• Бизнес & Қоғам
  • 03 Қараша, 2011

Оңтүстіктің мақтанышы – мақтасы Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Оңтүстік аймақ байлықтарының бірі – мақтанышы – мақтасы екені баршаға аян. Еліміздің басқа өңірінде өспейтін ақ мақта – тұрғылықты халық үшін негізгі күнкөріс көзі десек, артық айтқандық емес.

Ала жаздай таянбай еңбек еткен оңтүстікқазақстандық мақшатылар мақта алқаптарындағы жиын-терім науқанын бастап кеткен. Әбден пісіп, тұтастай көсек ашқан ақ алтынды жинап алуға ауылдағы еңбекке жарамды азаматтың барлығы жұмылдырылған. Жылдағыдай емес, баға тұрақты, әрі жоғары. Сапасына қарай тоннасы 90 мен 107 мың теңгенің аралығында. Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков мақта алқаптарында 10-15 мың тонна шикізат қалғанын айтады. «Мақта жинау жұмыстарына ауа райының қолайсызыдығы – жаңбыр мен күннің суытуы біраз кедергі болды. Дегенмен бұл аптада қалған мақтаны тезірек жинап алу жоспарланып отыр», – деген басқарма бастығының берген мәліметіне көз жүгіртсек, биылғы жылы оңтүстікқазақстандық мақташылар 315 385 тонна мақта жинаған көрінеді. Бұл былтырғы жылдан 100 тонна өнімге көп. Мамандардың алдын-ала жасаған есебі бойынша биыл 307 300 тонна өнім жиналады деп күтілген. Осы жылы 154 мың гектар жерге мақта себілген екен. Ал 2010 жылы 134,2 мың гектар алқапқа себілген мақтадан 240 мың тонна шикізат алынған болатын. Биылғы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда, әрине, өнімді. Дегенмен өңірдің мақтанышы болған «ақ алтынның» өнімділігі азайып бара жатыр.

Мақта плантациясының көлемi жыл өткен сайын кемiп, шитті мақтадан алатын өнімнің азаюы мамандарды алаңдатып отыр. Осыған орай, оңтүстікте біраз басқосулар болып, мақтаның түсімділігін арттыру мен сапасын жақсарту мәселелері талай рет талқыға түсті. Өнімділікті жақсартудың жолдары ұсынылып, «Мақта саласын дамыту туралы» Заң да дүниеге келді. Осылайша, Қазақстан Үкiметi әлемдiк тәжiрибеге сүйене отырып, мақтаны алғашқы өңдеу кәсiпорындары мен мақта өсiрушiлерге жаңа тәртiппен жұмыс iстеудi ұсынды. 2005 жылдан берi жүйелi жұмыс iстеп келе жатқан Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымына бәсекеге қабiлеттi мақта сорттарын шығару жөнiнде айтарлықтай жұмыстар жүктелді. Өйткені дүниежүзілік сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, елімізде өсірілетін мақта талшығының сапасы соңғы жылдары төмендеп кеткен. Зертханалық сараптамалар бiздiң талшықтың штапельдiк ұзындығы стандарттық нормадан қысқа екендiгiн көрсеткен. Бұл – бiр ғана көрсеткiш. Оның қасында бұдан да басқа бiрқатар сапалық сатылар тұр. Мысалы, қазіргі күні селекциялық сұрыпты ажарата алмаудың салдарынан бір маяда бірнеше сұрыпты мақта жинақталуда. Бұл өз кезегiнде тұқымдық шиттiң сұрыптық тазалығының бұзылуына алып келеді және сапалық көрсеткішіне кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ ауыспалы егiстiктiң сақталмауы да мақта өнімінің сапалы болуына айтарлықтай кедергі болып отыр. Азып-тозған жерге егiлген мақтаға агротехникалық шаралардың толық орындалмайтыны, суару және тыңайтқыш беру мәселелерiнiң ақсап тұрғаны, кейбiр мақта тазалау зауыттарындағы технологиялық процестердiң талапқа жауап бермеуі өнімнің өнімділігімен қоса, сапасына да кері ықпал етіп отырғаны түсінікті. Міне, жоғарыда аталған олқылықтардың барлығы ескеріліп, қазірде жасалып жатқан жұмыстар да баршылық. Мысалға айтар болсақ, былтыр Елбасының қатысуымен өткен тікелей телекөпір кезінде жергілікті мақта талшығын қайта өңдеу үлесін ұлғайтуды, аумақтың және еліміздің тоқыма өнеркәсібін дамытуды, экономиканың бір-бірімен байланысты салдарына оң әсер етуді көздеген кардтық және таралған иірімжіптерінің өндірісі бойынша «Оху Тextile» ЖШС-нің – «Кешенді автоматтандырылған иіру-ширату фабрикасы» мен құрамында мақтасы бар шикізаттан гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы және техникалық карбоксиметилцеллюлоза өндірісін ұйымдастыру жобасы – «Хлокпром-Целлюлоза» ЖШС іске қосылды. Қолға алынған басқа да жобалар негізінде алдағы уақытта оңтүстікте өсірілетін мақтаның сапасы да, өнімділігі де арта түсері сөзсіз. Мақта кластері жеңіл өнеркәсіпті өрге бастыратын үлкен мүмкіндік екенін ескерсек, оның болашағына бейқам қарамағанымыз дұрыс.

1134 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы