• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қазан, 2011

МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай және ҚР Ұлттық инженерлік академиясы негізінің қаланғанына 20 жыл толуына байланысты Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ҚР ҰИА-ның халықаралық ғылыми форумының «Инжиниринг және инновациялық технологиялар» секциясы болып өтті.

Секциялық отырысты ашқан Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділов жиылған қауымды жиырма жылдық мерейтоймен құттықтап, ғылыми-технологиялық прогрестің дамуына үлкен үлесін қосып отырған Ұлттық инженерлік академияның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында аз-кем сөз қозғады. «Бүгінгі таңда Ұлттық инженерлік академия құрамында 100-ден астам толық мүше-академик, 140-тай мүше-корреспонденттері бар жоғары ғылыми-техникалық мүмкіндікті ұйымға айналған. Инженерлік академия ғылыми-техникалық прогрестің дамуына үлкен үлесін тигізіп, қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Сондай-ақ энергетика, мұнай-газ, химиялық технологиялар, машинажасау, тау-кен, геология, металлургия, құрылыс, жеңілөнеркәсіп сияқты еліміздің басты экономикалық бағыттары бойынша да бірқатар жұмыстар атқарып келеді», – деген Жексенбек Мәкейұлы өзі басқарып отырған оқу орнының ғалымдары мен мамандары Ұлттық инженерлік академиямен тығыз байланыс орнатып, технологиялық процестерді автоматтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, машинажасау, тау-кен саласы және тағы басқа да салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқандықтарын айтты. Бүгінде ондай жобалардың саны 200-ге жетіпті. Ал олардың бесеуін арнайы стендтерден секция отырысына жиналған жұрт тамашай алды. Сондай-ақ секция қатысушыларының назарына Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай еліміздің жеткен жетістіктерін баяндайтын еңбектер мен инженерлік, технологиялық тақырыптардағы түрлі кітаптар мен оқу құралдары ұсынылды.

Секция «Білім және ғылымда инновацияны тәжірибелеу», «Гидрология мен гидрогеология саласындағы технологиялар», «Көмірсутекті және таукен-металлургия саласына арналған технологиялар», «Құрылыс материалдарын, құралдар мен конструкцияларды импортпен ауыстыру технологиялары», «Машинажасау кешендерін дамытуға арналған технологиялар», «Болашақ экономикасы» секторларын дамытуға арналған технологиялар (Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, Космостық қызмет, Биотехнологиялар, Альтернативті энергетика, Атомдық энергетика), «Экология және тұрақты даму», «Жобаларды басқару: мәселелері мен болашағы» сынды бағыттарды қамтыды.

«Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына технологияларды трансферттеу және инжиниринг» тақырыбымен ұйымдастырылған халықаралық форумның бұл секциясына Франция, Португалия, Ресей сияқты шет елдердің және еліміздің ғалымдары мен ізденушілері қатысып, тәжірибе алмасты. Секциялық отырыс баяндамалар үлгісінде өткізілді. Ал жасалған баяндамалар ҚР ҰИА мерейтойлық жинағында жарияланатын болды.

537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы