• Бизнес & Қоғам
  • 03 Қараша, 2011

Мұхтар ТАЙЖАН: Ертеңгі күннің санасына сенім мол

Санкт-Петербор қаласында өткен ТМД елдері үкімет басшыларының соңғы кеңесінде «Еркін сауда аймағын құру туралы» келісімге сегіз ел қол қойды. Әзербайжан, Түркіменстан және Өзбекстан келісімге қатысу, қатыспауды жылдың соңына дейін ойланып барып, шешпек. Еркін сауда аймағын құруға келіскен сегіздің ішінде, әрине, Қазақстан, Ресей және Беларусь бар. Бұл елдер осы үшеудің арасында құрылған Кедендік одақтың мүшелері. Осыған орай туындаған сауал көп. Біз екі жағына да қосылып отырмыз. Қазақстан үшін осы екеуінің қайсысы пайдалы? Жалпы басты міндеті бір-біріне кереғар келетін еркін сауда аймағы мен кедендік одақ бір кеңістікте және екеуіне бірдей қатысатын елдер арасында қалай қызмет етпек? Бәрінен бұрын түсініксіз болған осы сұрақтарды белгілі экономист Мұхтар Болатханұлына қойған едік.

Мұхтар ТАЙЖАН, экономика ғылымдарының кандидаты:

Еркін сауда аймағы – әлемдік тәжірибеде кең таралған. Өйткені бұл кеңістікте қызмет ету оған қатысатын әрбір мемлекет үшін пайдалы. Сондықтан ТМД-ның сегіз мемлекеті қол қойған еркін сауда аймағын құру туралы келісім қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде жұмыс істейтін болса – бұл қуанарлық жағдай.

Еркін сауда аймағына қатысатын елдер, ең алдымен, өз еркіндігін сақтайды. Тәуелсіз әрбір ел үшін бұл ең басты мәселе. Екіншіден, баж салынбайтындықтан, елдер арасында сауда-саттық жасау жеңілдейді. Және сырттан келетін тауарлардың бағасы төмен болады. Яғни импорт арзандайды, ал ол өз кезегінде бәсекелестік туғызып, ішкі бағаның түсуіне жол ашады. Бұл тұтынушы үшін де, өндіруші үшін де пайдалы.

Ал еркін сауда аймағының құрылуымен сырттан келетін арзан импорт отандық тауарөндірушіні басып тастайды, тұралатады дегенге келер болсақ, дайын өнім шығаратын өндірісің жоқтың қасы болса, неңді қорғайсың. Түрлі тауар шығаратын болсаң, әрине, бажды көтеріп ішкі нарықты, отандық өндірушіні қорғауға болады. Өкінішке орай, біздің елімізде ондай өндірушілер көп емес. Есесіне Ресей және Беларусьпен кедендік одаққа кіру арқылы қымбатшылыққа ұрынып отырмыз. Толықтай импортқа тәуелді, басқаны айтпағанда, көпшілік қолды тауарлар өндірмейтін Қазақстан үшін Кедендік одаққа кірудің нәтижесі осындай бүгін. Қазақстанға кіретін өнімдердегі инфляция, ең алдымен кедендік одақтың кесірінен туындап отыр. Өйткені өзге елдерден тасымалданатын тауарларға кедендік алым-салық бұрынғыдан екі-үш есеге артты. Сондықтан елге кірген кез-келген өнім қымбат бағаға сатылады.

Қазақстан Кедендік одаққа кіргенге дейін сауда саясаты жағынан дүниежүзіндегі ең либералды экономикалардың бірі еді. Бізде тарифтер мен кедендік алым-салық төмен болатын. Ортақ нарыққа қосылумен Қазақстан Ресейдің кедендік құқын өзіне алды, алым-салықты жоғары көтеріп, ресейлік тарифтермен теңестірді. Ресей экономикасында мемлекет қорғауға мүдделі секторларда өндірушілер баршылық. Ал біз қазіргі күні осы көршіміздің сапасы нашар өнімдерін тұтынып, өндірушілерін қолдауға мәжбүрміз. Олай болса, кедендік одақтан біз шығыннан басқа, кіріс көріп отырған жоқпыз. Ресей экономикасының деңгейіндегі аспандаған тарифтер – айналып келгенде халықтың қалтасын қағады, әл-ауқатын төмендетеді. Қымбатшылық Қазақстан Кедендік одақтан шығып, отандық өнім өндіруді жолға қоймайынша, инфрақұрылымды реттемейінше ешқашан тоқтамайды. Керісінше, өскен үстіне өсе береді.

Ендігі мәселе, еркін сауда аймағы мен кедендік одақ аясындағы елдердің өзара қарым-қатынасы қалай болмақ. Еркін сауда аймағы да, кедендік одақ та бір кеңістіктегі – ТМД-ға мүше елдер арасында құрылып отыр. Өз міндетіне сай еркін сауда аймағы баж салығынсыз жұмыс істеуге тиіс. Ал өзіміз куә болып отырған қазіргі Қазақстан, Ресей және Беларусь кедендік одағында керісінше баж барынша жоғары. Яғни еркін сауда аймағы бағаның барынша төмен болуына қызмет етсе, кедендік одақ жағдайында баға өсіп отырмақ. Мұндай кереғарлық пен қарама-қайшылық жағдайында аталған екі құрылымға да қатысатын елдердің қалай жұмыс істейтіндігі түсініксіз. Мәселен, Қырғызстан еркін сауда аймағының мүшесі және дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ретінде ол Қытаймен арадағы сауда-саттықты баж алымынсыз жүргізеді. Яғни еркін сауда аймағына кірген күнде, арзан тауар келетін Қырғызстанмен сауда жасау бізге тиімді. Алайда үшінші елдермен саудада жоғары баж салығы міндетті Кедендік одақтың мүшесі ретінде бұлай ете алмаймыз. Сондықтан кедендік одақ аясында іргеміздегі қырғыз елімен сауда жасау мүмкіндігі, әрине, бұл қарапайым тұтынушы үшін қаншалық тиімді болғанымен, Қазақстан аумағында төмен болады. Міне, кедендік одақтың үлкен бір тиімсіз тұсы осы. Бұл кедендік одаққа кірудің экономикалық тиімділігі барынша сараланбай, асығыс жасалған қадам екенінің тағы бір дәлелі. Мұндай жағдайда еркін сауда аймағындағы елдермен қарым-қатынас қалай болмақ.

Кедендік одақ аясында тірлік кешкен аз ғана уақыттың нәтижесі – көз алдымызда. Осының бәрінен ой түйіндер болсақ, меніңше, Кедендік одақ экономикалық емес, саяси одақ. Мұндай одақта елдер белгілі бір міндеттемелермен байлаулы болады. Сондықтан оның құрамында тәуелсіз мемлекет ретіндегі болашағымыз ойлантуы тиіс. Біз үшін кедендік одақтың құрамынан барынша тезірек шығып, экономикалық тұрғыда, өндіріс пен өндірушінің дамуына, яғни тауар айырбасы мен сауда айналымының ұлғаюына қызмет ететін еркін сауда аймағының келісім түрінде қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде жұмыс істеуіне атсалысқанымыз дұрыс.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы