• Бизнес & Қоғам
  • 20 Қазан, 2011

БАҒДАРЛАМАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Қазіргі уақытта қай елде болмасын, экономиканың тұрақты дамуына тұсау болған – жұмыссыздық пен кедейшілік басты мәселелердің біріне айналған. Осыған орай, жұмыссыздықты жою, кедейшіліктен арылудың әрқилы айла-тәсілдері қарастырылып, нақты шаралар қолға алынып жатыр. Солардың бірі – еліміздегі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы.

Мемлекет басшысының «Болашақтың iргесiн бiрге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауы негiзiнде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiгi 2011 жылы 31 наурызда №316 «Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы» қаулысын қабылдаған болатын. Аталған қаулыға сәйкес,

тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халық табысының деңгейін арттыруды мақсат еткен бағдарлама аясында жергiлiктi жерлердегi жұмыссыздықты жою үшін жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Шілде айының басынан өз ісін бастап кеткен жаңа жоба – «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бүгінде алғашқы нәтижелерімен көпті қуантып отыр. Бағдарлама аясында 2 ай тегін оқыған жұмыссыз жандар арнайы сертификатқа ие болып, маман атанды.

Бағдарлама халықты нәтижелі экономикалық жұмыспен қамтуды, мемлекетіміздің индустрияландыру бағдарламасын іске асыруға кадрлық әлеуетті дамытуды және атаулы әлеуметтік көмекті көрсету жүйесін жетілдіруді міндет еткен. Кедейшілік деңгейін 8 пайыздан 6 пайызға төмендетіп, ал жұмыссыздық көрсеткішін 8 пайыздан 5,5 пайызға дейін түсіруді және бұл деңгейден асырмауды көздеп отырған бағдарламаға алдағы 3-4 жылдың айналасында 1,5 миллионнан астам қазақстандық қатысады деп жоспарланған. Үкімет тарапынан бұл жобаға қомақты қаржы қарастырылған және алдағы уақытта еңбек нарығын кеңейтуге оның мол жағдай туғызатынына еш күмән жоқ. 2016 жылға қарай жұмыспен қамтылғандардың құрамындағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үлесі 2010 жылғы 33,3 пайыздан 26 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланған. Ал еңбек өнімділігінің қосымша өсімі Жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру есебінен 20 пайызды құрауы керек. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыздарды және аз қамтылғандарды жаңа өндірістік және ауылшаруашылық кәспорындарға, ірі инфрақұрылымдық жобаларға тарта отырып, мемлекеттің басты әлеуметтік міндеті – кедейлік деңгейін төмендету жүзеге асырылады, 2020 жылға қарай жарты миллион азамат қайтадан оқытылады немесе сұрысқа ие жаңа мамандықты игеріп, жұмысқа орналасады.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бүгiнде жергiлiктi жерлерде Жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Орталықтардың ең басты мiндетi – өз бетiнше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздар мен табысы төмен тұрғындарды қайта оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу және өз iсiн ұйымдастыруға көмектесу арқылы жұмыспен нәтижелi қамтуға жәрдемдесудiң белсендi бағдарламаларына тарту. Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауылдық жердегі жастарға берілген. Қазiргі уақытта бұл үш бағыттан тұратын бағдарламаның бiрiншi кезеңi бойынша орталықтар өз жұмыстарын бастап, атқарылатын iс-шараларды жүзеге асыруға белсене кiрiсiп кеткен.

Бастапқы бағыт – келешекте жұмысқа орналастыра отырып кәсіптік оқыту. Яғни бірінші кезекте оқытуға, тұрғылықты жерi бойынша жұмысқа орналастыруға, өзiнiң жеке iсiн ашуға және кеңейтуге жәрдемдесуге, ал ондай мүмкiндiктер болмаған жағдайда, жұмыспен нәтижелi қамтудың қолжетiмдiлiгiн кеңейту мақсатында экономикалық әлеуетi төмен елдiмекендерден экономикалық әлеуетi жоғары елдiмекендерге және экономикалық даму орталықтарына азаматтардың өз еркiмен көшуiне жәрдемдесу жүктелген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқытуға 44 білім беру ұйымымен 443 келісім-шарт бекітілді. Қазір кәсіптік оқуды 9 866 адам аяқтады, оның 6 364-і жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте бағдарламаға қатысу арқылы жұмысқа орналасқандардың орташа еңбекақысы 41 мың теңгені құраған.

Екінші бағыт – жеке ісін, бірінші кезекте ауылда ұйымдастыруға жәрдемдесу. Бұл бағыт бойынша ауылда кәсіпкерлікті дамыту енді басталып келеді. Ведомствоның жариялаған мәліметтеріне көз жүгіртсек, жоспарланған 3 263 адамнан кәсіпкерлік негіздері бойынша 323 адам оқытылды. Кәсіпкерлікті ынталандыру жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға негізделген бағдарламаның бұл бағытына жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатыса алады. Кәсіпкерлікті қолдаудың басты тетігі – микрокредиттеу осында қарастырылған. Микрокредит қайтарымдылық негізде ең жоғары сомасы 3 млн теңгеден және кредит беру мерзімі 5 жылдан аспайды. Сонымен қатар пайызды және негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдікті кезең ұсынылады. Несие алу үшін кепіл болу керек.

Үшінші бағыт бағдарлама қатысушыларында алдыңғы екі бағыттан өткеннен кейін жалды еңбекпен және жеке ісімен айналысудың нақты перспективалары болмаған жағдайға көзделген. Мұнда тұрғылықты жері бойынша немесе бизнесті дамытуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, Бағдарламада дамыған өңірге көшу мүмкіндігі ұсынылады, бұл өз кезегінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға септігін тигізеді. Бұл бағыт бойынша республиканың 10 өңірінде 1 238 пәтерлі 971 жеке үйлер салу және 2 218 пәтерлі 83 тұрғын үйлер құрылысын жүргізу (сатып алу, жөндеу, қалпына келтіру) жоспарлануда. Қазір 50 жеке тұрғын үйдің және 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының әлеуеттік қатысушыларын анықтау және өтініш білдірушілерді Бағдарламаға енгізу туралы шешім аудандық деңгейде қабылданып, бағдарламаның әр қатысушысымен екіжақты міндеттемелер, оған қоса жұмысқа орналастыру туралы келісімді ұсынатын әлеуметтік келісімшарт жасалады. Қазірдің өзінде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына 23 мың қазақстандық қатысуда және жұмыс берушілермен 19 мың жаңа жұмыс орнына келісім бекітілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне көз жүгіртсек, бағдарламаға қатысуға өтініш бергендер саны 26 236 адам, олардың 20 270-і әлеуметтік келісім-шартқа қол қойды.

Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 443 білім беру ұйымымен келісімдер бекітілді. 33 440 адам кәсіптік оқытумен қамтылды, оның ішінде кәсіптік даярлаудан 26 365 адам (2009 жылғы Жол картасынан – 13 111, 2010 жылғы Жол картасынан – 13 254) өтті, қайта даярлауға 8 075 адам («Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша – 4 443) жіберілді, біліктілікті арттыруға 1 125 адам («Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша – 421) жіберілді.

Есепті мерзімге кәсіптік оқуды 9 866 адам аяқтады, олардан 6 364 адам (оқуды аяқтағандардың санынан 64,5 %) жұмысқа орналастырылды.

Өткен қыркүйек айына жасалған есепке сәйкес, еліміздегі жұмыссыздардың саны 472,5 мыңды құрап, бүгінде жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына шаққанда 5,3 пайызға тең. ҚР Статистика агенттігінің хабарлауынша, Республика экономикасында 2011 жылғы қыркүйекте (бағалау бойынша) 8,4 млн адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда олардың саны 274,5 мың адамға немесе 3,4 пайызға көбейді. Міне, осындай қарқынмен жұмыс жалғаса берсе, алдағы жақын уақытта «2020 жылға дейін жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін төмендету керек» деген Елбасының міндеті де орындалатыны сөзсіз.

Жұмысқа орналасуға, кәсіби білім алуға ниет білдірушілер назарына!

1) Бағдарламаға қатысушылар бағдарламаға қатысу туралы өтiнiш пен жергiлiктi жұмыспен қамту органдарына өтiнiш жазады;

2) Жергiлiктi жұмыспен қамту органдары берiлген өтiнiштердiң негiзiнде әлеуеттi қатысушылардың тiзiмiн қалыптастырады;

3) Қалыптастырылған тiзiмдер мен әлеуеттi қатысушылар туралы мәлiметтердi жергiлiктi жұмыспен қамту органдары қарайды.

4) Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесi бойынша жергiлiктi жұмыспен қамту органы өтiнiш берушiлердi Бағдарламаға қатысушылар қатарына енгiзу, не одан бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

5) Бағдарламаға қатысушы мен жергiлiктi жұмыспен қамту органы арасында әлеуметтiк келiсiм-шарт жасалады.

6) Кәсiптiк бiлiмi бар Бағдарламаға қатысушыларға Дерекқорда бар бос жұмыс орындарына, оның iшiнде жалақыны iшiнара субсидиялау мүмкiндiгiмен, орналасу ұсынылады. Бағдарлама шеңберiнде жұмысқа орналастырылған азаматтарға, қажет болған жағдайда, оқу ақысы Бағдарламаны iске асыруға бөлiнген қаражат есебiнен төленетiн қысқа мерзiмдi (6 айдан аспайтын) кәсiптiк оқу курстарында оқуға қосымша мүмкiндiк берiлуi мүмкiн.

7) Дерекқор шеңберiнде бар бос жұмыс орындарына орналаса алмайтын Бағдарламаға қатысушылар басым мамандықтар бойынша кәсiптiк оқыту курстарына жiберiледi. Басым мамандықтардың тiзбесiн Бағдарлама операторы мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, жыл сайын анықтап отырады.

Кәсiптiк оқуды оқығаннан кейiн Бағдарламаға қатысушыларға Дерекқорда бар бос жұмыс орындарына немесе құрылған әлеуметтiк жұмыс орындарына орналасу ұсынылады.

9) Егер Бағдарламаға қатысушы кәсiптiк оқуды оқығаннан кейiн жұмысқа орналастырыла алмайтын болса, оған Бағдарламаның екiншi немесе үшiншi бағыттарына қатысу мүмкiндiгi ұсынылады.

10) Әлеуметтiк келiсiм-шарт талаптарының орындалуын жергiлiктi жұмыспен қамту органы бақылайды.

Бірінші бағытқа қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілуі мүмкін:

– оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;

– біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына жіберу;

– оқу орнына дейін және кері жол жүруіне және жатақханада тұруына субсидия беру;

– лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдесу, сонымен қатар психологиялық бейімдеу.

704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы