• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қазан, 2011

Өңір Ақ қайыңды ауылдарда ауыз толар істер бар

Железинка ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында нәтижелі істер атқарылуда. Бұл Елбасының ауылдық жерлерді көркейту бағытында берген таппсырмалары өз деңгейінде орындалып жатқанын көрсетеді.

Мәселен, ауданның Пятирыжск ауылы төңірегінде «агроқалашыққа» салынып жатыр. Бірден айта кетелік, мұндай жоба кешегі кеңестік елдердің біреуінде жоқ. Оның ерекшелігі сол, бұрын айтақыр болып жатқан жерде жалпы аумағы 8200 гектарды құрайтын суармалы алқаптың құрылысы басталған. Бірегей жобаның иесі «Пахарь» ЖШС-нің бастығы В.Аушевтің айтуынша, бұл жерде жұмыс істейтін мамандарға жан-жақты әлеуметтік жағдай жасалады. Атап айтқанда, 48 пәтерлі тұрғын үй, асхана, тіпті монша да салынады. Шаруашылық жұмыстарына үшін қажетті мұнай өнімдерін сақтайтын база да бой көтеріп, 30 мың тоннаға дейін астық қабылдайтын элеватор жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны сегіз миллиард теңгені құрайды. Басшының сөзіне қарағанда, бұл жерде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы көмекке келіп отыр. Біраз қаржыны серіктестік жеке өзі салады. Суармалы алқапта көкөніс өнімдерін өсіру көзделеді. Осы орайда Үкіметтің көкөніс өсірушілерге әр гектарына қыруар субсидия төлейтінін де инвесторлар шотқа салып, есептеп қойған. Жалпы осыған дейін «Пахарь» серіктестігі Павлодар облысында белгілі ұн өндіруші фирма «Арго» серіктестігін қажетті астықпен қамтамасыз етіп келген. Ендігі жерде шаруашылық болашақтың көкөніс өсіру саласына көшкенін бағамдап үлгерген. Сол себепті, облыстағы ертеден танымал Черноярка алқабы тәрізді суармалы жүйені қолданып, көршілес Ресейге де сатуға жарайтын, сұранысқа ие өнімдер өсіруге бел буған. Бұл мақсатта 20 мың тоннаға дейін өнім сақтайтын қойма салынып, заманауи үлгіде жабдықталатын болады.

-Бұрын облыста суармалы алқаптар көп болатын. Қазірде жеке шаруашылықтардың күшімен оларды қайта қалпына келтіруге кірісіп отырмыз. Барлық әлеуметтік жағдайлары болатын агроқалашықтың салынуына қажетті көмекті бұдан әрі де беретін боламыз, - деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қазірде аймақта егін жинау науқаны аяқталғанын жеткізді. Жалпы, облыс бойынша 140 мың тонна астық алынды, соның 120 мың тоннасы - бидай. Бұл орайда Железинка ауданының жетістігі айтарлықтай. Мұндағы шаруашылықтар әр гектардан 7,5 центнер астық алды. Кейбіреулерінің астығы одан да бітік болды.

-Өзімізді-өзіміз толық қамтамасыз етеміз. Сонымен бірге, сырт аймақтарға сатуға да шамамыз келеді. Бұл ретте шаруашылықтарға мемлекет үлкен көмек берді. Көктемгі егіс науқанынан бастап күзгі жиын-терімге дейін қаржылай қолдау көрсетті. Көмек дер кезінде көрсетілген соң шаруалар тарапынан ешқандай сұрақ туындамады. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» бойынша алған несиелерін қазірде астық тапсырып, өтеу үстінде, - деген облыс әкімі облыста лицензиямен жұмыс істейтін үш элеватор астықты толық қабылдауға қауқарлы екенін атап өтті.

Железинка ауданында Үкіметтің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы да сәтті бастау алған. Оның аясында Береговой ауылында екі пәтерлі үй таяуда пайдалануға берілмек. «Нөкер» шаруа қожалығының басшысы Қ.Нөкеновтің баяндағанындай, мұнда барлық қолайлы жағдай жасалады. Ол жағынан ауылдағы үйдің жағдайы қаладағы пәтерден кем түспейді. Жаңа баспанаға аталмыш бағдарлама бойынша кәсіби оқудан өткен, шаруашылыққа қажетті маман орналасуға тиіс. Облыс әкімі бұл тұрғыда жеке жұмыс берушінің мүддесі емес, мемлекет мақсаты көзделуге тиіс екенін ескертті. Яғни, жұмыс істейтін адам «келешегі жоқ» деп танылған шағын ауылдардан әкелінеді. Железинка жерінде мұндай санатқа жататын Марқатай, Обозное атты екі ауыл бар. Марқатай ауылын бүгінде небары төрт түтін мекендейді.

Жалпы, Железинка ауданы бойынша барлығы 45 адам түрлі деңгейлі кәсіптік оқуға жіберілген. Олар кейін бағдарлама аясында салынған баспаналарға орналасады. Бүгінде Железинка ауданы бойынша әрқайсысы екі пәтерлі 7 үй тұрғызылуда.

Десе де, ауданда шешілмей тұрған түйткілдер бар. Соның бірі - шалғай ауылдарда таза ауызсудың жоқтығы. Қазірде қабылданған ауыз су бағдарламасы жаңаша жүйемен іске асуда. Бұрындары алдымен құбыр тартып алып, сосын су көзін таппай, айналып келгенде, тапшылық мәселесі шешілмей қалатын. Ендігі жерде алдымен су қорынығ жағдайын жете зерттеп алу міндет. Тағы бір айтары, бұрын ауыз су құбырын салу мәселесі көтерілгенде нақты жауап айтылмайтын. Қазіргі кезде бағдарлама бойынша қай ауылда таза су қашан болатыны нақты көрсетіліп, оған қажетті қаржы да қарастырылып қойылған. Яғни, ауылдықтар мәселесі ұмыт қалмайды.

Еркін ЕРТІСБАЕВ,

Павлодар облысы.

543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы