• Ақпарат
  • 20 Қазан, 2011

Апта тынысы Әдебиет «Үркер» - Ұлттық университетте

Жастардың төл басылымы – «Үркер» журналының бас редакторы, белгілі жазушы Қуандық Түменбай Қазақ Ұлттық университетінде шығыстану факультетінің студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуді ашқан факультет оқытушысы Нұрқалық Әбдірақын басылым мен шәкірттер байланысын айта келіп, қаламгерге сөз берді. Ол жастар мен студенттер журналының бүгіні мен болашағы туралы сөз қозғап, әдебиеттің проза және поэзия жанрына қалам тартып, «Үркерден» қанаттанған жастарға тоқталып, шығармашылықтың құпия сырлары туралы қызықты әңгімелер айтты.

Басылымның белсенді авторы, талантты жас ақын Жақсылық Қазымұрат жаңа өлеңдерін оқып, студент құрбыларының сауалдарына жауап берді. Кездесудің бір ерекшелігі – жас таланттар өлеңдерін оқып, аудиторияда жетістігі мен кемшілігі айтылып, жанр ерекшеліктері туралы семинар-сұхбат өтті. Жастар интернеттен гөрі тасқа басылған сөз сиқырына тәнті боп, басылымға біркісідей жазылуға атсалысатындықтарын айтты.

Кино

Туындының тұсаукесері өтті

Бішкек қаласының «Ресей» кинотеатрында есімі бірталай жерге танымал ресейлік режиссер Егор Кончаловскийдің «А-ға оралу» атты фильмінің тұсаукесері болды. Ғазиз Насыров пен Дидар Амантайдың авторлығымен орын алған туындыда Ауған соғысында аңызға айналған «Қара майордың» басынан кешкен оқиғалары баяндалған. Фильмнің басты рөлдерін отандық және ресейлік кино әртістері – Сейдолла Молдаханов, Берік Айтжанов, Денис Никифоров, Қарлығаш Мұхамеджанова, Иван Жидков, Андрей Шибаршин, Аша Матай, Арман Арсенов, Фархат Әбдірайымов, Гоша Куценко, Гүлнәр Досматова, Наталья Арынбасарова, Сергей Векслер, Жанель Мақажанова, Григорий Антипенко сомдайды.

Денсаулық

11 мыңыншы нәресте дүниеге келді

Астана қаласының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 11 мыңыншы нәресте өмірге келді. Ғылыми орталықтың акушерлік және гинекология жөніндегі медициналық директорының орынбасары Талшын Үкібасова медицналық қызмет жайында: «Соңғы туылған 11 мыңыншы нәрестелер егіз болды. олардың анасы жоғары артериялық қысымына байланысты Астана қаласының перинаталдық орталығынан Ана мен бала орталығына жіберілді», - дейді.

Орталық 500 орынға есептелгендіктен, бұл жерде ай сайын 250-300 бала өмірге келеді. 2007 жылы іске қосылған ұлттық ғылыми орталық медицина саласының заманауи технологияларымен жабдықталған.

Көрме

Сурет көрмесі өтті

ҚР президенттік мәдениет орталығының көрме залында суретші Марат Тұрғымбайдың жеке шығармашылық сурет көрмесі ашылды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналған көрмеде суретшінің әр кезеңде қолынан шыққан 40-тан астам картиналары қойылды. Суретшінің туындылары отандық және халықаралық көрмелерге бірнеше мәрте қойылған. Алматы қаласының орталық Мемлекеттік музейінде, Түркия, Эстония, Германия мен Финляндия, Оңтүстік Корея елдерінде автордың жеке коллекциялары орналасқан. Суретшінің түрлі жанрдағы туындылары кіршіксіз тазалық пен ішкі жан-дүниенің мән-мазмұнын ерекше көрсетеді.

Еуразия нарық институтындағы жылы жүздесу

Бүгінде елімізде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімін қастерлеу жөніндегі көптеген игі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда белгілі ғалым-экономист, республикалық «Экономика» газетінің Ақылдастар алқасының мүшесі, академик Айтқали Нұрсейітов жетекшілік ететін Еуразия нарық институтында «Мұхтар Әуезов және қазіргі заман» атты конференция болып, оған ұлы жазушының перзенті, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, Әуезов мұрасын зерттеуші ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова мазмұнды баяндама жасаған алқалы жиынды өткізуге Алматы қаласы Әузов аудандық әкімдігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымы мұрындық болды.

Конференция жұмысына «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры- редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжалин, «Үркер» журналының бас редакторы Қ.Түменбай, «Ақиқат»» журналының бас редакторы М.Салқынбай қатысты.

Әзірлеген Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы