• Бизнес & Қоғам
  • 21 Тамыз, 2013

Ұлттық мүдде ұмытылмауы тиіс

Соңғы бес жыл ішінде елімізде ІТ технология саласын ақпараттандыру  тұрғысында  бірнеше қадамдар іске асырылып, өз нәтижелерін беруде. Осыдан он жыл бұрын аталмыш саланың электронды нұсқасы Жамбыл облысында енгізілген болатын. Бүгінде Қазақстанда түрлі деңгейдегі ІТ жобалардың жүзеге асуына ықпал етіп жүрген азамат, «Қазақстандық софтверлік компаниялар асоциациясының» президенті Азаматхан САЙЛАУҰЛЫН әңгімеге тартып, сала төңірегінде туындап жатқан бірқатар мәселелер жөнінде сұхбаттасуды жөн көрдік. 

- Азаматхан Сайлауұлы, біздің қоғамда ІТ технология ұғымының қалыптасқанына біраз уақыт болды. Алайда, жалпылама халық осы саланың бүге-шігесін нақты анықтап, меңгеріп алды деу қиын... Сонымен, ІТ технология саласы нені зерттейді, басты мақсаты неде?
- Бүгінгі қоғам ІТ технология саласынан мүлдем бейхабар деп айта алмаймын. Оның атқаратын қызметі және ауқымы орасан. Қазіргі әлемді ІТ технологиясыз елестету мүмкін емес. ІТ технология - үлкен ғылымның бір бөлігі. Егер қаржылық тұрғыдан алатын болсақ, бұл сала бүгінгі әлемнің ең маңызды бөлігі деуге болады. Біздің атқаратын қызмет сол ІТ технологияның ішіндегі тек бір ғана құрамдас бөлігі, ол ақпараттық технологиядағы қауіпсіздік, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі. Ал егер осы ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығына келер болсақ, бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, «Cyber Crime» атты  тәуелсіз зерттеу орталығының мәліметі бойынша 2012 жылы киберқылмыстардың кесірінен дүниежүзі 114 миллиард доллар шығын көріпті. Яғни әрбір минут сайын киберқылмыстың салдарынан әлемде бірнеше миллион доллар ұрланып жатыр. Және осы орасан ақша ұрлығының үлесінде Қазақстан да зардап шегіп отыр. Осы орайда біздің мақсат, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ақша, қаржы былай тұрсын, біздің ірі-ірі мемлекеттік органдарымыздың өзі әртүрлі деңгейдегі хакерлердің шабуылынан керемет қорғалған деп айта алмаймыз. Мәселен бір министрліктің электронды мәліметтер базасы хакерлердің шабуылы салдарынан жоғалып кетсе, ол бізге қандай шығын әкелуі мүмкін?! Осыдан-ақ бұл саланың  маңыздылығын ойлана беріңіз. 

- Елімізде бұл саланы жан-жақты ақпараттандыру, дамыту және қорғану тұрғысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Егер дамыту мәселесіне келсек, соңғы он жылғы болжаммен бұл саланың Қазақстанда дамуына 10 млрд АҚШ доллары жұмсалған екен. Әрине бұл белгілі бір деңгейде осы саланың қауіпсіздігіне және мемлекеттік органдардың ІТ инфрақұрылымын дамытуға, елді ақпараттандыруға өз үлесін тигізді. Дегенмен мен соңғы кезде көп айтып жүрмін, біз Қазақстанның ІТ қауіпсіздігіне «Мерседестің» ақшасын төлеп, «Запорожец» алдық деп.  Себебі 10 млрд доллар Қазақстандағы қағазбастылықты азайтып, мемлекеттің жұмысын күшейту керек болған. Бірақ бәрі ойдағыдай болды деп айта алмаймыз. Ал 10 млрд дегеніміз ол орасан ақша! Жағдайымыз міне осындай.
Ал қорғанудың жолы – өзіміздің технологиямызды дамыту. Мәселен АҚШ-та ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне арналған стандарттар бар. Мемлекеттік деңгейдегі ақпараттық қауіпсіздіктер осындай стандарттар арқылы қорғалады. Бізде де ондай стандарттар жоқ емес, бірақ ол кеңестік заманнан қалған Ресейдің стандарттарымен ортақ. Біз, осыған қатысты мемлекетке ұсыныс жасаған едік. Онда екі стандартты қатар пайдалану туралы мәселе көтерілген. АҚШ пен Ресейдің стандарттарын қатар кіріктіру. Себебі олар бір-бірінің ақпаратын толық аша алмайды. Яғни біздің ақпараттық қауіпсіздігіміз күшейеді. 

- Осы орайда, өзіңіз басшылық ететін қауымдастықтың атқаратын қызметтік рөлі қандай?
- Елбасымыздың жанынан құрылған J-GLOBAL платформасы бар. Біздің ассоциация оның тұрақты мүшесі және белсенді қатысушысы. Сол платформаның аясында қазақтың ІТ саласын ай сайын бағамдап, бақылап отырамыз, айына бір рет онлайн семинар өткіземіз. Соңғы әлемдік жаңалықтарды талқылап, оған өз тарапымыздан үн қосамыз. Қол қусырып отырмыз деп айта алмаймын, себебі біздің қауымдастықтың атынан Қазақстанда елеулі жұмыстар жасалынып жатыр. Және J-GLOBAL платформасы, бұл Елбасының осы салаға үлкен көңіл бөліп отырғандығының белгісі. Оның үстіне қазір біздің ассоциация Қазақстанның барлық министрліктерінің және басқа да органдарының ІТ инфрақұрылымын ақпараттық қауіпсіздікке тексеріп, оларға аудит жасауда. Ол Қазақстандық мемлекеттік органдардың киберқылмыс шабуылдарынан  дұрыс қорғануға және өз жұмысын нәтижелі істеуіне жол ашады.  Бұл жұмыстар біздің ассоциация тарапынан тегін жасалынуда. Сондай-ақ, «Қазақстанның софтверлік компаниялар қауымдастығы» ІТ саласында қазақша пікір білдіріп, ұлттық бағыттан ой білдіретін спикерлерді дайындауды және 100-ден аса отандық софторлық компаниялардың мүддесін қорғауды өзіне мақсат ретінде санайды. ІТ саласында біздің ортамыздан қайнап шыққан қоғамдық пікір қалыптасуы керек. Кез-келген жағдайда сыртқы күштермен және ішкі жемқорлыққа қарсы тұра алатындай қоғамдық орта қалыптастыру қазіргі таңда өте маңызды. Бұл бағытта қазақтілді БАҚ өкілдерінің алатын рөлі ерекше. 
- Сіздіңше, Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 ұлттық жобасы елімізге не береді?
- Егер ЭКСПО-2017 ұлттық жобасына біздің тұрғыдан келер болсақ, оның қазаққа берері орасан зор, бірақ біз соны дұрыс пайдалануымыз керек. ЭКСПО секілді ірі әлемдік жобалар қазақ еліндегі технологияның дамуына, соның ішінде ІТ технологияның дамуына үлкен мүмкіншілік береді. Жаңа жобаларды електен өткізіп, оларды әлемдік деңгейде саралауға итермелейді. Жаңа және ауқымды жауапкершілік біздің софтверлік компанияларға өз жұмысына және саласына қосымша инвестиция салуға мәжбүрлейді және мемлекет тарапынан да Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздікке қосымша көңіл бөлуді талап етеді. ЭКСПО-ның өзі технологиялық жоба ретінде саналғандықтан, біздің атқарып отырған саламен толыққанды сабақтасып жатыр.
- Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы