• Бизнес & Қоғам
  • 10 Қараша, 2011

Қазақстанға Австралиядан асыл тұқымды мал келді

Астана әуежайына Австралиядан 400 бас асыл тұқымды ірі қара мал (ІҚМ) келіп жетті. «Абердин Ангус» тұқымының етті малдарын Қостанай облысының шаруашылығы - «Север-Агро Н» ЖШС «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша лизингке сатып алды. Отандық лизингтік компания асыл тұқымды малдың сатылып алынуын республикада асыл тұқымды шаруашылықтарды тұрғызу және қайта құру сияқты өзінің инвестициялық бағыттарының бірін дамыту шеңберінде қаржыландырды.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің алдына Елбасы етті мал шаруашылығын белсенді түрде дамытуға байланысты міндет қойғандығы баршамызға белгілі. Президентіміз айтып кеткендей, республикада нашар тұқымды, өнімділігі төмен малдардың санын қысқартып, асыл тұқымды мал санын өсірумен айналысатын мезгіл келді.

Үстіміздегі жылы «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру барысында «ҚазАгроҚаржы» АҚ 7 мың бас ірі қара мал әкелуді жоспарлап отыр. Жалпы, бүгінгі таңда компания республиканың мүдделі шаруашылықтары мен агроқұрылымдарынан келіп түскен 24 жобаны мақұлдады, соған сәйкес 2011-2012 жылдар арасында 9 мыңнан астам асыл тұқымды етті ІҚМ сатылып алынбақшы. Асыл тұқымды мал сатып алуға ең көп өтінім келіп түскен аймақтар: Ақмола облысы – 1617 бас малға, Алматы облысы – 2029 бас малға, Павлодар облысы – 1585 бас малға, Қостанай облысы – 1560 бас малға. Қазіргі таңда кемел істерді айқындайтын жобаларды қабылдау мен іріктеу бойынша жұмыстар жалғасын табуда.

Астана қаласымен қатар, Алматы әуежайына да Австралиядан 222 малдан тұратын ІҚМ партиясы ұшып келді. Бұл «ҚазАгроҚаржы» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысының шаруашылығы - «Аксанат Инжиниринг» ЖШС үшін сатып алынған «Абердин Ангус» және «Герефорд» тұқымдарының алғашқы бөлігі. Екінші партиясының ұшып келуі қараша айының ортасына жоспарланып отыр. Мал шаруашылығын дамытуда үлкен маңызға ие бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ 300 млн теңгеден астам сомаға қаржыландырды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ - еліміздің ауыл шаруашылығында 14 инвестициялық бағыттың операторы болып табылады. Басты мәселе әр өңірдегі ірі тауарлы сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, ауылшаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерінің, мал бордақылау алаңдарының, етті қайта өңдеу кешендерінің, асыл тұқымды шаруашылықтардың, сонымен қатар қазақстандық астық экспортының және оны қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мен астық қоймаларын тұрғызу және модернизациялау, тамшылатып суару технологиясын енгізу, биязы жүн өндіру мен қайта өңдеуді дамыту жөнінде болып отыр. Әлеуметтік маңызға ие осы айтылған бағыттарды іске асыру үшін «ҚазАгроҚаржы» шамамен 94 млрд теңгені жоспарлап отыр.

Мақпал САҒЫНДЫҚ

597 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы