• Бизнес & Қоғам
  • 20 Қазан, 2011

Бүлдіршінге базарлық – балабақша Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Республика көлемінде бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жоспарлы қолға алынып, соңғы жылдары бұл игілікті істің деңгейінің едәуір көтерілгені де айқын көрініп отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде заманауи талаптарға сай кең де жарық, бүкіл керек-жарағымен толыққанды жарақталған балабақшалармен қатар мектепке дейінгі балалар мекемелерінің де саны артып келеді. Олардың бірі ретінде Ақтөбе облысы орталығындағы Құрмыш шағын ауданында бой көтерген №43 «Гүлдәурен» балабақшасын атауға болады.

«320 бүлдіршін тәрбиеленеді» деп жоспарлана салынған балабақшаның жалпы аумағы – 11 209 шаршы метр. Үш қабатты құрылыс замануаи талаптарға сай салынып, толықтай бүгінгі күннің озық құрал-жабдығымен жасақталған. Ғимаратта 16 ойын бөлмесі, 3 оқу сыныбы, музыка, бейнелеу өнеріне арнайы керек-жарағымен жабдықталған бөлмелермен қатар би-гимнастика, мәжіліс залдары, сондай-ақ медициналық, тұрмыстық-қызметтік бөлмелер, тағамдық блок бар. Тамақ тасу үшін жүкке арналған лифт қарастырылған. Ауладағы 16 ойын алаңына күркелер орнатылған. Барлық алаңдарға құм төгіліп, сырғанау төбелерімен, әткеншектермен жабдықталған. Енді мұнда сауықтырудың тиімді әдісі – галотерапия енгізу, яғни тұзды шахта жасау жоспарланып отырған көрінеді. Балабақша құрылысын салған «Промресурс» ЖШС директоры Олег Федоровтың айтуынша, жобасы жағынан облыста, тіпті Қазақстанда баламасы жоқ балабақша құрылысына 515 646,66 мың теңге жұмсалған екен.

Жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, қала әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков пен бүлдіршіндердің ата-аналары қатысты. «Жас ұрпаққа жан-жақты әрі сапалы білім мен тәрбие беру – біздің, үлкендердің міндеті. Қазір облысымызда 501 балабақша жұмыс істейді. Бұған 35 мыңнан астам бүлдіршін барып жүр. 1991 жылдары облыста 400-ден астам балабақша болды. Нарық заманындағы түрлі жағдайларға байланысты балабақшалар саны 75-ке дейін қысқарды», – деген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қолға алынған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының басым бағыттарын сөз ете келе, жиналған жұрт алдында «Соңғы жылдары мемлекетіміз мектепке дейінгі ұйымдарды дамытуға зор көңіл бөлуде. «Балапан» республикалық бағдарламасы аясында 400-ден астам мектепке дейінгі ұйым ашылып, бүлдіршіндерді қабылдады. Әсіресе, жекенің қолындағы балабақшалар мемлекеттік коммуналдық меншікке қайтарылуда. Мысалы, бұрынғы үш балабақшаның ғимараттары қайтадан өңделіп, 240 орындық №37 «Балапан» мектепке дейінгі ұйымы, 280 орындық №38 «Әлем» және 280 орындық «Достық» балабақшалары ашылды. Қазір демографиялық жағдайы қалыпты. Әрі облысымызға сырттан көшіп келушілер бар. Сол себепті де балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер көп. Бүгін тағы да балабақша қатары толығуда. Жақында 12 шағын ауданда балабақша құрылысы басталады. Бүгін тағы бір балабақша пайдалануға беріліп отыр. Жалпы 2012-2014 жылдары бұл бағыттағы көрсеткішіміз біраз жақсарады», – деп сөзін аяқтады.

Облыс әкімінен кейін сөз алған балабақша құрылысымен айналысқан мердігер компания – «Промресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Олег Федоров тұрғындарды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтап, символикалық кілтті №43 «Гүлдәурен» балабақшасының меңгерушісі Бақытгүл Жетесоваға тапсырды. Ата-аналар өз лебіздерін білдіріп, рахметтерін айтса, бақшаға қабылданған бүлдіршіндер ән салып, би биледі. Осылай тағы бір жаңа балабақша ашылып, бүлдіршіндерге мол базарлық болды.

710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы