• Бизнес & Қоғам
  • 08 Тамыз, 2013

БӨКЕНБАЙ БАТЫР ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?

Тарихта ерліктерімен аты қалған ата-бабаларымыздың есімдері бүгінде ұлықталуда. Ғалымдардың арқасында олар туралы деректер жиналып, кітап шығарылды, көшелерге есімдері беріліп, ескерткіштер орнатылды. Көбісінің нақты сүйектері жатқан жерлері белгісіз болса да, белгілі деректерге сүйеніп, осы жерде жерленген деп табылған орынға белгі де қойылып жатыр. Бұл – ұрпақ парызы.
Табыннан шыққан баһадүр батыр Бөкенбай Қарабатырұлының да зерттеле келе нақтыланған, яғни батыр жерленген жерге ұрпақтары 2010 жылы ескерткіш тақта тұрғызған еді. Ас беріліп, «Баһадүр батыр Бөкенбай» деген кітап жарыққа шықты, Ақтөбе қаласынан батыр атына көше де берілді. 


Бөкенбай – қазақ-қалмақ соғысында, Жоңғар шапқыншылығында және де Ресеймен одақтас болуда аты шыққан табын тайпасының батыры. Әбілқайыр ханның кеңесшісі, қолбасшы, мәмілегер, елші болған. Бөкенбайтанушы, тарихшы-ғалым Зәкіраддин Байдосов өз зерттеулерінде: «2003-2005 жылдары біз үш рет Орал, Орынбор облыстарының Ақтөбе аймағына іргелес жатқан аудандарына Орынбор, Мәскеу мұрағаттарындағы құжаттарын зерттеу үшін ғылыми экспедициялар жүргіздік. Ресей Федерациясы Қуандық ауданы «Приуральный» совхозының «Двуречье» деген жерінде тұратын зейнеткер, РФ ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері Зейналы Өмірзақовтың, 90 жастағы Айнағұл, 70 жастағы Мақсат қарттардың өздерінің аталарынан естіген әңгімелерін тілге тиек етіп: «…Бөкенбай қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы – Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары. Батырдың он мың жылқысы болған. Олар сәскеде қатар тұрып, осы үш саладан су ішкенде өзен ағысы тоқтап қалады екен…» дейді. Олай болса, Бөкенбайдың «Құр Бөкенбай» дейтін саладағы «Ақбұлақ» деген жердің батысындағы қыратқа жасақтарымен бірге жерленуі ретке келеді. Оны 11-12 жасқа келген кезінде Айнағұлға әкесі Қожа айтқан екен. Сол жерге мен 2004 жылдың қазанында бөренеден қада қағып белгі қойған едім. 
Мәскеудегі мұрағатта Бөкенбай өміріне байланысты нақты шындықтарды табуға болады. Ондағы 122-ші қордағы «киргизско-кайсацкое дело» бөлімінде 500-ден аса ісқағазы тігілген. Бұған қосымша Бөкенбай туралы деректі қайдан іздеу керек? Бөкенбай Қарабатырдың кіші әйелі қалмақ қызынан туған. Оның қалмақ қызынан туғанын желеу етіп, Аюке деген қалмақ ханы XVIII ғасырдың басында Бөкенбайға адам жіберген, «Бізге жәрдемдес» деп келіссөз жүргізген. Оған Бөкенбай берілмеген. Мұны Мәскеу мұрағатындағы «Кальмыцкое дело» бөліміндегі құжаттардан таптық. Сонда Бөкенбай жөнінде мынадай дерек бар. 1740 жылы Есет батыр қалмақтарды Каспийге дейін қуып барғанда тұтқынға түсіп қалады. Сол кезде Бөкенбай В.Н.Татищевтен көмек сұраған, өйткені қалмақ елі ол кезде Ресей құрамында болған. Ресейдің Сыртқы істер министрлігінен адам келіп, Есетті құтқарған. 
Біз тапқан деректер бойынша Бөкенбай батыр 1669 жылы Жем өзеніне құятын «Құр Бөкенбай» сайының бойында дүниеге келген, 1742 жылы түрікпендермен шайқаста шейіт болған. Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген. Оны «Бөкенбай қорымы» деп атайды екен.
Енді біздің айтпағымыз Ақбұлақтағы (Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы) осы Бөкенбай батыр жерленген қорымды Ырғыз ауданындағы Бөкенбай шоқысымен шатастырып, батыр жерленген жер осы шоқы деп зерттеуші-ғалымдардың, батыр ұрпақтарының айтуын жоққа шығарып жүрген адамдар бар. Ырғыздың тұрғыны Ералы Тұрабаев бүгінде 1803 жылғы Бұқараға аттандырылған Ресей елшілік керуенінің басшысы Я.П.Гавердовскийдің сол кездегі жазылған дерегіне ғана сүйеніп алып, батырдың тікелей ұрпақтарының сөздерін жоққа шығаруда. Бөкенбай Ырғыз ауданындағы шоқыда әскерлерін жинап, жиын өткізіп отырғаны рас, тарихи деректер де бар. Бірақ түрікпендермен болған шайқаста батыр әскерлерімен қаза тапқан жер Ырғыздағы шоқы емес, Байғанин ауданының Жарқамыс ауылының маңы, Қарауылкелдіге қарай жүретін жолда биік қыраттың басы, оны қорым деп атап жүрміз. 
«Бөкенбайдың өз дәуірінде сиямен жазылған тарихи деректермен, дерек көздерін зерделегендердің еңбектерімен санаса отырып, солардың қолданысқа енгізілмегені былай тұрсын, алты жылдан бері Зәкеңнің – З.Байдосовтың алғашқы «анау айтты, мынау айттылап салған» бағытымен жүріп келе жатырмыз» дейді өз мақаласында Е.Тұрабаев («Ана тілі» газеті, «Бөкенбай батыр туралы аңыз бен ақиқат», №11 (1165) 14-20 наурыз, 2013 жыл). Біріншіден, анау айтты, мынау айтты дейтіндей З.Байдосов Бөкенбай батырдың Мәмбет баласынан тараған шөпшегі Марат Ахмадиұлы, Бөкенбай батырдың Мәмбеттен туып, Жантілестен тараған жетінші ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев, Тіленшіұлы Таразан ұрпағы Ақас Аманғалиев, Жоламан батырдың шөбересі Батырхан Нұржанов, Ұлы Отан соғысының ардагері Айнағұл Қожанов секілді Бөкенбай батырға тікелей қатысы бар адамдармен сөйлесіп, әкелері айтып кеткен аманаттары негізінде зерттеуін жүргізді. Одан барып Мәскеу, Орынбор мұрағаттарын ақтарып, ондағы тайға таңба басқандай деректерді жинады.  
Ералы Тұрабаев батыр ұрпақтарын «ауыл айтқыштары» деп, «Я.П.Гавердовскийдің күнделік-жазбасы мен көмекшілері Иванов пен Богдановичтердің сапар барысындағы көрген-білгендерін толтырған журналдарындағы «Табын Бөкенбай қолбасшының қонысы Ырғыздағы «Бөкенбай шоқысы» алабы болып, кейін шоқы басында жерленгені, қабірі де сол шоқы басында екендігі туралы жазылған екі бірдей тарихи жазбаға сенбей, әркімнің ауласында отырып айта салған» әңгімесіне сену пиғылынан Бөкенбай қолбасшыны ұлт батырынан гөрі рулық батырға айналдыруға құмар пендешілік байқалады» деуі батыр атына кір келтіру мен аруағын қорлау болып саналады. Оның бұл орайдағы яғни батырдың нақты жерленген жеріне күмән келтірудегі іс-әрекетінің астарында не жатыр? Халықты екі ойлы қылып, «мұның дұрыс-бұрысын оқырманның өзі ажыратар» деп, батырдың барлық ұрпақтарын да, бөкенбайтанушылардың зерттеулерін де  жоққа шығаруы – жақсы пиғылдың нышаны емес…
Бөкенбайтанушы ғалымдардың зерттеулері мен тарих мұрағаттарындағы дереккөздерін де Бөкенбай батыр түрікпендермен болған шайқаста қаза болғандығы айтылады. Ал Е.Тұрабаевтың пайымдауынша, Ырғыз алабында қалмақтармен соғыста қаза тауып, өзінің сол қалмақтармен ұрыста талай рет жеңіске жетіп, жиын өткізген шоқысында жерленген деп дәлелдеуге тырысады. Ал түрікпендердің қазіргі Маңғыстау алқабын, Үстіртті қайта-қайта шапқандығы рас, түрікпендердің Ырғыз, Торғай алқабына дейін келгенін, басып алғанын еш құжаттан оқымаппын. Сонда қалай, түрікпендермен шайқаста қаза болған, Бөкенбай денесін айшылық алыс жол – Ырғыз шоқысына әкеліп жерлегені ме? Оған қандай нақты дәлелі бар?
Бөкенбайдың өмірінің соңғы жиырма жылғы ғұмыры Жем бойында Жарқамыста Ақбұлақ маңында өзінің атымен аталатын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай» өзендерінің бойында, қыста Доңызтауда қыстайтыны белгілі. Сондықтан да Адай руының жерін шапқан түрікпендерге қарсы соғыста жасағының азшылық болуына байланысты, өздерінен үш есе көп түрікпен қолынан жеңіліс тапқан батырды өзінің сарбаздарымен бірге өз мекенінен алыс емес Сиырсалғанның өркеш құм төбесіне жерленгені де расталып отыр. Е.Тұрабаев менсінбейтіндей сол төбелердің не жазығы бар?
Е.Тұрабаев «Атақты қолбасшы Бөкенбайды Сиырсалғанның өркеш-өркеш құмының ішіндегі белгісіз бір құм төбешікке апарып жерледі ме екен дейтін түйткіл тұрады?» деп жазады. Ол соғыс жағдайын ескермейтін сияқты. Түрікпендердің де аса күшті жауынгер халық екендігі ойына кіріп-шықпайды. Қайта сүйегі табылып, беті жабылып, ұрпақтан ұран айтылып ұлықталғанына қуанудың орнына «құм арасындағы төбеге жерленуі мүмкін емес сияқты» деп күмән келтіреді. Дала комиссары Әліби Жангелдин отрядының өзі Маңғыстаудан Ақтөбеге жеткенше қанша уақыт жіберіп, қанша күшпен жеткенін еске алсақ, тіпті жарты жол Ақтөбеден Ырғызға – Бөкенбай шоқысына дейінгі жолдың өзін о заманда жетудің қиямет-қайым екенін еске алсақ, Е.Тұрабаевша ойлаудың өзі күмән тудыратыны рас. 
Әрине, Е.Тұрабаевтың батыр бабасына деген ізгі ниетін, ыстық ықыласын өз тұрағына жақын тартуын түсінуге болады. Бірақ «Платон – менің досым, шындық одан да жоғары» деген қағиданы еске алатын болсақ, бұл бағытта әлі де көп ойланып, көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Шындыққа күмән келтіріп, өнбейтін істі қуалағанша Е.Тұрабаев Бөкенбай атасы соғысқан шоқы басына ескерткіш-белгі орнатуға мұрындық болып, Ырғыз жұртын осы бір жұмысқа жұмылдырып, сол игі істің алғы сапынан көрсек бек риза болар едік. 

Гүлнара ЖОЛЖАНОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік 
университетінің ғылыми қызметкер

1202 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы