• Бизнес & Қоғам
  • 14 Мамыр, 2014

Польшалық ғалымдар – «Қазақ газеттерінің» қонағы

Польшаның іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Адам Мицкевич атындағы Познань универ­ситеті солтүстік-батыс Польшадағы ежелгі де ең ірі мемлекеттік оқу орны болып табылады. Оның тарихы бұдан 500 жыл бұрын епископ Ян Любранский негізін салған Любран академиясының мұрасымен ұштасып жатыр. Польшаның Познань қаласындағы жетекші оқу орны – Адам Мицкевич атындағы мемлекеттік университет 1919 жылы құрылған. Университеттің 15 факультетінде бүгінде 47 мыңнан астам студент оқиды.


Жуырда осы оқу ордасының саяси ғылымдар және журналистика факультетінің бір топ ғалым­дары Алматыға арнайы шақырумен келіп, сали­қалы ғылыми бас қосуларға қатысып қайтты. Факультет деканы, профессор Таудеуш Валлас бастаған, декан орынбасары, профессор Анджей Стельмах пен ұстаз Светлана Болтромюк қостаған делегация қаламыздың жоғары оқу орындарында болып, оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен жүздесті. 
Сондай-ақ шетелдік ғалымдар «Қазақ газет­тері» ЖШС-на арнайы ат басын тіреді. Себебі, делегация басшысы Тадеуш Валлас мырза ЖШС құрамындағы республикалық  қоғамдық саяси «Мысль» журналының шетелдік Алқа мүшесі болып табылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мұрындық болған, «Қазақ газеттеріне» қарасты газет-журналдардың бас редакторлары мен журналистері қатысқан кездесуді ұжым басшысы Жұмабек Кенжалин мырза ашып, еліміздегі ақпараттық индустрияның бүгінгі жай-күйі жайлы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Өз кезегінде Т.Валлас мырза журналистердің сауалдарына жауап бере келіп, факультетте 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейтіндігін атап өтті. Сондай-ақ өзге факультеттерден, Познаньның басқа да жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері сабақ беруге шақырылатынын, практиктер арасында белгілі журналистер, жарнама агентіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік екенін айтты.
Кездесуге қатысқан қаламгерлерді Польша­дағы журналистік білім беру жайы қызықтырғаны өзінен-өзі түсінікті. Орынды сауалға «факультетіміз журналистика, саясаттану, халықаралық қатынас­тар мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды» – деп жауап қатқан Тадуеш Валлас мырза факультетте «Журналистика және коммуникация», «Саясаттану», «Ұлттық қауіпсіздік», «Халықаралық қатынастар» сияқты 4 кафедра жұмыс істейтінін тілге тиек етті. «Журналистика және қоғамдық қатынастар» мамандығы бойынша студенттер «Журналистика», «Қазіргі заманғы БАҚ», «Жарнама және промоция», «Биз­нестегі ақпаратты басқару» кәсіптерін таңдай алатынын, бакалавриат пен магистратурада, док­торантурада 4 мыңдай студент білім алатынын атап көрсетті.
Кездесуге қатысушылар «Қазақ газеттерінің» халықаралық байланыс­тарының өрісін кеңейтетін мұндай жүздесулерді алдағы кезеңде де ұдайы өткізіп тұру жөнінде уағдаласты.

Мұрагер Сералы

1141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы