• Бизнес & Қоғам
  • 14 Мамыр, 2014

ӨРКЕНДІ ӨНДІРІС ОШАҒЫ

Батыс Қазақстан өңіріндегі байырғы кәсіпорындардың бірі «Орал механикалық зауыты» ЖШС машина жасау саласындағы бай тәжірибесімен елімізге танымал. Кеңес заманында ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге маманданып, кейіннен трактордың қосалқы бөлшектерін өндірді. Қазір механикалық зауыт көпсалалы кәсіпорын деңгейіне көтерілді.  

Экспортқа иек артқан

Кәсіпорын Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс істейтін тракторлардың түрлі модификацияларына, ЗИЛ-130, ЗИЛ-5301, ГАЗ-3308. ГАЗ-3309, ГАЗ-33104, автокөліктеріне, ПАЗ-3205, ЛАЗ-695, ПАЗ-4230, ПАЗ-4234 автобустарына  және өзге де техникаға иінді біліктер шығаруда.

Ол – бұған маманданған Қазақ­стан­дағы жалғыз кәсіпорын.  Зауыт­тың өнімдерінің 80%-ы Ресейге, Белоруссияға және Египет, Пәкістан, Өзбекстан, Вьетнам сықылды алыс шетелдерге экспортқа шығарылады. 

– Өнімдеріміз нарықта сұранысқа ие.  Бұрын тек Ресейге, Белоруссияға  экс­портқа шығаратынбыз. Экспорт көлемі жыл санап ұлғайып келеді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша шығарылған өнімнің 91%-ы сыртқа шығарылды. Тәуел­сіздік алған жылдардың басында зауыт жылына 2000 иінді білік шығарған болса, бүгінде оның саны 10 мыңға жетіп жығылады. Өнімнің жоғары сапасына қол жеткізуге тек жоғары технологиямен жетіспейсіз, сонымен бірге білікті мамандардың да болуы шарт, – деді «Орал механикалық зауыты» ЖШС-ның директоры Есен Байшекенов. Басшының айтуынша, 2012 жылдан бастап зауыт ескірген Д-240 қозғалтқыштарына иінді білік шығаруды тоқтатты. Оның орнына жаңа үлгідегі Д-243 дизельді трактор қозғалтқышына иінді білік өндіруді бастады. 2013 жылдан бастап Д-245 трактор мен автокөлік қозғалтқыштарына және Еуро-2, Еуро-3, Еуро-4 модификацияларына арналған иінді білік түрлері өндірісін игерді. 

Дамудағы басым бағыттар

Өндіріс орнының тізгінін ширек ғасырдан астам уақыт бойы ұстап келе жатқан Есен Алғалиұлы Байшекенов өндірісті оңтайландыруды ешкімнің нұсқауынсыз ертерек қолға алды. Мұнда бірде-бір цех есігін жапқан жоқ, қайта бірнеше цех біріктіріліп, бір өндіріс орны болып құрылды.  Сөйтіп, қиын кезеңдерде кадрларды сақтап қалып, жаңартуларды жүзеге асырды. Сондай үлкен еңбектің  арқасында байырғы өндіріс ошағы өзінің әлеуетін сақтап қалды. Кадрлардың  біліктілігі заман ағымына сай жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік берді. 2009 жылдың басында кәсіпорын мұнайгаз кәсіпшілігі, бұрғылау құрал-жабдығын дайындауға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге лицензия алды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты нөлден бастады десе де болады.  Бұрынғы өндірістік базаның мүмкіншілігін пайдалана отырып, аспапты-жөндеу базасының негізінде жаңа өндіріс ашылды. Осындай ілкімді шаруалардың арқасында бүгінгі таңда механикалық зауыт еліміздің батыс өңіріндегі мұнайгаз саласына қосалқы бөлшектер шығаратын және құрал-жабдықтарға күрделі жөндеу жасайтын көшбасшы кәсіпорындардың бірінен саналады. 
– Мұнайгаз жабдықтарын жөндейтін кәсіпорындар облысымызда, Атырауда, Ақтауда жұмыс істейді. Осы жағдайда біздің басты стратегиямыз өнім сапасы, келісімшарттардың мерзімінде орындалуы  және өнім сапасына кепілдіктің берілуі дер едім, – дейді зауыт директорының орынбасары Анатолий Смирнов. – Әлі күнге кәсіпорынның ешбір банктен несие алып көрмегенінінің өзі көп нәрседен хабар береді. Өйткені машина жасау кешеніне пайызы қымбат несие алу тиімсіз. Біздің сала сатып алу-сату үрдісіне қосылмайды. Иінді білік жасау үшін үш ай бұрын шикізатқа тапсырыс беру керек. Осы уақыт ішінде оның ақысын төлеу керек. Одан соң шикізатты бір ай бойы өңдейді. Айналым қаражатынсыз өндіріс жұмысы жүрмейді. Ауыр әрі ұзақ еңбек үрдісі. Коммуналдық қызметке алдын-ала төлеу керек. Өндіріс орнының энергетикалық қауіпсіздігі үшін  газбен, жылумен қамту жағы жетілдірген. Бұл бағыттағы жұмыстар соңғы 15 жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Зауыттың өркендеуі – осындай жоспарлы жүргізілген ұзақ жылғы жұмысының нәтижесі.

Келешек көкжиектері

Нарық заманында жаңа өнімдер өндірісі мен бірқатар қызмет көрсету түрлерін меңгерген зауыттықтар қол жеткен табыстарға тоқмейілсіп отырған жоқ. Кәсіпорын бұдан екі жыл бұрын жасанды тас жасаудың соны технологиясын игерді. Зауыт «Бетоннан мәрмәр жасау» технологиясына негізделген бұйымдардың кең түрін көпшілікке ұсынуда. Мұның өзі архитектуралық бетон дайындау саласындағы жаңа шешім десе де болады. Осы технологияның көмегімен бетоннан сыртқы беті айнадай жылтыр және түрлі түсті, табиғи мәрмәрдан, граниттен, малахиттен және өзге де сәндік тастардан айырғысыз, тіпті физикалық-механикалық қасиеттері жағынан әлдеқайда мықтырақ өнім алуға қол жеткізген. Оралдықтар сәндік қолданбалы бетонды экологиялық тазалығына, тұты­нушылық қасиеттеріне бола оны кез келген интерьерді, қас беттік және ландшафтық жұмыстарды орындауда кең пайдалануда.   
Зауыттың қаржы-экономикалық жағ­дайы тұрақты және әлеуметтік міндет­те­мелер уақытында орындалады. Ұжымдағы жұмысшылардың орташа жалақысы соңғы мәлімет бойынша 90 мың теңге шамасында. Ақпан айында еліміздегі теңге бағамының өзгеруі кезінде зауыт бас­шылығы өңірімізде бірінші болып ұжы­мдағы жұмысшылардың жалақысын 10%-ға өсірді. Жалпы жұ­мысшыларға еңбек жағдайын жасау көп салалы кәсіпорын басшылығының наза­рындағы басты мәселе десе де болады. Зауыттың өркендеуінің сыры өндіріс оша­ғының жоғары технологиялы жаб­дық­тармен жабдықталуында ғана емес, бас­шылықтың ұжым мүшелерін шынайы қам­қорлауында жатса керек. 

Гүлбар дыбысқалиева,
Батыс Қазақстан облысы

1616 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы