• Бизнес & Қоғам
  • 10 Қараша, 2011

Мия тамырын өңдеу жұмысы қайта жанданды Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Әлемдік инновациялық экономикаға қосылуда елімізде қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатқан «Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның» орны айрықша. Аталған бағдарлама аясында республиканың түпкір-түпкірінде үлкенді-кішілі бірталай жоба жолға қойылып, бүгінде жасалған жұмыстың нәтижесі де айқын болып отыр. Олардың бірі – ҮИИД бағдарламасымен Батыс Қазақстан облысында ашылған мия зауыты.

Орал маңында өсірілетін мия тамырының сығындысын шығаратын жаңа кәсіпорын Зеленов ауданының Көшім ауылы аумағында өткен жылы іске қосылды. Бұл – еліміздегі мия тамырын өңдеумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Мия тамырының сығындысын шығаратын кәсіпорын жылына 10 мың тонна шикізатты өңдеп, дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінше жартылай қуатымен жұмыс істеп тұрған бұл кәсіпорынның өнімдері көршілес Ресей мен Қытай еліне экспортталуда.

«Licoricе Kazakhstan» ЖШС құрылтайшысы Жанболат Нұрқуатов: «Болашақта Америка мен Еуропа елдеріне шығаратын боламыз. Ол үшін зауыт толық қуатымен жұмыс істеуі керек. Біз қазір жылына 3 мың тонна мия тамырын құрғақ күйінде өңдеп, одан мың тоннадай дайын өнім шығарудамыз», – дейді.

Әзірге мия тамырының тұнбасы шығарылып отырған кәсіпорында болашақта глицеризин қышқылы мен мия таяқшаларын және мия тамырының тұнбасы қосылған түрлі шәрбаттар шығаруды жоспарлап отыр.

Қызылмия тамырын өңдеудің өзіндік тарихы бар Ақжайық өңірінде алғашқы зауыт осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын іске қосылыпты. Ол кезде миядан алынған түрлі өнімдер Америка Құрама Штаттары мен Еуропа елдеріне тасымалданған көрінеді. Кейіннен бұл салаға көп көңіл бөлінбей, соның салдарынан өндіріс тоқтап қалған.

Өткен жылы Қазақстан Даму банкінің қаржыландыруымен жаңа кәсіпорын салынып, жұмыс істей бастады. Жобаның жалпы құны – 565 млн теңге. Бұрын мия тамырының тұнбасын әзірлеу үшін бір тәуліктей уақыт кететін. Жаңа өндірістің бір ерекшелігі шикізатты 6-7 сағаттың ішінде дайын өнімге айналдырады. Қазір мұнда 50 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Негізінен Сырым, Қаратөбе, Зеленов аудандарының аумағында жүргізілетін маусымдық жұмысқа – мия тамырын жинауға 100-ден астам адам тартылады. Жылына құны 558 миллион теңгелік мия тамырын өңдеп, тауарға айналдыратын жаңа өндіріс ошағының иесі, «Licoricе Kazakhstan» ЖШС директоры Мұрат Төлебаев зауыт салуға тәуекел еткенше, мияның тамырына қатысты ішкі-сыртқы сұранысты әбден елеп-екшегенін айтқан-ды. Сондай-ақ ғалымдардың пайымдауынша, бұл өңірде өсетін мия құрамы адам ағзасына пайдалы заттарға бай екен. Оның емдік қасиеті қытай медицинасында тамыры дәрі есебінде кеңінен пайдаланылатын женьшеннен еш кем түспейді. Мия тамырынан алынатын өнімдер медицинамен қатар, косметикалық және азық-түлік өндірісінде де үлкен сұранысқа ие.

Өткен жылы жазда Үкімет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде республиканың индустриалдық-ииновациялық даму картасына енген маңызды жобаларды жүзеге асыру барысымен егжей-тегжейлі таныса отырып, облыстағы Зеленов ауданына қарасты Янайкин ауылында салынып жатқан дамыған инфрақұрылымы бар ірі қара мал бордақылау кешені мен дәл осы Көшім ауылы маңында орналасқан мия тамырын өңдеуші зауытты техникалық әлеуеті зор ел аумағындағы ең ірі және маңызды жобалар деп бағалаған болатын. Осы орайда айта кетері, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов зауыттың ашылу салтанатында «Елбасы Қазақстан халқына қажетті дәрі-дәрмектің 2014 жылға дейін кемі 50 пайызын өз елімізде өндіру міндетін алға қойып отыр. Міне, біз бүгін тәуелсіз Қазақстандағы мия тамырын өңдейтін тұңғыш өндіріс ошағының тұсауын кесіп отырмыз. Таяу жылдары осы зауыттың негізінде фармацевтикалық фабрика салмақ ойымыз бар», – деген еді. Ендеше алдағы уақытта фармацевтикалық фабриканың да осы өңірден бой көтеріп, еліміздің медицина саласына үлкен медет болары да ғажап емес.

2179 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы