• Бизнес & Қоғам
  • 21 Тамыз, 2013

АЛҒАШҚЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАР сайлаудың шынайы баламалылығын көрсетті

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 ақпандағы Жарлығына сәйкес 5-9 тамыз аралығындағы кезеңде республиканың 14 облысында  Қазақстан Республикасының 2457 аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдық округтерінің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдарының әкімдерін сайлау өтті. 
Бұған дейін әкімдерді лауазымға облыс әкімінің келісімімен аудан әкімі сайлайтын.
Сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізілді. 

Сайлауға 188 аудандық  және қалалық мәслихаттар тікелей қатысты.
Сайлауды қамтамасыз етуге, ұйымдастыруға және өткізуге 14 облыстық, 28 қалалық және 160 аудандық аумақтық сайлау комиссиялары тартылды.
Электораттық науқанды жүргізуге облыстық бюджеттерден 603,4 млн теңге бөлінді.
10 тамызда өткен брифинг барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов  БАҚ өкілдерін сайлаудың бастапқы қорытындыларымен таныстырды.
Барлығы 2454 әкім сайланды. Үш ауылдық округте таңдаушылар дауысы тең бөлінгендіктен, жеңімпаздарды анықтау мүмкін болмады.
Осылай, дауыстар саны Павлодар облысы Ертіс ауданының Голубовка ауылының, Өспен ауданының Қозыкеткен ауылдық округінің және Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылдық округінің әкімдеріне кандидаттарға тең берілген. 
Сондықтан аталған әкімшілік-аумақтық құрылымдарда ағымдағы жылғы 28 тамызда сайлау қайтадан өткізіледі. 
Сайлау науқаны барысында әкімдікке барлығы 7173 үміткер ұсынылып, 6738-і тіркелді.
Әкімдікке үміткер ретінде тіркеуге дейін 100 адам, тіркеуден кейін 335 адам сайлау додасынан  шығып қалды.
Дауыс беруге арналған бюллетеньдерге 6738 кандидаттың тегі енгізілді. Бұл орташа алғанда бір әкім лауазымына 2-ден астам үміткерді құрады.
37 әкімшілік-аумақтық бірлікте әкімдікке кандидаттардың бір ғана дауыс айырмашылығымен жеңу фактісі сайлаудың шынайы баламалылығын айғақтады.
Аудандық және қалалық сайлау комиссиялары ұсынған бастапқы мәліметтерге сәйкес жалпы республика бойынша таңдаушылардың келуі 98,3 пайызды құрады.
Сайланған әкімдер корпусында 23 ұлт өкілі бар.
Әкімдер лауазымына 280 (11,4%) әйел адам сайланған, бұл бұрынғыдан 32-ге жоғары. Әйел әкімдер саны Павлодар облысында 6 пайызға жуық, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 3 пайызға артты.
Әкімдердің орташа жасы 47 жасты құрайды. Бұл ретте олардың басым көпшілігі 25-55 жас аралығындағы азаматтар – 80,3 пайыз. Жалпы құрам біршама жасарды. Бұрын 25-55 жастағы әкімдер 74,5 пайыз болатын. Сайланған әкімдердің ең жасы Павлодар облысы Павлодар ауданының Заңғар ауылдық округінің әкімі – 25 жас, 1 ай. 
Сайланған әкімдер арасында барлығы  627 педагог (25,6 пайыз), 501ауыл шаруашылығы саласының маманы (20,4 пайыз), 417 инженер (17%), 357 экономист (14,5 пайыз), 281 заңгер (11,5 пайыз) және 271 басқа мамандық өкілдері (11 пайыз)  бар.
Қызметтегі әкімдердің  1811-і үміткер ретінде сайлауға қатысты, олардың 1747-сі өз лауазымдарында қалды. Осылайша құрам 28,8 пайызға жаңарды.
Дауыс беру барысын байқауға  әкімдікке үміткерлердің  1004 сенім білдірген адамы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан 242 байқаушы және бұқаралық ақпарат құралдарының 559 өкілі қатысты.
Сайлау науқаны барысында барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 42 өтініш келіп түскен. Олардың 18-і сайлау заңнамасы және сайлау өткізу қағидаларының нормаларын түсіндіруді талап еткен немесе балама кандидаттарды ұсынуға қатысты болды.  
Сайлау органдарына келіп түскен барлық шағымдар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес және тиісті мерзімде қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ауыл әкімдері сайлауының бастапқы қорытындыларына арналған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуде атап өткендей, жалпы сайлау науқаны қолданыстағы заңнама мен демократиялық сайлау үдерісінің нормаларын сақтай отырып, ұйымдасқан түрде өтті.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ

 

357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы