяжай шаруашылықтары өркендеуде. Мұның өзі облыс нарығындағы жеміс-жидек, алма мен алмұрттың, өрік түрлерінің молаюына әкеледі. Бақ өсіруге мемлекеттік субсидия беру тәртібінің қатаңдануы алма өсірумен айналысқысы келетіндердің аптығын басқандай болды. Алайда шындап айналысса бизнестің  нағыз табыс көзі болатын істі өз қаражатымен бастап жатқандар аз да болса кездеседі. Биыл көктемде «Орал лес» шаруа қожалығы(басшысы Виктор Мартьянов) Зеленов ауданының Щапов ауылдық округінен 5 гектар жер алып, алма  бағын салды. Осы аудандағы «Аманат»шаруа қожалығы (басшысы Бақтыгүл Баянова) Зеленов ауылдық округінен 4 гектарға алма ағашының көшетерін отырғызды. Ақжайық ауданында «Атамұра» шаруа қожалығы  да 4 гектарға алма көшеттерін отырғызып, балаша мәпелеуде. Тек биылғы жылдың өзінде 13 гектарға алма бақтары салынды. 
- Биыл, бұйырса, шамамен 1300 тоннадай, ал 2014 жылы 2 мың тоннадай өнім аламыз. Сөйтіп, уақыт алға жылжыған сайын өнім көлемі молая түседі. Саяжайшылардың алмасы піседі, -дейді Николай Зинченко. 
Қорыта айтар болсақ, алдағы жылдан бастап қала базарларында жергілікті бағбандардың дәмді жемісін молынан көретін боламыз. 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, 
Батыс Қазақстан облысы

621 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы