• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қазан, 2011

Өсімсіз өркениет

«Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға...»

Абай

Дендеген дерт

Егемендігін алып, етек-жеңін жинаған Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы да дами бастады. Қазақстан мүдделес мемлекеттердің сенімді серіктесіне айналды. Шетелдік инвесторлар қаржы құйып, сан салалы жобалар жүзеге асуда. Соның бірегейі ретінде елімізде ислам қаржы жүйесінің жандана бастағанын айту керек.

Әлемдік қаржы дағдарысы білдей банктердің басына бұлт үйірілді. Ал ислам қаржы жүйесі дағдарыс соққысына оңай төтеп берді. Оның бірден бір дәлелі – әлем назары ислам банктеріне ауа бастағанында. Ислам қаржы жүйесінің ең басты қағидасының бірі – пайыздың (риба) болмауында, ысырапқа жол берілмеуінде. «Fattah Finance» АҚ басқарма мүшесі Асқар Иманбаевтың пайымдауынша, пайыз қатерлі ісік секілді. Күн сайын асқынады. Ақыр аяғында ол қаржы жүйесінің «ағзасын» шірітеді. Дендеп бара жатқан дертті тек Ислам қаржыландыруы арқылы ғана емдеуге болады.

Несиенің залалын мынадай мысалмен түсіндіруге болады. Қадым заманда шахмат ойынын ойлап тапқан данышпан математикке риза болған парсы патшасы тапқырдың кез келген қалауын орындауға сөз береді. Мұндай мүмкіндікті математик мүлт жіберсін бе? Миы математикаға «негізделген» әлгі тапқыр патшаға шахмат тақтасының бірінші торына бір бидай дәнін, ал келесілеріне алдыңғысынан екі есе етіп салуды өтінеді. Данышпанның өте қарапайым көрінген қалауына патша қуанады. Есін жиып, есептеп көрсе, «қарапайым» өтінішті орындау «қияметке» айналады. Патшалықтың қарамағындағы қамбадағы бүкіл бидайдың жетпейтінін түсініп, тілін тістесе керек. Келісім бойынша, яғни шахмат тақтасына қойылуы тиіс бидайдың дәнін санап көрсе... 1982 жылдағы әлемнің 440 бидай өнімінің қорын құрайды екен. Несиеге ақша беру де дәл дән сияқты. Күн өткен сайын көбейеді. Мұндай жағдайда несие алушының қарыздан құтылу мүмкіндігі де азаяды. Мерзімі өткен соң бұл мүмкіндік нөлге теңеледі. Әзілдің өзі – зіл. Ғашықтардың тіліндегі қарапайым қалжыңға қарап, ой түйесің.

Жігіт: Мен сен үшін бәрін істеуге дайынмын. Жердің шетіне де, тіпті өлімге де барамын.

Қыз: Ммм, жүр, одан да сенің атыңа несие алайық!..

«Кемедегінің жаны бір»

Шариғатқа негізделген ислам қаржы жүйесі ішімдік, темекі, есірткі, қару-жарақ, порноөндіріс, және т.б. адамзатқа зиян тигізетін өнімдерді қаржыландыруға үзілді-кесілді қарсы. Себебі, Ислам діні әрқашан адам өмірінің құндылығын жоғары қояды. Ислам арам пайда табуға, айлакерлікке, өсімқорлыққа, монополияға, әділетсіздікке, жемқорлыққа тыйым салады. Құранның Бақара сүресі 275 аятында: «Алла сауданы халал етіп, өсімқорлықты харам қылды», – делінген.

Ислам қаржы жүйесі бойынша банк кәсіпкерлердің өндірістік немесе коммерциялық мақсаттарды орындау үшін олармен пайданы бірге бөліседі һәм ықтимал шығындарды да бірге көтереді. Кәсіпкерлік шараға қатысушылардың барлығы әріптес ретінде танылады (мүшарака). «Кемедегінің жаны бір» деген қанатты сөзді басшылыққа алатын Ислам банктері пайда мен шығынды бизнеске қосқан бастапқы капиталға барабар деңгейде бөліседі. Сонымен қатар қызмет мерзімі мен шартын келісіп отырады. Сондай-ақ арнайы әріптестік (мұдараба) әдісімен қоса, тауарларды арнайы бағамен сату туралы банк пен клиент арасында шарт (мұрабаха) жасауды да қарастырады. Тағы бірі қызметі – қарыз, яғни ұл-Хасана (қайырымдылық несие) – жеке тұлғаға немесе ұйымға пайызсыз несие беру дегенді білдіреді. Ол келісілген мерзімде қайтарылуы тиіс. Егер тұлғаның несиені қайтара алмайтыны әуелден белгілі болса, ақша міндетті немесе ерікті қайырымдылық түрінде беріледі.

Қаржыгер Мұрат Байсыновтың айтуынша, исламдық қаржыландыру ұстанымы негізінде жұмыс істейтін қаржылық ұйымдар әлемдік дағдарыстың әсерін қатты сезіне қойған жоқ. Банктер несиені үстеме ақысыз береді, бірақ кәсіпкерлерге тиесілі табысқа ортақтасады. Ислам қаржы жүйесінің пайда көзі – жалға беру мен дивидендттерде.

Ислам қаржы жүйесінің дәстүрлі банктерден айырмашылығы мен артықшылықтары мынадай:

1. Инвестор мен қарыз алушы арасында тәуекел мен шығынды әділетті түрде бөлісу;

2. Қаржы институттар жүйесінің тұрақтылығы;

3. Қарыздык міндеттемелердің үдемелі нарығының (пайыз) болмауы;

4. Міндетті қайырымдылық (зекет) қызметінің болуы;

5. Қарыз қайтарымының мөлшерінің тұрақтылығы (қайтарым шарт бойынша бекітілген сома);

6. Инвестицияның экономиканың нақты секторына бағытталуы;

7. Қатысушылардың қызметтерінің әлеуметтік сипаты.

Инвестицияның игілігі

Қазақстан ТМД мен Орта Азия елдерінің арасында Ислам қаржы жүйесін дамытуды бірінші болып қолға алды. 2009 жылдың 12 ақпанында Қазақстан Республикасының «Ислам банктерінің қызметі мен ислам қаржы жүйесін ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Ислам қаржы жүйесін дамытудың басты тетігі ретінде «ҚР Банктер мен банк қызметі» туралы Заң және Ислам құнды қағаздарын шығару мен айналымын реттейтін «Құнды қағаздар нарығы туралы» Заңның қолданысқа енгізілгенін айтуға болады. Адал ақшаға құрылған банк жүйесін дамыту мынадай мақсаттарға негізделген: біріншіден, индустриалды даму жоспарларын жүзеге асыру мақсатында ұзақ мерзімді сыртқы тұрақты инвестиция көзін табу. Екіншіден, бір қаржы көзіне тәуелді болуды болдырмау. Үшіншіден, Ислам қаржыландыру жүйесінің жоғарыда аталған реттеу қызметтерінің көмегімен экономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу.

Әлемдік экономика сарапшылары еліміздегі Ислам қаржы жүйесінің дамуына оң баға беруде. Соңғы екі жыл ішінде ислам қаржылық өнімдерін ұсынған бірнеше компания пайда болды. Олар «Al Hilal» банкі, «Fattah Finance» брокерлік компаниясы, «Такафул» өзара халал сақтандыру қоғамы, «Қазақстан қажылық қоры» акционерлік инвестициялық қоры, сондай-ақ бірнеше консалтингтік компаниялар.

Елімізде Ислам қаржы жүйесін дамыту бойынша 2010-2012 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданды. Тағы бір елеулі оқиға – екінші Ислам банкін құру. Ислам банкінің 55 пайыз үлесін Amanah Raya Berhard (малайзиялық компания), 40 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ, қалған 5 пайыз акциясын қазақстандық брокерлік компания Fattah Finance иеленеді деген жоспар бар. Аталмыш банктың жұмысы жеке тұлғаларға қызмет көрсету мен бизнесті қаржыландыруға бағытталмақ.

Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитетінің төрағасы Дархан Нүрпейісовтың сөзіне қарағанда, біздің ел үкіметаралық екі келісімге қол қой­ды. Алайда, бірінші жоба әзірге тоқтатылған. Ал екіншісі іске асырыл­ды. Атап айтқанда, al Hilal 2010 жылғы наурыздан бастап жұмыс істейді. Небәрі бір жылдың ішінде ол 23 млн. АҚШ доллармен телекоммуникациялар, сауда, құры­лыс және басқа салалардағы жобаларды қаржыландырды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» қоры Al Hilal-мен бірлесіп бірнеше жобаны қаржыландыру мәселелерін қа­рас­тыруда.

Тобықтай түйін

«Байлыққа қосар үлесің болмаса, байлықтан алар үлесің де жоқ», – деген екен Ғабит Мүсірепов. Пайданы да, тықырға таянғанда шығынды да бірге бөлісетін ислам банкингі жұмысын Үкімет мүшелері, экономика сарапшылары қолдауда. Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшановтың айтуынша, қаржы дағдарысынан шығу үшін шұғыл қимылдап, ислам қаржы жүйесін дамытуды қолға алуымыз қажет.

Ислам банкингі қызметі дәстүрлі банктердің пайыздық мөлшерлемені төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ ислам қаржы құралдарының пайда болуы еліміздің қор нарығының дамуына үлес қосады.

Жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек. Бізде үшеуі де бар. Жүйелеп жүзеге асырсақ болғаны.

Салтанат МЕДЕТҚЫЗЫ,

халықаралық қатынастар маманы

Тақырыпқа тұздық

Жігіт: Мен сен үшін бәрін істеуге дайынмын. Жердің шетіне де, тіпті өлімге де барамын.

Қыз: Ммм, жүр, одан да сенің атыңа несие алайық!..

659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы