• Ақпарат
  • 27 Қазан, 2011

Экономика: нарық жетегіндегі халық Үкімет Жыл бюджеті жедел игерілуі тиіс

Үкімет «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңын іске асыру туралы» үкіметтің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасын мақұлдады.

Қаржы министрі Болат Жәмішев бұл құжат 2011 жылғы нақтыланған бюджетті іске асыруға арналғанын және республикалық бюджеттік комиссияның отырысында мақұлданғанын атап өтті.  «Сонымен қатар 2011 жылы қаражатты білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, қорғаныс, туризм және спорт, көлік және коммуникация министрліктеріне қайта бөлу бюджет қаражатын тиімді пайдалану және уақытылы игеру мақсатын көздейді. Бұдан басқа жобада ауыл шаруашылығы, қаржы, білім және ғылым министрліктері мен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі бойынша мемлекеттік тапсырмалардың тізбесіне толықтырулар көзделеді», – деді министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, биылғы жылы бөлініп отырған қаражатты тиімді игеру мақсатында «мүдделі барлық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бүгіннен бастап бұл құжатты іске қосу керек. Өйткені ресурстар жыл соңына дейін игерілуі тиіс».

Астық

Қостанайлық тар егін орағын аяқтады

Биыл қостанайлық диқандар астықты өңірдің тарихында болмаған бітік егін өсіріп, рекордтық деңгейде астық жинады. Облыстық ауыл шаруашылық және азық-түлік басқармасының мәліметі бойынша, қазіргі таңда қамбаға 8 638 300 тонна астық құйылған.

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы егін шаруашылығы және жаңа технологиялар бөлімінің бастығы Сәлімжан Исеменовтың хабарлауынша, әр гектардан орташа есеппен 20,2 центнерден бидай орылған. Сөйтіп, қостанайлық диқандар гектар шығымдылығын арттыруда да рекордық көрсеткішке қол жеткізді.

Аудандар ішінде ең көп астық жинаған Федоров ауданы болды. Аудан диқандары бір гектар алқаптан 25 центнер астық жинады. Қостанай, Сарыкөл, Меңдіқара, Қарасу, Ұзынкөл, Қарабалық, Таран, Денисовка және Алтысарин аудандарының да көрсеткіші осыған таяу, бір гектардан 20,5-тен 24,5 центнерге дейін өнім жиналған.

Инвестиция

Алтын өндірісін қаржыландырады

Еуразия даму банкі «Алтыналмас» акционерлік компаниясы» АҚ-ның еліміздегі алтын өндірісін дамытуға арналған инвестициялық жобасын қаржыландыра бастады.

Тараптар қыркүйектің аяғында қол қойған несие келісіміне сәйкес, жалпы құны 150 млн доллар болатын бұл жоба қаржысының 100 миллионға жуығын Еуразия даму банкі ұзақ мерзімге бергелі отыр.«Банк қаржысы алтын өндіруші фабрика мен и нфрақұрылымды қайта құруға және жаңартуға, сондай-ақ тау-кен техникалары мен озық технологияларды сатып алуға жұмсалады. Жобаны жүзеге асырудың қазіргідей жаһандық тұрақсыздық кезінде ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызы зор», дейді Еуразия даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Қамбар Шалғымбаев. Оның айтуынша, халықаралық қаржы институтының инвестициясы жылына 1,4 млн тоннаға жуық алтын кенін өндіруден өңдеуге дейінгі тізбекті жүзеге асыратын тау-кен металлургиясы кешенін құруға мүмкіндік береді. Бұл жоба Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын кенішінде жүзеге асырылуда. Еліміздегі ірі алтын кен орнының бірі болып саналатын бұл өндірістің жолға қойылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен ықпал етпек.

Агрокешен

Ортақ нарықтағы бағамен теңеседі

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Берік Бейсенғалиевтің айтуына қарағанда, елімізде өндірілетін қой мен сиыр етінің көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз етеді. Бұл туралы ол Қазақстан – Түркия іскерлер қоғамының өкілдерімен кездесуде айтты.

Қазіргі күні елімізде 800 мың тонна ет өндіріледі. Оның 400 мыңы ірі қараның, 120 мыңы қой еті. Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, ірі қара мен қой еті Қазақстанда қажетті деңгейде өндірілгенімен, Кеден одағы аумағында баға жоғары Ресейге шығарылуда. Сондықтан ішкі баға да көтерілуде. Бұл тұтынушы үшін қолайсыз болғанымен, өндірушілер үшін қолайлы. Мал шаруашылығы саласындағылар үшін бұл жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бұрын пайда аз болғандықтан саланы қаржыландыруға ынта болмаса, биыл «ҚазАгродан» несие алуға кезекті тұрғандар саны күрт көбейген көрінеді. «Қазір дүниежүзіне ет экспорттаушы Аргентина, Бразилия сияқты елдер өз әлеуетінің ең жоғарғы шегінде тұр. Одан әрі ұлғайтарлық мүмкіндіктері жоқ. Ал сұраныс артпаса, азаймайды. Қазақстанда 180 млн га жайылым, 25 млн га суармалы жер бар. Оны 50 миллионға дейін көбейтуге болады. Бағаның көтерілуінен қорқудың еш жөні жоқ. Баға өзге елдерден төмен болса, бізде өндірілген еттің бәрі сыртқа кететін болады», дейді Б. Бейсенғалиев.

Даму

Қазақстандық үлесті ұлғайту басты назарда

Батыс Қазақстан облысында шетелдік компаниялардағы қазақстандық үлесті ұлғайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Темірлан Баймұхамбетовтің айтуынша, мұнай және газ министрлігімен,  кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе отырып, бұл мәселеде ілгерілеушілікке қол жеткізіліп отыр. Бұл ретте ірі кен орнын игеруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясымен байланыс айрықша маңызға ие. Мәселен, 2009 жылы «ҚПО б.в» компаниясымен меморандумға қол қойылып, жергілікті он кәсіпорынның тауары мен қызметін пайдалану туралы келісім жасалды. Әзірге «Стройкомбинат» ЖШС мен «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС ғана бөлінген қаржыны толық игерді. Алдағы жылы «Диана плюс» ЖШС «ҚПО б.вмен» делдалсыз жұмыс жасамақ. Облыс басшылығының қолдауымен «Оралагрореммаш» ЖШС Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 50 өрт сөндіру машинасын шығаруға тапсырыс алды. «Ең бастысы, отандық тауар өндірушілер үшін ақпараттық құрсау жойылды. Енді кен пайдаланушылардың сатып алу жоспарларын сайттан көруге болады. Осы мақсатта семинар-кеңес, кездесулер ұйымдастырылуда. Сондықтан жергілікті тауар өндірушілер бұл іске белсене араласуы керек», деді Т. Баймұхамбетов.

Үкімет

323 мың адам – зиянды және қауіпті өндірісте

Мәжілісте өткен «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбындағы үкімет сағатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың мәлімдеуінше, еңбек жағдайы зиянды нысандарда және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін адамдардың саны шамамен 323 мың адамды құрайды.

– Мүгедектікке ұшырау көп жағдайда кәсіптік аурулармен және өндірістік жарақаттармен тікелей байланысты. Статистикалық деректерге қарасақ, еңбек жағдайы зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін адамдардың саны шамамен 323 мың адамды құрайды. Оның 79 мыңы әйелдер, – дейді Г. Әбдіқалықова.

Министрдің айтуынша, 2010 жылдан бері еліміздің кәсіпорындарында тәуекелді бағалау жүйесі енгізілген. Мемлекеттік еңбек инспекциясы былтыр 4 мың кәсіпорынға тексеру жүргізген. Нәтижесінде нысандардың 28 пайызының тәуекелдік дәрежесі жоғары болса, 35 пайызы тәуекелдік дәрежесі орташаға жатқызылған. «Осыған байланысты министрлік тәуекелдігі жоғары нысандарға тексерісті жиілетіп отыр. Көрсетілген кемшіліктер түпкілікті жойылмайынша, олар тексерістен көз ашпайтын болады», – дейді министр.

Мұнай

Тасымалдау көлемі артты

Биылғы өткен тоғыз айдың ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ магистралды мұнай құбыры жүйесі арқылы тасымалдау көлемі ресми деректер бойынша 40 млн 570 мың тонна болған. Яғни былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда мұнай тасымалдау көлемі 1 млн 547 мың тоннаға немесе 4 пайызға артып отыр. Ал жүк айналымы биылғы тоғыз айда 26 млрд 089 млн тонна шақырымды құраған. Былтырғы жылғы осы кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 522 млн тонна шақырымға немесе 2 пайызға артық. Сондай-ақ биыл осы есепті кезеңде «Өзен Атырау Самара» магистралды мұнай құбырының «Атырау Самара» учаскесімен 11 млн 549 мың тонна мұнай тасымалданған. Бұл былтырғы есепті кезеңімен салыстырғанда 283 мың тонна немесе 3 пайызға артық.

Көмірсутек шикізатын тасымалдау көлемінің өсімі ҚХР бағытында да сақталып отыр. Биыл қаңтар-қыркүйекте «Атасу Алашаңқай» мұнай құбырына мұнайды ауыстырып құю көлемі 8 млн 658 мың тоннаға жетіп, 2010-ның осы кезеңімен салыстырғанда 1 млн 108 мың тонна немесе 15 пайызға артты.

Еліміз аумағындағы «ТОН-2» мұнай құбыры желісімен Ресей мұнайының транзиті өткен тоғыз айда 4 млн 375 мың тонна болып, былтырмен салыстырғанда 274 мың тонна немесе 7 пайызға артты. Ал «ҚазТрансОйлдың» құбыр жүйесі арқылы 9 айда отандық мұнай өңдеуші зауыттарға 9 млн 636 мың тонна мұнай жеткізілген.

Қор нарығы

ЖЗҚ акциясын сатып алды

Ұлттық банк «МЖЗҚ» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының 9,99 пайыз акцияларын Еуропалық қайта құру және даму банкінен сатып алды.

7 қазанда Ұлттық банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында «МЖЗҚ» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының акцияларын сатып алу-сату туралы келісімге қол қойылған болатын. Осы келісімге сәйкес Еуропалық қайта құру және даму банкі Ұлттық банкке «МЖЗҚ» ЖЗҚ» АҚ-ның 9,99 пайыз акциясын сатты. Мәміленің нәтижесінде ұлттық банк «МЖЗҚ» ЖЗҚ» АҚ-ның 100 пайыз акциясына иелік ету үлесі бар акционер мәртебесіне ие болды.

Айта кетейік, «МЖЗҚ» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы еліміздегі зейнетақы қорларының жетекші үштігіне кіреді. Қордың меншікті капиталы 2011-дің 1 қазанында 19 904,7 млн теңгені құрады.

Экология

Төрт млн тонна күкірт жиналады

Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін игеру кезінде жиналатын күкірт көлемі төрт миллион тоннаға жететін болады, деп хабарлады «Аджип ККО» компаниясының жер үсті кешеніндегі жобалар менеджері Лука Мори.

Л. Моридің айтуынша, күкіртті уақытша сақтау үшін төменнен геотекстилді мембранамен қорғалатын арнайы карталар әзірленеді. «Болашақ» экспортына жіберілетін мұнай өндіруші кешенді құрылғыда бөлінетін күкіртті Атыраудан  30 шақырым жерде орналасатын осындай 6 арнайы картада жинау жоспарланған.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау облысының аумағында жұртшылық алаңдаушылығын туғызып отырған Теңіз кенішінің күкірт қоймасы бар.

Нарық

Ең төмен еңбекақы – ауыл шаруашылығында

Еліміздегі ең төмен жалақы – ауыл шаруашылығында. Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің басым бөлігінің айлық еңбекақысының мөлшері 15 мың мен 75 мыңның аралығында екен.

Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сала еңбеккерлерінің 49 пайызы, ал Астанада 18 пайызы айына орташа алғанда 15 мың мен 45 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Ал еліміз бойынша саладағы ең жоғары жалақыны   Маңғыстау және Атырау облыстарының еңбеккерлері алады. Бұл өңірдегі ауылшаруашылық еңбеккерлерінің 13 пайызға жуығы алатын айлықтың мөлшері 240 мың теңгеден асады.

Статагенттік екі жылда бір жүргізіп тұратын зерттеулер нәтижесіне қарағанда, Қазақстанда ең жоғары айлық алатындар банкирлер, ЖЗҚ және сақтандыру компанияларының қызметкерлері екен. Бұлардың 15 пайызы айына 241 мың теңге және одан да жоғары айлық алады.

Тарту

Балалар алаңқайын сыйға тартты

Тақауда «Эйр Астана» әуекомпаниясы елордамыздағы №10 мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне «Ұшақ» балалар алаңқайын сыйға тартты. Ойын кешенінің бағасы 3 242 585 теңгені құрады.

2006 жылы ашылған №10 жалпы білім беретін мектеп-интернатында көп балалы жанұялар мен табысы төмен отбасылардың балалары тәрбиеленеді. «Бүгін мұнда ойыншық ұшақтардың құлағында ойнаған балалар ертең ұшқыш немесе бортсерік болғылары келер. Жеткіншектердің биік арманға ұмтылуына дәнекер болу – біз үшін үлкен қуаныш!» – дейді «Эйр Астана» АҚ-ның қоғамдастықпен байланыс жөніндегі вице-президенті Белла Тормышева.

Ұлттық тасымалдаушы «Эйр Астана» әуекомпаниясы

балалар үйлері мен мектеп-интернаттарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, көптеген қайырымдылық және демеушілік жобаларды іске асырып келеді. Айталық, «Эйр Астана» шетелде жедел емдеуге немесе операцияға мұқтаж онкологиялық және қан тамырлары ауруларына шалдыққан балаларға тегін билеттер береді. Биыл компания 40 бала мен олардың ата-анасын шетелге тегін апарып келді.

«Эйр Астана» компаниясы биыл өзі қатысқан 10 қайырымдылық шарасын негізінен «Аяла» қайырымдылық қоры және «Милосердие» ерікті қоғамы» қорымен бірлесіп жүзеге асырды. Компания алдағы уақытта қайырымдылық және демеушілік бағдарламаларына қатысты бірқатар жобаларды жүзеге асырмақшы.

Мұнай

8,2 миллион тоннаға жетті

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мұнай өңдеудің жинақты көлемі (оның ішінде The Rompetrol Group) 11,4 млн  тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,3 пайызға артық.

Ал еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауытында 9 айда өңдеу көлемі  8,2 миллион тоннаға жетті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәліметтеріне қарағанда, аудиттен өтпеген алдын-ала деректер бойынша 2011-дің қаңтар-қыркүйек айларындағы компанияның жинақты табысы 2,03 триллион теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22 пайызға артық. Сондай-ақ есепті мерзімдегі шоғырландырылған табыс 306,6 млрд теңге болды. Бұл 2010-ның осы мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Жалпы алдын-ала мәліметтер бойынша, «ҚазМұнайГаз» компаниясы биылғы қаңтар-қыркүйек айларында үлестік әдіс бойынша шоғырландыру қағидаттары негізінде мемлекет бюджетіне  387, 1 млн теңге салық және басқа да міндетті төлемдер төледі. Бұл былтырғы есепті мерзіммен салыстырғанда 23 пайыз артық.

Тұрғын үй

Жылжымайтын мүлік нарығында белсенділік төмен

Сарапшылар келесі жылғы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайдың болжамын ұсынды.

Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтың айтуынша, алдымыздағы 2012 жылы еліміздің тұрғын үй нарығында баға көтерілмейді. «Алматы мен Астана қалаларында тұрғын үй бағасы бір шаршы метріне 1 мың 500 доллар деңгейінде тұрақтанды, ал еліміздің өзге аймақтарында бір шаршы метрдің құны 1 мың доллар деңгейінде. Алдағы бірнеше жыл бойында баспана бағасы осы деңгейден көп көтерілмейді», – сарапшы. Е. Мүсіреповтың айтуынша, банк саласында орын алған дағдарыстың салдары жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етті. Егер банктер үстемені төмендетіп, өз клиенттеріне түсіністікпен қарайтын болса, нақты келісімдер жасауға мүмкіндік туар еді дейді ол.

Сонымен қатар, сарапшы-маманның пікірінше, құрылыс саласындағы қиыншылықтарға қарамастан 2012 жылы құрылыс компанияларының белсенділігі қалпына келетін болады. Бастапқы тұрғын үй нарығында ұсыныстар өсе түседі. Алайда нарық заңына сәйкес, ұсыныс көп болған сайын сұраным азая түспек. Сондықтан Қазақстанда баспана бағасы көтеріле қоймайды.

Ал Қазақстан риэлторлары біріккен ассоциациясының президенті Асқар Мұқашев жылжымайтын мүліктің бағасы 10-15 пайыз деңгейінде көтерілуі мүмкін деп санайды. Бұған басты себеп – ипотекалық несие мен баспана жетіспеушілігі болмақ.

Нарық

Саммит қарсаңында баға көтерілді

24 қазанда өткен сауда қорытындысы бойынша мұнай бағасының көтерілуі тіркелді. Мұны сарапшылар күні кеше өткен еуроаймақты дағдарыстан шығарудың нақты шешімдері қарастырылған ЕО басшылары саммитімен байланыстырады.

Атап айтқанда, Brent мұнайының ресми бағасы InterContinental Exchange Futures Europe (IСE Futures Europe) электрондық тауар биржасында 2011-дің 24 қазанында өткен сауда қорытындысы бойынша 1,89 долларға көтеріліп, барелліне 111,45 долларды құрады.

Ал WTI (Light Sweet) мұнайының ресми бағасы осы күнгі Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange (NYMEX) жедел сауда биржасындағы сауда-саттық қорытындысына сәйкес 3,87 долларға көтеріліп, барреліне 91,27 долларды құрды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы