• Бизнес & Қоғам
  • 03 Қараша, 2011

"Экономика" газетінің арнайы беті Мойнақ СЭС-і: Энергетикалық қауіпсіздігіміздің кепілі Рымтай САҒЫНБЕКОВА

Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отырған іргелі жобаның бірі – Мойнақ су электрстансасының құрылысы. Тәуелсіз Қазақстан су энергетикасында жүзеге асырған алғашқы ауқымды жоба – Мойнақ су қоймасының іске қосылуы еліміздің оңтүстік өңіріндегі электр қуатының тапшылығын барынша азайтуға, өндірістік дамуға қажетті қосымша қуаттың келуіне мүмкіндік береді.

Тақауда Елбасының тапсырмасымен құрылысы аяқталуға жақындаған Шарын өзеніндегі Мойнақ СЭС-інде болған үкімет басшысы Кәрім Мәсімов стансаны іске қосуға дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі күні құрылыс жұмысының дені атқарылып, бөлінген қаржының 90 пайызы игерілген. Тақауда ғана мұнда жаңа жоғары кернеулі электржелісі іске қосылды. Мойнақ СЭС-ін Шелек ауылындағы осы аттас қуат қабылдаушы стансамен жалғайтын бұл жаңа желінің ұзындығы 97 шақырым. Құрылысшылар қазір жалпы ұзындығы 227 шақырым болатын тағы бір осындай жаңа желінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар тоғаннан өзге СЭС ғимараты, стан­салық алаң, қызметтік-тұрмыс­тық корпус және станса қызмет­кер­­леріне арналған тұрғын үй ке­ше­нінің құрылыс жұмыстары да ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында аяқталып, пайдалануға берілмек .

Биыл қыркүйек айында Мойнақ СЭС-інде 20 млн текше тас пен құмнан Бестөбе су қоймасын құрайтын алып бөгет тұрғызылып, Шарын өзенінің арнасы тоқтатылған болатын. Содан бергі мерзімде бөгетте жасанды көл құралып келеді. Оның тереңдігі 90 метр, ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Бөгет құрылысында мыңға тарта адам жұмыс істеді. Тау қатпары ұңғылау әдісімен бұрғылап тесіліп, 500 метрлік биіктіктен элек­тр қуатын өндіретін генера­тор­ларға су жеткізетін ұзындығы 9 шақырымдық жер асты құбыржолы тартылған.

Мамандардың айтуынша, бұл тоғанға орта есеппен секундына 28 текше су жиналады екен. Жалпы тәжірибеде Шарын сияқты суы аз өзендерге бөгет тұрғызылмайды. Алайда жи­ылған суды деривациялық ұң­ғы арқылы биіктен төменге сорғалата отырып, электр қуатын өндіруші генераторлар көмегімен 300 мВт қуат көзін жинақтауға бола­ды. Бөгет құрылысы 9-10 баллдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей есеппен соғылған. Төтенше жағдай туындай қалған сәтте, автоматты тұтқырлар бірден іске қосылып, су жолы жабылады. Бөгетке таяу маңда арнайы қауіпсіздік реттеуші құрылғысы орнатылған. Бұл көк­темгі тасқын кезінде көп мөл­шер­де жиналған судың ағысын реттеп отыру мақсатында тұрғызылған. Сондай-ақ негізгі ұңғы жөндеуге қой­ыл­ғанда немесе апат бола қалған жағдайда, жиналған су қосалқы ұңғымен төмендегі өзенге құйы­лып, бөгеттің ернеуінен асып кету қаупінің алдын алады. Қауіпті селдің болмауын қам­тамасыз етеді. Құрылысты жүргізуші мердігер компания – Қытайдың су шаруашылығы мен энергетика жөніндегі халықаралық корпорациясы негізгі құрал-жабдық пен құрылыс құрылғыларының сапасы мен сенімділігіне 20 жылдық кепілдік беріп отыр.

Сәл шегініс. Жалпы Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде бөгет құрылысы 1985 жылы басталған болатын. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін мұндай күрделі құрылысты көтеру жас мемлекетке қиын соқты. Экономиканы жаңа нарықтық қатынастарға көшіру басталған жылдары құрылыс уақытша тоқтатылған еді. Қызыл империяның қол астындағы кезеңде одақтас республикалар мен энергетикалық жүйелердің шекаралары өзара сәйкеспейтіндей етіп жасалғаны белгілі. Сөйтіп күйреген кеңестер одағынан тәуелсіз Қазақстанның еншісіне энергетикалық үш бөлек жүйе, оның ішінде Қырғызстанмен және Өзбекстанмен бірлескен оңтүстік энергетикалық желі қалды. Елдің солтүстігінде электр қуаты аста-төк болғанымен, оңтүстіктегі тапшылық импорт есебінен жабылатын. Осынау қайшылықты реттеу мақсатында KEGOK елдің солтүстік аймағы мен оңтүстік өңірін жоғары кернеулі электр желісімен жалғады. Дегенмен өңірлік дамудың соңғы жылдардағы даму қарқынына сай қуат тұтыну көлемі де жылдан-жылға еселеп артып келеді. Бұл біріншіден. Екіншіден, тозығы жеткен қырғыз сэстеріне сенім аз. Кез-келген уақытта апат орын алуы мүмкін. Көрші елдегі мұндай жағдайлар еліміздің инфрақұрылымдық нысандарына үлкен зиян әкелері сөзсіз. Бұған жол бермеу үшін еліміздің оңтүстігінде өндірілетін электр қуатын еселеп арттыру арқылы аймақта энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет болды. Және «кісідегінің кілті – аспанда» деген. Бағада да тұрақтылық жоқ, жарық кейде жетіп, кейде жетпей жатады. Сондықтан Президент Н. Назарбаевтың тапсырмасы­мен ел экономикасына қажетті бөгет құрылысына назар аударылып, 2005 жылы Мойнақ СЭС-і құрылысын қолға алу туралы шешім қабылданды. Осылайша Мойнақ су электрстансасының құрылысы басым бағыттағы жоба ретінде еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына енгізіліп, үкімет тарапынан кең қолдауға ие болды. Белгілі салық және кеден жеңілдіктерінен басқа, құрылысты несиелендіру мемлекет кепілдігімен жүзеге асырылды. Атап айтқанда, несие қаржысының бір бөлігіне Қаржы министрлігінің, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кепілдігі берілді. KEGOC компаниясы өз есебінен стансаға дейін электр желісін тартатын болды. Жалпы құны 54,1 млрд теңге болатын бұл серпінді жоба 2006 жылдың маусымында жасалған келісімге сәйкес Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік даму банктерінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып отыр. «Бүгінгі күні біз еліміздің оңтүстік аудандарына жетіспей жатқан электр қуатын біз Қырғызстан республикасынан сатып алып отырмыз. Мойнақ суэлектр стансасының іске қосылуымен, бұл мәселе толықтай дерлік шешіледі деп айтуға болады. Өйткені қырғыз елінен 350 мегаватт келсе, жобалық қуаты 300 мегаватт болатын Мойнақ су қоймасы толық көлемде жұмыс істегенде өңірдегі электр қуатына деген сұранысты барынша өтейтін болады. Ауқымды су қоймасы, бөгет, тау қатпарын бұрғылап тесу арқылы салынған, 500 метрлік биіктіктен элек­тр қуатын өндіретін генера­тор­ларға су жеткізуші 9 шақырымдық жерасты құбыржолы және өзге де инфрақұрылымдардан тұратын Мойнақ СЭС-нің жалпы құны 360 млн долларды құрайды», – дейді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан ҚАЖИЕВ.

1 770 биіктіктегі таулы аймақта салынып отырған Мойнақ стансасының құрылысы – еліміздің су энергетикасындағы бірегей жоба. Бұл елімізде деривациялық (тоннелдік) үлгіде салынып отырған бірінші электр станса. Мамандар мұндай стансалар тек таулы аймақтарда салынатындығын айтады. Жалпы ТМД аумағында бұл әдіспен салынған екі станса ғана бар. Бірі –1970 жылы Арменияда салынған, ал екіншісі – 1949 жылы іске қосылған Солтүстік Осетиядағы Храмск СЭС-і. Ал әлемде деривациялық стансалар баршылық. Соңғы жылдары мұндай сэстер суы шағын өзендерге бай Қытайда көптеп салынуда. Бұл тұрғыда Австрия, Швейцария, Канада, Франция елдері әлемдік көшбасшылар болып саналады. Бөгет құрылысына озық технологиялар мен қазіргі заманғы құрал-жабдықтарды пайдаланудың нәтижесінде Мойнақ СЭС-і шетелдік осындай құрылыстар қатарына қосылады дейді мамандар.

Жалпы су энергетикасының ерекшелігі делінетін бір кемшілігі бұл құрылысты салу кезеңі мен оның өзін-өзі ақтау мерзімінің ұзақтығы. Бірақ Мойнақ мамандары бұл кемшіліктің орнын СЭС шығаратын экологиялық таза және арзан электр қуаты, ағымдағы өндіріс шығындарының аздығы, қуат жинау мен оны тұтынушының сұранысына қарай бөлу икемділігінің бірегей мүмкіндіктері секілді артықшылықтары толығымен жабатынын, бөгет құрылысының қай тұрғыдан алғанда да пайдалалылығын айтады. Біріншіден, еліміздегі электр қуаты тапшы әрі ең қымбат өңір оңтүстік аймағы, оның ішінде Алматы облысы болып саналады. Жетісу өңіріндегі тұтынушыларға қажет­ті электр қуатының 50 пайызы Екібастұз, Жамбыл СЭС-терінен және көршілес Қырғызстаннан сатып алынатындықтан, құны да қымбат. Мысал үшін, әлемде 1 мың киловатт электр қуатының құны $1 500 болса, ол өте арзан деп саналады. Сарапшылардың айтуынша, Мойнақ су стансасында әлемдегі ең арзан электр энергиясы өндірілетін болады: бір кВт-сағ. құны 2,2 цент немесе 3,2 теңге. Яғни бүгінгі бағамен салыстырғанда, электр қуаты су тегін болмақ. Ал жобалық қуаты 300 мВт болатын Мойнақ су электрстансасы толық көлемде жұмыс істегенде өңірдегі электр қуаты тапшылығын барынша төмендететін болады. Бұл бір. Екіншіден, көлемі 238 млн шаршы метр болатын үлкен су қоймасы көктемгі еритін қар, нөсер жауын әсерінен өзендер арнасынан шығар жылдағы тасқын қаупінен құтқарады. Егіндіктер мен жайлымдықтарды су алу қаупі азаяды. Құрылыс нысандары су астында қалмайды. Суармалы алқаптар үшін де бөгеттің көмегі орасан болмақ. Үшіншіден, кез-келген су энергетикасы нысанының өзге қуат өндірушілерден басты айырмашылығы – ауаны ластамайды, табиғатқа зиян келтірмейді. Сондықтан болашақта Мойнақ СЭС-і қуат өндіретін экономикалық маңызды нысан ғана емес, жұртшылық демалысын мәнді өткізетін туристік орталыққа айналады. Таулы өңірдегі Мойнақ су қоймасының маңын­да шаңғы базасы соғылып, дем­алыс үйлері тұрғызылатын болады. Тоғанда өмір сүруге бейімделген балықтар тұқымы өсіріліп, мұнда туризмді дамыту өндірістік негізге қойылатын болады.

Осылайша еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығында бірінші агрегаты іске қосылатын Мойнақ суэлектр стансасы елдің электр қуатына деген қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, оңтүстік өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық келбетін одан әрі көріктендіре түсер керемет жобаға айналмақ. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ауқымы мен қуаты жөнінен бесінші суэлектр станса қатарында саналатын Мойнақ СЭС-і елімізде тәуелсіздік жылдарында салынып, пайдалануға берілмекші энергетика саласындағы алғашқы нысан.

Врезка

Мойнақ мамандары СЭС-тің экологиялық таза және арзан электр қуаты, ағымдағы өндіріс шығындарының аздығы, қуат жинау мен оны тұтынушының сұранысына қарай бөлу икемділігінің бірегей мүмкіндіктері секілді артықшылықтары барын, яғни бөгет құрылысының қай тұрғыдан алғанда да пайдалалы болатындығын айтады.

Сарапшылардың айтуынша, Мойнақ су электрстансасында әлемдегі ең арзан электр энергиясы өндірілетін болады: бір кВт-сағ. құны 2,2 цент немесе 3,2 теңге. Яғни бүгінгі бағамен салыстырғанда, электр қуаты су тегін болмақ.

Жобалық қуаты 300 мВт болатын Мойнақ СЭС-і толық көлемде жұмыс істегенде өңірдегі электр қуатына деген сұранысты барынша өтейтін болады. Бұл бір. Екінші, көктемгі еріген қар, нөсер жауын әсерінен өзендер арнасынан асар жылдағы тасқын қаупінен арыламыз. Егіндіктер мен жайлымдықтарды су алу қаупі азаяды. Құрылыс нысандары су астында қалмайды. Суармалы алқаптар үшін де бөгеттің көмегі мол болмақ. Үшінші, кез-келген су энергетикасы нысанының өзгелерден басты айырмашылығы – ауаны ластамайды, табиғатқа зиян келтірмейді. Сондықтан болашақта Мойнақ СЭС-і қуат өндіретін экономикалық маңызды нысан ғана емес, халықтың демалысын ұйымдастыратын туристік орталыққа айналады. Таулы аймақтағы қойма маңын­да шаңғы базасы соғылып, дем­алыс үйлері тұрғызылады. Осылайша оңтүстік өңірде туризмді дамыту ісі өндірістік негізге қойылады.

643 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы