• Ақпарат
  • 20 Қазан, 2011

Экономика: нарық жетегіндегі халық Егін орағы Астық сақтау жайы алаңдатады

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі күні қостанайлық диқандар егістік алқабының 95 пайызын жинап алған. Орып, бастырылған осыншама астық қамбаға құйылды.

Ежелден еліміздің астықты өлкесі болып саналатын Қостанай өңірінде биыл бұған дейін болмаған астық шық­ты. Қазіргі күні қостанайлық диқандар 7 млн 600 мың тонна астықты қамбаға құйып алды.  Облыстың  топырағы құнарлы деген солтүстік аудандары түгілі, жағдайы қолайсыз оңтүстік аудандарының өзін­де  гектардың орташа шығымдылығы 17,1 цент­нерден айналды. Таран, Амангелді аудандары  бұрын мұндай астық  жинап  көр­ме­ген. Ал белгілі ғалым-агроном Валентин Дву­ре­ченскийдің  шаруашылығында  әр гек­тардан 36,4 центнерден бидай жиналды.  Биылды айтпағанда, бұрынғы жылдарда дәл мұндай  көрсеткіш об­лыс қана емес, республика аума­ғын­да  болған емес. Шаруашылық басшысы осыншама көл-көсір  ас­тық  табиғаттың  ырысы дей отырып, гектар берекесін арттыруға  ылғал сақтау  технологиясының үлкен ықпалы болғанын айтады.

Айта кетейік, былтырғы жылы  мемлекетке астық тапсыруда  жоспарын ор­ын­даған жалғыз Қостанай облысы болатын. Ал биылғы мол астық мемлекетке де, сыртқа   сатуға да жетіп ар­тылады. Қазір облыс диқандарын ас­тық сатудан бұрын алаңдатып отырған басты мәселе – шашпай-төкпей жинап алған мол астықты сақтау. Өйткені қазір об­лыстағы  элеваторлардың 81 пайы­зы астыққа толып тұр.

Қостанай астығы қазіргі күні шетелдерге жол тартты.  Бүгінге дейін  сырт­қа 250 мың тонна астық шығарылса, оның 66 мың тоннасын Азық-түлік келісім-шарт корпора­ция­сы сатып алған. Мемлекет қар­жысына сатып алынатын ас­тыққа квота белгіленгендіктен, қостанайлық ди­қандар үшін  бидай сату әзірге  өзекті болып қала беретін түрі бар.

Нарық

Мұнай барреліне – 80 доллар

Сарапшылардың мұнай бағасына қатысты бағалаулары негізінде 2012 жылы мұнайдың бір баррелі 80 АҚШ доллары болады деген болжам жасалынып отыр.

Ал 2013-2016 жылдарда 70 доллар деңгейінде болады. Тұтастай алғанда бұл әлемдік экономикадағы әлеуметтік тәуекелдермен сәйкес келеді. Парламент Сенатында елдің 2012-2016 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы мен Қазақстанның ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансфертіне қатысты заң жобаларының таныстырылымында экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов осылай деді.

Оның айтуынша, ІЖӨ өсімі мен қалалардағы нақты көлем индексінің болжамдары 2012-2016 жылдары индустрияландыру картасына және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен жаңа өндірістерді іске қосуды есепке алғанда, экономиканың 7 пайыздық өсімін қамтамасыз ететін индикативті көрсеткіштерге сәйкес болады. «Болжам бойынша 2012 жылы номиналды ІЖӨ 28,9 трлн, ал 2016 жылы 44,7 трлн теңгеге дейін өседі.  Сондай-ақ 2016 жылы сыртқы сауда айналымы 165,8 млрд долларға дейін өсуі мүмкін. 2012-2016 жылдарға арналған экономикалық саясаттың негізгі мақсаты – 7 пайыздан кем емес деңгейде экономикалық өсімді қамтамасыз ету», – деді М. Құсайынов.

Өндіріс

Жаңа зауыттың іргесі қаланды

Өскеменде титан слябілерін шығаратын жаңа зауыт құрылысының алғашқы кірпіші қаланды. «POSUK TITANIUM»  зауыты Өскемендегі титан-магний комбинатының кореялық «POSCO» компаниясымен бірлескен жобасы болып табылады.

Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорыны былтыр тамыз айында құрылған болатын. Енді үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ озық технологияларды өндіріске енгізу және титан өнімінің нарықтағы сұранысын арттыру мақсатында тағы бір жобаның негізін қалады. Жалпы құны 50 миллион АҚШ долларына бағаланған жаңа зауытты 2013 жылы іске қосу көзделіп отыр.

Агрокешен

Үш мың тонналық қойма пайдалануға берілді

Ақтөбенің өнеркәсіптік аймағында 3 000 тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік беретін «КиликоТун» ЖШС қоймасы пайдалануға берілді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылған бұл жоба тұрақтандыру қорын құру бағдарламасы бойынша пайдалануға беріліп отыр. «КиликоТун» ЖШС директоры Бауыржан Айтмұхамбетовтың айтуынша, алты бөліктен тұратын қойма жетілдірілген құрылғылармен, микроклиматты басқару жүйесімен, қашықтықтан басқару құралымен және қажетті техникалармен жабдықталған. Жобаға 235 млн теңге қаржы жұмсалған. Қазір мұнда пияз және картоп өнімдері сақталға қойылған.

Жәрмеңке

Жыл сайын өтіп тұрады

Қарағанды көлемінде облыс әкімі Серік Ахметовтің жұмыс кеңесінде айтылғандай, ауылшаруашылық тауарларының «Ауыл –береке» жәрмеңкесі жыл сайын өткізілетін болды.

Биыл 22, 29 қазан және 5 қараша күндері Қарағанды қаласында (Ленин көшесінде), сондай-ақ Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қаражал, Саран және Шахтинск қалаларында өтетін «Ауыл береке» жәрмеңкесіне Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін әкеледі. Алғашқы күні жәрмеңкеге 26 тонна ет, 7 тонна сүт өнімдері, 135 тонна картоп, 80 тонна көкөніс, 120 мың дана жұмыртқа және басқа да өнім түрлері шығарылады. Сондай-ақ, жәрмеңкеге келушілерге қала кәсіпорындарының өнімдері де (ұн, нан өнімдері, тары, қант және т.б.) ұсынылатын болады.

Жалпы алғанда, Қарағандыға және облыстың басқа да қалаларына жәрмеңке күндері 86 тонна ет, 30 тонна сүт өнімдері, 410 тонна картоп, 240 тонна көкөніс, 320 мың дана жұмыртқа жеткізілетін болады. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Ниханбай Омархановтың айтуынша, жоспарланып отырған бұл өнім көлемі жәрмеңкенің алғашқы күніндегі сұранысқа қарай өзгеруі әбден мүмкін. Өнім бағасы бұған дейіндегідей, нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен болады.

Жанармай

Жағдай оңала түсті

Энергетикалық әріптестік жөніндегі қазақстандық-американдық бірлескен комиссияның отырысынан кейін БАҚ өкілдерімен кездесудегі мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, елімізде жанармай нарығындағы жағдай оңала түскен, тіпті бағаның төмендеу үрдісі де байқалады.

«Толықтай алғанда жанармай нарығындағы жағдай түзеліп келеді және жетіспеушілік жоқ. Сондай-ақ, өздеріңіз байқаған болсаңыздар бағаның төмендеу үрдісі, атап айтқанда дизель отынында байқалады», – деді министр.

Осы басқосу барысында Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қауіпсіздік және атом энергетикасы, көмірсутек ресурстары, жаңаратын энергия көздері және энергия тиімділігі, электр энергетикасы салаларында бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды.

Ықпалдастық

Еркін сауда аймағы құрылады

Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ТМД елдері арасындағы сауданың дамуын ынталандыруға көмектеседі. Санкт-Петерборда өткен ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысынан кейін баспасөз мәслихатында премьер-министр Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.

Бүгін мемлекет басшылары берген тапсырмаға сәйкес, мақсатты және еркін шешім қабылданды, біз осы маңызды құжаттың қол қойылуына жол таптық. Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ТМД елдері арасындағы сауданың дамуын ынталандыруға, сондай-ақ ТМД-ға мүше барлық елдерге инвестиция тартуға көмектеседі, – деді К. Мәсімов. Үкімет басшысының пайымдауынша, осы құжаттың қол қойылуы ТМД дамуының жаңа бағыттарына жол ашады.

Айта кетейік, ТМД үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға, соның ішінде еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды.

Даму

ЭСКАТО баяндамасы тыңдалды

Алматыда өткен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы сауда және инвестиция жөніндегі 2011 жылғы баяндамасын таныстыру рәсімінде ЭКСАТО-ның Солтүстік және Орталық Азиядағы субаймақтық кеңсесінің жетекшісі Николай Помощников: «Қазақстан өнеркәсіптік және қаржылық даму жөнінен аймақтағы көшбасшылардың бірі», – деп атап өтті.

«ЭСКАТО ұйымының Азия-Тынық мұхиты аймағындағы сауда және инвестиция жөніндегі биылғы баяндамасы бұған  дейін Малайзия, Шри-Ланка, Неапал, Филиппин және тағы басқа елдерде таныстырылған болатын. Бүгін енді оны Алматыда таныстырып отырмыз. Өйткені Қазақстан соңғы жылдары шынында да өте жоғары даму қарқынын көрсетті», – дейді Н. Помощников.

Айта кетейік, құрамында 62 ел мүше болып табылатын ЭСКАТО ұйымы Азия-Тынық мұхиты аймағында экспорттың жандануы нәтижесінде қаржы дағдарысынан жеткілікті  деңгейде сәтті шықты.    Николай Помощниковтың айтуынша, қазіргі таңда әлемдік экономикалық дамуда Азия-Тынық мұхит аймағы жетекші орында келе жатыр.

Келелі кеңес

Бағдарламаға қатысушылар бас қосты

Өндірісті өңірлердің бірі Павлодар қаласында «Даму» КДҚ» өкілдері және бизнес бірлестіктердің қатысуымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қатысушыларының форумы өтті.

Онда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың түйінді мәселелері, шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа бастамалары және кәсіпкерлікті қолдау шараларын дамыту мәселелері қарастырылды. Жиын барысында экономикалық даму және сауда министрі Қ. Келімбетов бағдарламаның үш бағыты бойынша 205,2 млрд теңгеге бағаланған 638 өтініш қаржыландыруға мақұлданғанын мәлімдеді. Министр бағдарламаны одан әрі дамыту үшін жалпылай қолдаудан басымдылық пен сапаға өту қажеттігін айтты. Тағы бір жайт – бизнес-бастамаларды қолдаудан бірлескен мәселелерді шешуге көшу. Бұл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыруда мемлекет пен бизнес әріптестігін кеңейтуді көздейді. Мемлекеттің аймақтық саясатын жүзеге асыру аясында болашағы бар шағын қалалардың экономикасын әртараптандыру, тоқырау үстіндегі қалалар проблемасын шешу қажет.

Өндіріс

Жаңғырту жұмыстары қолға алынды

Батыс Қазақстан облысында индустрияландыру бағдарламасының аясында 96,4 млрд теңгенің 20 инвестициялық жобасы (890 жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Соның бірі – «КазАрмаПром» зауытын жаңғырту жұмыстары.

«КазАрмаПром» ЖШС – түрлі шойын бұйымдарын шығаратын іргелі кәсіпорындардың бірі. Зауыт 15 жылдан бері кен байыту кәсіпорындарында цемент пен бетон өндіруге қажетті шикізатты ұнтақтауға қолданылатын ұнтақшар өндіріп келеді. Сондықтан зауыт өніміне сұраныс та жоғары. Сұранымды толық қанағаттандыру үшін өндірістік қуатты ұлғайтумен қатар, жаңа технологияны енгізу керек. Зауыттың техникалық бөлімінің бастығы Николай Қарабалиннің айтуынша, инвестициялық жоба бойынша жоғары өнімді қазіргі заманғы құю цехын іске қосу арқылы шойыннан айына 3 мың тонна ұнтақ шар және басқа сапалы өнім өндіруге болады. Соның ішінде мұнайгаз саласы үшін қажетті құрыш ысырма өндірісі де бар. Сондықтан құрыш құю учаскесіне де тиісті жабдық керек.

Бұл өндіріс бір облыс үшін ғана емес, еліміз көлемінде маңызды болмақ. Қайта құрудың екінші кезеңінде Қытайдан жоғары технологиялы жабдық сатып алынады. Соның есебінен металды тиімді пайдалану арқылы өнімділікті үш есе арттыруға болады. 2013 жылы аяқтау көзделген бұл жобаның жүзеге асырылуымен 135 жаңа жұмыс орны ашылады.

Астық

Орақ аяқталып қалды

Еліміздің астықты өңірі – Солтүстік Қазақстанның егістік алқаптарында орақ науқаны аяқталып келеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, 18 қазанға дейін мұндағы дәнді дақылдар егістігінің 98,9 пайызы жиналған. Гектар шығымдылығы орташа алғанда 21,7 центнерден айналуда. Биыл солтүстікқазақстандық диқандар барлығы 4,5 млн га алқапқа егін салған-ды, оның 3 млн 900 мың гектарына дәнді дақылдар егілген.

Қазіргі күні облыстың Ақжар және Уәлихан аудандарында егін орағы аяқталды. Таяу күндері күзгі жиын-терін жұмыстары облыстың барлық аудандарында аяқталатын болады.

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында да орақ  науқаны аяқталуға жақын. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің хабарлауынша, қазір қамбаға 20 мың тонна астық жиналған. Аудан бойынша биыл 17 мың га дәнді дақылдар, оның ішінде 11,8 га бидай ору жоспарланған. Қазір дәнді дақылдар толығымен орылып болған. Астықтың орташа түсімі гектарына 13 центнерден айналып отыр. Аудан диқандары 3 сыныптағы 3 285 тонна бидайды мемлекеттік қорға тапсырды.

Сонымен қатар 23 мың гектар күнбағыс алқабының 18 мыңы орылып, 10 мың тонна өнім жиналған. 15,6 мың га сүдігер жыртылып, 1 мың га алқапқа қыстық дақылдар егілді. Аудан әкімдігі хабарлағандай, орақ  аяқталуға жақын. Мемлекеттік қорға астық тапсыру жалғасуда.

Салық

Реформалауды қажет етеді

Қаржы министрлігі салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин  «Салықтық бәсекелестік және Қазақстан: ерекшеліктері, артықшылықтары және келешегі» деген тақырыппен Алматыда өткен 6-қазақстандық салық форумында салық жүйесін реформалауға қатысты  ұсыныстарын ортаға салды.

Атап айтар болсақ, оның бірі – бизнес үдерістердегі  барлық құзырлы мемлекеттік органдарды блок-схема түрінде  талдап  реттеу. Екіншісі, автоматтандыру тақырыбына талдау жасау немесе  «қажетсіз» бөлімдерді жою. Үшіншісі, жекелеген салықтардың құрылымы және әкімшілік салықтарын оңтайландыру, Төртіншісі, әкімшілік өндірістегі негізгі терминдерді нақты реттеу. Бесіншісі, шағын және орта бизнес саласындағы салық саясатын анықтау.

Д. Ерғожиннің пайымдауынша, аяқ-киім жөндеушіні бизнес субъектісіне айналдырудың қажеті жоқ. Бұл етікшінің күнкөріс құралы. Осы жәйттің  ауыл шаруашылығына да қатысы бар. Ауылда тұратын 6 миллион адамның әл-ауқатының жақсаруы ел экономикасының дамуы үшін аса маңызды.  Сондықтан салық заңнамасын жетілдіруге  мүдделі тараптар бірлесіп, өз ұсыныс-тілектерін құзырлы  органдарға ұсынуы қажет.

Дағдарыс

Екінші толқын үшін – $20 млрд керек

Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко әлемдік қаржы дағдарысының екінші толқыны соғатын болса, республика ұлттық қордан 20 млрд доллар жаратуы мүмкін деп мәлімдеді.

«Бүгін болмағанмен, күндердің күнінде әйтеуір бір келетін жаһандық дағдарыстың алдыңғыдан ауыр болмаса, кем соқпайтын екінші толқыны бізге 20 млрд долларға түсетін болады», – деді Марченко. Оның айтуынша, елдің ұлттық қорында бүгінгі күні 41 млрд доллар жинақталған. Бұл ішкі жалпы өнімнің 25 пайызын құрайды. Елімізде 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысының қиындықтарын еңсеруге 10 млрд доллар шығындалған болатын. Г. Марченко 20 млрд доллар қаржының дағдарыс бірнеше айдан біржарым жылға созылған жағдайда ғана көмегі болатындығын ескертті. Ал «дағдарыс кезеңі ұзаққа созылған және қиындықтарға толы болған күнде, бұдан көп қаржы қажет болады».

Қаржы Ескерткіш монеталар айналымға шықты

Ұлттық банк   «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» монеталар сериясы бойынша 500 және 50 теңгелік «Айтыс» ескерткіш монеталарын  айналымға шығара бастады.

Бұл  «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» сериясын жалғастыратын монеталардың алтыншы жұбы болып отыр. «Рroоf» сапасымен күмістен жасалған номиналы 500 теңгелік және нейзильбер қоспасынан жасалған  50 теңгелік  монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелері бірдей. «Рroof» сапалы күміс монетадағы бейне жалтыратып салынған. Бет жағының орталық бөлігінде ою-өрнек аясында Елтаңбамыз бейнеленген. Төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін сан мен  «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол және оң жақ бөлігінде ұлттық ою өрнегі салынған. Ал сырт жағында қыз бен жігіт айтысы бейнеленген. Төменгі бөлігінде Теңге сарайының тауар белгісі мен «АЙТЫС» деп жазылған. Сол жақ бөлігінде соғылған жылын білдіретін «2011» деген сан көрсетілген. Күмістен жасалған монетаның оң жағында монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925  31,1gr.» деген жазу бар.

Айта кетейік, 500 теңгелік монета  925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы 31,1 гр., диаметрі 38,61 мм,   таралымы 4 мың дана. Ал 50 теңгелік монета ақ түсті «нейзильбер» қоспасынан жасалған, диаметрі 31 мм, салмағы 11,17 гр., таралымы 50 мың дана.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

735 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы