• Қаржы
  • 23 Сәуір, 2014

Ақобаның астында не бар?

Батыс Қазақстан – кенге бай, құйқалы өңір. Сондықтан шығар, биыл көмірсутегі шикізатын іздеу, анықтау мақсатындағы барлау жұмыстары   мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілген жалғыз нысан БҚО аумағында орналасқан.  

Жәнібек ауданының Ақоба ауылы маңындағы бұл учаске Захатсор деп аталады. Өткен жылы нысанға «Қазақ геофизикалық компаниясы» ЖШС-ның геофизикалық құрал-жабдығы мен арнайы техниканың сейсмикалық  партиясы жеткізілді. Бас мердігер – «Қазгеология» ұлттық гео­ло­гиялық барлау компаниясы. 2013 жылы мемлекеттік бюджеттен қар­жылан­дырылатын нысан аумағында нақтылау, сейсмобарлау жұмыстары қолға алынған.  «Сейсмобарлау жұмыстарының ұсынбасы жасалмайынша бұрғылау жұмыстары басталмайды. Ал мұнай мен газдың бар-жоғы бұрғылау нәтижелерімен анықталса, сейсмобарлау жұмыстары жер қыртысындағы мұнай мен газдың жинақталған құрылымын анықтау үшін жасалады, Бүгінде іздеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып, Захатсор аумағында бас мердігер «Қазгеология» компаниясы бұрғылау жұмыстарын бастамақ. Сол  жұмыстардың нәтижесімен мұнай мен газдың жаңа кен орындары  табылуы мүмкін. Алдын ала тон пішу қиын, мүмкін кен орны  жоқ болар. Геологияда тәуекелсіз іс алға жылжымайды. Өйткені мұндай жұмыстарды жүргізбей елімізге қажетті сенімді минералды-шикізаттық базаны қамтамасыз ету мүмкін емес», - деді Батыс Қазақстан аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы Мирболат Тінәлиев. 
Еліміздің минералдық-шикізаттық қорын кеңейтудің маңызы зор, өйткені шикізаттық сала кен өндіруші индустрияның дамуына негіз болып табылады. Ал одан түсетін табыстар экономиканы диверсификациялауға және келешектің экономикасын құруға бағытталуы тиіс. Бүгінде елімізде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге және жаңа қорларды  табуға  көңіл бөлініп отыр. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлу қарастырылған. Бұған қоса жеке секторға тиесілі инвестициялар мен ұлттық компаниялардың қаржысы есебінен де геология саласына 490 млрд. теңге инвестиция құю қарастырылған.  Мирболат Тінәлиевтің айтуынша, облысымызда кейбір учаскелердегі гео­логиялық жұмыстар жеке инвестор­лардың есебінен жүргізілуде.
Көмірсутегі шикізаты бойынша облысымызда жер қойнауын пайдаланушы 10, нысандар саны 13 болады. Осы нысандардың екеуінен шикізат өндірілуде, өзгелерінде іздеу, барлау жұмыстары кезеңі жалғасуда.  Мысалға, «Карповский Северный» ЖШС жаңа қор табу мақсатында Зеленов ауданындағы осы компания аттас аумақта жоспарлы барлау жұмыстарын жүргізуде. 2013 жылдың ортасына таман «Меловая» атты геологиялық құрылымда бірінші іздеу ұңғымасы 5750 метрлік тереңдіктен  бұрғыланды. Жер қойнауын пайдаланушы өзіне бекітілген нысанда сынақ жұмыстарын биылғы жылдың қаңтарында бастағанымен әлі нәтижесіз. Өткен жылдың ортасында аталмыш компаниямен Орлов құрылымында бұрғылау жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ қысқы маусымда сейсмобарлау жұмыстары да басталды. 
– Барлау-бағалау ұңғымаларын бұр­­ғы­лау жолымен геологиялық барлау жұ­мыстары толыққанды жүргізіліп жатқан тағы бір нысан – Рожков газкон­ден­сатты кен орны. Келісімшарт жасалған аумақтың иесі «Орал Ойл энд Газ» ЖШС.  Жоба бойынша бұрғылауға қатысты жұмыстардың барлығы аяқтала келді. Мәліметтер расталды, яғни жер қойнауының кен қоры анықталды. Жақында компания Турней горизонтындағы газ бен конденсаттың өндірістік қорларын есептеу бойынша есепті қорғады.  Биылдан бастап «ОралОйл энд Газ» ЖШС компаниясы кен орнына тәжірибелік-өндірістік жасақталымдарды енгізуге дайындалуда, - деді Мирболат Мақсотұлы.  
«ТрансНафтаЦентр» АҚ компания­сыда осы жылдың басынан  Тасқала ауданындағы Каменковский учаскесінде қосымша сейсмобарлау жұмыстарын бастап, Шежін еді мекені маңына таман жерде тереңдігі 700 метрлік екі іздестіру-барлау  ұңғымаларын қазу үшін қондырғыны орнатуда. Өткен жылдың басында «Жайықмұнай» ЖШС қосымша үш келісімшартты қайта рәсімдеген. Бүгінде компания Ростоша газ кен орны мен Оңтүстік- Гремяченский мұнайгазконденсатты кен орындарында бұрғылауға дайындық жұмыстарына кірісті.  Бұрғылау жұмыстары бұл орындарға 2013 жылдың соңында жүргізілген сейсмобарлау жұмыстарының нәтижесі бойынша басталып отыр. 
Жер қойнауы қазынаға толған өңірімізде қатты пайдалы қазбаларды барлаумен, өндірумен үш жер қойнауын пайдаланушы айналысуда. Шалқар құ­ры­лымында «Батыс Калий» ЖШС компаниясы калиий тұздарының кенін іздеп,бұрғылау жұмыстарын бастады. Сатимола кен орнында барлау жұмыстары аяқталып, енді кен өндіруді бастау үшін жобалық құжаттама жасақталып жатыр. Бұл нысанда өндіріс  2016 жылға жоспарланған. Одан басқа облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбалар нысандар саны – 39, олардың  қатарында геологиялық іздеу жұмыстар қолға алынған учаскелер бар. Жер асты және минералды су өндіру жөнінде 5 келісімшарт жасалған.  Оның үшеуі Орал, Ақсай қалаларын таза ауыз сумен қамтитын болса, өзге екі нысан- Теректі, Ақжайық аудандарындағы минералды су кен орындары. 
 
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы