• Бизнес & Қоғам
  • 14 Мамыр, 2014

Танысыңыз: «Financial Times» газеті

Экономикалық журналистика әліппесін тамырын тереңге жайған салалық басылымдардан бастаған орынды. Себебі, тарих табы сіңген газет-журналдардың сарғайған парақтарын аудара отырып, журналистік практика мен экономикалық теорияның өркениет дамуына тигізген әсер-ықпалын «өз көзімізбен» көріп, сезіне аламыз.

Әлемдегі ең беделді басылымдардың бірі – Ұлыбританияның  «Financial Times» («Қаржы уақыты», қысқаша FT) газеті сол тізімнің басында тұр. Ағайынды Шеридандар 1888 жылы негізін қалаған ағылшын тілді басылымның штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Pearson PLC медиахолдин­гіне қарасты FT әлемнің 24 қаласында 300 мыңнан астам таралыммен шыға­ды. Газет  «сапалы» басылымдар санатында. FT сарғыш-қызғылт түсті қағазға басылады, өзгелерден ерекше сипат беретін мұндай маркетингтік тәсіл 1893 жылы ойлап табылған. Газетті алғаш қолына ұстағандар оны мұражайдан әкелінген «көненің көзі» ретінде қабылдап қалатыны рас, мұны жоғарыда айтылған экономикалық журналистика теориясы мен практикасының тарихпен сабақтастығының бейнелік бір көрінісі деп есептеуге болар.
Басылым бүгінде атлантикалық саяси-экономикалық жүйенің негізгі ұстындарының бірі-монетаризм және неолиберализм теорияларына иек артады. Аталған қисындарға келешекте кеңінен тоқталатын боламыз.
Газетті әлемдік журналистика тарихында айшықты із қалдырған қаламгерлер басқарды. Солардың бірегейі, басылым тізгінін 1949-1973 жылдары ұстаған сэр Гордон Ньютонның арқасында FT постиндустриялық заман талаптарына жауап беретіндей деңгейге көтерілді. Сэр Гордон өз журналистеріне ақпаратты ғаламдық бизнестің, қаржы саласы мен қоғамның даму бағытын айқындайтын тұлғаларға бірінші кезекте жеткізудің маңызды екендігін ұғындыра білді. 
Қазіргі таңда FT әлемнің әр түкпіріндегі оқырмандарына экономика мен саясаттағы жылт еткен жаңалықты жедел жеткізіп, сапалы аналитикалық материалдармен қамтамасыз етіп тұрады. Зымыран заман үрдісіне сай газетті online тәртібімен, нақты уақытта смартфон, планшет және жеке компьютер сияқты тұғырнамаларда оқуға болады.    Цифрлық төңкеріс FT-ны тарату әдістері мен оның мазмұнын түбегейлі өзгерткенімен, халықаралық оқиғаларды барынша кең қамту, саяси бейтараптылық және ақпараттың ақиқаттығы сияқты редакция саясатының өлшемдері өзгеріссіз қалды. Шынтуайтына келсек, интернет пен хабар тасқыны жағдайында FT-ның қысқа да нұсқа стилі, редакциялық саясат тәуелсіздігіне сүйенетін абырой-беделі журналистика әлеміндегі баға жетпес құндылық болып табылады.  
Газеттің 1995 жылы іске қосылған FT.com сайты басылым үшін жаңа технологиялық дәуірдің қарлығашы болды. 1999-2000 жылдары баспа және онлайн редакцияларын біріктіру жөнінде шешім қабылданды, әрбір журналист осылардың қай-қайсысында да жұмыс істей білуі керек, деген шарт қойылды. 2006-2007 жылдар аралығында мобильдік веб-қосымшалар үстеу моделін іске қосу арқылы жасалған аршынды қадамның алабөтендігіне бүгінде көз жетіп отыр. Әуелі бірқатар ақысыз материалдарды шолып шыққаннан кейін оқырмандарға ақылы тіркелу ұсынылды.  Сөйтіп,  2012 жылы тұңғыш рет интернет-клиенттердің саны (316 мың адам) газеттің қағаз нұсқасына жазылған кәдуілгі оқырмандар санынан (300 мың адам) асып түсті, ал тіркелген пайдаланушылардың жалпы мөлшері бес миллион адамға жетіп жығылды. 
Германияда басылған газеттің неміс тіліндегі нұсқасы – «Financial Times Deutschland» 2000 жылдың 21 ақпанынан 2012 жылдың 7 желтоқсанына дейін шығып тұрды. Оның түсі британ нұсқасына қарағанда қоюлау болды. 
    
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорының м.а.

1226 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы