• Бизнес & Қоғам
  • 21 Тамыз, 2013

ГАЗ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МЕНШІГІ

Солтүстік Каспий жобасының кейбір мәселелерін реттеу жөніндегі ел Үкіметі мен мердігер компаниялар арасындағы келісім өткен жылдың мамыр айында бекітілген болатын. Аталған құжатта «ҚазТрансГаз» АҚ мен мердігер компаниялардың 2041 жылға дейінгі уақытты қамтитын бірінші кезеңде газдың 83 пайыздық көлемін ішкі нарыққа бағыттауды қамтамасыз етуі қарастырылған. 

Шикі және тауарлық газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығын жүзеге асыру – саладағы ұлттық оператордың «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңымен айқындалған негізгі міндеті. Сондықтан «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы Солтүсік Каспий жобасының өнімін бөлу туралы келісім бойынша мердігер компаниялармен Қашаған кен орнында өндірілетін газды сатып алу-сату жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. 
Осы құжат бойынша «ҚазТрансГаз» АҚ Солтүстік Каспий жобасының өнімін бөлу жөніндегі келісімнің қолданылу мерзімі аяқталатын 2042 жылға дейін Қашаған кен орнында өндірілетін газдың барлық көлемін сатып алатын болады. Жоспарға сәйкес, Қашағаннан жыл сайын 2,5-3 млрд. текше метр көгілдір отын жеткізіледі деп күтілуде. Соның нәтижесінде елдің ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз етіп, қалған өнімді шетелге шығаруға мүмкіндік бар. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы басшысының атап өткеніндей, газдың 70 пайызы елдің ішкі қажеттіліктеріне жұмсалса, қалған 30 пайызы экспортқа шығарылмақ. Сөйтіп, «ҚазТрансГаз» осынау алып кен орнының газын бір өзі сатып алатын монополистке айналады.

ГАЗ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МЕНШІГІ

Жоба ұзақ мерзiмге арналғандықтан, оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі коммерциялық шарттарын барлық тараптар үшін қолайлы етуге күш салынған көрінеді. Келісім-шартқа қол қойған мердігерлер қатарын «Аджип Каспиан си Б.В.», «КонокоФилипс Норт Каспиан ЛТД», «Эксон Мобил Казақстан ИНК.», «Инспект Норт Каспиан Си, ЛТД.», «ҚМГ Қашаған Б.В.», «Шелл Казақстан Девелопмент Б.В.», «Тоталь ЭиП Қазақстан» компаниялары құрайды. Қазіргі уақытта Қашаған жобасының қатысушылары болып қалып отырған Eni, Royal Dutch Shell, Exxon Mobil, Total және «ҚазМұнайГаз» 16,81% тең үлеске, сондай-ақ америкалық  ConocoPhillips 8,4% және жапондық Inpex 7,55% үлеске ие. Жоба North Caspian Operating Company B.V. бірлескен операторлық компаниясымен басқарылады. 
– Біз тарихи құжатқа қол қойдық, – деді ҚазТрансГаз компаниясының бас директоры Серік Сұлтанғали. – Шетелдік компаниялардың беттері бері бұрылып, келісімге келіп отыр. Елбасы өз Жолдауында: «Газ – Қазақстан халқының меншігі» деп жариялады. Ірі мұнай компаниялары газды бірнеше жылдан бері босқа жағып, экологияға кері әсерін тигізді. Біз оны тиімді пайдаланудың, дұрыс кәдеге жаратудың жолын білмедік. Қашаған бойынша келіссөздер мен дайындық осыдан 20 жыл бұрын дерлік басталса да нәтижесін енді ғана көре бастадық. Жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен, «Болашақ» газ өңдеу зауыты өз есігін ашты. Бұл Қашағандағы өнеркәсіптік өндірісті бастауға мүмкіндік береді.
Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Қашаған ірі мұнай-газ кен орны – бүкіл әлемдегі соңғы 40 жылдағы ең ірі және ең қымбат энергетикалық жобалардың бірі ретінде танылды. Алпауыт кен орнындағы «қара алтынның» геологиялық қор көлемі 4,8 миллиард тонна деп бағалануда. Жоба операторының ақпараттарына қарағанда, жалпы мұнай қоры 38 млрд баррельді құрайды, оның ішінде өндірілетін кеннің көлемі 10 млрд баррельге жетеді. Сонымен қатар, Қашаған ірі табиғи газ қорына ие, оның көлемі бір триллион текше метрден асады.
Бастапқыда Қашағанда кен игеру 2005 жылға жоспарланған болатын. Алайда техникалық қиындықтарға байланысты кен өндіру жұмыстары 2012 жылдың аяғына дейін шегерілді. Енді ел басшылығының талабына сәйкес, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі алпауыт кен орнын пайдалану үстіміздегі жылдың күзінде басталуы тиіс. Шілде айының басында Қашағанда негізгі өндірістік нысандар іске қосылды. Оның қатарында Қазақстан Көшбасшысы «Болашақ» атты өңдеу зауытын өзі ашты. Мұнай өндірудің өсімімен 2014 жылы 10 млн. тонна көлемінде мұнайды экспортқа шығару жоспарланып отыр. Халықаралық Moody’s рейтинг агенттігі болса, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің келесі 5 жылда жыл сайын шамамен 5 пайыз деңгейінде өсіп отыратындығын болжап та қойды. Бұл өсімге Қашаған кен орнында мұнай өндірудің басталуы ықпал етеді деп күтілуде. 
Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте «ҚазТрансГаз» басшысы Серік Сұлтанғалидың хабарлағанындай, қазіргі кезеңде бірінші кезекте халықты газбен қамтамасыз ету міндеті қойылып отырғандықтан, Қашағанның газы ең алдымен өзіміздің әлеуметтік жағдайымызды шешуге бағытталады. Алдын ала есептеме бойынша ішкі қажеттіліктен артылған өнімнің 20-30 пайыздайы экспортқа жөнелтіледі. Компания басшысы қашағандық «көгілдір отынның» бағасын Үкімет анықтайтындығын айтты. «Қазір бұл бағытта жұмыстар әлі жалғасуда. Мемлекеттің әлеуметтік көмегін ескере отырып, салыстырмалы талдау түрінде айтуға болады. Мәселен, Қырғызстан өткен жылы газдың бiр текше метрiн 300 доллардан сатып алып, едәуір қиналды, ал бiз 85 доллар деңгейiнде ұстап отырмыз. Бұл өте қиын. Десек те, Елбасының тікелей тапсырмасымен ауқымды әлеуметтік саясат жүргізілуде. Газдың құны күрт қымбаттамауы үшін сыртқа сатылатын газдан түсетін табыс елде өткізілетін газ бағасын дотациялауға жұмсалады», – деді «ҚТГ» басшысы.
Бас директордың айтуынша, қайткенмен де газ бағасы көтерілетін болады. «Түптеп келгенде, бұған өмірдің өзі мәжбүрлейді. Өйткені дәл Қазақстандағыдай арзан газды ешкім еш жерде өндірмейді. Қазір біз теңгерімді сақтауға мүмкіндік беретін тәуелділік жағдайындамыз. Оған екі ел арасында құрылған «ҚазРосГаз» компаниясы мысал. Соның арқасында біз халқымызды дотациялап отырмыз», – деді ол. 
Мұнай және газ министрлігінің мәліметінше, Қашағанда мұнай биыл өндіріле бастайды. Сол сәттен бастап газ ұлттық операторға жеткізілетін болады. 

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ 

490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы