• Қаржы
  • 17 Қараша, 2011

Отандық сапалы өнім: ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ЖОБА

Құс етін өндіру бойынша Қазақстан ТМД аумағында Украина мен Ресейден кейінгі үшінші орында тұр. Былтыр елімізде 96 мың тонна құс еті өндірілген екен. Соңғы жылдары құс шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп келеді. Осының нәтижесінде алдағы жылдардың ішінде елімізде құс етін өндіру көлемін бірнеше есеге арттыру мүмкін болмақ.

Қазіргі уақытта құс шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында іске қосылған күркетауық өсірумен және құс етін өңдеумен айналысатын шаруашылық. Бүгін оқырмандар назарына осы күркетауық шаруашылығы – «Ордабасы құс» ЖШС бас директоры Мұрат ТАҒАЕВПЕН әңгімені ұсынып отырмыз.

Мұрат Құлмұрзаұлы, сізді ел халық қалаулысы ретінде біледі. Ал, қазақ ұғымына жат күрке тауық өндірісіне қалай келдіңіз? Жеке кәсіпкерлігіңіз ел тәуелсіздігімен құрдас екен. Тәуелсіздіктің бір жемісіндей болған шаруашылығыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

– Ия, дұрыс айтасыз. Менің құс шаруашылығы саласында жүргеніме 30 жылдан асыпты. Алғаш білімді бұрынғы зооветеринарлық техникумда құс шаруашылығы саласы бойынша алдым. Оны институтта білім жетілдірдім. Институт басшылығының жолдамасымен Маңғыстауға құс фабрикасына қызметке бардым. Теориялық білімімді іс жүзінде пайдалана отырып, шаруашылықтың осы саласының қыр-сырын барынша меңгеруге ден қойдым. Және де осы саланың білікті маманы болып қалыптасуыма сол кездегі басшыларымның бірі, үлкен жүректі азамат Әбілқасым Досболовтың қосқан үлесі зор. Осы саладағы білікті маман ретінде тың идеялар мен озық үлгілерді үнемі назарда ұстайтын қасиеті бар еді. Әрбір әрекетімізге жол көрсетіп,өндірісті барынша оңтайландыруды қолдайтын азамат еді. Құс шаруашылығында қажырлы еңбек етіп, осы саланы бір ізділікке әкелген азамат. Менен бұрын оқу бітіріп, осы саланың қазанында қайнап, білікті маман ретінде Маңғыстау, Қарағанды облыстарының құс шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Білім нәрімен туған жерін сусындату мақсатында облысымызға келіп, осы құс шаруашылығы саласын дамытуға зор үлес қосты. Бертін келе, мен де облысымызға аяқ тіреп, осындағы құс шаруашылығы саласына жұмысқа орналастым. Тәуелсіздік алғанға дейін біздің облысымыздың басшылығында алғашқы премьер-министріміз С.А.Терещенко отырған болатын. Ол азаматқа осы құс шаруашылығын дамыту туралы ойларымызды дәлелдеп, саланы жетілдіруге көңіл бөлуіне ықпал жасадық. Осылай құс шаруашылығы өндірісі біздің облысымызда тәуелсіздіктің жемісіндей болып, кең құлаш жая дамыды.

Біздің облысымызда фосфор өндірісі ауқымды дамыған. Демек, ағзадағы фосфор қалдықтарынан, ішекте тұнған шлактардан зиянды қалдықтардан тазалайтын бірден-бір дәрумен осы күркетауықтың еті болып саналады. Осындай ерекшеліктерін ескере отырып, аймақта аталмыш саланы өндірудің пайдасы мол екенін анықтадық. Нақ осы кезде тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреп, егеменді ел атандық. Ұлы жобаларымызды іске асыруда үлкен қиыншылықтар да болды. Ертеңге деген сенімділіктің арқасында бәрін де жеңіп шықтық. Тәуелсіздіктің бізге берген ең ұлы жеңісі – кеңестік жүйенің құрсауында шырмалған қолынан іс келетін азаматтарға шетелдік технологиялармен танысуға, тәжірибе алмасуға, әлемдегі озық технологияға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бұрындары тек қана кеңестік жүйедегі елдермен тәжірибе алмассақ, ендігі жерде әлемдегі алыс-жақын елдермен тәжірибе алмасуға қол жеткіздік. Әлемдегі озық технологиялы құс шаруашылығы бар елдерге түрлі жиындарға, семинарларға қатыса бастадық. Бұл бізге тың серпіліс әкелді. Жаңаша үрдіске, озық технологияға қызығушылық пайда болды. Осы қызығушылық үлкен ізденіске әкелді. Осылай біз әлемдегі озық технолгиялы құс шаруашылығы бар Израиль мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Осы елдің технологиясы көңілімізден шықты. Құс шаруашылығын өндіретін арнайы техникасын сатып алдық.

Сөзіңізді бөлейін, техниканың құлағында ойнайтын мамандар ше? Олардың мәселесін қалай шештіңіз?

– Ия, бұл мәселенің де шешімін таптық. Осы саланың білгірімін десең де, жаңа нәрсені үйрену керек. Өзім бастап қасымдағы бір топ адам осы техниканы оқып үйренуге ден қойдық. Арадағы жасалған келісімнің негізгі тармағы да осы. Құс шаруашылығы саласының техникасын меңгеру басты талабымыз болды. Жобаның құрылысы басталған күннен бастап, жұмыс тобымыздағы мамандардың үйрену курстары басталды. Оның ішінде, технолог, зооветеринар, құрама жем өңдеу технологтарын дайындадық. Жобаның құрылысы аяқталған соң осы мамандарды жұмысқа алдық. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осы өңірдегі Бөржар, Бадам, Қайнар ауылының тұрғындарына жұмыс көзін бердік. Жобаның құрылысы барысында осы аталған ауылдарға табиғи газ жеткіздік. Бұдан кейін де жұмыс көзінің тапшылығына ұшырамас үшін, облысымыздағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-мен шартқа отырып, құс шаруашылығы мамандарын бірлесе даярлау жөнінде келісімге келдік. Осылай мамандарды бірлесе даярлау арқылы мәселенің алдын алуды жоспарлап отырмыз.

Құс шаруашылығындағы ең сапалы өнім ретінде танылған күрке тауық еті қазір үлкен сұранысқа ие. Халыққа қаншалықты ұсыныс жасап отырсыз?

– Күркетауық өндіру технологиясы қазіргі заманғы озық технологиямен өндірілетін өнім. Үнемі халықтың игілігі үшін қызмет етуге дайынбыз. Сұранысты артығымен орындаудамыз. Халқымыз ет өнімдерінің салыстырмалы түрде ең жақсы сортын ажырата білсе, израилдықтар тауық етінің ең құнарлы, үздік сорты деп күркетауық етін жоғары бағалайды. Яғни құс шаруашылығы өнімдерінің ішінде күркетауықтың еті зерттеліп, зерделену арқасында халыққа ұсынылған пайдалы өнім. Етінің дәмділігі өз алдына, кез-келген ет өнімдерімен салыстырғанда ағзаға жұғымды, тез сіңетін ет түрі болып табылады. Кеңестік жүйенің кезінде-ақ дәмімен тіл үйірген күркетауық етіне деген сұраныс күшті болған. Бұл күркетауық етінің ерекшелігі құрамында ешқандай майдың, яғни холестериннің болмауымен құнды. Яғни қандай ағзаға болсада сіңімділігі өте жоғары. Тағы да айта кетерлік жайт бұл ет ағзаға аллергиялық серпін бермейді. Және де кішкентай бөбектерге де тағам ретінде ұсынуға болады. Осы ерекшеліктері арқылы өзінің құндылығын жоғалтпайтын өнім екені анық. «Экологиялық таза өнім» сертификатын алдық, сонымен қатар ІСО-911 халықаралық сапасына иеміз. Стандарттардың барлығынан өттік.

Елбасымыздың арнайы тапсырмасына сәйкес, бүгінде елорданы күркетауық етімен қамтамасыз етіп отырсыздар. Ал жалпы елімізді қамту барысы қалай?

– Ия, оныңыз рас. Елбасының өзінен тапсырма алдық. Былтырғы өткен телекөпірде дүйім жұрттың алдында Елбасыдан жұмысты бастау туралы нұсқау алдық. Жұмысымызды бастағанда жобаның өзінен бастап танысып, соңына дейін назарында ұстады. Осы жобаның ұсынысымен 2000 жылы шілде айының 27 жұлдызында Елбасының қабылдауында болдым. Жобаның мақсаты мен мүддесімен құлағдар еттім. Ол кезде қоғамдық қабылдау жиі болып тұратын. Осы қабылдауда халықтың жай-күйін, тыныс-тіршілігінен хабардар болып отыратын. Сол кезде осы оңтүстік халқының атынан мен сол қабылдауда болдым. Қабылдауға менімен бірге бір журналист, өзім секілді тағы бір кәсіпкер кірдік. Әлгі екеуіне елбасымыз бес минуттан бар болғаны он минут уақытын арнады. Менің жобама қызығушылығы оянған Елбасының 30 минут уақыты арналды. Сондағы елбасымыздың маған айтқаны«аман болсам бір барармын Қайнарға, ісіңе сәттілік тілеймін» деді. Сол кезде-ақ Елбасымыздың жобама ерекше назар аударғаны мені қуантты. Қандай да бір жаңа жобаны, тың істі бастаған кезде адам бойын күдік билейтіні айтпаса да түсінікті. Осылай «бұл жобамды алып кете аламын ба, қазаққа жат күркетауық өндірісін қалай жүзеге асырамын?» деп сан сұрақ билеген бойымда ерекше құлшыныс пайда болды. Ертеңге деген сенім мені осы биігіме алып шықты. Сондағы Елбасымыздың көрегендігі шығар, ісімізден оң нәтиже ала алдық. Тағы бір айтқым келіп отырғаны, елбасының елжіреп тұрып сұрағаны, елдің хал-жағдайы еді. Ауылдағы қауымның тыныс-тіршілігі, жай-күйі қатты толғандыратынын байқадым. Халықтың әл-ауқатын ерекше назарда ұстайтын көшбасшымыз екеніне көз жеткіздім.

Екінші жағдайға тоқталсақ, 2009 жылы жобаның құрылысын бастап, қаржыландыруды бастаған кезде елбасымыз облысымызға іс-сапармен келді. Біздің өндіріске де ат басын бұрды. Жобаның құрылысы мен мақсатын таныстыруға дайындалып тұрдым. Бір топ делегация өкілдерімен келе сала, «Ал, Мұрат, айта бер», – деді. Мен баяндап бердім. Сондағы таң тамаша болғаным бүткіл дүние жүзі мойындаған, әлемдегі лидер президенттердің бірі бола тұрып, 11 жыл бұрын танысып, бір ғана жүздесудің арқасында есінде сақтап қалған не деген мықты қабілет десеңші!

Қазіргі жағдайда біз өнімімізді өз облысымыздан алып шығу көзделген. Біздің мақсатымыз әр түрлі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңіміз үндік етімен облысымызды, екінші кезеңінде Алматы облысын, одан кейін Астана қаласын қамту болатын. Еліміздің барша облысын күрке тауықетімен қамту идеясы да көзделген. Болашақта жүзеге асыратын жобамыз да осы болмақ. Қазіргі таңда кірпік қақпай осы идеяны жүзеге асыру мақсатында жұмыс жүргізілуде. 2010 жылы наурыз айында Елбасымыз Н. Назарбаев өзі келіп, алғашқы өнімді алу барысында басында болып, ісімізге сәттілік тіледі. Осы кезде күркетауықты ең алғаш рет сойып, сауда нүктелеріне жөнелттік. Елбасымыз істің барысына оң баға беріп, қолдау танытты. Облыста көптеген сауда нүктелерін өнімімізбен толықтай қамтамасыз еттік. Ал, дәл қазіргі уақытта осы жылдың қыркүйек айынан бастап, Астана қаласын да қамтуды бастадық. Жақында Астанада өткен Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде өзіміздің фирмалық дүкенімізді аштық. Астана қаласының әкімшілігімен келісе отырып, қалада тұрақты жұмыс істейтін сауда орындары саналатын фирмалық дүкендерді ашып, ешқандай делдалсыз өз өнімдерімізді халыққа ұсынудамыз. Осылай жобамызды іске асыру барысында мемлекеттен де үлкен қолдау тауып жатырмыз. Үдемелі индустриалдық бағдарлама аясында қаржылық мүмкіндіктерімізді ұлғайттық. «Қазагро» ұлттық холдингі, «Қазагроқаржы» АҚ арқылы өндіріс көлемін екі-үш есеге дейін ұлғайттық. Халықтың сұранысы тек қана көбеюде. Ендігі мақсатымыз осы өнімімізді жалпы халықтық тұтынатын тауарға айналудыру. Мұны неге сүйеніп айтып отырмыз? Мысалы, израилдықтар жылына 500 мың тонна құс етін өндіреді екен. Өздері бар болғаны 6,5 млн халық. Соның 100 мың тоннасы осы күркетауық еті. Есептеп қарасақ, адам басына шаққанда 67 кг құс етін жесе, соның ішінде 17 кг күркетауық еті екен. Ал, енді біздің халқымызға 5 мың тонна күркетауық етін өндіріп берсек, адам басына шаққанда 310 гр тиеді екен. Яғни колориясы мықты күркетауық өндірісін тек қана дамытуды қолға алуымыз керек. Адам денсаулығына тек пайдалы күркетауық етін ең кемі 2 кг жеткізсек, мақсатымызға жеткеніміз деп ойлаймын. Келесі жылы өндіріс көлемін 5 мың тоннаға, одан кейінгі жылда 10 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Өндіріс көлемін ұлғайта отырып, бәсекеге қабілеттілігімізді артамыз. Жылдан-жылға тек қана көлемді ұлғайтып отырсақ, халық сұранысын толықтай қамтамасыз етеміз деп ойлаймын. Олай дейтін себебім, дүниежүзі осы күркетауық өндірісіне қатты бет бұруда. Ресейдің өзі қатты қызығушылық танытуда. Оларда да күркетауық өндірісі біздегідей біреу ғана. Қалғаны бұрынғы кеңестік жүйенің ескі технологиясында өндіріледі. Озық технологияға ұмтылыс жасауда. Осыны ескерген олар түрлі семинарлар өткізіп, сан-салалы жұмыстар атқаруда. Елімізде өтіп жатқан түрлі конкурстық жобалардан, өнім сапасын айғақтайтын жарыстардан жүлделі орындар алдық. Жақында қыркүйек айының соңында Ресейге бардық. Еліміздің атынан өнімімізді Мәскеу қаласына «Алтын күз» атты конкурстық жәрмеңкеге барып қайттық. Комиссия төрағасының шешімімен 4 номинация бойынша қатыстық. Нәтижесінде бірінші рет барып тұрсақ та, күміс медальді қанжығамызға байлап қайттық.

Жұмысымызды бастаған кездегі мақсатымыз бойынша күркетауық етінің өнімдерін 30 түрлі ассортиментке жеткізу көзделсе, қазіргі таңда артығымен орындап, 35 түрлі ассортиментті халыққа ұсынудамыз. Шетелдердің тәжірибесінде ассортимент түрлері өте көп. Түрлі мамандарды тәжірибе алмасуға жіберіп жатырмыз. Алда, өнім түрлерін ары қарай көбейту негізгі мақсатымыз. Алматы, Шымкент қалаларында өтетін әр сенбілік жәрмеңкеге күркетауық етінің өнімдерін шығарудамыз. Барша қазақстандықтың дастарханына экологиялық таза өнімді ұсыну басты мақсатымыз болып табылады.

Демек, жоба өзін ақтады ғой?

– Әрине, өзін ақтады. Артығымен деп айтсақ та болады. Тағы да айтсам, тәуелсіздіктің жемісі, әрі жеңісі болып үдемелі индустриалдық дамуға қол жеткіздік. Елбасымыздың көрегендігі мен салиқалы саясатының арқасында осындай жетістікке қол жеткіздік. Болашақты болжай алатын қасиетінің мықтылығы шығар, біз үлкен ұжымға айналдық. Қаншама отбасыға жұмыс күшін беріп отырмыз. Ең бастысы тату-тәтті, берекелі елдің азаматымыз. Біздің ең үлкен жетістігіміз де осы ғой.

Әңгімеңізге рахмет!

Жанар ПІРМАХАНҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы

1161 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы