• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қазан, 2011

Оралда екі балабақша ашылды

Орал қаласында көктемдегі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынған тұрғын үй кешендері, мектеп пен балабақшалардың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Қаладағы 5-шағын ауданда бір 240 пәтерлік, үш 90 пәтерлік тұрғын үй мен «Ақжайық» және «Нұрсәт» деген атпен екі бірдей балабақша пайдалануға берілді. Мемлекеттік тілде қызмет көрсететін бұл балабақшалардың әрқайсысы 290 орындық. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған бұл мектепке дейінгі ұйымдардың құрылысына 725,4 млн теңге, соның ішінде жабдықтауға 75,4 млн теңге жұмсалған.

Жергілікті жұртшылықтың мұндай қуанышты сәтімен бөлісуге аталған шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Болат Ақшолақов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Асхат Акчурин, Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Шафхат Өтемісов, Елена Тарасенко және Сенат депутаттары Мәжит Ахметов пен Ерболат Мұқай қатысты.

Жергілікті халықтың бұрын болмаған табиғат апатына тап болғанын атап өткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Тасқынның салдарынан үй-жайларынан айырылған Зеленов пен Тасқала аудандарының тұрғындары өткен қыркүйек айында үлкен қуанышқа кенеліп, қоныстойларын тойлаған еді. Бүгін қалалықтар сондай қуанышты бастарынан өткеріп отыр. Міне, осыдан-ақ Елбасы саясатының арқасында республикамыздың қол жеткізген табысын, мемлекетіміздің әлеуетін көруге болады. Бүгінгі тапсырылып отырған үйлерді алғашқы кезде өз қаржыларымен бастаған және республика көлеміндегі ең арзан бағамен аз уақыттың ішінде сапалы етіп салып шыққан «Альтаир», «Жайыксельстрой», «Отделстрой», «СВ+» құрылыс компанияларына мың алғыс. Қиындық кезде алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған ұлттық компанияларға да үлкен рахмет айтамын. Жыл аяғына дейін қалған нысандардың, инфрақұрылымдардың құрылысы аяқталып, бізге бөлінген қаржы толығымен игеріледі», – деді. Сондай-ақ сөз барысында әкім: «Елдің көмегінің арқасында біз санаулы күндердің ішінде есімізді жинадық. Алты ай қиындықтың келмеске кеткені бүгін тағы бір мәрте дәлелденіп отыр», – дей келе қиын қыстау күндері жан-жақтан өңірге келіп түскен қаржылай көмектің орнын ерекше атап, қол ұшын созған үкімет, ұлттық компаниялар, мекемелер, кәсіпкерлер, жалпы жұртшылыққа мол алғысын білдірді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның вице-президенті Асхат Акчуриннің айтуынша, компания батысқазақстандықтарға демеу ретінде 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың президенті Болат Ақшолақов Елбасы тапсырмасына сай бөлінген қаражаттардың орынды жұмсалғандығын көріп отырғанын айта келе, аталған табиғат апаты тұсында өз кезегінде ҚМГ ҰК-тың да басқалардан оқшауланып, шет қалмағанын жеткізді. «Біздің компания мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне ғана емес, еліміздің әлеуметтік дамуына серпін беретін жобаларды да іске асыруға атсалысып келеді. Ақ Жайық өңірінде орын алған жағдай бізді де бейжай қалдырған жоқ. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы тасқынның зардаптарын жою үшін 3,9 млрд теңге аударды. Бұдан басқа компания қызметкерлері өз еріктерімен 30 млн теңгеден астам қаражат жіберді. Бұл қаражаттарға Зеленов және Тасқала аудандарындағы үйлер және Орал қаласындағы 90 пәтерлік үш тұрғын үй салынды», – деді Болат Ақшолақов.

563 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы