• Бизнес & Қоғам
  • 03 Қараша, 2011

Интеграция Еркін сауда аймағы: бәсекелестік ортаны қалыптастырудың тағы бір мүмкіндігі Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Қазақстан Санкт-Петерборда өткен ТМД үкімет басшыларының кеңесінде достастық құрамындағы 11 елдің 8-інің қатарында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл 2012 жылдың қаңтар айынан осы елдер арасында баж алымынсыз сауда-саттық басталады деген сөз.

Енді импортқа баж салығы салынбайтын болады. Келісімге қол қойған елдердің ішкі шекаралары аумағында импорт арзандайды. Әрине, бұл дайын тауар шығаратын елдер үшін өз экспорттық әлеуетін одан әрі ұлғайтудың жақсы мүмкіндігі болса, өзгені айтпағанда, ішкі нарыққа мардымды өнім шығара алмай отырған біздер үшін етек-жеңді жиып, нақты қарекетке кірісу мүмкіндігі. Онсыз арзан импорт аздаған отандық өндірушіге бас көтертпеуі әбден мүмкін. Ал тауар экспортының біршама бөлігі Ресейге шығарылатын Украина мен Беларусь мемлекеттері үшін еркін сауда аймағының құрылуы өте тиімді болмақ. Соңғы ресми деректерге сәйкес, Қазақстанның Кедендік одақ аясындағы сауда айналымы біршама өскенімен, оның басым бөлігін шикізат транзиті, сондай-ақ ресейлік реэкспорт құрайды.

Олай болса, еркін сауда аймағы кімге тиімді, оны құрудың маңыздылығы қаншалық деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Сонымен ТМД аумағындағы еркін сауда аймағына қазақстандық өндірушілер не ұсына алады? Біздерде мынандай бар, мынандай бар дейтіндей нендей тауар, қандай өніміміз бар мақтанатын. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, баршылық қой дер біреулер. Иә, кондитерлік өнімдер, астық, шамалы ет, болар-болмас тағы бір-аз дүниелер бары рас. Бірақ бұл азын-аулақ дүниемен кімнің алдына шығып кеткендейміз. Осынау аз-маз дүние байлығы орасан Қазақстанның атына, еліміздің қуатты интеллектуалдық, өндірістік-өнеркәсіптік әлеуетіне сай деп айта аламыз ба?

Бұл тұрғыдан алғанда еркін сауда аймағы Ресей, Украина және Беларусь елдеріне тиімді болмағы даусыз. Аталған елдердің посткеңестік кеңістік мемлекеттерімен арада тек шикізат сатуда ғана емес, сонымен қатар машина жасау, авивция және құбыртарту, өндірістің барша басқа салаларына қажетті құрал-жабдықтың түр-түрін шығаруда ауыз толтырып айтарлықтай сауда айналымы қалыптасқан. Жалпы алғанда еуразиялық кеңістіктің батысында орын тепкен осы үш мемлекеттің арасындағы тауар айырбасы мен сауда қатынасы ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда әлдеқайда тығыз және жақсы дамыған.

Дегенмен соның өзінде бірқатар тауарлар тобы бойынша өтпелі кезең қажеттігін алға тартқан бұл елдердің кейбірі келісімде мұны нақты көрсетіп, шегелеп алды. Яғни бірқатар елдер өз өндірушілерінің қайсыбір тауар түрлері үшін белгілі бір қорғау кезеңін қамтамасыз етіп отыр. Онсыз баж салынбайтын арзан импорт қай елде болмасын отандық өндірісті тұралатар қауіпті бәсекелес болары анық. Осы орайда Петербордағы келісім барысында ТМД елдерінде жасалатын тауарларға парапар өнімдер шығаратын отандық тауарөндірушілердің мүддесін қазақстандық делегация қаншалық қорғай алды? Бұған мынандай қорғау амалдары алынып, әрекеттер жасалды деп нақты айта алмаймыз.

Сегіздіктің қол қойуымен әзірше қағаз бетінде дүниеге келген еркін сауда аймағы сол елдер парламенттерінің Петербор келісімін бекітуінен кейін ғана қозғалысқа келмек. Посткеңестік кеңістікте еркін сауда аймағын құру туралы әңгіменің көтеріліп отырғаны бір бүгін емес. Ыдыраған кеңестер одағының аумағында жеке шаңырақ көтерген тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылғаннан біршама уақыт кейін, 1994 жылы алғаш рет ТМД елдерінің еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылған болатын. Бірақ жылдар бойғы темірқұрсаудан босанып, азаттық деген асқақ сезімнің жетегінде жүрген ол кезеңде қайта бірлесіп, бас қосуға ешкімде ынта-ықылас болмағаны түсінікті. Дегенмен бұл мәселе аяқсыз қалған жоқ, кезін күтіп жатқан еді. Жаһанды жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс қыспағы бұл мәселенің ТМД кеңістігінде қайта қозғалуына түрткі болған себептің бірі. Оншақты жылдың жүзінде назарда болып, 2009-да дайын болған жаңа келісімнің жобасы былтыр тағы пысықталып, ТМД-ның жетекші органдарының қарауына ұсынылған. Нәтижесі белгілі – бүгінгі күні еркін сауда аймағын құруға достастықтың сегіз елі мүдделілік танытып отыр. Алғашқы келісімнен беріде өткен уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді. Әркім өз аяғына тұрды, жаһандық дамудағы бағыт-бағдарын айқындап, алар орнын, шама-шарқын бағамдайтын халге жетті.

Иә, алдымен өз мүддесін, пайда-зиянын әбден есептеп, ескермейінше ешкім бүгін қандай да бір одақтар мен бірігулерге оңай келісе қоймайды. Міне, бұл жолы Петербор келісіміне Әзербайжан, Түркіменстан және Өзбекстан қосылмады. Жылдың соңына дейін ойланып көрмек. Әзербайжан мен Түркіменстанның Мәскеумен арадағы қарым-қатынасында Транскаспий газқұбырына балама жобаға, сондай-ақ жалпы алғанда Ресейдің мүддесіне бәсекелес болатын көмірсутегі тасымалы жобаларына қатысты өзара келіспеушіліктер бар. Ал Өзбекстан әу бастан-ақ ТМД кеңістігіндегі интеграциялық қатынастардан бойын аулақ ұстағысы келетінін жасырған емес. Алайда «жаман айтпай жақсы жоқ» деген, соңғы жылдардағы әлемнің ауқатты елдерінің өзін абыржытқан қаржы-экономикалық дағдарыс салдары және оның жақындап қалған екінші толқынын күткен қорқыныш дамудың түрлі сатысындағы елдердің өзара бас қосып, ортақ қауіпке бірлесіп қайрат қылуына итермелеп отыр. Дегенмен талай қиындықты өткерген осынау азаттық жылдарының қанша кермек болса да, тәтті сезілер дәмін татып қалған посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіз елдің қай-қайсысы болмасын өз егемендігінен дүниенің еш байлығы үшін бас тартқысы жоқ. Біз үшін ең маңыздысы да осы.

842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы