• Қаржы
  • 02 Сәуір, 2014

Қаржы нарығындағы ахуал туралы

1. Инфляция

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша 2014 жылғы ақпанда инфляция 1,7%-ды (2013 жылғы ақпанда – 0,8%) құрады. Бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасы 1,5% (0,4%-ға), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9% (0,2%-ға) өсті. Ақылы қызмет көрсету тарифтері 1,7%-ға (1,8%-ға) өсті.

Азық-түлік тауарлары нарығында 2014 жылғы ақпанда көп дəрежеде жемістер мен көкөністер 6,9%-ға, оның ішінде пияз 23,5%-ға, орамжапырақ 20,9%-ға, картоп 11,2%-ға, қант 3,4%-ға, сүт өнімдері 1,6%-ға, оның ішінде ірімшік 3,1%-ға, айран 1,7%-ға, сондай-ақ күріш 2,1%-ға, ұн 1,0%-ға, макарон өнімдері 0,9%-ға қымбаттады. Бұдан басқа алкогольдік сусындар бағасы 2,5%-ға, темекі өнімдері 1,5%-ға өсті. Жұмыртқа бағасының 7,0%-ға, қарақұмық жармасының 0,4%-ға жəне күнбағыс майының 0,5%-ға төмендеуі тіркелді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында сырт киімнің бағасы 0,8%-ға, аяқ киім 0,4%-ға, тұрмыстық заттар 2,7%-ға, оның ішінде тұрмыстық құралдар жəне жөндеу 4,2%-ға, жуатын жəне тазалайтын құралдар 3,9%-ға, сондай-ақ дəрі-дəрмек 1,8%-ға көтерілді. Бензиннің бағасы 0,2%-ға өсті, дизель отынының бағасы 0,3%-ға төмендеді. Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саладағы қызметке ақы төлеу 2,9%-ға өсті. Бұл ретте электр энергиясының тарифтері 3,5%-ға, орталықтан жылыту 3,1%-ға, ыстық су 2,7%-ға, кəріз 1,6%-ға, тарату желілерімен тасымалданатын газ 4,2%-ға, тұрғын үйді жалдау 3,9%-ға жəне тұрғын үйді ұстау 2,0%-ға өсті. Бұдан басқа 2014 жылғы ақпанда медициналық қызмет көрсету бағасы 1,9%-ға, демалыс жəне мəдениет қызметтері 1,8%-ға, мейрамханалар мен қонақүйлер қызметтері 1,9%-ға көтерілді.

2014 жылғы қаңтар-ақпанда инфляция 2,3% болды (2013 жылғы қаңтар-ақпанда – 1,7%). Азық-түлік тауарлары 2014 жылдың басынан 2,0% (0,9%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 2,2% (0,4%), ақылы қызмет көрсету 2,8% (4,0%) қымбаттады.

2014 жылғы ақпанда инфляция жылдық көрсетумен 5,4% (2013 жылғы желтоқсанда – 4,8%) болды. Соңғы 12 айда азық-түлік тауарлары 4,5% (3,3%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,1% (3,3%), ақылы қызмет көрсету – 6,7% (8,0%) қымбаттады.

 

2. Халықаралық резервтер жəне ақша агрегаттары

2014 жылғы ақпанда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері ұлғайды. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 26,0 млрд. АҚШ долл. дейін 6,1% ұлғайды (жыл басынан 5,4% ұлғайды). Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 6,2% өсіп, 25,5 млрд. АҚШ долл. құрады (жыл басынан 5,5% ұлғайды). Ішкі валюта нарығында валюта сату, Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету жəне Ұлттық қордың активтерін толықтыру банктердің Ұлттық Банктегі шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтың ұлғаюымен жəне Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуімен ішінара бейтараптандырылды. Сондай-ақ, таза халықаралық резервтердің өзгеруі ұлттық валюта бағамына 2014 жылғы ақпанда жүргізілген түзетуге байланысты болды. Нəтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2014 жылғы ақпанда 5,7%, алтындағы активтер жүргізілген операциялар жəне алтынның əлемдік нарықтардағы бағасының өсуі нəтижесінде 7,9% ұлғайды.

2014 жылғы ақпанда Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 71,6 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда, елдің халықаралық резервтері жалпы алғанда 97,6 млрд. АҚШ долл. дейін 2,1% ұлғайды (жыл басынан 2,5% ұлғайды).

2014 жылғы ақпанда ақша базасы 13,2%-ға кеңейді жəне 3240,0 млрд. теңге (жыл басынан бері 14,8%-ға кеңейді) болды. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3219,5 млрд. теңгеге дейін 13,6%-ға кеңейді.

2014 жылғы қаңтарда ақша массасы 11882,2 млрд. теңгеге дейін 2,4%-ға ұлғайды. Айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі 1397,7 млрд. теңгеге дейін 7,6%-ға азайды, банк

жүйесіндегі депозиттер 3,9%-ға ұлғайып, 10484,5 млрд. теңге болды. Депозиттердің ақша массасының құрылымындағы үлесі айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің қысқаруы аясында депозиттер көлемінің өсу салдарынан 2013 жылғы желтоқсандағы 87,0%-дан 2014 жылғы қаңтардағы 88,2%-ға дейін өсті.

Ақша мультипликаторы 2014 жылғы қаңтарда атап өтілген ақша базасының кеңею қарқынымен салыстырғанда ақша массасының басым қарқыны салдарынан 2013 жылғы желтоқсандағы 4,11-ден 2014 жылғы қаңтардың қорытындылары бойынша 4,15-ке дейін ұлғайды.

 

3. Валюта нарығы

2014 жылғы ақпанда теңгенің АҚШ долларына бағамы 1 АҚШ доллары үшін 155,46–184,95 теңге диапазонында өзгерді. Айдың соңында теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 184,08 теңге болды, ол бір айда 18,4%-ға əлсіреді.

2014 жылғы ақпанда Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтардағы мəмілелерді қоса алғанда 2014 жылғы қаңтармен салыстырғанда 34,1%-ға өсті жəне 9,5 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығында операциялардың көлемі 1,4 млрд. АҚШ долл. дейін 24,4%-ға төмендеді.

Жалпы алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 2014 жылғы қаңтармен салыстырғанда 21,9%-ға ұлғайды жəне 10,9 млрд. АҚШ долл. болды.

 

4. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

2014 жылғы ақпанда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 4 аукцион өткізілді. Оларда 8 жылдық МЕУКАМ (6,2 млрд. теңге), 12 жылдық МЕУКАМ (17,1 млрд. теңге), 15 жылдық МЕУКАМ (16,0 млрд. теңге), 16 жылдық МЕУЖКАМ (21,0 млрд. теңге) орналастырылды.

Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік: 8 жылдық МЕУКАМ бойынша – 6,30%, 12 жылдық МЕУКАМ бойынша– 6,70%, 15 жылдық МЕУКАМ бойынша – 7,10%, 16 жылдық МЕУЖКАМ бойынша – инфляция деңгейінен 0,10% құрады.

Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен аймен салыстырғанда 0,4% ұлғая отырып, 2014 жылғы ақпанның аяғында 3673,5 млрд. теңге құрады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары.

2014 жылғы ақпанда Ұлттық Банктің ноттарын орналастыру бойынша аукциондар жүргізілген жоқ.

Нəтижесінде айналыстағы ноттардың көлемі 2014 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2014 жылғы ақпанның аяғында өзгерген жоқ жəне 8,9 млрд. теңгені құрады.

 

5. Банкаралық ақша нарығы

2014 жылғы қаңтарда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 60,2%-ға ұлғайып, баламада 3005,9 млрд. теңге болды.

Теңгемен орналастырылған банкаралық депозиттердің көлемі 35,1%-ға ұлғайып 224,5 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 7,5%) болды. Бұл ретте теңгемен орналастырылған банкаралық депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2013 жылғы желтоқсандағы 1,90%-дан 2014 жылғы қаңтарда 1,87%-ға дейін төмендеді.

2014 жылғы қаңтарда 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда доллармен орналастырылған депозиттердің көлемі 61,9%-ға ұлғайып, 17,5 млрд. АҚШ долл. (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 90,2%) болды. Доллармен орналастырылған депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2013 жылғы желтоқсандағы 0,08%-дан 2014 жылғы қаңтарда 0,06%-ға дейін төмендеді.

Ресей рублімен жəне еуромен депозиттерге орналастыру көлемі көп емес – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінен тиісінше 1,6% жəне 0,7%.

Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 2013 жылғы желтоқсандағы 91,1%-дан 2014 жылғы қаңтарда 92,5%-ға дейін өсті. Шетел валютасымен резидент емес банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемінің 2013 жылғы желтоқсандағы 89,5%-дан 2014 жылғы қаңтарда 91,7%-ға дейін өсті.

Ұлттық Банктің банктерден тартқан депозиттерінің көлемі 2013 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2014 жылғы қаңтарда 2,2%-ға өсті жəне 115,5 млрд. теңге құрады.

 

6. Депозит нарығы

Депозиттік ұйымдардағы резиденттер депозиттерінің жалпы көлемі 2014 жылғы қаңтарда 10484,5 млрд. теңгеге дейін 3,9%-ға өсті. Заңды тұлғалардың депозиттері 6555,4 млрд. теңгеге дейін 6,0%-ға өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 3929,0 млрд. теңгеге дейін 0,6%-ға ұлғайды.

2014 жылғы қаңтарда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 4154,1 млрд. теңгеге дейін 10,1%-ға өсті (заңды тұлғалардың депозиттері 15,8% өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 3,4% ұлғайды), ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 6330,4 млрд. теңгеге дейін 0,2%-ға өсті (заңды тұлғалардың депозиттері 1,2% өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 1,6% төмендеді). Теңгемен берілген депозиттердің үлес салмағы бір айда 62,6%-дан 60,4%-ға дейін төмендеді.

Халықтың (резидент еместерді қоса есептегенде) банктердегі салымдары 2014 жылғы қаңтарда 3966,3 млрд. теңгеге дейін 0,5%-ға ұлғайды. Халық салымдарының құрылымында теңгедегі депозиттер 2168,5 млрд. теңгеге дейін 1,8%-ға төмендеді, шетел валютасындағы депозиттер 1797,8 млрд. теңгеге дейін 3,5%-ға артты. Халық салымдарының құрамында теңгедегі депозиттердің үлес салмағы бір айда 56,0%-дан 54,7%-ға дейін төмендеді.

2014 жылғы қаңтарда мерзімді депозиттер 7267,8 млрд. теңгеге дейін 0,5%-ға ұлғайды. Мерзімді депозиттердің құрамында теңгемен депозиттер 4238,3 млрд. теңгеге дейін 1,7%-ға төмендеді, шетел валютасындағы депозиттер 3029,5 млрд. теңгеге дейін 3,7%-ға өсті.

2014 жылғы қаңтарда банктік емес заңды тұлғалардың теңгемен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 4,9% (2013 жылғы желтоқсанда – 5,7%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 7,9% (8,1%) болды.

 

7. Кредит нарығы.

Банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 2014 жылғы қаңтарда 11315,0 млрд. теңгені құрап, 0,2% өсті.

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 7914,5 млрд. теңгеге дейін 0,3%-ға төмендеді, шетел валютасындағы кредит көлемі 3400,5 млрд. теңгеге дейін 1,4%-ға өсті. Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы бір айда 70,3%-дан 69,9%-ға дейін төмендеді.

Ұзақ мерзімді кредиттеу 2014 жылғы қаңтарда 9181,3 млрд. теңгені құрап, 0,2%-ға көтерілді, қысқа мерзімді кредиттеу 2133,7 млрд. теңгеге дейін 0,2%-ға өсті. Ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 81,1% деңгейінде сақталды.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 2014 жылғы қаңтарда 7664,2 млрд. теңгеге дейін 0,02%-ға азайды, жеке тұлғаларға кредиттер 3650,8 млрд. теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы бір айда 32,1%-дан 32,3%-ға дейін ұлғайды.

Шағын кəсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2014 жылғы қаңтарда 1278,5 млрд. теңгеге дейін 0,4%-ға төмендеді, бұл экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 11,3%-ын құрайды.

Салалар бойынша банктердің экономикаға берілген кредиттерінің анағұрлым айтарлықтай сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,4%), құрылыс (12,3%), өнеркəсіп (11,3%), көлік (3,5%) жəне ауыл шаруашылығы (3,4%) сияқты салаларға тиесілі.

2014 жылғы қаңтарда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 10,5% (2013 жылғы желтоқсанда – 10,0%), жеке тұлғаларға – 21,2% (20,3%) болды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БАНКІ,

20 наурыз 2014 жылғы

479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы