• Қаржы
  • 20 Қазан, 2011

Қазақстандағы ислам қаржысы: даму үрдістері

Сөз басы

Кәсіби трейдер, қор нарығында мол тәжірибе жинақтаған қаржы аналитигі, экономика ғылымдарының докторы Эрик Найман трейдинг және тәуекелді басқару жөніндегі бірнеше кітаптың авторы. Профессор Э.Найман әлемді шарпыған қаржы дағдарысы жаңа сатыға аяқ басу алдында, ал оның алып толқыны еуропа банк жүйесін шайып кетуі ықтимал, деп санайды. Бұған Грекиядағы дефолт та себепкер болуы мүмкін. Банк жүйесі қағаздан тұрғызылған үй сияқты бір бүйіріне жантая салуы ғажап емес. Бұл домина эффектісі деп аталады. Еуропада жүргізілген банктердің стресс-тестері өте жұмсақ болды. Еуропаның Орталық банкі құтаймайтын қарыздарды сатып алып, өтімділікті қолдан көтермелеп отыр. Мұның өзі 2007 жылы америкалықтар Lehman Brothers-ді сақтап қалу үшін жасаған амал-тәсілге тым ұқсас. Бұл кезеңде АҚШ жүйедегі тоқырауға жол бермес үшін банктерге ақша үлестіріп, өтімділік деңгейін құлдыраудан аман сақтап қалған қалған-ды. Эрик Нйманның пікірінше, еуроодақ елдерінің қаржы министрлері мұндай жағдайда ақша-кредит, салық-бюджет жүйесін түбегейлі өзгерту қажет деп есептейді.

Тығырықтан шығарар жол

Эрик Найманның, сондай-ақ өзге де беделді экономистердің айтуынша, жаһанды жайлаған әлемдік экономика мен қаржы жүйесіндегі дағдарыс жуық арада аяқталмайды. Сөйтіп, бүгінде ғалымдар мен мамандар тығырықтан шығатын жол іздеу үстінде. Олардың пікірінше, ислам экономикалық жүйесі дәл сондай жол болып табылады. Еуропаның мәртебелі экономикалық басылымдары исламдық қаржы қағидаттарына назар аударып отыр. Мәселен, жуырда «Challenge» экономикалық журналында «Папа және Құран» маңызды материал жарияланды. Автордың пікірінше, адамзатты тығырыққа тіреген нақ осы еуропалық қаржы жүйесі болып табылады. Ислам қаржы жүйесінің артықшылығын алған ұғынған да осы Еуропа елдері, атап айтқанда Ұлыбритания мен Франция. Ал, Тәуелсіз мемлекеттер достастығында ислам экономикасына қазақ елі алғаш жол ашып отыр.

Биыл еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейін екінші орынды иемденетін беделді халықаралық бірлестік болып табылатын Ислам Конференциясы Ұйымының төрағалық етіп отыр. Үстіміздегі жылдың 28 маусымына дейін Ислам конференциясы ұйымы (ИКҰ)) болып аталған Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттерінің бастамасымен құрылған. Бүгінгі таңда 57 ел мүше, жалпы халық саны 1,2 миллиардқа жетіп отыр. Ұйымға Ресей, Босния және Герцеговина, Тайланд бақылаушы ретінде қатысады. Ұйымның штаб-пәтері Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. ИҚҰ-ның басшысы – Бас хатшы, ал атқарушы органы – Бас хатшылық деп аталады. Бас хатшыны мүше елдер Сыртқы министрлер конференциясында бір мәрте 4 жылға сайлайды. Ұйым жанынан ашылып, дербес жұмыс істейтін төмендегідей органдар мен құрылымдар бар. Олар Ислам даму банкі, Ислам жаңалықтары агенттігі, Экономика және мәдени мәселелер жөнінде ислам комиссиясы, Иерусалим қоры, Ислам астаналары ұйымы, Ислам ғылыми-техникалық даму қоры және тағы басқалар. ИЫҰ-ға 57 мемлекет мүше, 5 мемлекет бақылаушы дәрежесіне ие. Жуырда Астанада Ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері, түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері, барлығы 140-қа жуық шетелдік делегациялардың қатысуымен үлкен халықаралық жиын өтіп, осы мәжілісте Ислам елдерінің арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық деңгейдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелері қаралды.

Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржы дағдарысы тұсында басқа да қаржыландыру көздерін табу жолымен Қазақстан экономикасын әртараптандыру мәселесі өткір күйде тұр. Бұндай қаржыландыру көзі ретінде ислам қаржы-несие институттары бола алады. Олардың нарықтағы ұсынып отырған құралдары мен қызметтері ел экономикасын несиелеудің альтернативті формасы ретінде және инвестиция тартудың қосалқы тетігі болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін ТМД және Орталық Азияда ислам банк жүйесін құру орталығы және Азиядағы жетекші қаржы орталықтардың ондығына кіру қажеттілігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстан отандық нарыққа ислам қаржысын ендіру болашағы мен мәселелеріне деген қызығушылық танытып отыр.

Қазақстанда 2009 жылдың ақпан айында ислам банктері мен исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері жөніндегі тиісті заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ал 2010 жылдың тамыз айында республикада исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі 2010-2012 жылдарға арналған Жол картасы бағдарламасы бекітілді. Өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу жөніндегі бағдарламада ислам қаржы құралдарын мемлекеттік органдармен дамыту және енгізу шараларын үйлестіру, ислам қаржы институттарын ашу және тартуға жағдай жасау, халықаралық ислам қаржы ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарды ұйымдастыру, ислам қаржысы бойынша сауаттылықты жетілдіру, сонымен қатар инвестицияларды тарту сияқты мақсаттар бар. Жол картасын жүзеге асыру елімізде ислам қаржы қызметінің индустриясының тұрақты дамуына жағдай жасауға, эмитентердің көлемін, инвесторлар мен кәсіби нарықтық қатысушыларды жасақтауға себепші болады. Көрсетілген құжат сонымен қатар 2020 жылға дейін Алматыны жетекші өңірлік қаржы орталығы болып қалыптасуына, жалпы ислам қаржысы орталығы ретінде Қазақстанның мәртебесін халықаралық деңгейде күшейтуіне қолғабыс етеді.

«Халал Хаб» жобасы қолға алынды. Бұл жобаны іске асыру бойынша аталған құжатқа Малайзияның AmanahRaya мемлекеттік қаржылық тобы мен «Fattah finanse» АҚ, сондай-ақ «Kaznez invest» акционерлік қоғамы қол қойды. Халал Хаб – бұл халал тауарлары мен қызмет көрсетулердің логистикалық орталығы. Аталған орталықты құрудың негізгі мақсаты-Қазақстанда Халал индустрияны дамыту болып табылады. Қазақстан ислам облигацияларын шығарады. Қазақстан еврооблигациялар шығарудан бастартқансоң, өзінің инвесторлар базасын кеңейту мақсатында тұңғыш ислам облигацияларын орналастыруды өткізуін жоспарлауда. Bloomberg агентігінің хабарлауынша. Үкімет жылдың екінші жартысында исламға сәйкес пайыздық төлемдерге тиым салынған құнды қағаздарды орналастырады. Сонымен қатар мемлекеттік емес холдингтарға және ислам банктері болып табылатын компанияларға сукук орналастыруды жүзеге асыру үшін, заңдарға өзгерістер енгізіледі. Исламдық қаржыландыру конференциясы

Жуырда Астанада Исламдық қаржыландыру жөніндегі ІІ қазақстандық конференция - «KІFC 2011» болып өтті. Жиынның негізгі тақырыбы Қазақстанда және ТМД елдерінде исламдық қор нарығын дамыту төңірегінде өрбіді. Шараның ұйымдастыру комитеті таратқан мәлімдемеге сәйкес, конференция бағдарламасына исламдық қаржыландыруға қатысты қазіргі қолданыстағы заңдарды саралау, ислам құнды қағаздарын дамытудағы заңдық аспектілер және активтерді басқару, сукук қағаздарын шығару процедурасының ерекшеліктері мен Қазақстандағы инвестициялық іс-әрекеттерді дамыту сияқты тақырыптар енгізіліп отыр. Сонымен қатар исламдық қаржы құралдарын реттеу мен қадағалау, қор нарықтарында исламдық құнды қағаздарды орналастыру мәселелері де кеңінен талқыланлды. Биылғы конференция барысында исламдық қаржы әлеміндегі негізгі инвесторлардың арнайы презентациялары мен инвестициялық жобалары да таныстырылды. Исламдық қаржыландыру жөніндегі екінші қазақстандық конференция аясында бірқатар панельдік пікірталастар, көкейкесті тақырыптарды қамтитын семинарлар өтті.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының «Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуінің сауда-экономикалық аспектілері» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысы болды. «KІFC 2011» конференциясының ұйымдастырушысы - «Іstіsna'a Corporatіon» компаниясы. Ал мемлекет тарапынан конференцияға Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі қолдау көрсетті. Ислам банкі қарапайым банктерден екі бағыты бойынша айрықшаланады: этикалық пікір мен банкілік өнімдер, мұндағы екіншісі біріншісінен туындайды. Қалған бағыттары бойынша бұл екі банкілік жүйелер ұқсас. Ислам банкі түсінігінің өзі Ислам этикалық нормаларының мұндай банкті құрудағы және банкішілік процесстердегі басымдылықты білдіреді. Ислам банкінің исламдық еместен түбегейлі ерекшелігі, Исламда тыйым салынған пайыздарды алу мен төлеу салдары тәрізді, Ислам ғалымдарымен өсімқорлыққа теңестірілген банктік пайыздардан толық бас тартудан тұрады. Пайда табу құралы ретінде пайыздар болмаған жағдайда Ислам банктері қалай пайдаларын іске асырады? Алла соңғы пайғамбары Мұхаммедке (Алланың нұры жаусын) : «...Алла саудағы рұқсат берді және өсім алуға тыйым салды...» (Құран, 2:275) жіберген. Бұдан туындайтыны, Ислам банктері пайызсыз қаржыландырумен ғана айналыса алады және мұны ойдағыдай жүргізеді. Заманауи Ислам банктері клиенттеріне жылжымайтын мүлік пен жабдықтарды қаржыландыруға, құрылыс және ауыл шаруашылық жобаларын, шағын және орта бизнес және тағы басқаларын қаржыландыруға мүмкіндік береді, және мұны сатып алу-сату, лизинг, немесе жобаға үлестік қатысу арқылы жасайды. Ислам банктерінің қызметтері келесі қағидаттарға негізденеді: Құран мен Мұхаммед пайғамбардың (Алланың нұры жаусын) Сүннесінде көрсетілген шариат нормаларын сақтау; пайыздарға тыйым салу; ішімдік сусындарымен, шошқа өсірумен, ойын-сауық индустриясымен, исламдық емес кредиттік ұйымдармен, және басқа да Исламның құқықтық және этикалық нормаларына қайшы қалғандарына тыйым салу. Бұл саралық анықтама ислам банкінің өнімдері мен қызметтері бойынша бизнес-процесстерді егжей-тегжейлі сипаттауға арналған. Мынадай Мудараба, Мушарака, Мурабаха, Бай аль-Инах, Таваррук, Иджара, Салям және Истисна тәрізді ислам қаржылық мәмілелері мен олардың әртүрлі түрлері, ислам банкингінің депозитті өнімдері қарастырылған. Сондай-ақ аккредетивтер, кепілдіктер мен басқа да ислам банкінің өнімдері ұсынылған.

Түйін

Бүгінде Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның дамыған елдерінің 150-ден астам қалаларында тұрғылықты халық наразылықтарын ашық білдіріп, көшелер мен алаңдарда шерулер өткізуде. Тіпті америкалық полицейлердің өздері жұмыстан бос уақыттарында ереуілшілер қатарын толықтыруда. Себебі, бұл елдерде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық барған сайын ұлғая түсіп, үкімет орындары корпорациялар мен банктердің бассыздықтарын тия алмай отыр. Америка президенті лауазымына республикалық партиядан үміткер, либертарианшы Рон Полдың осы орайдағы сайлауалды ұрандары назар аудартады. Оның бағдарламасын халықтың 99 пайызы қолдап отыр деп жазады, дерек көздері. Рон Пол салықты түбегейлі төмендетуді, алтын мен күміске ресми ақша функциясын беруді, ең бастысы, Федералдық резервтік жүйені жоюды, түптеп келгенде Жаңа әлемдік тәртіп орнатуды ұсынып ұсынып отыр. Осы аталған Жаңа әлемдік тәртіп пен ислам қаржысының байланысы туралы келесі жарияланымдарымызда әңгімелейтін боламыз.

Жетпісбай Бекболатұлы,

экономикалық журналист

1629 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы