• Білім & Ғылым
  • 03 Қараша, 2011

Жаңалыққа толы білім ордасы Мақпал САҒЫНДЫҚ

«Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, келешек жас ұрпақтың саналы, білімді, толыққанды зиялы азамат болып қалыптасуы білімге деген ізденісінің арқасында жүзеге асатыны анық. Техникалық маман даярлайтын Қ. И. Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті бүгінде оқу жүйесіне тың жаңалықтар енгізіп, шетелдік білім ордаларымен байланыс орнатуда. Іргелі білім ордасының қызметі мен жағымды жаңалығы жайында университет ректоры, академик Жексенбек Әділовпен сұхбаттасқан едік.

-Жексенбек Мәкейұлы, Сіз басқарып отырған білім ошағы жаңа оқу жылын қандай жаңалықтармен ашты?

–Еліміздің техникалық маман даярлайтын жоғары оқу орындарының алғы шебінде тұрған Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті бүгінгі заман талабына сай, жаңа экономикалық жағдайларға сәйкес, білімді де білікті, сапалы мамандар әзірлеудің тиімді әдістері мен тәсілдерін іздестіріп әрі жетілдіріп келеді. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін ішкі құрылымда түбегейлі өзгерістер жасалынып жатқанынан көпшілік хабардар. Басты мақсатымыз бітіріп шыққан түлектеріміздің жас маман ретінде өндіріске барған кезде жатырқамай, іскерлігімен, озық ойымен бірден сол ортаға бейімделіп, ұжымның белді мүшесі болып кетуіне лайықты азамат етіп тәрбиелеу. Яғни, экономикалық жағынан хабардар, ой-өрісі кең азамат еліміздің бүгінгі индустриялық-инновациялық даму міндеттерін шешуге атсалыса алады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауларында, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында, еліміздің білім және ғылым саласына жаңашыл ізденістер мен оңды өзгерістер әкеп жатқан ҚР Білім және ғылым министрлігінің алға қойып отырған міндеттерінде, “Қазақстан Республикасының ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы” 1992 жылы қабылданған заңынан кейін жалғасын тауып, 2011 жылдың ақпан айында бекітілген жаңа құжат “Ғылым туралы” заңның талаптарында да бұл мәселе айқын да, анық айтылған. Сондықтан ҚазҰТУ, оның үлкен ұжымы осынау міндеттер үдесінен шығуға тиіс және осы бағытта қол жеткізіп жатқан табыстары да аз емес. Мемлекетіміздің даму жоспарында, мәселен, 2020 жылға қарай Қазақстанның жоғары білім беру сапасы әлемнің ең үздік тәжірибелеріне сәйкес келу керектігі, еліміздің кемінде екі жоғары оқу орны әлемнің үздік университеттер көрсеткішіне ену қажеттігі айтылған. Бұл үздік, алғы шептен көрініп жүрген барлық жоғары оқу орындарына қойылған бірдей талап болғанымен, ҚазҰТУ-дың да алдыңғылар қатарынан табылуына мүмкіндігі жоқ емес. Әрине, көздеген межеге жету үшін қажырлы еңбек қажет. Ал, енді қойған сұрағыңызға оралсақ, биылғы оқу жылын ерекше жаңа серпіліспен, жетістіктермен бастап отырған жайымыз бар. Университетіміз мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алу жағынан республикалық жоғары оқу орындары арасында үшінші орынға ие болды. Білім гранттарын ұтып алу конкурсына 41 мамандық бойынша қатысты. Нәтижесінде республика бойынша гранттардың 21,5 пайызын ұтып алдық. Грант иегерлерінің арасында “Алтын белгі” аттестатының 25 иегері, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың 39 жеңімпазы бар.

Үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегінде Ақордада Мемлекет басшысы еліміздің 7000 үміткер магистрантының ішінен ең үздік деген 10 магистрантына “Назарбаев стипендиясын” табыс етті. Солардың ішінде ҚазҰТУ магистранты Александр Логвиненко деген студентіміз бар. Сонымен қатар, осы таяуда Тау-кен ғимаратының Акт залында ақылы негізде оқитын, үздіктер қатарынан табылып жүрген 70 студентке мемлекеттік білім грантының сертификаттары салтанатты жағдайда табыс етілді. Сонымен бірге 60 тудент пен бір магистрант Президент тағайындаған стипендия иегерлері атанды. Ал бес үздік студентіміз белгілі азаматтардың атындағы стипендияларды алатын болды.

–Демек, оқимын деген студентке барлық жағдай жасалуда ғой?

Әрине. Тағы бір айта кететін басты жаңалығымыз, биыл студенттер жатақханалары интернет желісіне қосылды. “Әр бөлмеде – ғаламтор” атты бұл игі шара мамыр айында жүзеге асырылды. Ал, көптеген оқу орнында мұндай жағдайдың жасалмағанын да білеміз. Ғаламтор желісін пайдаланушылар саны 15800-дей болса, соның 12300-ын студенттер құрайды.

–Шетелдік білім ордаларымен кәсіби білім беру жүйесінде орнатылған халықаралық байланыс жөнінде айтсаңыз?

–Университетіміз батыс және орталық Еуропада, Азияда, Солтүстік Америкада орналасқан 20 мемлекеттің ғылыми мекемелерімен және осы елдерде орналасқан 85-тен астам университетпен іскерлік, ынтымақтық байланыс орнатқан. Сонымен қатар, шетелдік 10 жоғары оқу орнымен қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша келісімшарт жасалынған. Солардың екеуін атап айтар болсақ, Америкалық Кипр университетімен және Колорадо Тау-кен мектебімен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып келеміз.

Соңғы үш жылға жуық уақыттан бері Қазақстан және Франция университеттерінің ынта-ықыласымен, республикамыздағы Франция Елшілігінің қолдау көрсетуімен энергетикалық ресурстар саласында ғылыми-білім беру орталығын құру жөнінде бірқатар жұмыстардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Айталық, былтыр желтоқсан айында ҚазҰТУ-да энергетика, электроника және автоматтандырылған жүйелерді техникалық жағынан қамтамасыз ету саласындағы Schneider Electric – Қазақстан-Франция білім беру орталығы ашылған болатын. Бұл орталықтың мақсаты – энергетика, электроника және автоматтық жүйелерге техникалық қызмет көрсететін мамандар даярлау. Ал үстіміздегі жылғы 13 мамырда Францияның Лотаринг Ұлттық политехникалық институтының президенті Франсуа Лоранмен университетімізде кездесіп, “Геоэнергетика Қазақстан-Франция ғылыми оқу орталығы” қауымдастығын құру жөнінде келісімдерге қол жеткіздік. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де мұндай келіссөздерді өзара жүргізді. Нәтижесінде үшжақты бірлескен оқу бағдарламасы даярланатын болып отыр. Қатысушылардың жасаған ұсыныстары бойынша ҚазҰТУ-дың ректоры ретінде мен Геоэнергетика жөніндегі бірінші президенті болып сайлануыма келісімімді бердім. Өзара келісімдеріміздің нәтижесі ойдағыдай болады деп ойлаймын.

ҚазҰТУ бүгінде ШЫҰ мүше университеттердің бірі ретінде жоғары білікті маман-кадрлар даярлау мәселесіне үлкен назар аударуда. Мұнда энергетика, экология, машина жасау, металлургия, материалтану, құрылыс, транспорт, лингвистика, ІТ – технология саласына басым бағыттар берілген.

Айта кететін бір жәйт, біз өзімізде оқытылатын мамандықтардың халықаралық аккредитациядан өткізілуіне ерекше көңіл бөлудеміз. Бүгінде халықаралық агенттіктерде білім бағдарламаларын және институттарды аккредитациялау қазақстандық ЖОО-ның халықаралық сапа стандарттарына сай келу қажеттігінен туындап отыр. Бұл мамандарды даярлау сапасының еңбек рыногы сұранысына сай келуін қамтамасыз етеді. Университетіміздің оқу бағдарламасына енгізілген 21 білім беру бағдарламасы ENAEE (“Еуропалық сапа белгісі” бірге берілетін EUR – ACED Ladel-ді иеленетін, бұлар Еуропаның 16 елінде танылған), Германияның ASIN, АҚШ-тың АВЕТ халықаралық орталықтарында және Ресей инженерлік білім қауымдастығында (АИОР) аккредитацияланды. ҚазҰТУ-да оқытылатын “Металлургия” мамандығы ТМД елдері бойынша бірінші болып АҚШ-тың АВЕТ агенттігінде аккредитациядан өткізілді. Бұл біздің университеттің атын әлемдік білім кеңістігінде таныта түсетіні анық.

Осындай жан-жақты байланыстардың арқасында біздің студенттеріміз, магистранттарымыз және докторанттарымыз халықаралық гранттар ұтып алып, Германияның, Францияның, Италияның, Ұлыбританияның, АҚШ-тың және Ресейдің жоғары оқу орындарында оқуға және тәжірибеден өтуге мүмкіндік алуда. Египет, Түркия, Иран, Үндістан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және т.б. елдерден келген азаматтар да университетіміздің студенттері қатарында білім алып жүр.

–Университет жанынан ашылған ғылыми орталықтардың жұмысы барысында жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?

–Университетімізде бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Оларға жеке-жеке тоқтала кетейін. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде әртүрлі мекемелерде 15 ұлттық ғылыми зертхана ашылып, олар озық технологиялық қондырғылармен және компьютерлермен жабдықталған. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті ҚР білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған “Космостық және ақпараттық технологияларды (суперкомпьютерді) ұжымдық пайдаланудың Ұлттық ғылыми зертханасын” ашу жөніндегі ашық байқауға қатысып, жеңімпаз деп танылған болатын. Сондықтан алдыңғы жылы университетіміздің базасында өнімділігі жөнінен Қазақстандағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. Әлемнің жетекші елдері мұндай компьютерлерді бұрыннан пайдаланып, оның мүмкіндіктерін ғылым мен білімнің, экономиканың ең күрделі міндеттерін шешу үшін қолданып келеді. Суперкомпьютердің мүмкіндігі 10,9 TFLOPS, бұл секундына 10,9 триллион операция орындайды және оның оперативтік есте сақтау қабілеті 2018 ГБ-қа тең деген сөз. Орындалатын тапсырмалардың күрделілігі мен көлеміне байланысты оның өндірістік мүмкіндігін бірнеше есе арттыруға болады. Суперкомпьютердің техникалық мүмкіндіктері өте зор, ол адам өмірінің барлық саласында қолданылады. Оны пайдалану арқылы метеорология және экология саласында ұзақ мерзімді болжамдар жасауға, аэрокосмостық және автомобиль өнеркәсібі, ядролық энергетика бағытындағы күрделі міндеттерді шешуге болады. Мұнай өндіруде және газ өнеркәсібінде, пайдалы қазбаларды іздеп табуда және орналасқан жерін алдын-ала болжауда келтіретін пайдасы өте зор. Университетіміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы жүктеген міндеттерді шешуде, яғни, ҚазҰТУ-ды ғылыми-зерттеу университеті дәрежесіне көтеру жолында басымдық беріп отырған бағыттарда жұмыстың тиімді болуы үшін бұл суперкомпьютердің маңызы орасан. Қазіргі кезеңде ҚазҰТУ мен ірі кәсіпорындар арасында бірлескен ғылыми және қолданбалы жұмыстар жүргізу үшін бірқатар келісімшарттар жасалынған.

Университетіміз ТМД елдеріндегі ең үздік деген 50 жоғары оқу орнының қатарына енген. Мұндай табыс өздігінен келген жоқ, әрине. Ол профессор-оқытушылар құрамының, жалпы ұжымның ізденісті еңбектерінің, білім мен ғылым бағытындағы бағаланған үлкен табыстары мен жетістіктерінің арқасында қол жеткізген зор қуаныш, нәтиже дер едік.

Жоғарыда Қазақстан-Франция білім орталығы туралы айтып өттім ғой. Енді сұрағыңызға орай Қазақстан-Корей орталығы жұмысына қысқаша тоқталайын. Ол ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мәселесіне бағытталған. Орталық 2009 жылдың қараша айында ашылды. Бұған ҚР білім және ғылым министрлігі, Корея үкіметі, дәлірек айтсақ, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Корей Агенттігі қолдау көрсетті. Мұндай орталық құрудағы басты мақсатымыз ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар секторындағы Кореядағы әріптестеріміздің білімдері мен тәжірибелерін жинақтау арқылы Қазақстанда білікті кадрлар қалыптастыру. Сонымен қатар Cisco, Oracle, Microsoft, Sun сияқты 4 халықаралық ақпараттық технологиялар бағдарламасы бойынша сертификат берілетін маман кадрлар даярлау.

Білім, ғылым және техника саласындағы басым бағыттар бойынша белгіленген Бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға байланысты туындайтын міндеттерге сәйкес, ҚазҰТУ-дың ғылыми-білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және ғылыми-техникалық базасын нығайту мақсатын көздеп құрылған Инженерлік біліктілік зертханасы (ЛИП) туралы да қысқаша мағлұмат беріп өтсем деймін. Жоғары білім мен фундаментальды ғылымды интеграциялау мақсатын көздеп, Қазақстанда қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми-техникалық кадрлардың сапасын әлемдік деңгейге көтеру басты назарға алынуда. Зертхананың Тұжырымдамасындағы жүзеге асыратын негізгі мәселелердің бірі – “Білім – ғылым арқылы” ұраны болып отыр.

–Еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Сіз басшылық жасап отырған білім ордасы қандай жетістіктерге жетті?

–Қол жеткізген табыстар және оның бірқатары жайлы жоғарыда айтқан ойымда көрініс тапты деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішіндегі табыстарды сараласақ, ауыз толтырып айтарлықтай және ол қомақты. Университет жыл санап өркендеп, өсу үстінде. Материалдық-техникалық базасы нығаюда. Қысқаша тұжырымдасақ, 1994 жылы ҚазПТИ аты өзгертіліп, Қазақ Ұлттық техникалық университеті болып аталды. Ал, 1999 жылы инженер-техник кадрларын даярлаудағы ерекше еңбегі үшін ҚР Үкіметінің қаулысымен университетімізге көрнекті ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың есімі берілді. Осыдан он жыл бұрын, 2001 жылы университетіміз ҚР Президентінің жарлығымен Ерекше мәртебеге ие болды. Ұлттық университет атану – үлкен міндет жүктейді.

ҚазҰТУ студенттері 2003 жылдан информатика, компьютерлік технология жөніндегі халықаралық білім мен біліктілік командалық сайысына қатысып жүр. 2006-2007 жылдары Токиода өткен мұндай жарысқа 82 елден 6099 команда қатысты. 2008 жылы Қазақстанның 27 ЖОО-нан қатысқан 88 команда арасында біздің студенттеріміз бірінші орын алды. Сол жылы 28 қарашада Санкт-Петербургте өткен “NEERC” жартылай финалына жолдама алған 190 команданың ішінде 3-дәрежелі дипломға ие болды. 2007 жылы “Жыл таңдауы” – “Выбор года” агенттігі мен республикалық қоғамдық-саяси “Президент және халық” газеті бірлесіп өткізген конкурсында ҚазҰТУ - “Жылдың үздік жоғары оқу орны” бас бәйгесін жеңіп алды.

Үйлестіруші “Шеврон” компаниясының білім саласындағы Әріптестік бағдарламасы бойынша бұл әріптестікке әртүрлі елдердің ірі-ірі 16 жоғары оқу орны кірген. Солардың бірі – біздің Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ. Олардың қатарында Кембридж университеті, Оңтүстік Калифорния университеті, Техасс университеті (АҚШ), Империал колледжі (Лондон), Үнді технологиялық институты т.б. бар.

2009 жылы университетіміз өзінің құрылғанына 75 жыл толған мерейтойын атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен төл құрдас. Сол жылы еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың университетімізге келуі біздер үшін үлкен мәртебе, қуаныш болды. Жаңа белестерді бағындыруымызға серпіліс берді.

Спортта халықаралық жарыстарда, түрлі олимпиадаларда жүлде алып, жеңімпаз атанып, Қазақстанымыздың байрағын желбіреткен студент қыздарымыз бен жігіттер де аз емес. Олар туралы түрлі басылымдарда көп жазылды. Сондықтан қайталап жатпай-ақ қояйын. Олар – ҚазҰТУ мақтанышы, еліміздің мақтанышы.

Университетімізде соңғы үш жылға дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесі ойлағандай болмай, соның салдарынан ізденіс жұмыстары кең қанат жая алмап еді. Біз осы мәселені түбегейлі шешу жағын үнемі қарастырып келеміз. Айталық, 2008-2010 жылдар аралығында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемін 3,5 есеге арттыра алдық. Соңғы үш жылдың ішінде ғана университет ғалымдары өз зерттеулерінің нәтижесінде 120-дан астам патент алды.

Үздік оқитын студенттерге “Шеврон”, “Шлюмберже” секілді шетелдік ірі-ірі компаниялар стипендиялар тағайындауда. Студенттерге, қызметкерлер мен қызметшілерге әлеуметтік жағынан қамқорлық жасау өз шешімін дұрыс тапқан деп айта аламын. Соның бірі – жетім, жартылай жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан ақылы негізде оқитын студенттерге арнайы комиссия шешімімен оқу ақысына 20-дан 100 пайызға дейін жеңілдік жасалып келеді. Мұндай қамқорлықтан қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, жақсы оқитын студенттер де сырт қалып жатқан жоқ.

Бүгінге дейін университет табалдырығынан 100 мыңнан астам түлек қанаттанып ұшты. Қазіргі таңда университетімізде 180-дей ғылым докторы, 540-қа жуық ғылым кандидаты еңбек етеді. Бакалавриат мамандығы бойынша 46, магистратура мамандығы бойынша 40 және PhD докторантура бойынша 22, барлығы 108 лицензиямыз бар. Мұның бәрі Тәуелсіздік жылдарының жемісі. Университеттің Ғылыми кітапханасы – республиканың ең ірі кітапханаларының бірі. Оның кітап қорында 2 миллионға жуық басылым бар. Кітапхана РАБИС бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Оның электрондық каталог деректер базасына 80000 аталым, 1200000 дана басылым енгізілген. Электрондық кітапхананың барлық басылымдарын әркім өз логині және паролі арқылы пайдалана алады.

ҚР білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитация орталығы Аккредитациялық кеңесінің 2009 жылы 24 желтоқсанда шығарған шешіміне сәйкес және № 1 хаттамасымен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті 5 жыл мерзімге аккредитацияланды. Осылайша университетімізге № 000001 куәлік берілді.

Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктеріміз аз емес. Алда талай асу бар. Елбасымыздың алға қойған асқаралы міндеттерін негізге ала отырып, маңызды іс-шараларды университет ұжымының табысты атқаратынына, биік белестерді бағындыратынына сенімдімін.

690 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы