• Бизнес & Қоғам
  • 20 Қазан, 2011

Ауыл шаруашылығы Картоп көктемге дейін сақталады

Павлодар қаласының іргесінде тағы бір заманауи көкөніс қоймасы ашылды. «Маяк» шаруа қожалығы бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» компаниясының қолдауымен іске асырды. Енді қысқы-көктемгі мезгілдерде жергілікті тұтынушылар үшін жергілікті өнімнің бағасы тұрақты болады деген сенім бар.

Жаңадан бой көтерген көкөніс қоймасында 6200 тонна картоп сақталады. «Маяк» шаруа қожалығының бас директоры Ермек Супековтің айтуына қарағанда, қойма заманауи желдеткіш құрал-жабдықтармен жарақталған. Ылғалдылығы мен температурасы компьютер арқылы бақыланады. Келесі жылы қойманың екінші бөлігі салынады. Оның да сыйымдылығы осыншалық. Жобаның жалпы құны 1,1 млрд теңге болса, соның 917 млн. теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан несие түрінде алынған. Жаңа қойманың ерекшелігі, облыс орталығына жақын орналасқан. Әрі, оған теміржол көлігі де жете алады. Е.Супековтің айтуынша, «Маяк» шаруашылығы - Павлодар ауданы Кеңес ауылында орналасқан тағы екі қойманың иесі. Жалпы сыйымдылығы - 5300 тонна. Оларда тұқымдық картоп сақталады.

Бұған дейін аталмыш шаруашылық симментал тұқымдас мал басын көбейтіп, сүт өндірісімен айналысып келген. Биыл 350 гектар алқапқа картоп салып, нәтижесінде 11 мың тонна өнім алып отыр. Қоймаларда қазір сықыйып толып тұрған картоп - шаруашылықтың алғашқы өнімі. Келер жылы суармалы алқап көлемін 750 гектарға дейін ұлғайтпақшы. Кенеттен көкөніс өсіруге көшкен себебін шаруашылық басшысы сұраныстың болуымен байланыстырады. Бұл, әрі, қосымша жұмыс көзі. Биыл Кеңес ауылындағы және Павлодар қаласы іргесіндегі қоймалардың ашылуы 25 тұрақты жұмыс орнын берді.

-Қазіргі кезде картоптың килограмын 32-33 теңгеден босатып отырмыз. Қала көшелерінде орналасқан өзімідің сауда нүктелеріміз бойынша 35 теңгеден сатудамыз. Биыл картоп бойынша бәсекелестік жақсы. Қыс мезгілінде картоп бағасы электр қуатына, еңбекақы төлеу секілді шығындарға байланысты біраз өсуі ықтимал. Бірақ сырттан тасып әкелгенен гөрі жергілікті өнімнің болғаны әлдеқайда арзан түседі деп ойлаймын, деді Е.Супеков.

Жалпы, биыл Павлодар ауданында 63 мың тонна картоп, 53 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Е.Асқаровтың берген мәліметінше, аудан көлемінде 40-тай қойма болса, оларда 43 мың тоннадан астам өнім сақталады. Алдағы уақытта қосымша 12 қойма салынып, барлығы 77 мың тонна картоп-көкөніс сақтауға мүмкіндік туады. Бұл - күзде алқаптардан жиналатын өнімнің басым бөлігі деген сөз.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ аймақтық өкілдігінің директоры З.Тілеубергеннің айтуынша, көктемгі мезгілде картоп-көкөніс бағасының оқыстан көтерілмеуі мақсатында компания қоймалардың құрылысына жеңілдетілген несиелер беруде. Биыл Павлодар облысында осындай екі жоба жүзеге асырылуда. Тағы да 6 өтініш қаралу үстінде.

Айта кетелік, былтыр «ҚазАгроҚаржы» компаниясының лизингісі бойынша облыстың Ақтоғай ауданында 8500 тонна өнімге лайқыталған заманауи қойма іске қосылған болатын. Бұл жолы Павлодар қаласының тұрғындарын картоппен қамтамасыз ететін тағы бір қойманың тұсауы кесілді. Оның іске қосылғаны «көктемгі мезгілде өз өнімімізге жарылқанармыз» деген жақсы жорамалға жол ашып отыр.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы