• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қазан, 2011

Қайраткер қыз

Еліміз серпінді дамуы барысында өркендеудің жаңа сатысы-ақпараттық кезеңге аяқ басуда. Интернет, жедел байланыс сияқты коммуникацияның жаңа құралдары әлемдегі дерек көздері мен базаларын жаппай пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Ақпарат өндірістік фактор ғана емес, қоғамды демократияландырудың, билік құрылымдары ашықтығының негізгі құралдарының біріне айналуда. Саясат және экономиканың мөлдірлігі мен ашықтығына билік институттары мен жамиғатты жалғайтын РR («public relations») немесе жұртшылықпен байланыс деп аталатын өзіндік бір «ақпараттық көпір» арқылы қол жеткізіледі. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда идеология саласындағы ақпараттық байланыстарды тиімді басқару маңызды орын алып отыр. Бүгінгі таңда атқарушы және өкілетті органдардың барлық буындарында, қаржы-несие мекемелерінде, ұйымдар мен кәсіпорындарда жұртшылықпен байланыс құрылымдары жасақталған.

Қазақстандағы жұртшылықпен байланыстың өзіндік жүйе, әлеуметтік институт ретінде қалыптасуы тәуелсіздік жылдары ғана мүмкін болды. Қарапайым халық түгілі қоғамтанушы мамандардың басым бөлігіне беймәлім болып келген осынау білім мен ғылым саласын дамыту мәртебесі озық ойлы жастардың үлесіне тигенін атап өтуіміз керек. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстан баспасөз клубының президенті, PG Communications Консалтингтік агенттігінің Бас директоры әрі әріптесі Әсел Қарауылова. Бүгінде аты әлемдік РR мамандарына кеңінен таныс Әсел әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, Қазақстан менеджмент, бизнес және саясаттану институтында халықаралық маркетинг мамандығы бойынша бизнес басқару магистрі дәрежесімен, АҚШ-тың Миссури-Коламбия университетін MPA (Master of Public Affairs) дәрежесімен бітірді. Ә.Қарауылова–Жұртшылықпен байланыс жөніндегі Ұлттық ассоциацияны және бүгінде белді қоғамдық ұйымға арналан «PR-шы» Клубының негізін қалаушылардың бірі.

Әсел жұртшылықпен байланыс және коммуникация саласында он бес жылдан астам уақыт бойы жемісті жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде Қарауылова ханымның басшылығымен үш жүзден астам P-жобалар жүзеге асырылып, екі мыңнан астам медиа-шара өткізілген, халықаралық әріптестермен бірлесіп жалпы ұлттық сипаттағы 10 ірі жоба жүзеге асырылды. Осының бәрі, ақиқатын айтсақ, кез-келген зерттеу мекемесінің тақиясына тар келмейтін дүниелер.

Әсел Қарауылова - Халықаралық PR ассоциациясының (ІPRA) бірден-бір қазақстандық мүшесі болып табылады.

Жұртшылықпен байланыс саласын дағы жоғары білімнің болуы әлемнің барлық дамыған елдері үшін заңды құбылыс болып табылады. «Жұртшылықпен байланыс» мамандығы бойынша бірқатар жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып келген кадр даярлау ісі субъективті себептерге байланысты 2004 жылы доғарылған болатын. Осы түйткілді жәйттің түйінін тарқатуға Әсел белсене ат салысты. Қазақ университетінің журналистика факультетінде арнайы Дөңгелек стөл мәжілісін ұйымдастыруға белсне ат салысып, Ғылым және білім министрі атына арнайы хат жолдады. Сөйтіп, Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ассоциациясының, белгілі ғалымдар мен мамандардың тікелей араласуымен жұртшылықпен байланыс 2009 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім классификаторына бакалавриат, магистратура және докторантура мамандығы ретінде енгізілді.

Осындай қажырлы іс-әрекет негізінде елімізде жұртшылықпен байланыс теориясы мен практикасы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды ұғынықты талдап-түсіндіруге, басқару субъектісі (мемлекеттік және қоғамдық органдар) жөнінде жағымды пікір қалыптастыруға, қолайлы әлеуметтік көңіл-күй ахуалын орнатуға бағыт алып отыр. Түптеп келгенде мұндай мақсатты бағытталған іс-әрекет әлеуметтік жүйедегі тұрақты құндылық бағдарды қалыптастырып, адамдарды саналы қызметке итермелейді. Сөйтіп, басқару субъектісі мен жұртшылық топтары арасындағы көптеген кедергілер жойылып, халықтың елеулі бөлігі әлеуметтік процестерге, мемлекеттік шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыруға атсалыса бастайды.

Осы орайда жұртшылықпен байланыс-РR қызметінде корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мәселесі бөлек тоқталуды қажет ететтінін айтуымыз керек. Ол үшін арнайы кәсіби білім беруді жолға қою, оқулықтар мен әдістемелік құралдар шығару, жұртшылықпен байланыс саласындағы құрылымдарда жұмыс істейтін мамандарға ғылыми тұрғыдан сараланған талаптар қою керек. Өйткені, қазіргі заманғы ақпараттық процестерді басқару баспасөз қызметтері өкілдерінен экономиканың маркетинг және менеджмент сияқты салаларын, әлеуметтануды, әлеуметтік психологияны, бұқаралық коммуникация теориясын, сондай-ақ корпоративтік мәдениет талаптарын білуді талап етеді.

Елімізде жұртшылықпен байланыс саласында ғылыми зерттеулер мен әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Қазақстандағы PR мен БАҚ» атты мақалалар жинағының бесінші шығарылымы жарық көрді, әдістемелік құралдар жасалды. 2002 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында «Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жұртшылықпен байланыс: әдістеме, актуалды проблемалар мен қазақстандық тәжірибе» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. 2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен және қаржылық қолдауымен Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер: менеджмент және маркетинг» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Осы оқу орынында 2009 жылғы сәуір айында Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің әдістемелік жәрдемімен өткен «Қазақстандағы жұртшылықпен байланыс: теория және практика» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция еліміздегі PR нарығын дамыту және білім беруді жетілдіру мәселелеріне арналды. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 10 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде 2010 жылдың 11 наурызында өткен «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер: PR, БАҚ менеджменті және маркетингі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғарыда аталған ғылыми мәжілістердің заңды жалғасы болып табылады. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында Қазақстандағы жұртшылықпен байланыстың, БАҚ менеджменті мен маркетингінің қалыптасуы мен дамуының актуалды теориялық-әдіснамалық мәселелері қарастырылды.

Осы аталған шаралардың барлығына қазақтың қаршадай қызы Әсел Қарауылова тікелей ат салысып, өзінің білімі мен білігін ұлттың іргелі ісіне арнай білді. Елге сіңірген еңбегің елеулі болсын дегіміз келеді қайраткер қарындасымызға.

Жетпісбай Бекболатұлы,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің доценті

707 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы