• Ақпарат
  • 20 Қазан, 2011

Қазақ осы - ашық жарқын қабағы, Қонақ келсе шабылып бір қалады.... Мақпал САҒЫНДЫҚ

Жетісудің етегінде жүрегі кең, досына жомарт қазақ халқының ыстық ілтипатына бөленген түрлі ұлт өкілдері мекен етеді. Қазақ даласын қоныс еткен басқа ұлттар өз ана тілі мен салт-дәстүрлерін сақтап, жетілдіруде үлкен мүмкіндіктерге ие болды. Сондай мәдени шара, жалпы алғанда қоғам үшін мәртебелі маңызға ие Талдықорғанда орналасқан – Достық үйі. Бұл этномәдени орталықта облыс пен қала көлемінде этникааралық келісім аясында алуан жұмыстар жүргізіледі. Талдықорған қаласының туған күні қарсаңында азаматтар өздерінің жылы лебіздерімен бөліскен болатын.

Жанат Сәдеков, Достық үйінің директоры:

- Достық үйі ғимараты өз жұмысын 2008 жылдың қараша айынан бастаған болатын. Бұл жерде Талдықорған қаласы мен облыс бойынша этномәдени орталықтар орналасқан.

Достық үйінің негізгі мақсаты – басқа ұлт өкілдерінің мәдениеті пен өнерінің, салт-дәстүрінің дамуы мен қалыптасу бағытында қызмет ету болмақ. Атқарылатын іс-шаралардың барлығы еліміздің ішкі тұрақтылығы мен ұлтаралық байланыстың мызғымастығын қамтиды. Қала тұрғындарын керемет мерекелерімен құттықтай келе, бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді тілеймін!

Борис Ли, қала тұрғыны:

- Мен Талдықорған қаласының маңында дүниеге келдім және сол жерде мекен еттім. Кезінде үлкен аудан тұрпатында болғанда жиі жолым түсіп тұратын. 70-жылдарда Талдықорғанның өзіне көшіп келдім. Соңғы он жыл көлемінде қала адам танымастай өзгерді! Көп қабатты тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттар бой көтерді. Осы атқарылған игілікті шаруалардың барлығы он жыл бойы қаланы басқарған мәртебелі Сәкен Егінбайұлы Жылқайдаров мырзаның арқасында орындалды. Құрылыс алаңдарында елімізде мекендейтін әр ұлттың азаматтары да еңбек еткендіктен, Қазақстанның гүлденуіне қолдан келгенше көмектерін аямады. Өмірдің біршама белесін артта қалдырған мына біздер қаладағы тазалық тәртіптерін орындауға ат салысамыз, жастардың құлақтарына «құйып» отырамыз. Себебі, әр қала – біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі іспеттес.

Талдықорғанда әр ұлт өкілдеріне керегінше жағдай жасалынғандығын айта кету керек. Сөзімнің дәйегі ретінде Достық үйін айтар едім. Мерекелік шараларда біз осы жерге келіп, әр елдің салт-дәстүрімен, алуан тағам мәзірлерімен танысамыз. Жыл сайынғы өтетін Қала күні мейрамына бәріміз тату отбасының мүшесі ретінде қатысамыз.

Үстіміздегі жылы егемен еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдық мерекесін асыға күтуде. Осы аралықта азат еліміздің дамуында қол жеткізген бірден-бір жетістігі – халықтар достастығының бейбітшілігі, тұрақтылығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымын қолдаған әрбір қазақстандық азат елдің арайлы күндерін әр сәт бағалауда.

Деонизия Белявская, қала тұрғыны:

- Менің ұлтым поляк. 1935 жылы Украинада өмірге келдім. Арада бір жыл өткен соң қуғындау кезеңі басталып, ата-анаммен бірге Қазақстанға келдік. Сол кезді еске алудың өзі ауыр. Егер де, қазақ халқының қонақжайлығы болмағанда шекара асқан талай отбасы тірі қалмайтын еді. Біз Крупское ауылында тұрдық, кезінде ол ауыл «Сталин» аталатын. Онжылдық білім алу мақсатында мен Талдықорған қаласына келдім. Сондықтан да бұл қала мен үшін ең жақын, әрі баға жетпес туған өлкеме айналды. Медицина институтына түсе алмай, құжаттарымды алып Алматы кинотехникумына тапсырдым. Кейіннен Қарабұлақ ауылында еңбек жолым басталып, «Родина» кинотеатрының директоры қызметін атқардым. «Атамекен» атына өзгертілген сол кинотеатр қазірде жұмыс істеп тұр. 1968 жылы облыстық кино басқару қызметінде бас инженер, бастықтың орынбасары лауазымдарын атқардым. Осы жылдары менің жетекшілігіммен біршама кинотеатрлар ашылды, мәселен, «Балқаштың» ашылу салтанатында Дінмұхамед Қонаевтың өзі қатысқан болатын. Ал 1979 жылы «Қазақстан» кинотеатры қонақтарға есігін ашты. Жемісті еңбегім еленіп, «Қазақ ССР еңбек сіңген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Кезінде бой көтерген кинотеатрлардың құрылысына аса жауапкершілікпен қарау нәтижесінде, бүгінге дейін еш жері бүлінбеген қалпында сақталып тұр.

Қызметтік жылдарымда әлемнің 13 еліне сапар шектім. Бәрі тамаша бола тұра, туған жеріме – Талдықорғанға деген сағынышым еселеніп, үйге жеткенше асығатынмын. Бұл жағдайды сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес... Талдықорған – Қазақстанның ең әдемі қалаларына жатады. Ауасы мен қоршаған орта табиғаты да керемет. Қарапайым тұрғындардың алаңсыз күлкілері қала сәнін ерекше күйге бөлейді. Польшаға немесе Ресейде тұратын қызымның қолына барып тұруыма да болатын еді, бірақ ыстық мекенімнен ешқайда кеткім келмейді!

Лариса Татаренко, қала тұрғыны:

Талдықорғанда тұрып жатқаныма 40 жыл уақыт болды. Осы аралықта қаланың жағдайы жақсарып, бірқатар өндіріс орындары ашылды. 70-жылдары 100 мыңдай тұрғыны бар шағын қалашықтың ахуалы мүлдем басқаша көрінетін. Көлік транспортының аздығынан бағдаршам да орнатылмаған еді.

1968 жылы қала облыс мәртебесіне ие болған сәттен бастап, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Орталық алаңға түбегейлі жөндеулер жүргізіліп, жаңа аудандар салына бастады. Көпқабатты үйлер, әкімшілік ғимараты, денсаулық, мәдениет мен білім ошақтары, сауда үйі, қонақүй, аэропорт, автобекет сынды әлеуметтік кешендер тұрғызылды. Бүгінде Талдықорған заманауи қалалардың үлгісін береді. Қарттардың серуендеп, балалардың алаңсыз ойнауына арналған «Арбат» демалыс орны да қала тұрғындарының игілігі үшін ашылған кешен.

Қала күні мерекесінде жасы егде тартқан әжелеріміз бен аталарымыз жастық шақтарын әсем қаламен байланыстыра естеріне алуда. Жастарымыз да гүлденген қаланың өркендеуіне үлес қосып жатқандарын ерекше мақтан етеді. Сүйікті мекеніміздің келешегі әрқашан жарқырай берсін дегім келеді.

893 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы